Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әділет Ахметұлы, алаштанушы: Ахметтің емлесіне адал болуымыз керек

1732
Әділет Ахметұлы, алаштанушы: Ахметтің емлесіне адал болуымыз керек - e-history.kz

Қыркүйек айында ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы өмірге келген. Өмірінде бес рет сотталып, ең соңында атылған арыстың тас түрмеде отырып жазған еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ ғылымының көкжиегін кеңейткен, тіліміздің тігісін жатқызып, емлесін түзеген Байтұрсынұлын бүгінгі қазақ ғалымдары қаншалықты деңгейде зерттей алды? Ұрпақ терең таныды ма? Мұрасы мен аманатына адалмыз ба? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Алаштану бағытында тынбай ізденіс жасап жүрген, Алаш арыстарының еңбектерін шығаруда, зерттеуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан жас ғалым Әділет Ахметұлын әңгімеге тартқан едік. «Әділет» атты жыр жинағының авторы, «Жұмжұма сұлтан» атты түркіге ортақ тарихи жырды қазіргі қазақ поэзиясының үлгісінде аударған ақынның қазақтың тіл-жазуы және ұлт ұстазы төңірегіндегі ой-тұжырымын төмендегі сұхбатымыздан оқи аласыздар. 

Соншама еңбектің түпнұсқасы қайда?  

– Қазақ Ахметті қаншалықты тани алды?

– Ахметтану – алаштану ғылымының үлкен бір саласы. Бұл сұраққа жауап беру үшін әлемдік  тұрғыда және Қазақ елі тұрғысынан қарау керек. Неге? Біз кейбір ғылым саласының зерттелуін әлемдегі кейбір дамыған елдермен ешуақытта салыстыра алмаймыз. Олай болатыны, бір елдер тәуелсіздігін ерте алды, бір елдер кеш алды. Бір елдерде жазу өркениеті ерте дамыды, жазба құжаттар ерте зерттелді. Кейбір елде енді қолға алынып жатыр дегендей.  Түрлі  тарихи, саяси және экономикалық жағдайларға байланысты ғылымға берер бағамыз ұқсамайды. Әлемдік деңгеймен салыстыратын болсақ, ахметтануға ешуақытта көңіліміз толмайды. Ахметтің өмірден өткенінен 87 жыл ғана болды. Арамыздан кеткеніне ғасыр да толмаған жанның мұрасын әлі індете зерттеп болған жоқпыз, ғылыми айналымға да толықтай ене қойған жоқ. Демек әлемдік деңгеймен салыстырғанда ахметтанудың көші тым баяу жылжып келеді. 

Ал өткен ғасыр бойы екі тізгін, бір шылбыр қолында болмаған, тәуелсіздігін алғанына 33 жыл ғана болған Қазақ елі жөнінен алсақ, алаштану мен ахметтануда көптеген істер тындырылды. Әсіресе алаштану саласы алға ілгеріледі десе болады. Ең алдымен алаштану деген ғылымның өзінің қалыптасуы, одан соң оның бұтақтары болып жеке-жеке тұлғалардың аты аталуының өзі теңдесі жоқ ғанибет. Қазақ осы күнді қаншама күтті?! Ахметтану, абайтану, шоқантану, ыбырайтану, қошкетану, елдестану, т.б. қандай керемет. Енді әлемдік және елдік тұрғыдан  екі жағдайды қосып айтатын болсақ, әлі де Ахметтанудың  жетіспеген тұстары баршылық. 

Ахметтану ісінде ол кісілер ақталған 1988 жылдан бері қарай көп дүние тындырылды. Шын мәнінде ахметтанудың бастауы 1914 жылдары ғалымның көзі тірісінде басталды. Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Сәкен Сейфуллин,  Мұхтар Әуезов бастаған зиялылардың Ахметтің қазақ тіл білімі мен әдебиеттануындағы, ағартушылық жолдағы, қазақ жазуын жасап, емлесін ілгері бастырғаны, саяси қайраткерлігі сынды әр жақтылы қырларын ашып жазған мақалалары осының айғағы. Арада алаштың сорпа бетіне шығар тұлғалары түгелге жуық жазаланды да бұл бастама тоқтап қалды. Тәуелсіздіктің қарсаңында және бүгін елімізде алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар, аға бауын зерттеушілер бұл салада зерттеулер жүргізді.  Және біздің замандастарымыз да  көптеген жұмыстар істеп жатыр. Бірақ сегіз қырлы, бір сырлы, өте әмбебап тұлға Ахметті толықтай таныдық деуге мүлде келмейді. Яғни ахметтанудың бел ортасында жүрміз деп ашық айтуымызға болады. Себебі, біріншіден, ол кісілердің мұралары әлі де толықтай жинақталып болған жоқ. Екіншіден, ғылыми айналымға толықтай енген жоқ. Үшіншіден, оқу бағдарламаларына, Қазақстанда өсіп-өніп жатқан ел-жұртқа олардың ғылыми тұжырымы, ұстанымы, арман-мұраты толықтай сіңген жоқ. Яғни Ахмет бастаған арыстарды зиялы қауым білгенімен, жалпы халық толықтай хабарсыз. Былай елестетіп көрейік, мысалы, егер Ахмет Еуропадағы әлдебір танымал тұлға болса, бұл жөнінде ондағы кез келген адам, кез келген ұрпақ білер еді. Ахметті бүгінгі таңда Шекспирмен, Ньютонмен, Бетховенмен салыстыруға мүлде келмей тұр. Негізі олардың ешбірінен кем емес кемеңгеріміз еді. Еуропаның көшесіндегі кез келген адамнан сұрасаңыз жаңағы тұлғалар туралы бәрі де айтып бере алады. Ал бізде олай емес. 

– Ахметті толық зерттейтіндей мұра жеткілікті ме?

– Ахметтің артында қалған мұралары толықтай әлі табылған жоқ. Мысалы, сізге өтірік, бізге шын, Ахметтің осы уақытқа дейін қайта басылып шыққан еңбектері тек өткен ғасыр басында баспадан өткен кітаптары. Яғни баспадан шыққан еңбектері қайта-қайта зерттеліп, зерделеніп, табылған мақалалары ғылыми айналымға түсіп, томдарына еніп отыр. Бірақ ол кісінің қолжазбалары қайда? Соншама көп еңбектің қолжазбалары әлі жоқ. Ахметтің бірлі-жарым ғана қолжазбасы мен хаттары ғана бар. Ілгерінді-кейінді бес  рет сотталған кездегі өз қолымен толтырған азын-аулақ мәлімдеме жазбалары ғана өз қолтаңбасымен сақталған. Сонда соншама еңбектің түпнұсқасы қайда? Бәрі тәркіленген. 

Қазақтың ұзақ тарихынан қарағанда Ахмет кеше ғана өмірден өткен, кеше ғана дәурен сүрген адам. Сөйте тұра оның қолжазбалары жоқ. Ахметтің ғана емес Алаш серкелерінің барлығының қолжазбалары жоққа тән. Демек осы қолжазбалар табылмай тұрып, оны кітаби нұсқамен салыстыру қолға алынбай тұрып ахметтануды биік белеске көтердік деп айту ерте болады. Неге олай дейсіз ғой. Әрқандай шығармашылық иесі, әрқандай қалам ұстаған ғалым қолжазбаға өзінің ең таза ойын, көкейінің сүзгісінен өткен ең соңғы ғылыми тұжырымын жазады. Ал баспаға келгеннен кейін Патша үкіметінің және Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы цензуралық саясаттарға байланысты көп дүние өзгеруі әбден мүмкін. Ахметтің «Маса» жинағына патша үкіметі кезінде-ақ қысқартулар, ықшамдаулар жүрілген. Оны кейінгі басылымынан байқаймыз. Ахметтің баспадан шыға тұра жоғалып кеткен кітаптарының бірмұншасы табылмай отыр. «Әліппе астары», «Мәдениет тарихы» сынды кітаптарының шыққаны туралы ресми деректер бар. Бірақ ол кітаптардың бүгінге дейін жіп ұшы табылмай келеді. Ұлт ұстазы атанған ұлы ғалымның қолжазбаларының табылмай отыруының өзі де ахметтану ғылымының өз деңгейіне жете қоймағанын білдіреді.

– Өзіңіз қызмет істеп жатқан Ахмет Байтұрсынұлы музейінің күйі қандай?

– Ахмет Байтұрсынның музейі бүгінгі таңда Алматы қаласы Мәдениет басқармасының құзырындағы, «Алматы қаласы музейлер бірлестігіне» қарасты 8 музейдің бірі. 2021 жылы ғана мемлекеттің балансына, яғни мемлекеттің қорғауына өтті. Ахмет 1988 жылы ақталды, сонда 33 жыл бойы бұл музей мемлекеттік деңгейдегі музей санатына қосылған жоқ. Музейдің қазіргі жетекшісі, ахметтанушы ғалым Имаханбет Райхан Сахыбекқызының және Ахметтің артында қалған жалғыз тұяғы Шолпан Ахметқызы марқұмның, өзге де алаш рухты азаматтардың арқасында осы үй 1993 жылы музей статусын алған. 28 жыл бойы Ахмет үйі мемлекеттік музейлер санатына қосылған жоқ. Бұл үйдің орнына қызығушылар, бизнес орталығын салғысы келгендер тәуелсіздіктен бұрын да, кейін де көп болған. Ал бүгінгі таңда Алаштың көшбасшысы тұрған бұл шаңыраққа келушілердің қатары мол. Еліміздің жер-жерінен ғана емес, алыс-жуық шетелдерден де ат басын бұл үйге бұрушылар молайып келеді. 

– Музейде қандай жәдігерлер бар?

– Бұл музейде жәдігерлер аз. Бірақ өте құнды. Ахмет – қазақтың ғана емес, түрік дүниесіндегі белгілі ғалым. Ол кісіден қалған әрбір дүние біздің көзіміздің қарашығындай қастерлі болуы керек. Өзінен қалған, тарихына 117 жыл болған сандығы, шабаданы бар. 150 жылдық мерейтойында домбырасы табылды. Осы үйдегі әрбір жәдігер мен суреттердің хронологиялық тізбесі арқылы келушілер Алаш арыстарының басынан өткен дәуірді толық көргендей болады. Келушілердің ешқайсысы толқыныссыз, әсерсіз қайтқанын көрмедік. Жәдігердің аз болуының өзі тарихтың ақиқаты, еркіндіктің тізгіні ел қолында болған ғасырдың бүгінгі  бір көрінісі. Ғалым 1937 жылы бесінші рет сотталған кезде бүкіл дүниесі тәркіленген екен. Мұражай Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырының соңында тұрған үйі болғанымен де құнды. Алматыдағы ең көне құрылыстардың (1854 жылы салынған) бірі болып саналады.  

– Ахметтің қызы туралы айтып қалдыңыз. Ол кісінің әулеті жайлы қандай деректер бар?

– Ахметтің аталары Патша үкіметінде ауыр жазаларға тартылған адамдар еді. Ахметтің атасы Шошақтан тараған ұлдар дерліктей қуғын көрген. Ахметтің әкесі Байтұрсын, Байтұрсынның ағасы Ақтас пен інісі Данияр үшеуі 18 жылға Сібірге айдалған. Данияр жолда атылған. Ахмет сол кезде 13 жаста екен. «Оқ тиіп он үшімде ... » деп басталатын өлеңі сол кезді бейнелеп жазылған. Яғни Ахметтің атасы да, әкесі де тәуелсіз болмаған елдің қасіретті күйін тартты. Ахмет халықты ағарту, білім-ғылымға жеткізу жолында адал жүрегімен, ынта пейілімен қара тұяғынан хал кеткенше істеді. Түрмеде отырып көп кітаптар жазды. Олар жай естеліктер емес, ғажайып, ғаламдық деңгейдегі ғылымның жаңалығын ашқан кітаптар еді. Қазақтың тұңғыш әдебиет теориясы – «Әдебиет танытқыш», тұңғыш грамматика жүйеленген кітап – «Тіл – құрал», онан өзге тұңғыштардың бірі саналатын «Оқу құралы (Қазақша әліппе)» (1912), «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар», «Баяншы», т.б. еңбектері аса жоғары деңгейде бағаланатын асыл мұра. Соншама ұлы еңбектер атқарған Ахмет өмірінде бес рет сотталды, екі рет қуғын-сүргін көрді. Ақыры атылды. 1937-1988 жылдар арасында 51 жыл бойы ғалымның еңбектері «қапаста» жатты. 

Ахметтің жары – Бадрисафа Мұхаммедсадықызы. Ұлты орыс, шын есімі – Александра Ивановна. Ахметке адал жар болды. Қазақ салтын, Хақтың дінін қабылдады. Ахмет жарына қазақша есім сыйлады. Ахмет бірде түрмеде, бірде айдауда жүрсе де алаштың арысынан ешуақытта алыстаған жоқ. Шыр-пыр болып, азаматын түпсіз қараңғы түрмелерден алып шығу үшін зыр жүгірді. Ол туралы ресми құжаттар да, деректер де жеткілікті. Ахмет 1937 жылы «Халық» жауы деген ең ауыр баппен атылғанда, Бадрисафа «Халық жауының жұбайы» болғаны үшін қуғынға ұшырады. Ахмет атылған кездері денсаулығы сыр беріп жүрген Бадрисафа 1941 жылы ауыр жағдайда қайтыс болды. 

Ахмет пен Бадрисафаның көзіндей жалғыз қызы – Шолпан еді. Негізі Шолпан – Ахметтің інісі Мәшеннен бауырына басып алған үш баланың бірі. Ахметтің Мәшен, Қали, Кәкіш деген інілері, Зіләш атты қарындасы болған. Ахаң өзінен бала болмаса да, туыстарын былай қойғанда күллі қазаққа, қазақтан да аттап өтіп, алты алашқа (туыстас мұсылман түрік жұрттарына) махаббаты мен сүйіспеншілігі жеткен адам. Алаштың бар баласын өз баласындай көрген Ахметтің Ұлы махаббаты туралы әңгімені таңды таңға жалғап айтуға болады. 

Сонымен Ахмет інілерінің баласы Аумат, Ғазихан және Шолпанды бауырына басып алған. 1921 жылы Совет өкіметі орнай қалған жылдары Ахметтің балиғатқа толмаған екі ұлын (Ғазихан мен Ауматты) қызыл белсенділер ат құйрығына тағып сүйретіп өлтірген деген қасіретті дерек бар. Осы алапаттан аман өткен жалғыз қызы Шолпан апамыз әкесінің ақталғанын, Қазақ елінің тәуелсіздік алғанын көрді. Нақтырақ айтсақ, Шолпанға да «Халық жауының» қызы деген айдар тағылып, қылышынан қан тамған заманның жазасын алған. Басына қара түнек орнаған Шолпан сонда да Ахметқызы деген ұлы әрі қастерлі аттан бас тартпапты. Өзі 1958 жылы бір бөлім зиялылар ақталғанда ақталған.  Әкесінің де ақталуын күткен. Ол күн 1988 жылы 4 қарашада туды. Әкесінің, Алаштың айбоз арысы Ахметтің ақталғанын көрген Шолпан апамыз тәуелсіздіктің де таңын қарсы алыпты. Өзі Қабиден атты кісіге тұрмысқа шыққан. Қазір көзі тірі қызы – Айман апайдың өзі сексеннің сеңгірінде. Ол кісі де күні бүгінге дейін Ахмет үйіне келіп тұрады. Ахметтің аталас туыстарынан тарайтын ұрпақтар бар. Жоғарыда айтқан Ақтастың немересі Амандық ақсақал Шәймерденов те ғалым үйінде өтетін іс-шаралардың батагөйі. 

Қысқасы, Ахмет атасынан тартып өзі де, ұрпақтары да екі үкіметтің салған жәбір-жапасын өте ауыр деңгейде тартқан. Сондай Ұлы тұлғаны тану ісінің аяқ алысы өз тізгінін өзі ұстап отырған Егемен елде неге баяу болуға тиіс. Алаштың ұл-қыздары, сіз бенен біз бәріміз Ахметтің тумаса да туғандай ұрпағы болып сезінуге тиіспіз, Майгүл. Алаш баласы Ахметке, Ахмет әулетіне қарыздар. 

Емледегі даулы мәселелерді түгелге жуық Ахмет шешіп қойған 

– Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі және бүгінгі біздің емле дауы туралы айтайықшы...

– Тіл білімі – ең үлкен ғылым. Осы ғылымның негізін де Ахмет Байтұрсынұлы қалады және қазақ тілінің, арырақ айтсақ, түрік тілінің мәселелерін Ахмет Байтұрсынұлы шешіп кетті. Ең алдымен бұл кісі қазақтың ұлттық жазуы саналатын төте жазуды тапқырлап шықты. Жалпы қазақ, жалпы түрік халқы жазу өркениетін өте ерте дамытқан халықтардың бірі  болып саналады. Әлемдегі жазуы ерте дамыған шумерлердің, көне қытай жазуының қатарында түрік жазуы да аталады. Түрік жазуының 1500 жылдық тарихы бар деп есептейді, бірақ ол Орхон, Енисей бойындағы Білге қаған, Күлтегін ескерткішіне ойылған жазу негізінде есептеледі. Дегенмен түркітанушылар  Сақ, Ғұн дәуірінде де жазудың болғанын айтады. Яғни түрік жазуының тарихы 2500 жылға дейін баратынын ғалымдар дәлелдеп жатыр. 

Ахмет Байтұрсынұлының ғаламаттығы сол – түріктерде ертеден келе жатқан жазу болғанын және тілдің өз заңдылығының бөгенайы бөлек екенін дәлелдеп шыққан. Тасқа қашалған көне түрік жазуы, жоғарыдан төменге қарай жазылатын соғды жазуынан (көне ұйғыр жазуы) кейін Исламның таралуына орай мұсылман түріктері (қазақ, өзбек, әзербайжан, осман, татар, башқұрт, қырғыз, т.б.) араб жазуын қолданған. Мұсылман түріктерінің жазуы қадым немесе шағатай жазуы деп те аталады. Ал Ахметтің кереметі сол шағатай жазуын өте толық білген. Осы жазудың кемшін тұстарын зерттей келе 1912 жылы тұңғыш рет «Әліппе» құрастырып, сол арқылы төте жазуды жариялады. 1913 жылы шығарған «Қазақ» газеті арқылы қазақ емлесі туралы оқырманмен ой бөлісіп отырды. 12-13 жыл бойы осы жазуды жетілдірді. 1924 жыл төте жазудың әбден кемеліне келген кезі болды. 

Жазу кемелді болуы үшін екі нәрсеге салмақ түседі. Бірі – әліпбидің өзі кемелді болуы керек, екіншісі – емле дұрыс болуы шарт. Ахмет бастаған Алаш қайраткерлері қазақта тек  28 ғана дыбыс бар деп, 28 әріп қабылдауының үлкен мәні бар. Қазіргі кезде кейін кірген әріптердің кесірінен қазіргі жастарымыз «ң» деп айта алмайтын болды. «Ң» қазақ тілінің ең бір құдіретті дыбысы деуге болады. Дауыссыз дыбысты дыбыстау үшін басына немесе соңына бір дауысты дыбысты қосып отырамыз. Мысалы, р десек ыр, с десек сы, у десек алдына ұу қойып отырамыз. Ахмет и/й мен у-дың таласын да тоқтатты.  Қазақ тілінде й дауыссыз болғандықтан ортасына ы немесе і әрібін қосу керек. Оқу десе ортасына ы қою керек (оқыу, біліу) деген ережелер 1924 жылы тұрақтанды. 

Әріп жасауда ең алдымен бір ұлттың тілінің қасиеті зерттелуі керек. Сол қасиетіне қарай әліпби тағайындалуы керек. Ал емлесі одан кейінгі үлкен екінші мәселе. Дұрыс емес емле керемет әліпбиді бүлдіреді. Ал емле кемеліне жеткен болса қыңыр-қисық әліпбиді түзеп жіберуі мүмкін. Ахметтің 1915 жылдары жазған «Қай әдіс жақсы?» деген мақаласында ағылшын, қытай, араб, парсы тілдеріне дейін зерттегенін айтады. Сөйтіп Италиядан үлгі алсақ болады екен деп топшылайды да, біздікі дыбыс негізіндегі жазу яғни қазақ жазуы айтылым негізінде жазылуы керек деп тұрақтандырады. Бүгінгі таңда ақпараттың көптігінен мәтінге ғана көз үйренген. Яғни оқырман не көріп тұрса соны оқу әдетке айналып келе жатыр. Бұл да болса Ахмет емлесіне адал болмағанымызды көрсетеді. 

Ахмет әліпбиі атанған төте жазу 1929 жылы тоқтатылып, латын әліпбиіне ырықсыз түрде көшірілді. Ғалым атылғаннан кейін Ахмет емлесі тарих сахнасынан түсірілді.  Арада латынмен он жыл ойқастағаннан кейін, 1940 жылы кирилл жазуы бізге зорлықпен таңылды. Сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін шешілмей келе жатқан даулы мәселелер бой көтерді. Шын мәнінде бұл мәселенің барлығы төте жазуда шешіліп қойған еді. 

Одан кейін Ахмет бастаған зиялылардың жоғары деңгейде шешкен бір ісі – терминология мәселесі. Мыңдаған терминді Ахмет Байтұрсынұлы өзі енгізді, термин жасаудың ең керемет жолдарын көрсетті. Ахмет қана емес, оның соңынан ерген Елдес Омарұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамедұлы қатарлы алашшылар сол емлені қолдады, термин жасауда сол қағидамен жүрді. Тіптен, ғылыми көзқарасы, саяси тұрғысы Ахметке  қарсы тарапта болған тұлғалар да Ахмет емлесінен, Ахмет енгізген терминдерден бас тартқан жоқ. Қазақстанда төте жазу 1929 жылы қолданыстан қалғанымен, емле заңдылығы кейінгі латында да, кирилл негізді қазақ жазуында да біраз уақытқа дейін сақталған. Бірақ бертін келе біртіндеп Ахмет емлесін кирилше қазақ жазуы сақтай алмады. Содан бастап қазіргі емледегі ала-құлалық қайта бой көтеріп жыр болып келеді. 

– Өткенде бір тіл ғалымының сұқбатынан «жиырмасыншы» емес, «жиырманшы» деген дұрыс дегенді естіп қуанып қалдым. Ес білгелі жиырманшы деп келген едік. Ал енді осы жиырмасыншы қайдан шыққан?

– Жиырмасыншы деген бертінде шыққан дүние. Ахметтер жиырманшы деп жазған. Бір қызығы, Ахметтің жазуы тарихтан қалғанымен, емлесі 1946 жылға дейін келгенін айтып өттік қой. Мысалы, жинақ деген сөзді жыйнақ деп жазып келген. 1946 жылғы Жамбылдың еңбегінде «Жамбыл өлеңдерінің толық жыйнағы» деп жазылған. Осы сияқты сыйыр, сыйлық деген сөздерде де осы ереже сақталған. Орыстың әліппесінің ықпалымен біздің әліпбиімізге 14 қосымша (бөтен) дыбыс енген. Айта кету керек, қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Ахмет сол 28 дыбысқа, 28 таңба алған. Орысша атауларды дәл өзіндей атау үшін жаңағы 14 дыбыс кейінгі кезде (1940 жылы) кіріп кеткен. Ахмет пенен Қошкелер төл әліпбиге бөтен дыбыс кіргізбеу керек деген ұстанымда болған. Бөтен дыбыс кіргізбеу үшін бөтен әріп кіргізбеу керек. Бөтен әріп кірсе қазақтың сөйлеу (дыбыстау) заңдылығын бүлдіріп, тіпті ұлттың бет-пішініне дейін өзгеріп кететінін айтқан. Бұлар бүгінгі таңда арнайы аппаратпен анықталып жатса, сол кезде Ахметтердің парасатымен-ақ дәлелденген еді. 

Одан кейін ол кісілердің басты көтерген нәрсесі сингармонизм, яғни үндестік заңы болды. Бұл ешуақытта өзгермеуге тиіс еді, бірақ бөтен дыбыстар кіргеннен бастап бұдан айырыла бастадық. Бұл туралы айта берсек әңгімеміз ұзарып кетеді. Ең бастысы Ахмет біздің ұлттық жазуымызды жаратты, ұлттық емлемізді тұрақтандырды, ұлттық терминді шешті, жазба әдеби тілдегі бүкіл мәселені шешіп кетті. Бізден де анығырақ әрі тереңірек ақпарат алу үшін еліміздегі фонетиканы, жазу тарихын зерттеп жүрген ғалымдармен әңгімелессеңіздер болады.  

– Ахмет әліпбиі Қытайдағы, Ирандағы қазақтарға қалай жетті?

– Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуын Қытайдағы, Ирандағы және Ауғанстандағы қазақтар бүгінге дейін қолданып келеді. Ахметтің төте жазуы шетелге қалай барды? Негізінде, Ахметке дейін араб графикасы негізіндегі ескі қазақ жазуы тек қазіргі Қазақстан жерінде ғана емес, қазақ баласы қоныстанған барлық өңірлерде қолданыста болған.  Ескі қазақ жазуымен жазылған Қазақ хан, сұлтандарының хаттары соны аңғартады. Және Ахмет төте жазу шығарғаннан бұрын да осы жазуымен күллі қазақ даласының қалам ұстағандары кітаптарын бастырып тұрған. Күллі қазақ даласы дегенде оған Қытайдағы қазақ даласы да жатады. Яғни орта ғасырдан бері келе жатқан шағатай жазуы Қытайдағы қазақтарға, ұйғыр, қырғыздарға да ортақ болды. Жүсіпбек-қожа Шайхсламұлының, Алтайдағы Ақыттың, Хакім Абайдың, тіпті, Ахметтің өзінің «Қырық мысал», «Маса» кітаптары сол ескі қазақ жазуының емлесі негізінде Қазаннан басылды. 

Ал  Ахметтің жазуы аталған елдерге одан кейін барды. Ахмет Байтұрсынұлы өзі де  1918 жылы Тарбағатайдағы Шәуешекке барды. Бірақ Ахмет арғы бетке өтпей тұрып-ақ 1913 жылдан бастап «Қазақ» газетін Алтайдағы төрт би төренің ордасы Мәми бейсі ауылы, Тарбағатайдағы Таңғыт үкірдай, Құлжадағы зиялы қауым арнайы жазылып оқып отырғаны турлы сол газеттің өзінде мақалалар бар. Ол жақта «Қазақтың» тілшілері де болған. 

Ахмет Шәуешекке сапары кезде бір топ зиялы ере барған. Бір сөзбен айтсақ, Ахмет емлесіне дейін де ол жақтағы қазақтар қадім жазуын қара танып білетін еді. Кейін Ахмет емлесіне «Қазақ» газеті арқылы көздері үйренісе бастады. 

Шын мәнінде Ахмет жазуы Қытай қазақтарына 1931 жылы толыққанды барды деп есептеуге болады. Өйткені Ахмет 1929 жылы 4-рет сотталып кетті. Міржақып бастаған біраз алашшылар сотталды. Сол кезде Қазақстанда, Әзірбайжанда және Өзбекстанда төте жазуды қолдану тоқтатылды. Сонымен кәмпеске кезінде зиялы қауым, бай-манаптың ұрпақтары, қара көктің тұқымдары шетел асып, Иранға, Қытайға, Ауғанға кете бастады. Бұл кезде Ахметтің жазуы әбден кемеліне келген болатын. Ал олар кемеліне келген сол жазуды алып өтті. Атап айтар болсақ, 1930 жылы 1 қазанда Шәкәрім атылады. 2 қазанда Шәкәрімнің ұлы Зият бастаған 300 адам Қытайға өтті. Одан басқа да талайлаған көш өтті. Содан аман-есен барған қазақтар Алтайға, Ілеге, Тарбағатайға Ахметтің жаңа емлесімен барды. 1931 жылдан бастап Шәкәрімнің Зияты бастаған, Райымжан Мәрсекұлының төңірегіне топталған зиялық қауым Алтайда, Іледе, Тарбағатайда газет-журналдар шығара бастады. Осы жақта бастап істеген жұмысын сол жақта қанат жайдырды. Сол газет-журналдар және оқулықтар Ахметтің кейінгі емлесімен жалпыласып кетті. 

Қытайда да саясат жарты ғасырда сан рет құбылды. Ол жақта Мәдениет төңкерісі кезінде жазуды латынға көшірді. Одан қайта төте жазуға көшірді. Шыңжаңдағы қырғыздар мен ұйғырлардың да Ахметке айтар алғысы шексіз. Қазақ емлесінің ықпалы ол туыстарымыздың жазуына да септігін тигізді.  Міне, күні бүгінге дейін аталған елдерде Ахметтің әліпбиі де, әліпбидің емлесі де сақталып келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы ісіңізге береке тілейміз!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?