Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шығыстану ғылымы – ұлттық қауіпсіздік пен дипломатияның негізі

1133
Шығыстану ғылымы – ұлттық қауіпсіздік пен дипломатияның негізі - e-history.kz

Жақында Астана қаласында Тарихшылардың ұлттық конгресі өтті. Осы алқалы жиынға Алматыдан арнайы келген белгілі қытайтанушы ғалым, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлымен әңгімелесудің сәті түсті. Әңгіме барысында еліміздегі белгілі институтың бүгінгі жай-күйін, жетістігі мен мүмкіндіктерін ұйым басшысының өз аузынан естіп, Қытайға қатысты кейбір толғақты мәселелерге көзқарасын білдік.  

Институт бюджеті  1 млрд  теңгеден асты

– Дүкен Мәсімханұлы, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына басшылық қызметке барғаныңызға бес жылға жуық уақыт болыпты. Сіз жұмысқа кіріскелі институт қандай маңызды жобаларды жүзеге асырды? 

– Иә, дұрыс айтасың, менің  Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Рамазан Бимашұлы Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына  басшылық қызметке келгеніме биыл бес жыл толады. Аталған мекемеге алғаш директор болып тағайындалған кезім әлемді жайлаған пандемияның біздің елде  шырқап тұрған кезеңімен тұспа-тұс келді. Қанша маңызды жоспарлармен, қанша екпін-жігермен келгенімізбен, қол-аяғымыз жіпсіз байланып отырып қалдық. Ғалымдар тұтастай қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Жұмысқа тек қана әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері ғана келетін.  Бұл – бір. Екіншіден, ол жылдарда, яғни ҰҒА таратылып, қоғамдық бірлестікке айналған 1990 жылдардың соңынан бастап 2022 жылға дейін  тұтас еліміз бойынша ғылыми институттарда ғалымдарға жалақы төленбей, тек қана ғылыми жобамен жұмыс істеу тәртібі енгізілген болатын. Атап айтқанда, ғылыми жоба ұтып ала алсаң жұмыс бар, ұтып ала алмасаң жұмыс жоқ. Оның үстіне ол кездегі ғылымға, ғылыми жобаларға бөлінетін қаржы да мардымсыз еді. Тек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы Жарлығынан кейін ғана ғылымға бөлінетін қаржы да еселеп ұлғайды, сонымен бірге ғалымдардың ғылыми институттарда тұрақты штатпен, айлық  жалақы алып жұмыс істеу жүйесі енгізілді. Әрине бұл жағдай  елдегі ғылымның дамуына, ғылыми  институттар мен ғалымдардың да  жағдайының жақсара түсуіне игі ықпал етті. Мәселен, мен директор болып тағайындалған 2020 жылы Институт бюджеті  50 млн теңгенің төңірегінде болған болса, өткен 2024 жылы бюджетіміз  1 млрд  теңгеден асты. Қысқасы,  Президент Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ғылымға бөлінетін  қаржы көбейгеннен бері ғалымдардың ғылымға деген құлшынысы еселеп артты. Айтайын дегенім, әсіресе  гуманитарлық ғылымда мың жерден тың идеяларың, ұтымды жобаларың болғанымен, егер оны мемлекет жеткілікті  деңгейде қаржыландырмаса, оның бәрі құр қиял болып қала береді.   

Қазір Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты қанатын кеңге жайып келеді. Оны шығыстану саласындағы Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы деп  толық сеніммен айта аламыз. 

Институттың бүгіні туралы сөйлемес бұрын тарихына аз-кем тоқталғанымыз жөн болар. Жалпы Шығыстану институты – тәуелсіздіктің төл перзенті. Кеңес одағы ыдырап, азаттық айдынына шыққан кезде,  жас мемлекетіміздің алдынан мың-сан  сұрақтар шыққанын білесіздер. Соның ішінде Қазақстан үкіметіне мына екі мәселені жеделдетіп шешу қажеттігі туды: бірі – Шығыс елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасты ғылыми түрде зерделеп отыру; екіншісі – шетелдердегі, әсіресе Шығыс елдері мұрағаттарындағы қазақтың арғы-бергі тарихына қатысты деректерді алып, аударып, ғылыми айналымға енгізу. Сөйтіп Қазақ тарихын азат санамен, тәуелсіз, ғылыми ұстаныммен қайта жазу.  Міне осы екі мақсатпен, Шығыстану институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің «ҚР ҒМ-ҒА Шығыстану институтын құру туралы» №1369 Қаулысы негізінде 1996 жылғы 11 қарашада  құрылды. 

