Алаш қозғалысының тарихын, оның жетекшілерінің қызметін қорыту процесі советтік кезеңде басталып, биліктегі идеология тапсырысы бойынша жасалынған тұжырымдардың біразы ғылыми әдебиетте осы кезеңде орнықты. Сол сияқты батыстық тарихнама да Алаш қозғалысына қатысты өзінің тұжырымдарын басым түрде орыстілді деректік материалдар (патшалық және советтік басқарушы аппарат қойнауынан шыққан) негізінде жасады. Міне осы жасалынған тұжырымдарда ең кем дегенде мынадай екі дерек көзінің көрсетулері есепке алынған жоқ. Олар біріншіден, революциялық өзгерістерге (1917 ж.) дейінгі және советтік билік тұсында өмірге келген Алаш зиялыларының шығармашылық мұрасы, екіншіден, ОГПУ және НКВД тарапынан алаштық топқа байланысты жүргізілген сот процестерінің материалдары.
Мемлекеттік тәуелсіздік жылдары Алаш қайаткерлері мен шығармашылық иелерінің мұралары ешқандай да кедергісіз кітап түрінде жарық көрді. Алаш қозғалысын зерттеу ісіне байланысты үлкен жетістіктердің бірі осы. Мұндай жағдайды, өкінішке орай, сот материалдарына байланысты айта алмаймыз.
Түрлі желеулермен осы уақытқа дейін, яғни Алаш қозғалысының өмірде орын алған уақытынан бері міне жүз жылдан астам уақыт өтсе де ОГПУ және НКВД тарапынан ұйымдастырылған сот процестерінің материалдары әлі де құпия және жабық мұрағат қорларында сақталуда. Соның салдарынан Алаш қозғалысы қайраткерлері мен оның белсенділеріне байланысты совет мемлекеті атынан жасалынған қылмыс соңына дейін ашылмаған күйде қалуда.
Совет өкіметінің өткен ғасырдың 20-30-ншы жылдардағы өз халқына байланысты жасаған қылмысына баға беру бағытында жүргізілген бұл жұмыс біздің елде 1991–1992 жылдары басталып, осы мақсатта құрылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары мен ұсыныстары «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрді. Комиссияның қорытындысында жоғарыда аталған мезгілде «Қазақстан бұрынды-соңды болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе (эксперимент – авт.) жүргізетін алып полигонға айналдырыды» – деген тұжырым жасалынып, совет үкіметінің бұл әрекеті халыққа қарсы жасалынған қылмыс ретінде бағаланып, «ал оның алғышарттары режим өмір сүре бастаған кездің өзінде-ақ» туғандығы айтылды.
Қазақстан халқын, қазақ этносын бұрынды-соңды болмаған апатқа ұрындырған бұл трагедияның алғышарттарының бірі Совет үкіметі тарапынан Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан бастаған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының қазақ мәселесін шешуге байланысты жасаған балама (альтернативтік) ұсыныс-бағдарламасының қаперге алынбауы еді.
Адамзат өз тарихында қатыгез диктаторлық режимдердің талайын кездестірген. Солардың ең дүлейі және мейірімсізі советтік билікпен салыстыруға келмейді. Қазақ тарихына байланысты осы тұжырымға негіз бола алатын біраз фактілік материалдарды келтіруге болады. Мақала көлеміне байланысты біз ондай әдіске бармай-ақ қояйық. Дегенмен, осы ретте мәселені тура түсінуге жол ашатын мынадай жағдайды ескерген жөн.
Ең алдымен, біз, тарихшы мамандар өткен тарихымызды қорыту ісінде заман сұранысына лайық жаңа әдіс-құралдарға сүйенгеніміз дұрыс. Мұндай талап бірінші кезекте қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихына қатысы қойылуға тиіс. Осы ретте, мәселен, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы тарихы кезінде идеологиялық орталықтардың тапсырысы бойынша советтік тарихнама ұстанымы тұрғысынан қорытылғандығы мәлім. Осы мақсатта том-том кітаптар жазылды, диссертациялар қорғалды, осы негізде зерттеуші кадрлар буыны қалыптасты...
Ендігі уақытта осы арнада қалыптасқан методологиялық әдіс-құралдар біздің өткен ғасырда жүріп өткен жолымызды тура қорытуға мүмкіндік бере алады ма? Әрине, жоқ. Не істеу керек? Бұл ретте зерттеушілердің алдында советтік идеология тұрғысынан қорытылған тарихтың методологиялық постулаттарын еңсеру міндеті тұр. Яғни, советтік кезеңде ел өмірінде орын алған тарихи процестерді жаңа әдіс-құралдар арқылы қайта қорыту ісі жүргізілгені дұрыс. Онсыз біз алыстағы емес, кешегі жүріп өткен жолымызды тура түсіне алмаймыз.
