Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Талғат Молдабайұлы: Көне түрік бітіг жазуының көшпелілердің төл туындысы екендігін дәлелдеу оңайға соққан жоқ

123
Талғат Молдабайұлы: Көне түрік бітіг жазуының көшпелілердің төл туындысы екендігін дәлелдеу оңайға соққан жоқ - e-history.kz

Көне түрік жазуының ең басты мәселелерінің бірі оның шығу тегіне қатысты көзқарастар. Осыған байланысты біз көне түрік бітіг жазуының өзін екіге бөліп қарастырамыз. Көне түрік іспетті жазулар және көне түрік жазулары деп бөлеміз. Бұған байланысты көне түрік мәтіндерінің ең көнесі көне түрік жазуы іспетті жазуларға жататын Есік қорғанынан табылған 92 күміс тостағандағы жазу. Бұл Сақ дәуірі патша қорғандарынан табылған баға жетпес қазына, қазіргі таңда ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы. 

- Талғат мырза, бұған дейінгі сұқбаттарымызда дала көшпелілері қолданған көне жазулар, түрік бітіг жазуы, жазба ескерткіштер жайлы біраз ақпарат бердіңіз. Бүгін осы көшпелі бабаларымыз қолғанған көне түрік бітіг жазуының құрылымы, ерекшелігі жайлы айтып берсеңіз. Жалпы бабабан жеткен көне жазудың ерекшелігі неде?

Ұлан-ғайыр мына далада үстемдік етіп, патшалық құрған дала көшпенділерінің қол жеткізген ұлы жетістіктерінің бірі – жазу мәдениеті екені даусыз. Жалпы әлемдік өркениеттер жайлы сөз болған жерде өз жазуы бар мәдениеттер немесе жазуы жоқ мәдениеттер деп жіктеу бар. Яғни жазуы бар мәдениеттің әлемдік өркениет тарихында айрықша болатынын көрсетсе керек. Яғни, жазу дегеніміз мәдениет жетістігінің шыңы деген сөз. Дала көшпелілері яғни бабаларымыз осы шыңды бағындырып кетті деуге болады.

Жалпы дала көшпелілерінің жазу мәдениеті сонау тас дәуірінен басталады деуге болады. Көне түркі жұртында таңбалап жазу жайлы алғашқы дерек қытай деректерінде сақталған.  Ғұндарға қатысты баяндардың бірінде «олардың жазуы жоқ, бірақ ағаштарға пышақтарымен кертіп белгі салып бір-біріне хабар жібереді» деп жазылған. Алайда кертіп салынған белгі болса да бұл дала көшпенділері қол жеткізген ұлы жетістіктерінің бірі әрі бірегейі болды. 

Көне түрік жазуы аймақтық ерекшеліктерге қарамастан негізінен 38 жазу таңбасына ие. Алайда, кейбір аймақтық ерекшеліктерге байланысты бұлардың саны 41 жетеді. Жазу таңбаларының санының өзгеруінің басты себептері аймақтық ерекшеліктерге байланысты кейбір аймақтарда кездесетін өзіндік таңбалардың болуына байланысты. Ал негізінен 38 таңбадан тұрады. 

Бұл жазу таңбалары негізінен суретті жазу, ой жазуы және алфавиттік жазу таңбаларынан түзілген. Көне түрік жазуында дауысты дыбыстарды белгілеуге 4 таңба қолданылған. Олардың әрқайсысы екі дауысты дыбысты білдірген. Яғни, бір графема екі фонемалық бірлікке тең.

Бұл дауыстылардың дұрыс оқылуына олармен бірге жазылған үндесім дауыссыздары деп аталатын дауыссыздар көмектескен. 

Үндесім дауыссыздары деп аталатын дауыссыздар әр фонеманы екі графемамен белгілеу арқылы сөз тізбегіндегі дауысты дыбыстардың дұрыс оқылуы үшін қолданылды. Егер графемасы жуан дауыстылармен үндесетін дауыссыздармен жазылса онда бұл «а» болып оқылады, ал егер жіңішке дауыстылармен үндесетін дауыссыздармен бірге жазылса онда «е» болып оқылады.