Бұл жерде институт қызметінің мақсаты мен міндеттеріне де тоқталып өткен артық болмас. Яғни институт Қазақ елінің алдында тұрған ерекше міндеттерді ескере отырып, шығыстану саласында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу,  Еуразиялық бағытты дамытуда Қазақстан Республикасының басымдықты бастамалары контексінде Шығыс елдерінің саяси, экономикалық, этномәдени әрекеттестігінің проблемаларын кешенді және жүйелі зерттеу, жаһандану мен аймақтандыруды нығайту контексіндегі қазіргі әлемдік және геостратегиялық үдерістердегі Қазақстан мен Орталық Азияның атқаратын рөлі мен алатын орнын зерттеу, сонымен қатар, Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағы, Таяу және Орта Шығыс, Оңтүстік Азия елдерімен екі жақты ынтымақтастығы мен стратегиялық серіктестігінің жағдайы мен перспективаларын зерделеу, жаһандану мен аймақтандырудың заманауи үдерістерімен байланысты Шығыс қоғамдастықтары өзгеруінің саяси-экономикалық және тарихи-мәдени аспектілерін зерттеу және оларға ғылыми сараптама жасау, Қазақстан, Орталық Азия халықтарының тарихы, діні және мәдениетіне қатысты Шығыс және Батыс мұрағаттарында шығыс тілдерінде сақталып келген құнды, тың архивтік материалдарды, артефактілерді айқындау, елге әкелу, аудару, зерделеу және оларды ғылыми айналымға енгізу сияқты қыруар мақсат пен міндетті арқалаған. 

Әрине, бес жылдағы жетістіктерімізді жай ғана тізіп шыққанның өзінде, ол үлкен бір кітапқа жүк болар еді. Сондықтан ғылымға шындап көңіл бөлініп, жеткілікті қаржы бөліне бастаған 2022 жылдан 2024 жылдың соңына дейінгі үш жылда қол жеткізген жетістіктеріміздің басты-бастыларына ғана қысқаша тоқтала кетейін:

Институттың 2022-2024 жылдар аралығында «Шығыс елдеріндегі ынтымақтастықты дамыту және аймақтық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты», «Қытайдағы түркологиялық деректер мен зерттеулер: тарихы, қазіргі жағдайы, болашағы», «Түркі халықтары әдеби-эстетикалық ой-пікірінің антологиясы», «Шетел мұрағат қорларының жинақтарындағы Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы», «Алтынордадан кейінгі қоғамдардың дәстүрлері мен мәдениетіндегі сабақтастық пен трансформация (Батыс Қазақстан, Еділ-Жайық, Дағыстан, Хорезм аймақтарының эпиграфиялық ескерткіштерін салыстырмалы зерттеу)», «Орталық Азия мен Қытайдың көпжақты ынтымақтастығы: әрекеттестіктің алғашқы кезеңінен бастап стратегиялық серіктестікке дейін», «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» қатарлы  жеті  нысаналы қаржыландыру бағдарламасын  жүзеге асырды. Олардың кейбіреуі әлі де жалғасуда.

Ал сөз болып отырған кезеңде институт ғалымдары «Шығыс елдері: тарихи және заманауи өлшем тұрғысынан Қазақстан үшін геосаяси сын-қатерлер мен жаңа перспективалар» атты зерттеу тақырыбын іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырды. 

Бұдан өзге осы жылдарда институт қабырғасында «Орталық Азияның зияткерлік тарихы контекстінде түркі ренессансы (X-XVI ғғ.)», «Қытайдың «Бір белдеу және жол» бастамасы және Қазақстанның геоэкономикалық мүдделері», «ҚКП-ның азсанды ұлттар саясатының Шыңжаңда атқарылуы: тарихы, бүгіні  және келешегі», «Қазақстан-Орталық Азия» форматындағы ынтымақтастықтың аймақтық векторы», «Орталық Азиядағы (Қазақстан және Шығыс Түркістандағы) саяси сопылық: тарихи тамырлар және қазіргі шындық», «Алтын Орда дәуіріндегі Батыс Қазақстан отырықшы елді мекендерінің тарихы: тұрмыстық материалдық мәдениетін қайта құру» секілді 6 ғылыми жобаны гранттық қаржыландыру шеңберінде игеруде. 

Бұдан өзге, 2022-2024 жылдары институт ғалымдары жалпы 20 шақты  ғылыми еңбек жариялады, олардың 13-і зерттеулер жинағы мен монографиялар, 6-ы конференция материалдарының жинағы. Жарияға шыққан ғылыми мақала саны – 175, оның ішінде шетелде жарияланған мақалалар – 33, СКОПУС және Web of Science деректер базасындағы импакт-факторлы журналдарда жарияланған мақалалар – 18,  Ғылым жоғары білім министрлігі бекіткен маңызды журналдарда – 76, отандық өзге де  ғылыми журналдарда – 45 мақала жарық көрді.  Сондай-ақ  соңғы 2-3 жылда Институт қызметкерлері әртүрлі дәрежедегі халықаралық және республикалық конференцияларда 221 баяндама жасады. Ал еліміздің және шетелдердің БАҚ-тарында  99 мақала мен сұхбат берілді. Иә, бұның бәрі еңбек. Өзіңіз сұраған соң жіпке тізгендей ғып айтып беріп отырмын. 