Осы ретте қоғам ұлттық тарихнамадан мынадай мәселелерге байланысты жауап күтуге әбден хақылы: елде большевиктер партиясы орнатқан пролетариат диктатурасы қазақ қоғамының ішкі сұранысынан туған билік түрі ме еді? Бұл, біріншіден. Ал, екіншіден, социалистік идея, оның ресейлік варианты қазақ қоғамы үшін жайлы жүйе бола алды ма? Қысқа болса да осы толық негізде сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Әлихан Нұрмұхамедұлы советтік билік орнаған сәтте-ақ, яғни 1917 жылы 1 желтоқсанда Торғайдан «Шаруа, жұмысшы және солдаттарға үндеу» жазып, оның мәтіні империялық орталықтарда таратылды. Үндеу «Ульянов – Ленин, Халық Комиссарлар Төрағасы, Николай патша сияқты жеке өзі бұйрықтар шығарып ешкімнің де алдында есеп бергісі жоқ. Оның түсінігінде халықтың басқарушылар қабылдаған шешімдер үстінен бақылау орнатуы буржуазиялық сандырақ. Николай патша тұсында биліктегілердің жауапсыздығын көргенбіз. Большевиктік төраға Ульянов – Ленин Николай патша сияқты жеке өзі билемек. Ульянов – Ленин Николай сияқты халыққа үнсіз хайуан ретінде қарайды», – деген сөздермен басталатын тарихи құжаттан оның авторының жаңа орнаған пролетариат диктатурасы аталған билікті қабылдамайтындығын, тіптен мұндай билік жүйесіне үзілді-кесілді қарсы екендігін аңғару, әрине, қиын емес.
Бұл саяси ұстаным тек Ә. Бөкейханға ғана тән емес, Алаш партиясы бағдарламасы төңірегіне біріккен ұлт зиялыларына тиесілі ортақ ұстаным еді. Қазақ зиялыларының империядағы өзгерістерден күткені пролетариат диктатурасы емес, қазақ қоғамының басым бөлігін қанағаттандыра алатын, қазақ халқына өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін шынайы демократиялық билік жүйесі еді.
Шоқан Уәлиханов сияқты Әлихан Бөкейхан үшін де негізгі іргелі мәселе – ресейлік биліктің қазақ қоғамында жүргізген реформалық шаралары мен басқару жүйесінің ішкі мазмұны еді. Түптеп келгенде ұлттың тағдырын шешетін де, оның ішкі сұраныстарына жауап бере алатын да заман сұранысына лайық шараларды іске асыруға ықыласты билік жүйесінің орнығуы еді. Осы тұрғыдан алғанда Ә. Бөкейханның ұстанымы мен әрекеті өзінен бұрынғы қазақ ойшылдары мен қайраткерлері (Абай Құнанбайұлы, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы т.б.) қызметінің жаңа тарихи жағдайдағы логикалық жалғасы болатын.
Әлихан Нұрмұхамедұлына Алла тағалам екі бірдей қасиетті, яғни білім мен мінезді молынан берген тұлға еді. Патшалық билік тұсында-ақ ол бүкіл қазақ жұрты мойындаған саяси қайраткер дәрежесіне көтерілді. Оның халық арасындағы беделін байқаған замандас ағасы Бақытжан Қаратаев Оралдан жазған хатында (1910, 30.ІХ):
«Сүйікті Әлихан! ...Қазақта ауызбірлік жоқ, бет-бетімен кеткен, оқығандары болса өз жұртын қадір тұтқанымен, бас қосып пайдалы іс бітіруге құлықсыз, бір-бірінің қызметіне қызғанышпен қарайды, яғни олар да өзара алауыз. Қазақ арасы дүйім елдің ықыласы мен сеніміне ие оқыған азаматқа тапшы. Тек сен ғана халықтың ықыласына бөленген. Тек сенің ғана ел үшін қызмет жасадым деп айтуға хақың бар», – деп жазды.
Әлихан Нұрмұхамедұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасына зер сала қарайтын болсақ, онда мынаны байқаймыз. 1896-1905 жж. аралығында өзі қатынасқан ғылыми экспедиция құрамында қазақ ауылдарының өмірімен жақын таныса жүріп ол қазақ шаруашылығын және оны заман сұранысына лайық бейімдеуге (реформалауға) байланысты іргелі де концептуалды тұжырымдарға келеді. Тура сол тарихи кезеңде қазақ елі үшін бұдан маңызды істі атау да мүмкін емес-тін. Сонымен, аталған мәселеге байланысты Әлихан Нұрмұхамедұлы жасаған тұжырымдарға қысқаша тоқталып өтейік.
