Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Еңсегей бойлы ер Ебіней

320
Еңсегей бойлы ер Ебіней - e-history.kz

2025 жылы көрнекті ғалым, жазушы әрі қоғам қайраткері, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына 100 жыл толды. Ол ғылым, білім және мәдениет саласына үлкен үлес қосты. Евней Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры болды және химия мен металлургия салаларында көптеген ғылыми еңбектер жазды. Сондай-ақ, әдебиет саласында да өнімді еңбек етіп, шығармалар мен аудармалар қалдырды. Оның есімі Қазақстан ғылымының дамуы мен білім беру ісінде ерекше орын алады.

Есімнің түп-төркіні үңілсек, біраз  сырды аңғарамыз. Көрнекті дін қайраткері  Сәдуақас Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» кітабынан белгілі болғандай, Евней есімі «Ибн-Ғабиден» (арабша: ابن غابدين) есімінен қысқарып өзгерген болуы ғажап емес.
«Ибн-Ғабиден» араб тілінен аударғанда «Құлшылық етушінің ұлы» деген мағына береді (ибн – ұлы, ғабид – ғибадат етуші, құлшылық қылушы) деген мағынаны білдірген. 

Кейін қазақ халқының тілдік ерекшелігіне, айтылу жеңілдігіне байланысты «Ибн-Ғабиден» есімі уақыт өте келе халық тілінде «Ебіней», одан соң орыс тіліне түрленіп «Евней» болып өзгергені айтпаса да түсінікті. Осылайша араб тіліндегі есім қазақшаға бейімделіп, ақырында орысшаланып жаңа нұсқаға ауысқан.

Сәбиге бұл есімнің қойылуының тарихи байланысы тереңде. Қызылжар өңіріндегі әйгілі діни қайраткерлерден білім алған Арыстан (Евней Бөкетовтің әкесі) молда-ұстаздың кеңесімен баласына ерекше әрі мағынасы терең арабша ат қойғаны жайлы деректер кездеседі. Бұл аттың кейінгі халық арасында «Евней» болып орнығуы советтік кезеңнің тарихи жағдайында қалыптасқаны белгілі. 

«Енді Ибн Ғабиденнің «Ебінейге» (орысша Евнейге) айналып кетуі – Мұхамедханафияның Шоқанға, Ибрагимнің Абайға, Ғабдулғанидың Қанышқа айналғанындай оқиға. Қысқа қайырсақ, «Ибнудан» Ебіней шыққан» деп топшылайды А.Досби «Ибн Бөкет» атты мақаласында. 

Қаныш Сәтбаев пен Евней Бөкетовтің өмірбаянын жан-жақты зерттеп, көлемді еңбектер жазған белгілі жазушы Медеу Сәрсеке өз кітаптарында «Ебіней» деп қолданады. Бұл автордың Бөкетовтің есімін жазудағы өзіндік қолтаңбасы ретінде қалыптасты және оқырмандарға кеңінен танылды.

Медеу Сәрсеке «Ебіней Бөкетов» атты өмірбаяндық шығармасында ғалымның ғылымдағы жолын ғана емес, азаматтық болмысын, адами қасиеттерін ашып көрсетуге ерекше мән берген. Осы еңбектің арқасында «Ебіней» есімі ғылыми, әдеби ортада орнығып келе жатқанын айтқымыз келеді. 

Жоғарыда Ибн Бөкет жазылғандай, бұл әулетте кісі есімдерінің заман ағымына қарай өзгеріп, түрленуінің ерекше мысалдары бар. Соның бірі – белгілі ғалым Ебіней Бөкетовтің атасының есімімен байланысты қызықты дерек.

Бастапқыда оның атасының есімі «Боқкөт» болған екен. «Боқкөт» сөзі бастапқыда қазақ тілінде немесе түркі тілдерінде «боқ» (нәжіс) және «көт» (жамбас, арт жақ) сөздерінен құралған әрі ол кезеңде бұл бастапқы сөздің мағынасы қазіргідей тұрпайы болмауы да ықтимал. Көне түркілік кейбір есімдер мен атаулардың мағынасы уақыт өте келе өзгеріп, басқа мазмұнға ие болып жатады. Бұл да соның бірі. 