Оны түсінікті тілмен айтсақ, үндесім дауыссыздары деуге болады. Яғни, жазу тарихы ғылымының тілімен айтсақ бұл үндесім дауыссыздары дауыстыларды оқу үшін детерминант қызметін де атқарады десек болады.

Бұл дауыссыздардан басқа тағы 7 дауыссыз графемалар бар. Бұлар ешқандай үндесім заңдылығына бағынбайтын нейтральды дауыссыз әріптер десек те болады. 

Сонымен қатар 4 буындық таңба бар. Менің ойымша бұлар созылыңқы дауысты дыбыстарды білдіру үшін қолданылған сияқты. Себебі, бұл алофондардың фонемалық бірлігін жеке-жеке бере алатын әріп таңбалары бар. Ендеше, бұл таңбаларға не үшін сұраныс туды деген заңды сұрақ туады. Таңбаларды жазу барысында қысқартуға, яғни, үнемдеу үшін қолданылды дейін десек, бұлда дұрыс емес. Себебі, құл сөзі буындық таңбаларды қолдансаңыз да, қолданбай жеке жеке әріп таңбаларын қолдансаңыз да үш таңбамен таңбаланады. Әрі, бұл дыбыстармен жазылатын белгілі сөздер бар. Мысалы құл, күң сөздері. Бұл сөздер кезінде құұл, күүң деп дыбысталған сияқты.

Сонымен қатар созылыңқы дауысты дыбыстардың түрік текті тіл топтарында кездесетінін де ескеруіміз керек. 

Сондай-ақ, логографиялық жазу таңбалары да кездеседі. Меніңше логографиялық таңбалар кейіннен түрік бітіг жазуы ерекшелігі негізінде дауысты дыбыстарын жоғалтып, дауыссыздары ғана қызмет атқара бастаған сияқты. Себебі, таңба болмысына үңілсеңіз таңбасының адамның төменгі жағын бейнелегенін және мағыналық тұрғыда да «алт» төменгі жақ

деген мағына беріп тұрғанын көруге болады. Дәл сол сияқты, (ант) таңбасы түрік халықтарында киелі мағынаға ие «ант» сөзінің ант беру рәсіміне тиесілі тостаған мен оған тамызылған қанның бейнесін беріп тұрғанын түсінуге болады. Бұны біз жазу таңбасының семантикасына үңілген кезде анық көреміз.

Көне түрік әліпбиінің кілті табылғаннан бері біраз зерттеушілер көне түрік әліпбиінің шығу тегі бойынша өз зерттеулерін жасап, түрлі көзқарастар қалыптастырды. 

- Әлі күнге дейін көне түрік бітіг жазуының шығу тегі нақты дәлелденбей келеді. Неге олай?

- Иә, расында да әлі күнге дейін көне түрік бітіг жазуының шығу тегі нақты дәлелденбей келеді.  Көне түрік әліпбиінің шығу тегін ғалымдар төмендегі бағыттар негізінде қарастырып келді:

1. Көне түрік жазуының кілті табылмай тұрған кезде бұл сырлы жазудың түп негізін Кария, Ликия, Хати сияқты екі өзен аралығы мен Анатолиядағы мәдениеттердің жазуынан іздегендер O.Г. Тихсэн (1786), Отто Донер (Donner O.,1889).

2. Фин ғалымы А. Гейкел (Heikel A.O., 1892) бұл жазуды Скандинавиядағы руника жазуларымен байланыстырды.

3. Арамей жазунан тараған пехлеви, соғды жазуларынан шықты деп есептейтіндер В. Томсен (Thomsen V., 1896), Х. Петерсен (1962), А. Рона Таш (Róna-Tas A., 1987), H. Jensen (1925), J.G. Fevrier (1948), Арамей жазуынан шығып Скандинавиядағы руникалық жазулардан шыққан деп есептейтін В. Радлов, Арамей жазуынан тараған Соғды нұсқасынан шыққан деп есептейтіндер R. Gauthiot (1911), Fr. Altheim (1949), С.Г. Кляшторный, В.А. Лившиц (Кляшторный С.Г., Лившиц В.А., 1978).