Біріншіден, Ә.Бөкейханның дәлелді атап көрсеткеніндей «жердің көп-аздығына қарамай, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан, ия егін салған... Қазақ жері мал кіндігі, мұнда бұрын қандай жұрт жүрсе мал баққан. Ғұсмания түркі тарихынша біздің қазақтың Жетісудағы қаңлы деген руы. Һауасы, жері келісті Европаға барып, мал бағуды қойып, өзге шаруаға айналып отыр... Қазақ жеріне келген мұжық мал бағып, малдың басын көрші қазақтан асырып отыр...» Жерінің ерекшелігіне қарай бейімделіп, мал өсіруді негізгі кәсібіне айналдырған жұрт жалғыз қазақ емес. Мәселен, «Австралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң Англия (ағылшын - М.Қ.) жұрты қой бағып, мал шаруасын қылып отыр... Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр». Австралияға ұқсас тиімді мал шаруашылығын Швейцария елі де жүргізіп отыр. Жері қар кетпейтін биік таулы, малға жайлы да, егіншілікке жайсыз. «Жері аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегін асыл қылып, мал бағып тіршілік қылып отыр. Қадағын 80 тиын, бір сом 20 тиын біздің орыстың қаласында сатылатын ірімшік осы Швейцария шығарған болады». Әлекеңнің пікірінше мал басын асылдандырып, тиімді мал шаруашылығына көшу қазаққа да жат емес.
Екіншіден, Ә. Бөкейхан алдымен патшалық биліктің, кейінірек кеңестік биліктің қазақ елін тез арада отырықшы тұрмысқа аудару жобасына үзілді-кесілді қарсы шықты. «Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып алатын», - деп жазды ол. Өкінішке орай қайраткердің бұл пікіріне аталған екі билік те көңіл аударған жоқ!
Әлихан Бөкейхан 1937 жылы 26 шілдеде Мәскеуде соңғы рет қамауға алынып, сол жолы 6 тамызда тергеушіге берген көрсетуінде «Мен – Бөкейханов Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің төрағасы болдым, сондай-ақ Совет билігіне қарсы әрекеттерді түгелдей өзім басқардым. ...Мен Совет билігінің жақтасы болған емеспін және бола да алмаймын. Өйткені көзқарастық ұстанымым бұл билікті мойындаумен мүлдем үйлеспейді. Мен Советтік билікке қарсы күреске алып шыққан алаштық идеямда қаламын!» деген тұжырымын білдіріп, өзіне берілген соңғы сөзін «Мен ешуақытта совет билігін жақтырған емеспін!» деген сөйлеммен аяқтайды.
Кез келген теориялық ұстанымдардың дұрыс немесе қате екендігінің жалғыз өлшемі ол практика. Әлихан Бөкейханов пен оның серіктерінің саяси курсының қазақ мүддесінен алшақ емесін көп ұзамай-ақ советтік шындықтың өзі-ақ көрсетіп берді. 20-30-ншы жылдары жүргізілген жедел түрде «отырықшыландыру» мен күштеп коллективтендіру шараларының нәтижесінде 1932 жылдың ақпанына қарай Қазақстандағы колхозшылар шаруашылықтарының 87 пайызы және жекеменшік шаруашылықтарының 51,8 пайызы өз малдарынан түгел айрылып қалды.
1928 жылғы 27 тамызда қабылданған бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы қаулыға сәйкес 696 шаруашылық тәркіленіп, олардың 619-ы өздері тұратын округтен тыс жерлерге жер аударылды. 1930-1931 жылдары «Кулактық жер аударуға» жіберілген шаруалардың саны толық емес деректер бойынша 6765 адамға жеткен. Бұл іс жүзінде билік тарапынан жүргізілген ірі және орта шаруашылықтарды жою шарасының көрінісі еді. Сондай-ақ бұл ірі және орта шаруашылық иелерін әлеуметтік топ ретінде қоғам өмірінен біржола аластау болды.
Ленин – Сталин орнатқан диктатуралық режимнің жүргізген реформалық шараларының нәтижесінде қазақ халқы бұрын-соңды болмаған ашаршылықты басынан кешірді, өзінің жартысына жуық бөлігінен айрылды. Сталиндік билік қазақтың ұлттық интеллигенциясы мен саяси басқарушы тобына, сондай-ақ дін қызметкерлеріне қарсы перманентті жазалау шараларын жүргізіп, алғашқы және келесі буын саяси элитаны, ықпалды дін адамдарын әлеуметтік және саяси күш ретінде жойды.