Уақыт өте келе тұрпайылау немесе ыңғайсыздау мағына беретін сөздерді халық айтуға жеңіл, әрі жағымдырақ түрде өзгертіп отырған. Мұндай өзгерістердің бірнеше себебі ретінде дисфемизмнің эвфемизмге айналуын (дөрекіліктен сыпайылыққа қарай), айтылуы жеңіл әрі әуезді ету, жағымсыз мағыналардан алшақтау сияқты құбылыстарды көрсетуге болады. 

Қазақ тілінде осындай жолмен өзгерген бірнеше атаулар бар. Мәселен, «Қотырбұлақты» «Қайнарбұлақ», «Шошқакөл» «Шоқыкөл», «Итбайды» «Естай» деп ауыстыру үрдісі болғаны жасырын емес. 

Осылайша тілдік ерекшелік әсерінен бұл есім әуелі «Бөкет» болып жұмсарған да, жағымсыз мағынасынан арылған. Кейін орыс тілінің ықпалымен «Бөкет» есімі дыбыстық ұқсастығына қарай орыс тілінде жағымды мағына беретін «Букет» сөзіне айналып кеткен деп топшылаймыз. 

Мұндай өзгерістер әсіресе қазақ жеріне сыртқы мәдени әсерлердің күшеюі кезінде (мысалы, орыс немесе еуропалық мәдениеттің ықпалы) жиі орын алды. «Бөкет» → «Букет» болып өзгеруі, әсіресе, советтік кезеңдегі орыстану үдерісі кезінде жиі байқалатын құбылыс болатын.

Осылайша бір есімнің «Боқкөт» → «Бөкет» → «Букет» болып өзгеруі халықтың есімдерді айтуда жеңілдікке, мағыналық жағымды әсерге бейімделуін, сондай-ақ тілдердің өзара ықпалдасуын көрсететін тарихи-мәдени мысал бола алады. 

Біз енді Евней Букетовтің есім-сойын ұлттық нұсқада Ебіней Арыстанұлы Бөкетов деп береміз. Ол 1925 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданының Бағанаты ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Жас кезінен білімге құштар болып, ауыл мектебінде алғашқы білім алды. Оқуға зерек, ынталы бала болып өскен Евней орта мектепті үздік тәмамдап, 1945 жылы Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтына түседі. 

Институтты 1950 жылы үздік бітіріп, инженер-металлург мамандығын алып шықты. Оның ғылым жолына түсуіне студенттік кезден бастап металлургия саласына деген қызығушылығы мен ізденісі себеп болды. Кейін осы білімінің арқасында көрнекті ғалым, академик дәрежесіне дейін көтерілді.

Бәрінен бұрын Ебіней мен Қаныш Сәтбаевтың арасындағы байланыс ерекше болды. Қаныш Сәтбаев – Ебіней Бөкетовтің ғылым жолындағы ұстазы әрі тәлімгері. Ебіней Бөкетов студент кезінде-ақ Сәтбаевтың ғылыми еңбектерімен танысып, оны өзіне үлгі тұтты. Кейіннен академик Қаныш Сәтбаев Ебінейдің ғылымдағы қабілетін байқап, оның ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдады және бағыт-бағдар беріп отырды.

Қаныш Сәтбаев Ебіней Бөкетовті ғылым жолына бағыттап, оның шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерінің ашылуына үлкен септігін тигізді. Екеуінің қарым-қатынасы Қазақстандағы ғылымның, әсіресе химия мен металлургия ғылымдарының дамуына оң ықпал етті. Ебіней Бөкетов Қаныш Сәтбаевты тек ұстазы ғана емес, ғылымдағы рухани жетекшісі ретінде өмір бойы құрметтеп өтті.

Қаныш Сәтбаев пен Евней Бөкетовтің қуғындалуы сол кездегі кеңестік саяси жүйенің қысымы, идеологиялық қатаң бақылау және ғылыми ортадағы қызғаныш пен бақталастыққа байланысты болды. Соғыстан кейінгі, 1951 жылғы сталиндік жазалау саясаты Совет Одағында «ұлтшылдыққа қарсы күрес» науқаны ретінде белең алды. Осы кезеңде қазақ ғылымын дамытып, ұлттық кадрларды қолдаған Қаныш Сәтбаев сияқты ірі тұлғаларға саяси айыптаулар мен негізсіз сындар тағылды. Оның ғалым ретінде беделінің артуы және ұлттық мүддеге деген ерекше көзқарасы кейбір әріптестерінің көре алмаушылығы мен қызғанышын туғызды. Ғалымға «ұлтшылдық ұстанымда», «идеялық тұрғыдан сенімсіз», «буржуазиялық көзқарастарды жақтайды» деген жалған айыптар тағылып, қызметінен шеттетіліп, ғылыми жұмыстары шектелді.

Осындай қысым мен қуғындауға академик Ебіней Бөкетов те тап болды. Оның ашық ой-пікірлері, ғылыми ортада қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы бастамалары сол кездегі билік тарапынан сенімсіздік туғызды. Ебіней Бөкетовке «ұлтшылдық бағыты бар» деген жалған айып тағылып, әділетсіз сынға ұшырады. Сондай-ақ, оның ғылымдағы жетістіктері мен жоғары беделі әріптестері арасында қызғаныш пен бақталастықты күшейтті. Нәтижесінде ол университет басшылығынан алынып, ғылыми және қоғамдық қызметтен шеттетілді.

Академик Евней Бөкетовтің қудалануының басталуы мынадай деректер бар. Қаныш Сәтбаевтың өмірлік зайыбы Таисия Кошкинв-Сәтбаева асыл жары, ғұлама ғалым туралы кітап жазатын авторларды іздестіре бастайды.  Ол суреткер Ғабит Мүсіреповтен пікір сұрайды. Ғабит Мүсірепов бір әңгімесінде: «Қазір менің жасым 61-де, ал Қаныш Сәтбаев туралы кітап жазуға кем дегенде 15 жыл уақыт керек, ондай уақыт менде бар ма, жоқ па білмеймін. Бір жазса, Қанышты жақсы білетін Евней Бөкетов жаза алады», – деп, Ебінейді нұсқайды. Бұл әңгімені кейін Ғабеңнің өзі жазушы Медеу Сәрсекеге айтып берген. 

Ебіней Бөкетов кітап жазуға келісімін бергенімен, қызметінің көптігінен қолы тие қоймайды. Сондықтан Алматыдағы архивке латын қарпін білетін бір ақсақалды жіберіп, деректер жинауға кіріседі. Архивте ол кісімен Медеу Сәрсеке де бірнеше рет кездескен. Алайда Ебіней Бөкетовтің басты қателігі – «Қаныш Сәтбаев туралы кітап жазып жатырмын» деп көпшілікке ертерек жариялап жібергені еді. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Таисия Алексеевнаға хат» деген үзіндісі екі бетке жарияланып та үлгереді. 

Жазушы Медеу Сәрсекенің айтуынша, Ебіней Бөкетовтің ресми түрде қудалануы осы кезден басталыпты. Содан кейін ғалымға түрлі саяси қысым жасалып, негізсіз сын мен жалған айыптар тағылып, ақыры қызметінен шеттетілген.

Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Бөкетовтің қуғындалуы – совет дәуіріндегі саяси қысым мен идеологиялық шектеулердің айқын көрінісі еді. Екеуінің де ұлттық сананы дамыту, еркін ғылыми ізденістер жасау бағытындағы ұстанымдары сол кездегі саяси билікке ұнамағандықтан, әділетсіздік пен қудалауға душар болды. Соған қарамастан, олар өздерінің ғылыми және азаматтық ұстанымдарынан айныған жоқ.

Ебіней Бөкетов өмірінің соңғы жылдары ауыр кезеңдермен өтті. Ол 1970-ші жылдардың соңында советтік билік тарапынан әділетсіз сынға ұшырап, «ұлтшылдық бағытта» деген жалған айыптаулармен қудаланды. Осындай саяси қысымның кесірінен ол 1980 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметінен босатылып, ғылыми және қоғамдық жұмыстарынан шеттетілді. Бұл жағдай ғалымның денсаулығына қатты әсер етті.

Ебіней Бөкетов өмірінің соңғы кезеңінде шығармашылық жұмыстарымен айналысып, аудармалар, көркем әдеби шығармалар жазды. Ол Қаныш Сәтбаевтай ұлы ұстазына арнап «Жас Қаныш» атты деректі хикаят жазып шықты. Бұл кітап 1999 жылы Алматы қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Кітап көлемі 10,7 баспа табақтан тұрады. Бұл еңбекте академик Қаныш Сәтбаевтың жастық шағы, өскен ортасы, туған жері көркем баяндалады. Шығарма орыс тілді оқырманға арналып жазылғандықтан, автор қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие ерекшеліктеріне кеңірек тоқталып, қызықты түрде баяндайды. Кітаптың соңында журналист Б. Әдеттің «Қыры – ғылым, өрі – өлең» атты үлкен очеркінен үзінді берілген. 

Ебінейдің кітабы жайлы атақты жазушы М.Сәрсеке: «Қаламы қарымды, қазақша да, орысша да бірдей көсілте жазатын, Сәтбаев ілімін металлургия саласында сәтті өрістетіп, өзіндік дара мектеп түзген академик һәм жазушы Е.А. Бөкетовтің құлашын кеңге сілтеген шығармасының алғашқы бөлімі – «Жас Қаныш» туып, қолжазбасының орысша әдебиет білгірлерінің тезіне ұсынылды» деп жазды. 

Қалай болғанда да бұл кітаптың танымдық және тағылымдық маңызы зор. Соңғы жылдары мұны «Отбасы хрестоматиясы» сериясының аясында белгілі журналист, спикер Санжар Керімбай командасы көп таралыммен қайта басып шығарды. 

Бұл шығармашылық жұмыстар жанға уақытша ғана демеу болды. Бәрібір көрнекті ғалымға жасалған әділетсіздік оның рухани жағдайына ауыр соққы болды. Ебіней Арыстанұлы Бөкетов 1983 жылы 13 желтоқсанда ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін өмірден өтті. 

Академик артына терең мағыналы мынадай сөз қалдырған екен: «Мақтаудан өлген қазақты көргенім жоқ, сыннан өлген қазақтың моласы көп». Бұл сөз арқылы ғалым адамды өсіретін де, өшіретін де сын екенін меңзеп, орынсыз сын мен жала қазақтың талай ардақты тұлғасының тағдырына көлеңке түсіргенін айтып меңзегендей. Ебіней Бөкетовтің өзі де осындай сын-қысымның ауыр зардабын тартқандықтан, оның бұл сөзі кейінгі ұрпақ үшін де маңызды әрі тағылымды өсиет болып қалды.

Ол өмірінің соңына дейін өз ұстанымынан таймай, халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда Ебіней Бөкетовтің есімі Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетке беріліп, ел жадында ғылым мен мәдениетке зор үлес қосқан қайраткер ретінде мәңгі сақталған.

Мақаламыздың атауына берілген «Еңсегей бойлы ер Ебіней» тіркесі – академик, ғалым, жазушы Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің болмысын ашатын ерекше теңеу деп білеміз. Бұл сөз ғалымның сыртқы келбетіне ғана емес, рухани биіктігі мен парасаттылығына берілген баға еді. Шын мәнінде Ебіней Бөкетов тек ұзын бойымен емес, ақыл-ой тереңдігімен, ғылымдағы жаңашылдығымен және әділдігімен, ерлігімен ерекшеленген тұлға болды.

Ол әдебиет пен ғылымды ұштастырып, екі саланың биік шыңына қатар көтерілді. «Еңсегей бойлы ер Ебіней» деген сөз халық арасында кең тарап, Бөкетовтің өр тұлғасы мен азаматтық ұстанымының символына айналады деп  сенеміз. Оның өмірі мен шығармашылығы – қазақ зиялылары үшін үлгі-өнеге болып қала бермек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?