4. Көне түрік жазуының алфавиттік жазу емес, буындық жазу болуына байланысты Арамей жазуынан шығуы мүмкін емес, оның кіші Азияда қолданылған буындық негізді Семит жазуларынан шығуы мүмкін дегендер О.Прицак (1980), И.Л. Кызласов (Кызласов И.Л., 1994), С.Г. Кляшоный мен В.Г. Гузеев (Гузев В.Г., Кляшторный С.Г., 2009). 

5. Көне түрік жазуын дала көшпелілерінің таңбаларынан шыққандығын алға тартқандар Н.Н. Аристов (Аристов Н.А., 1894), Н.Г. Маллицкий (Маллицкий Н.Г., 1897), Н.Д. Соколов (1904), Е.Д. Поливанов (Поливанов Е.Д., 1925).

6. Көне түріктердің өздері ойлап тапқан идеограммалар негізінде пайда болған жазу деп ойлайтындар Х.Н. Орхун (Orhun H.N., 1936), А.Ж. Эмре (1938), А. Махмудов (1969), С.Г. Кляшоный мен В.Г. Гузеев (1995).

- Осылардың қай нұсқасы дұрыс сонда?

- Әрине, соңғы алтыншы нұсқа дұрыс. Бітіг жазуы көне түріктердің өздері ойлап тапқан жазу. Ол идеограммалар негізінде пайда болған. Оған талас жоқ. Белгілі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыз 2007 жылы Бітіг жазуын көне түріктердің өздері «екі жұлдыз» деп аталатын дүниетанымы негізінде қалыптастырған төл жазуы деп шегелеп айтып кеткен. Осы негізден айнымауымыз керек негізі.

Алайда өзіңіз көріп отырғаныңыздай көне түрік жазуының шығу тегіне қатысты мәселе әлі күрделі күйінде қалып отыр. Әсіресе, Арамей жазуынан шықты дейтін тұжырымға басымдық беретіндер әлі де бар. 

- Неге Арамей жазуы? 

- Себебі, ұзақ уақыт бойы басында айтып өткен алты түрлі пікірдің ішінде Арамей жазуынан шықты деген нұсқа үстемдік құрып келді. Осыған байланысты қазірде де кейбір зерттеушілер осы нұсқаны негізге ала салады.

Дегенмен соңғы кездегі зерттеулердің көбі көне түрік жазуының автохтонды негізділігіне басымдық берілуде. Бізде өз зерттеуімізде көне түрік жазуының автохтонды негізді екендігін көне түрік жазуы әліпбиі таңбаларына жүргізген семантикалық талдау жұмысымызда көрсетуге тырыстық. Дегенмен ғылыми айналымға автохтондылық мәселесін сіңіру оңай болмай отыр. 

Көне түрік жазуының ең басты мәселелерінің бірі оның шығу тегіне қатысты көзқарастар. Осыған байланысты біз көне түрік бітіг жазуының өзін екіге бөліп қарастырамыз. Көне түрік іспетті жазулар және көне түрік жазулары деп бөлеміз. Бұған байланысты көне түрік мәтіндерінің ең көнесі көне түрік жазуы іспетті жазуларға жататын Есік қорғанынан табылған 92 күміс тостағандағы жазу. Бұл Сақ дәуірі патша қорғандарынан табылған баға жетпес қазына, қазіргі таңда ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы. Бұған дейін оны көптеген ғалымдар оқуға тырысып, бірнеше түрлі оқылымын ұсынды. Бізде бұл жазуды көне түрік жазуына жатқызып, көне түрік жазуының шығу тегін осы жазудан бастағанды дұрыс деп білем. Ол жазудың таңбалануы көне түрік бітіг жазуына өте ұқсас. 

Екіншіден бұл жазу көне түріктердің арғы тегі боп саналатын сақтарға тиесілі. Бұл жазудың дұрыс оқылуына кедергі болып тұрған бірнеше фактор бар. Олардың ең басында тіл мәселесі. Сақтардың қай тілде сөйлегендігі осы күнге дейін анықталмады. Көп ғалымдар Сақтардың прототүрік тілінде сөйлегендігін дәлелдеуге тырысып келгенмен, әлі күнге дейін олардың парсы тілінде сөйлеуі де мүмкін екендігін қолдап жүрген ғалымдарда бар. Олардың жазба деректердің аздығына байланысты ешқайсысы нақты дәлел ұсына алмай келеді. Екіншісі, бұл жазу жазылған кезде жазу таңбаларының суретті жазу ма, ой жазуы ма, буындық жазу ма әлде дыбыстық жазу ма екендігі анықталмады.

Міне, осы қиындықтар негізінде көне түрік жазба ескерткіштерінің ең көне нұсқасы әлі күнге дейін нақты оқылып, анықтамасы берілмеді. Көне түрік жазу таңбаларының көбі суретті жазудан бастау алғандығын оның жазу таңбалары формаларынан анықтауға болады. Мысалы, оқ, ай, еб, ел, суб, сүң, ер, ич, ант мағынасын берген таңбалар. Бұл таңбаларды көне түрік бітіг жазуының кілтін тапқан дат ғалымы Вильгелм Томсеннің өзі мойындаған болатын. Дегенмен, жазу сияқты мәдениеттің үлкен жетістігі, шыңы саналатын дүниеге батыс ғалымдары өте жоғары сынмен қарап, әлемдегі қазіргі қолданылып жүрген жазулардың көбінің арғы тегі бір екенін білгендіктен автохтонды негізді деген жазуларға күмәнмен қараулары негізді деп білеміз. Дегенмен XVIII ғасырларда өз шыңына жеткен Евроцентристік көзқарастың да ықпалымен осы күнге дейін көне түрік жазуы басында айтып өткенімдей, автохтонды жазу ретінде мойындалмай келеді.

Көне түрік жазуындағы үндесім дауыссыздары сияқты тілдік ерекшелікке негізделген таңбалардың болуы мен жалпы жазу жүйесінің тілдік ерекшелік негізінде буындық негізділігін міндетті түрде естен шығармауымыз керек. Себебі, кез келген автохтонды жазудың ішкі формасында осы сияқты сол халықтың тіліне тән ерекшеліктердің жазу құралында орын алуы өте маңызды фактор болып саналады. Бұл көне түрік жазуының ішкі формасынан-ақ айқын көрініп тұр. Сондай-ақ сыртқы формасында да ерекшеліктер өте көп. 

- Енді осы сыртқы және ішкі формасы жайлы ашып айтсаңыз. Екеуінің қандай айырмасы бар? 

- Ішкі форма дегенді жазу сол халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, дүниетанымы, наным-сенімдерінің айнасы деп түсіндіруге болады. Ал жазудың сыртқы формасын құраушы таңбалар сол халықтың, мәдениетті, танымымен тығыз байланысты болады. Жазудың сыртқы ерекшеліктерін ашу арқылы жазу таңбаларына семиотикалық тұрғыда талдау жасап, оның трансформациялануын, дала көшпелілерне тиесілі таңба қорындағы генезисін анықтауға болады. Ал жазудың ішкі ерекшеліктері негізінде таңба мен сол таңба мағынасы арасындағы эквивалентілігі жатыр. Осындай семантикалық талдау жасау арқылы көне түрік бітіг жазуының көшпелілердің төл туындысы екендігін дәлелдей алдық. Сол секілді ғылыми негіздемесін жасап, автохтондық сипатын анықтау және көне түрік бітіг жазуының әлем мәдениетіндегі орнын айқындай алдық. 

Алғаш адам баласы мәдени талпынысы негізінде өз ойын басқаға жеткізу мақсатында сурет (петроглиф), таңба, белгі, нышандар арқылы жазу мәдениетінің негізін қалап, ақпарат алмасудың жаңа сатысына көтерілді. Сурет және идеографиялық жазу кезеңінде жазу өнері тілдік элементтерден ада, ойлау жүйесіне негізделген ойды күрделі бейнелеу арқылы орындалды. Берілген ақпарат сюжеттік тұрғыда қабылданып ақпараттың нақтылық деңгейі төмен, тасымалдануы тиіс ақпарат көлемі шектеулі болды. Жазу таңбаларының (сурет элементтерінің) трансформацияланып, қарабайырлануына қарамастан, жазу өнері шығармашылық мәдениетке жақын еді. Жазу тарихында бұл кезеңнің өте ұзаққа созылды. 

Жазу тарихының келесі кезеңі буындық және алфавиттік кезең, адамзат тарихындағы үлкен жаңалықтарға жол ашып, дыбыстық қарым қатынастың өрісін кеңейтіп, адамзаттың қоғамдағы қозғаушы күш ретіндегі белсенділігін арттырып, трансформацияланған ақпарат көлемі мен ақпараттың нақтылық деңгейін жоғарлатты. Жазуда тілдік элементтердің рөлі артып, берілген ақпаратта тілдің маңыздылығы шешуші рөл ойнады. Тілдік элементтерге негізделген жазуды игеру адамның мүмкіндігі кеңейтті, өз ойы мен мақсатын, ойға алған іс-әрекетін өзгеге және келер ұрпаққа жеткізу адамзаттың кеңістік пен уақытты игеруіне үлкен мүмкіндік ашты. 

Түрік бітіг жазуы сонымен қатар ақпараттың сақталуы, жазудың орындалу жеңілдігі, берілген ақпараттың ауқымдылығы, нақтылығы жағынан да айрықшаланып тұрады. 

  • Жазылу ерекшелі туралы айтып өтсеңіз...

- Көне түрік жазуы оңнан солға қарай жазылатын қатты денеге сызып жазуға ыңғайлы тік және көлденең түзу сызықтар негізінде жасалған таңбалардан түзілген. Ұзын-саны 38 жазу таңбасынан тұрады. Басында айтып өткеніміздей, кейбір аймақтық ерекшеліктерге байланысты бұлардың саны 41 жетеді. 

Жазу оңнан солға қарай жазылатындығына қарамастан көне түрік  ғұрыптық кешендерде тұрғызылған жазба ескерткіштерінде жазу жоғарыдан төмен жазылған. Бірақ сөйлем реті оңнан солға қарай сақталған. Ал бұл жазулардың жоғарыдан төмен жазылуының негізгі себебінің ескерткіш тұрғызылмай тұрып жазылып, тасқа қашалғаннан кейін ескерткіштің тік тұрғызылғандығымен түсіндіруге болады. Бұл таңбаларды үш топқа бөліп қарастырсақ болады. Идеографиялық негізді логограммалар, буындық негізді таңбалар және алфавиттік таңбалар. Көне түрік жазуында осындай жазу дамуының түрлі кезеңдеріне тән таңбалардың болуы, бұл жазудың әлі толық қалыптасып бітпегендігін көрсетсе керек.

Көне түрік жазуы таңбаларының барлығы дерлік көшпелілер өмір сүрген аумақта меншіктік таңба ретінде сонау тас дәуірінен бері күнделікті тұрмыстық заттарға, тау бөктеріндегі жартастарда, киелі орындардағы бұғытастар мен мәтінтастарда, жерлеу орындарындағы тақташаларда кездеседі. Бұл көне түрік бітіг жазуының жазу ретінде қолданылмай тұрып меншіктік таңба ретінде мыңдаған жылдар қызмет атқарғандығын көрсетеді. Көне түрік жазуларының көбі арнайы тұрғызылған мәтінтастар мен жартас беттерінде қашалып қалдырылды. Бұл көне түріктердің жазуды қасиетті санап өшпестей етіп қалдыруға деген құлшынысынан «мәңгілік» танымында жатса керек. Сол себепті «мәңгі тасқа, мәңгілік жазуымды қалдырдым» деп жазып қалдырған. Осы түсінік негізінде өлген адамның басына қойылған тас белгілерге жазуды дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар ағаш таяқшаларға, метал заттарға, қыш ыдыстарға, сүйекке, қағазға жазылған нұсқалары да кездеседі. Қағазға жазылған нұсқасы - «Ырық бітіг» бал ашу кітабы деп аталады. Бұл көне түрік жазуларының ішіндегі ең көлемдісі болып отыр. 

  • Әңгімеңізге рахмет! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?