Әлекең 1917 жылғы Қазан революциясы қарсаңында айтқан «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді! Алаштың баласы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң 200 жылда басыңа бір қиын іс келді», – деген сөзі расқа айналды. Қорыта айтқанда Ресей империясы көлемінде большевиктер партиясы орнатқан диктатуралық билік жүйесі сырттан таңылған социалистік идеяның Ресейлік варианты қазақ халқы үшін қисапсыз мол азап әкелді. Ал бұл жүйеге балама ретінде өмірге келген Алаш идеясы неге өмірлік шындыққа айнала алмады? Алаш қозғалысының өмірі неге қысқа болды?
Бұл сауалдарға жауапты біз Ресейлік империялық биліктің, оның мұрагері Совет өкіметінің табиғатынан іздегеніміз жөн. Осы ретте орыс халқының ұлы ойшылы А.Герценнің мына жолдарына көңіл аудару артық емес: «Адамның игілікке толы ұмтылыстарына оны азаптаумен ғана жауап беретін, ізін ала қинау үшін алдымен оятып алатын осы мемлекетті қайсымыз бойымызды ашу-ыза кернеген шақта жек көрмедік? Біздің қайсымыз жер шарының төрттен бір бөлігін алып жатқан осы абақтыдан біржола құтылып шығуды ойламадық?». Эмиграциядағы орыс философы И.Ильин большевизмді әзәзіл, азғырушы ағым ретінде атаған. Большевизм қазақ халқының басым бөлігін, оның енді ғана бас көтерген тәжірибесіз, сенгіш, жас зиялылар тобын алдап, арбап соңына ертті. Бірақ көп ұзамай-ақ, билікте біржола орнығып алған соң, әлгі соңына ерген аз ғана топты да дарға асуға бұйырды. Өйткені сталиндік жүйенің биік адамгершілік пен парасатқа сүйенген ішкі өзегі жоқ-тын.
Әлихан Нұрмұхамедұлы бастаған ұлттық зиялылар буыны қазақ қоғамына ағартушылық идеясын жаюшы, сол арқылы оны жаңа сапа және сатыға көтерген буын болды. Сондай-ақ олар әкелген ағартушылықты еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмауға ұрындырар еді. Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге үндеді. Ұлт азаттығы үшін күрес басшылары бұл негізгі мақсатқа жетудің жолы қазақты ұлт ретінде біржола қалыптастырып, оның ұлттық мемлекеттігін жаңғырту арқылы жүретіндігін жақсы түсінді. Басқаша айтқанда, қазақ ағартушылығының идеясы ақын, жазушы, философ ғалымдарының шығармашылық ізденісі арқылы жалпы ұлттық жобаға айналды.
Қалыпты да бейбіт даму жағдайында ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, білім жүйесінің, жаңа сападағы ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейлік пен сананың біржола қалыптасуымен аяқталуға тиіс-тін. Бұл барлық қоғамдарға тән құбылыс. Басқаша айтқанда, ағартушылық ұлт үшін ұйытқы элемент міндетін атқаруға тиіс. Сол сияқты ағартушылық идеясымен қатар жүретін қоғамдық ой мен қызметтегі ұлтшылдық ұстанымының өзіне тиесілі мақсат-мұраты бар. Отарлық тәуелділік жағдайындағы елдер үшін ол ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту немесе оны қалыптастыру арқылы өз міндетін орындамақ. Ал өз ретінде ұлттық мемлекеттілік азаттық жолына түскен елдің территориялық тұтастығы мен еркін дамуының кепілі.
Қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлтшылдығының тағдыры оларды өмірге әкелген алғашқы буын қазақ зиялыларының тағдыры сияқты қайғылы қалыптасты. Олар көздеген мақсатына жете алмай, бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес уақытта тарих сахнасынан ығыстырылды. Совет өкіметі қазақ ұлт-азаттық қозғалысын, оның ұлттық идеясын гуманизмге, өркениеттік ұстанымдарға мүлде жат әдіс-құралдар арқылы басып жаншыды.
Бүгінгі таңда советтік тариханаманың Алаш қозғалысы, Ә. Бөкейханның қызметіне байланысты жасаған тұжырымдары өз күшін жойды, ескірді деп айту жетімсіз. Өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, біз кезінде советтік тарихнама жасаған тұжырымдар идеологиялық конъюнктурадан туындаған ғылымға жат құбылыс болғандығын мойындай отырып, оның ықпалынан алдымен өзіміз арылып, ал жас буынды алаштық таза да биік, заман сұранысына лайық рухта тәрбиелеуге міндеттіміз.
Мәмбет Қойгелді, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы