Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бабамыздың үнісің сен – домбыра!»

22745
«Бабамыздың үнісің сен – домбыра!» - e-history.kz

Алматы қаласында 2011 жылы жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияның бірінші томының 643-бетінде ұлтымыздың құнды мұрасы домбыра туралы: «Домбыра – дәстүрлі ортаның көп ішекті, көп пернелі ұлттық саз аспабы. Ғасырлар бойы қазақтың мұңы мен шерін тарқатып, көңілін жеңісіне шарықтатып, жеңілісінде демеген, арманын асқақтатып, өрістеткен. Оның қос ішегінде бүкіл қазақтың арғы-бергі тарихы, салт-санасы мен танымы сақталған музыкалық аспабы» деген анықтама беріліпті. Бұдан асырып ештеме айта алмаймыз. Осы бір құнды мұрамызды насихаттау мақсатында 2018 жылы 13 маусымда әр жылдың шілде айының алғашқы аптасы «Ұлттық домбыра күні» болсын деген Президент жарлығы шыққанынан көпшілік хабардар.

Ендеше халқымыздың асыл мұрасы домбыра жайлы жазылған деректерге жүгіне отырып, оқырман қауымды бұл аспап туралы мәліметпен таныстырғанды жөн көрдік. Жалпы алғанда халқымыздың әдеби нұсқаларында және ақын-жыраулар шығармаларында домбыра арқау болмаған туынды аз. Мысалы, атақты ақын Қашаған Күржіанұлының Есқали сопыға айтқан өлеңінде:

Қолымыздағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш,

Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш,

Домбыраны күнә десеңіз,

Жиын менен тойдікі,

Ішегін күнә десеңіз,

Жұмақтан келген қойдікі,

Пернесін күнә десеңіз,

Есебі ол пәннің – он екі,

Құлағын күнә десеңіз,

Хазіреті Біләлдің,

Құлағы екен деседі,

Тиегін күнә десеңіз,

Шиелеген сырды шешеді... – десе, қазақы қараөлеңде:

Домбырам екі ішікті бетің қақпақ,

Өзіңе перне байлап ішек тақпақ,

Басыңа үкі қадап желпілдетіп,

Қызығы – күмбірлетіп қолмен қақпақ, – деп домбыраның қазақ қоғамындағы орны хақында хабар берсе, тағы бір ескі жырда:

Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқта,

Теңселіп, тербеледі адам соқса,

Шешен тіл, сөзге жүйрік болғанымен,

Не пайда үндемейді жоқта, – деп аспаптың құрылымын баяндайды. 

Домбыраның құрылымы

Домбыра негізінен: бас, құлақ, мойын, шанақ, ішік деген басты бөліктерден тұрады. Бұлардың міндет әртүрлі. Құлақ – аспаптың ішегін қатайтып, босатып бұрау арқылы күйге келтіреді. 

Бас – тұтас ағаштан мойнымен бірге шабылып, мойынға өндіршік арқылы жалғанып кіріктірілген бөлігі. Ал мойынның бетіне қалыңдығы 5-6 см болатын мойынғақ жапсырылады. Оның міндеті – пернелерді дәл басуға және дыбыстарды айқын-анық шығаруға мүмкіндік береді.

Мойынғақ пен қақпақтың түйіскен жеріне сағақ орнатылады. Бұл жерге соңғы перне тағылады. Мойынның шанаққа бірігетін тұсының екі бүйіріне алқымдық деп аталатын кішкентай ағаш жапсырылады. Шанақтың міндеті – іштен шыққан дыбысты қайта жаңғыртып тұрады. Шанақтың бетін жауып тұратын тақтайша қақпақтың жұқа немесе қалыңдығына байланысты домбыра үні өзгеріп отырады. Шебердің айтуына қарағанда қақпақ ұрғашы қарағайдан шабылса домбыра шешен болады екен.т

Шанақтың ішінде жаңғырған дыбыс қақпақтың ортасындағы ойық тесік арқылы сыртқа шығады. Шанақтың түбіндегі ішектің тұйық жағы байланатын тетікті түйме немесе кіндік дейді. Домбыра ішегін қақпаққа тигізбей көтеріп тұру үшін тиек орнатылады. Тиектің өкше тиек, ортаңғы тиек, табалдырық тиек деген үш түрі болады. Мойын мен бастың түйіскен жері өндіршекке орналасқан тиекті табалдырық тиек (шайтан тиек депде айтады) деп атайды. Қақпақ үстінде ары-бері қозғалып тұратын тиекті «ортаңғы тиек» дейді.

Домбыраның дыбысын шығартын ішек қойдың немесе ешкінің ащы ішегінен ширатып жасалады. Ол үшін әуелі ащы ішекті қырындыдан тазартып, тұзы свға салып ширатады. Толық шираған ішекті қол ұршықпен иіріп, керегеге тартып керіп, үстіне салмақты зат іліп қояды. Осылай кепкен ішекті екі асықтың арасына (бұны ақжігіт деп атайды) салып ысқылап, түйіртпектерін сыдырады. Дайын ішектің тұйығын кіндікке бір орап, екі үшін екі құлаққа байлап, құлақты ақырын бұрай отырып, ішекті созып  шынықтырады. 

Ал домбыраның пернесі жеті, тоғыз, он екі болады. Қазіргі таңда домбыра жетілгендіктен перне саны да көбейді.Кейде ерекше күйлерді орындау үшін кәнігі күйшілер қосымша перне тағатын да жағыдайлар болған. Бұны ұры перне депте атайды.

Домбыра түрлері

Жасалу пішіні мен дыбыстық ерекшелігіне байланысты әр өлкеде домбыраның түрлері көп. Тек ғана жасалу түрі, ішек саны, дыбыстық ерекшелігіне қарай: үш ішекті, төрт ішекті, қалақша, қуыс мойын, тұмар, қоссаз, қауақ, абыз, кеней, узбелі, қозықұйырық, құрама, омыралы, шіңкілдек, шаппа, сана, желбезекті, үшем, іші ішекті, кең шанақты, бүктемелі, тегешікті, әмбебап т.б. («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі». 1-том. Алматы: 2011. 646-б).

Мысалы, күйшілік өнері зор еліміздің батыс өлкесінде қауақ домбыра көп қолданылады. Оның пернесі 12-16 болып келеді. Бұл домбыра түрі төкпе күйді орындауға жақсы. Сол тәрізді қазақ даласының шығысы мен орталық өңірінде шанағы үлкен, мойны қысқа 7-11 пернесі бар қалақ домбыра кең тараған. Ол Жетісу мен Қаратау өлкесінде мойны қысқа, тікбұрышты, 7-9 пернелі домбыра тән. Бұлардан басқа жас балаларға арналған шіңкілдек домбыра деген бар.

Қазақ домбырасының түрлері. Сурет Ө.Жәнібековтің «Эхо... по следам легенды о золотой домбре» кітабынан алынды

Тарихи домбыралар

Осы орайда, еліміз музейлер сақтаулы тұрған атаулы, яғни тарихи домбыраларға тоқталар болсақ, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінде «КП  15294» ретімен Абай Құнанбайұлының жары Ділдәнің қос ішекті, тоғыз пернелі домбырасы сақталған.  Бұл аспап 1882 жылы жасалыпты. Мойнының ұзындығы 47,5 см, шанағының ұзындығы 29 см, ені 11 см. Шанағының пошымы алмұрт тәрізді. Бет қақпағы жалпақ, жұқа ағаштан жасалған. 

Шанағы, өндіршек және пернесі алақанымен қосыла қазақы өрнектермен безендіріліп, оймышталған сүйек тілімдермен қапталған. Шанақтың атқы жағына үш тозкөз өрнек салынған. Шанағының екі қапталы оюмен көркемделіп, қызыл түсті барқытпен қапталып, бет қақпағына сүйектен ойылған сыңармүйіз өрнек бастырылған. Қақпағында дөңгелек ойық бар.

Алматы қаласында орналасқан Мемлекеттік орталық музей қорында тұрған тағы бір тарихи домбыра – академик ғалым, аса көрнекті қайраткер Қаныш Сәтбаевқа тән екен. Бұл жәдігер қорда «КП 16730/1» реттік нөмірмен сақтаулы тұр. Аспаптың пошымы төрт қырлы, мойынтұрағының ұзындығы 58 см, шанағының ұзындығы 28 см, көлденеңі 17 см. Тұтас ағаштан ойылып жасалған. Шанағы төртбұрыш сопақша. Мойны шалқақ. Бет қақпағы жұқа тақтайшадан жасалған. Он төрт пернелі, ішегі жасанды жіп.

Аталмыш музейде тұрған үшінші домыра – атақты Жаяу Мұсаға тиесілі екен. Бұл аспап бүтін ағаштан ойып тұтас шабылып жасалған, қос ішекті қалақ домбыра. Музей қорында «КП 9058» реттік санымен сақтаулы тұр. Мойынтұрағының ұзындығы 59,5 см, шанағының ұзындығы 33 см, көлденеңі 15.5 см. Шанағының пошымы сопақша, аздап төмен қарай иілген. Қақпағы жұқа ағаштан алынып, ішегі ешкінің ащы ішегінен өрілген. Перне саны 10. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?