Сондай-ақ, институттың shygystanu.kz сайты үш тілде  жұмыс істеп тұр. 2024 жылы «Қазақстан шығыстануы» ғылыми хабаршылымыз ҚР Ғылым  жоғары білім министрлігі бекіткен маңызды журналдар тізіміне енгізілді. 

Қазіргі уақытта институтта «Ғылым ордасы» және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-зерттеу институттары базасында жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің бірлескен бағдарламасын жүзеге асыру аясында «6D020900 – Шығыстану» мамандығы бойынша білім алып жатқан докторанттар саны – 12 адам.

Сонымен бірге соңғы 2-3 жылда институттың кадрлық потенциалы да айтарлықтай арта түсті. 2024 жылы Шығыстану институтында 87 адам  қызмет еткен болса,  орташа жасы – 48,3 жасты құрады. Ал олардың ішінде: ғылым докторы – 14,  ғылым кандидаты – 24,  PhD докторы – 10, магистрлер – 20, ғылыми дәрежесі жоқ  ғылыми қызметкер саны – 6. Демек бұл сандық мәліметтерден институт ғалымдарының ғылыми потенциалының жоғары деңгейін ғана емес, ұжымның жасаңғырағанын да  байқауымызға болады. 

Халықаралық байланыс бойынша да соңғы жылдары қарқынды жұмыс істелді. Әлемнің көптеген елдерінің, атап айтқанда АҚШ, ҚХР, Ресей, Жапония, Түркия, Италия, Ватикан, Франция, Германия, Иран, Белгия, Корея, Үндістан, Азербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді 40-тан астам мемлекеттің іргелі жоғары оқу орындарымен, маңызды ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыс орнатылып, жемісті жұмыс істелуде.

Ватиканнан 32 деректік құжат табылды

– Жақында елорда төрінде Тарихшылардың ұлттық конгресі өтті. Өзіңіз де осы ауқымды іс-шараға қатысып, институттың жетістіктері мен атқарған жұмыстарына тоқталып өттіңіз. Сол баяндамаңызда Еуропа елдерінде болып, Ватикан және Италия елдеріндегі архивтерден ұлт тарихына қатысты құжаттар тапқаныңызды айтып қалдыңыз. Осы сапарыңызға толығырақ тоқталып, қандай маңызды құжаттарға қол жеткізгеніңізді айтыңызшы?

Қ.К.Тоқаев билікке келген бетте Ватиканның архивтері мен кітапханаларында сақталған қазақ халқының арғы-бергі тарихиына қатысты архивтік құжаттардың көшірмесін Қазақстан ғалымдарына беру туралы Рим Папасына өтініш айтып, Папаның келісімін алған болатын. Сонымен 2022 жылдың мамыр айында институтының бас директоры ретінде мен Ватиканға барып Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватиканның Апостолдық архиві және апостолдық кітапханасы арасында іскерлік-әріптестік байланыс орнату туралы меморандумға қол қойып қайттым. Бұл маңызды құжат Қазақстан тарапынан ресми түрде бекітіліп, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Меморандум аясында қазақстандық ғалымдарға Ватикан архивтері мен кітапханаларында сақталған сирек кездесетін тарихи қолжазбалар мен басқа да құнды дереккөздерге еркін қол жеткізу мүмкіндігі берілді. Аталған меморандум негізінде және Шығыстану институтында «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жоба дайындалды. Аталған жоба шеңберінде институт ғалымдары Ватиканның апостолдық архиві мен апостолдық кітапханасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, маңызды тарихи деректерді іздеу, жинақтау және ғылыми ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2024 жылдың 24 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында Ватиканда болып қайтты. 

Аталмыш іссапар барысында қазақстандық ғалымдар Ватиканның Апостолдық архиві  мен апостолдық кітапханасында сақталған түркі әлемінің,  Қазақстанның ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне қатысты жаңа деректерді іздеп, зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында ортағасырлық түркі хандықтары мен моңғол мемлекеттері билеушілерінің Рим папаларымен және еуропалық монархтармен хат алмасулары, Еуразия даласында болған еуропалық саяхатшылардың жазбалары, миссионерлік қызметке қатысты мәліметтер, сондай-ақ ортағасырлық мәдени және сауда байланыстары жөніндегі деректер талданды.

Жалпы осы бір жолғы сапардың өзінде 32 деректік құжат анықталып, бастапқы талдаудан өткізілді. 

– Бұл құжаттардың деректік құндылығы, жаңалығы қандай?

– Бұл құжаттық деректердің тарихи құндылығына келетін болсақ, онда  христиан әлемінің түркілерді жау ретінде көргені, бірақ сонымен қатар олармен сауда және дипломатиялық байланыстарды сақтау қажеттілігі көрсетілген. Христиан шіркеуінің түркілермен байланыстары діни ғана емес, сонымен қатар саяси және әскери стратегияларды қамтығаны байқалады. Армян және Кипр патшалықтары түркілердің (мәмлүктердің) ықпалын тежеуде христиан әлемінің қорғаны ретінде қарастырылған. Қысқасы, бұл құжаттар папалық курияның түркі билеушілерімен байланыс орнатып, миссионерлік қызметке жағдай жасауға ерекше назар аударғанын көрсетеді. Түркі билеушілері мен Рим папалары арасындағы хат алмасулар Шығыс пен Батыс арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардан дерек береді. 

Қорытындылай келгенде, бастапқы зерттеу нәтижелері түркі халықтарының Ватикан архивтеріндегі дереккөздерде тек әскери және саяси күш ретінде ғана емес, сонымен қатар экономикасы дамыған, бай мәдениеті мен терең дәстүрлері қалыптасқан өркениет ретінде танылғанын көрсетті. Еуразия даласын мекендеген көшпенді халықтар өз кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты қамтамасыз еткен маңызды стратегиялық рөл атқарып, халықаралық сауда мен дипломатияның негізгі қатысушылары болғаны анықталды. Түркілердің Еуразиядағы саяси тұрақтылық пен сауда дамуына қосқан үлесі олардың тек әскери қуатымен ғана емес, сонымен бірге экономикалық және мәдени ықпал күшімен де ерекшеленгенін дәлелдейді. Сондықтан Рим папалары мен Батыс билеушілері түркі-моңғол билеушілерімен саяси-дипломатиялық байланыстар орнатуға ұмтылыс танытқаны анықталды. Бұл нәтижелер түркілердің ортағасырлық әлемдегі орнына жаңа көзқарас қалыптастырып, оларды тек жаугершілік сипаттағы халық ретінде ғана емес, сонымен бірге жаһандық өркениетке айтарлықтай үлес қосқан мәдениет иелері ретінде тануға мүмкіндік береді. 

Қысқасы, Ватиканның архиві мен кітапханасындағы архивтік материалдар отандық тарих ғылымының дамуына тың серпін береді. Табылған қолжазбалар мен деректік құжаттар түркі-ислам өркениеттері арасындағы тілдік, әдеби және мәдени қатынастарды жаңа қырынан түсінуге ықпал етеді. Бұрын беймәлім болып келген деректерді ғылыми айналымға енгізу ортағасырлық Қазақстан мен оған іргелес жатқан өңірлердің тарихын кешенді зерттеуге де жол ашады. Сонымен қатар, бұл ғылыми жоба Қазақстан тарихы мен мәдениетін дүниежүзі тарихы мен мәдениетінің құрамдас бөлігін ретінде қарастыруға да мүмкіндік береді.  Бір ауыз сөзбен айтқанда  қазақстандық ғалымдардың осындай халықаралық ғылыми ортада жұмыс істеуі – мемлекеттің ғылымға шындап көңіл бөлуі мен мемлекетаралық мәдени дипломатияның нақты жемісі десек, еш артық айтқан болмаймыз. 

Жапонияда түркі әлеміне қатысты аса құнды тың деректер жатыр

– Сол мінберде Жапония архивтерінде халқымыздың ежелгі және орта ғасырлардағы, сондай-ақ таяу заманғы тарихына қатысты архивтік құжаттардың мол екенін де тілге тиек еттіңіз. Соны біздің оқырмандарға да тарқатып айтып бересіз бе? 

Мен осыдан тура он жыл бұрын, яғни 2015 жылы ұсыныс бойынша «Дүниежүзі түркологиясының тарихы» деген ғылыми жобаға қатыстым. Кейін аталған жоба бойынша монография дайындалды. Жоба басшылығы маған Қытай, Жапония, Моңғолия елдеріндегі түркологиялық деректер мен зерттеулер туралы  монографияға бір тарау жазып беруді міндеттеді. Сол кезде Жапониядағы түркологиялық деректер мен зерттеулер туралы ішкерілей зерттеу жүргізуіме тура келді. Сонда байқағаным, Жапонияда тұтас түркі әлемінің неше мың жылдық бай тарихы мен мәдениетіне қатысты аса құнды тың дүниелер жатыр екен. Жапондар ол мұралардың басым көпшілігін XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында Қытайдан апарған. Қалай болғанда да бұл – елдегі бізге қатысты мұрағаттар деректік тұрғыдан өте маңызды болумен қатар лингвистика, халықтың әлеуметтік өмірі, көршілес әкімшілік субъектілермен дипломатиялық және мәдени қарым-қатынастарды зерттеу тұрғысынан құнды материалдар беретін халықтық қазына.

Жапон архивтері негізінде тағы бір қарастыратын үлкен мәселе – Патшалық Ресей  мен Кеңестік кезеңдегі қазақтардың саяси, әскери, этно-саяси, әлеуметтік және мәдени тарихын, ұлт зиялыларының сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттарын сипаттау; Алаш орда, Түркістан автономияларының тарихи-географиялық проблемаларының кешенін қарастыру. 

Өткен ғасырдың басында Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Алаш арыстары ұлттық өркендеу үшін Жапонияның бағытын таңдады. Олар Жапониямен қарым-қатынас жасаудың жолын қарастырды. Осылайша жапон жасампаздығын қазақ мүддесіне пайдалануды көздеді. Алаш арыстарының Жапонияға жазған хаттары және жапон саяхатшылары мен зерттеушілерінің Орта Азия туралы қалдырған деректері Жапония архивтерінде молынан сақталған. Біз  үшін бұл мәліметтер де  аса құнды болып табылады. Оларды ашу, әрине, біздің институттың басым  бағыттарының бірі болмақ.  Осындай құнды деректер негізінде Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау, жалпы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дипломатиялық мәселелерде оңды шешім қабылдау, әлемдік саясатта ұлт мүддесін қорғайтын тетіктер бола алады. 

– Бұл да өте маңызды тақырып екен. Сонда бұл мәселені арнайы ғылыми жоба ретінде қарастыру жоспарларыңыз бар ма?

Жоспар ғана емес, институтта  арнайы ғылыми жоба әзірленді. Жоба мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияның және жалпы түркі халықтарының тарихи территориясы мен географиясы, тарихы мен мәдениеті, саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайы, сонымен бірге халықаралық қарым-қатынастарына қатысты Жапонияда сақталып келген қолжазба, тасжазба, дереккөздер, архивтік құжаттар мен визуалды артефактілердің көшірмелерін алу, сол арқылы кешенді ғылыми зерттеу жүргізе отырып, оларды ғылыми айналымға енгізіп, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыру. Сондай-ақ тағылымы мол тарихымыздың терең тамырын бойлап, ұрпақтар сабақтастығының үлгісін жарыққа шығарып, қазіргі күрделі геосаяси жүйедегі Қазақстанның ұлттық мүддесіне ұтымды пайдалану. 

Ал жоба міндетіне Жапонияның мұрағат қорларында сақталған деректер арқылы орта ғасыр және жаңа дәуірдегі Қазақстан және Орталық Азия мен Шыңжаң өңірінде құрылған мемлекеттер, ондағы халықтардың мәдениетін, жасаған өркениет белгілерін зерттеу, олардың бүгінгі түркі халықтарымен сабақтастығын айқындау жұмыстары кіреді. Сонымен бірге, бұрын жарияланбаған тың деректерді, артефактілер және ескі тілдерде жазылған карталарды,  қазіргі замандағы шетелдік тарихи және өзге де әдебиеттерді зерделеу негізінде Түркі әлемі мен Қазақстанның ежелгі аумағы мен табиғи-географиялық жағдайын, Түркі әлемі елдерінің көрші елдермен болған өзара ықпалын зерттеу; Жапонияның архив материалдары негізінде Түрік қағанаттары, Қарахан, Тұрпан, Ганьжоу князьдігі, Кочо, Қыпшақ, Шағатай, Моғолстан мемлекеттері дәуірін, сонымен бірге Қазақ хандығы мен Қазақ АКСР-ы дәуіріне дейінгі кезеңді зерттеу, сондай-ақ жапон түрколог ғалымдарының қатысты ғылыми монографияларын зерделеу, маңыздыларын аудару, материалдарды ғылыми өңдеп, жүйелеу; Жапондық саяхатшылардың мәліметтерін зерттеу, әсіресе XIX-XX ғғ. Қазақстанға, Орталық Азияға жасаған саяхат жазбаларын қарастыру да жобада қарастырылған. 

Мен осы жобаны заңды түрде   жүзеге асырып, лайықты нәтижеге қол жеткізу мақсатында 2024 жылдың қазан айында Жапонияның Токио және Киото қалаларында орналасқан  бір қатар іргелі мұрағаттар мен түркология және Орта Азия аймағын зерттеу ғылыми орталықтарында іссапарда болып қайттым. Сапар барысында Азия бойынша Шығыс елдерінің деректемелері мен материалдарының ең ірі қоры саналатын Жапонияның Тоё бунко (東洋文庫 The Oriental Library) архиві секілді бірнеше мекемемен  әріптестік байланыс орнатып, меморандумға  қол қойдым. 

Қысқасы, Жапонияның мұрағат қорларының бізге ашылуы – түркі әлемін ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын түгендеуге мол мүмкіндік тудырады. Онда біздің арғы-бергі тарихымызға қатысты баға жетпес дүниелер жатыр. Ол дереккөздер, негізінен, ескі түрікше, ескі ұйғырша, шағатайша, моңғолша, манчжурше, қытайша, жапонша және қазақша жазылған. Бұл жобаны  орындау барысында біз, Қазақстан және түркі әлемінің тарихы мен мәдениеті, географиясы мен саяси жағдайы және халықаралық қатынастардағы ұстанымдары, көрші елдермен қарым-қатынастары жайлы құнды деректер, тарихи хаттар, естеліктер және конфессия аралық қатынастардың сипатын архивтік материалдарды, сондай-ақ Түрік қағанаттары, Қыпшақ хандығы, Тұрфан хандығы, Ганьжоу князьдігі, Қарахан мемлекеті, Шағатай-Моғолстан мемлекеттері, Қазақ хандығы, одан кейінгі патшалық Ресей, Кеңестік кезеңдегі қазақтардың саяси, әскери, этносаяси, әлеуметтік және мәдени тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан қайта қарастырып, Қытайдың Тан, Бес әулет, Таңғұт, Сун, Ляо, Юань, Мин, Цин қатарлы патшалықтармен саяси-дипломатиялық байланыстарына қатысты құнды мәліметтерді зерттеуге мүмкіндік аламыз. Соның нәтижесінде ерте орта ғасыр түркі әлемі мен Қытай патшалықтарының және басқа да көрші елдермен өзара ықпалдастық тарихын, халықаралық қатынастарын бағамдау арқылы қазіргі геосаяси жағдайдағы еліміз мүддесіне тиімді ғылыми негіз ұсынамыз.

Жалпы түркология ғылымы жемісті өркен жайған елдің бірі де осы Жапония. Жапонияда түркология саласына қатысты зерттеулер XIX ғасырда басталды. Бұл орайда, Жапонияда түркология ғылымын зерттеген Токио университеті шығыс мәдениетін зерттеу институты, Осака мемлекеттік этнология мұражайы, Токио шығыстану кітапханасы, Жапон шығыстану қоғамы қатарлы ғылыми-шығармашылық ұйымдардың қабырғаларында әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерді алу, аудару, Сагучи Тору, Умэмура Хироши, Аногова Хидеми, Ширатори Куракичи, Ишихама Джунтаро, Умэмура Хироши, Ямада Нобуо, т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерін алу, аудару, ғылыми айналымға енгізу  біздің еліміз  үшін өте өзекті.

Шығыстану ғылымын жандандыруды дәуірдің өзі мемлекеттің мойнына жүктеп отыр

– Бүгінгі таңдағы еліміздегі шығыстану ғылымының бағыт-бағдары, стратегиялық маңызы, мақсаты мен міндеті қандай? Институттың болашағы туралы айтып өтсеңіз? Осы бағытта өз тарапыңыздан қандай жоба-жоспарларды алға қойып отырсыз?

Әлемдегі кез келген ғылым белгілі бір қажеттіліктен туған. Мәселен, іргелі ғылымдар, яғни жаратылыстық ғылымдар ел тұрғындарына, тіпті жалпы адамзатқа  өмір сүруге қолайлылық, мүмкіндік, бақуаттылық әкелу мақсатында қызмет етсе, гуманитарлық ғылымдар, оның ішінде тарих ғылымы, көбінесе, кеше біз кім едік, қайда болдық, бүгін кімбіз, болашағымыз қалай болмақ деген мәселелерге жауап іздейді. Сол арқылы ұлтқа, мемлекетке белгілі бір деңгейде жол нұсқап, стратегиялық бағыт-бағдар ұсынып отырады. Отандық шығыстану ғылымының  мойнында да үлкен-үлкен, маңызды міндеттер бар. Шығысты зерттеуде біз қандай бағыт-бағдарды негізге аламыз?! Сөзім түсінікті болу үшін, мен Қытайды мысалға келтірейін.  

Бағзы дәуірлерге бармай-ақ қоялық. XVIII ғасырлардың ауқымында Абылай хан мен Цин патшалығы арасында там-тұм болса да барыс-келіс болды. Абылай ханның қайтыс болуымен қазақ хандығы ыдырады. Ең соңғы хан Кенесары күрес жолымен қазақ хандығын қайта қалпына келтіргісі келгенмен, ел ішіне дендеп кірген жау оған мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, қазақ халқының үлкен бөлігі орыстың, бір бөлігі қытайдың боданына айналды. Қытайдағы қандастарды айтпағанда, отаршыл патшалық Ресей немесе тоталитарлық Кеңес заманы тұсында болсын, тәуелсіздікке дейінгі  екі жарым ғасырдай уақытта біздің бес-алты ұрпақ «қытай» деген таным-түсініктен мүлде бейхабар күйінше қалды деуге болады. Мысалы, қытайлардың тарихы, мәдениеті, саясаты, психологиясы, экономикасы, тіпті түр-әлпеті, ұлттық менталитеті... деген толып жатқан сұрақтар қазақ халқы үшін «мың бір қара жұмбақ» еді. Тек Кеңес үкіметі тұсында ғана география және әлем тарихы пәндерін оқудың орайында «қытай» деген елдің бар екенін жалпылама білгені болмаса, ол мемлекетпен саяси, дипломатиялық тұрғыдан бетпе-бет келіп, елдік тұрғыда тебінісіп келіп  тең тұрып сөйлескен емеспіз. 

Бұл мысал, әрине, тек Қытайға ғана қатысты мәселе емес, ислам әлеміне, жалпы Шығыс әлеміне қатысты сөз. Мысалы, араб әлемімен сонау Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында сауда-саттық қарым-қатынастан өзге, керемет сапырылысқан барыс-келіс бола қойды деу қиын. Кеңес одағы тұсындағы 70 жылдай уақытта ислам әлемімен қарым-қатынасымыз мүлде үзіліп қалғаны жасырын емес. Араб әлемі тұрмақ, біз «Құранның» өзінен көз жазып, исламдық құндылықтарымыздан, ақ дінімізден ажырап қалған жоқпыз ба?! 

Айтайын дегенім, тәуелсіздіктен кейін сол елдердің бәрімен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнату, ол елдерді зерттеу қажеттілігі бірден күн тәртібіне шықты. Мұндайда  «Ойбай, анау адам жейді, мынау бәлен дейді» деген утопиялық көзқарас емес, нақты ғылыми тұжырымдарға иек сүйеу керектігі екібастан белгілі жағдай. Яғни, Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін, қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайын, менталитетін, ішкі-сыртқы саясатын зерттеп, зерделеп, соған сай дипломатиялық қарым-қатынас ауанын айқындап отыру замана талабы еді. Сондықтан да арнайы бір ғылыми орталық Шығыс елдерін зерттеумен айналысуы керектігін мемлекеттің өзі түсінді. Ал аталмыш ғылыми орталықтың міндеті – билікке, билік бұтақтарына, жалпы ел тұрғындарына Шығыс елдері туралы ғылыми тұжырымдарды, ғылыми-танымдық ақпараттарды  беріп отыру. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан билігінің Шығыс елдерімен екі арада болатын дипломатиялық қарым-қатынасына ғылыми негіз әзірлеп, пайдалы ұсыныстар беру – отандық шығыстану ғылымының басты мақсаты мен міндеті. Осы тұрғыдан келгенде, өзге гуманитарлық ғылымдарда  «ғылыми»  және «ұлттық» деген екі  сипат бар десек, шығыстану ғылымында бұл екі сипаттан тыс, «стратегиялық» сипатының таразы басып  тұратындығына  жеткілікті мән берілуге тиіс. 

Мысалға, тағы да шығысымыздағы алып көршімізді алайық. Ол елмен 1750 шақырымдық ортақ шекарамыз бар, жан саны ернеуінен асып-төгіліп жатқан демографиялық әлеуеті зор Қытайдың барлық ашық та көмескі жоба-жоспарын, мақсат-мүддесін біліп, талдап, сараптап отыру аса маңызды. Оның үстіне Қытайда екі миллиондай қандасымыз өмір сүреді. Жалпы 20 миллиондай тілдес, діндес ұйғыр, қырғыз, өзбек ағайындардың қазіргі жағдайы ешкімге құпия емес. Қазіргі ресми Пекиннің «Қытай арманы», «Бір белдеу – бір жол» деп аталатын іргелі стратегиялық бағдарламасының мақсаты мен міндеті не? Оның біздің елімізге тигізер әсері қандай болмақ?» деген секілді толып жатқан мәселелер қашанда біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін  өзекті тақырыптар.   

Ислам әлемімен, Орта Азия елдерімен қарым-қатынаста да тарихи және күнделікті туындап жататын сұрақтар аз емес. Ислам әлемі қазіргі кезде әлемдік геосаясаттағы күйіп тұрған тақырып, жанып тұрған аймақ. Мысалы,  еліміздегі діни секталардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы араб әлемімен бей-берекет қарым-қатынасымыздың нәтижесі деп есептейміз. Әрине  біз шығыс халықтары ретінде бір замандарда аралас-құралас болдық. Олардың мұрағаттарында сақталған біздің мәдениетімізге, тарихымызға қатысты құнды дүниелер аз емес. Оның үстіне, ислам өркениетінің ошағы ретінде араб әлемінің де ұлттық құндылықтары, өзіндік өркениеті бар екенін жоққа шығармаймыз. Ислам қауымдастығының бір мүшесі ретінде олардағы озық дүние бізге де өнеге болуға тиіс. Біз мұсылман халық ретінде оларды дін қарындас деп есептейміз. Сондықтан араб әлемімен қарым-қатынаста татулықты, достықты сақтай отырып, қауіпсіздікке сызат келтіретін шетін мәселелерде аса сақ болу жағын қадағалап отыруымыз керек. 

Орта Азия елдерін, жалпы бүгінгі түркі әлемін, яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Түркия сынды елдерді де зерттеп, білу – Шығыстану институтының басым бағыттарының бірі. Біз түбіміз түркі, ғұрпымыз бен тіліміз, дініміз, тарихымыз бір бауырлас халық бола тұра, өзіндік жеке, өзімізге тән мемлекеттік, ұлттық мақсат-мүдделеріміздің де бар екенін де ұмытпауға тиіспіз. 

Оңтүстік Азия елдерін де зерттеп, зерделеудің маңыздылығын мынадай  екі салаға бөліп қарастырған жөн.  Бірі,  Оңтүстік Азия елдері экономикалық жағынан дамудың даңғыл жолын тапқан, ғылым-техникалық әлеуеті күн сайын өсіп келе жатқан елдер. Бұл біз үйренетін, тәжірибе алатын тұсы. Екінші жағынан, ол елдердің қытайлану процесі күн санап ауырлап, елдегі саяси-әлеуметтік жағдайлар қиындап барады. Бұл жағы да бізге көбірек сабақ болуға тиіс. Қысқасы, шығыстану ғылымын  барынша жандандырудың маңыздылығы мен өзектілігін дәуірдің өзі мемлекеттің мойнына жүктеп отыр. Демек, Шығыстану ғылымын барынша күшейту, біріншіден, Шығыс елдерімен достық, тату көршілік, бейбіт қатар тұру дейтін әлемдік дипломатиялық тұғырнаманы дұрыс жолға қоюдан; екіншіден, ұлттық қауіпсіздікті әр дайым қамтамасыз етуден; үшіншіден, еліміз бен жеріміздің арғы-бергі тарихына қатысты Шығыс және Батыс елдері мұрағаттарында  Шығыс тілдерінде сақталған деректерді  алып, ғылыми айналымға енгізу мақсатынан   туындаған қажеттілік.

Біздің еліміздің  ұзына тарих бойына  көз жазғаны көп, адасқаны да  аз емес.  Тәуелсіздіктен кейін бұл олқылықтың орнын толтыруға атан күшімізді аямай-ақ кірісудеміз. Әсіресе,  «Мәдени мұра» бағдарламасы осы сөзіміздің айғағы. «Мәдени мұра» – қазақ халқының бағзы дәуірлерден күні кешеге дейінгі тарихына қатысты деректерді бүкіл дүниежүзіндегі мұрағаттардан жинап, шығару деген сұрапыл мақсаттарды жүзеге асыруға мұрындық болды. Аталған бағдарламаның ауқымында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты күллі Шығыс елдерінің мұрағаттарындағы қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинап, аударып, бастырып шығару жұмысымен тұрақты да жемісті түрде айналысты. Бұндайда «біз тек шығыстанумен ғана айналысамыз» деп қарап отыру ақылға қонбас еді. Өйткені, бұл мемлекеттің қажеттілігі, ұлттық бағдарлама. Қытай, Араб, Моңғол, Түркия, Ресей, Иран елдері мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жүздеген том шаң басқан архив деректері жүйеленіп, аударылып, ғылыми айналымға түсті. Бұл түсінген адамға аз шаруа емес. 

Одан кейінде «Рухани жаңғыру», «Архив – 2025» стратегиялық бағдарламалардың аясында да қыруар жұмыстар атқарылды. Былай қарағанда, Шығыстану институтының ғалымдары Шығыс елдері мұрағаттарындағы қазаққа қатысты тарихи деректермен көбірек айналысып кеткендей болып та көрінуі мүмкін. Түптеп келгенде, бұл ел болашағы жолындағы шығыстанушылар тарапынан жасалған жұмыстардың бір парасы ғана. Негізінде Шығыстану институтының мойнына жүктеліп отырған  басты міндет – Шығыс елдерін (тарихы, мәдениеті, ішкі-сыртқы саясаты, экономикасы т.б.) зерттеумен айналысу. Өйткені әлемдік геосаясатта Шығыс елдерінің алар орны мен саяси белсенділігі күн санап артып келеді. Сондықтан Шығыс елдерін шұқшия зерттеу, Шығыс елдерінің Қазақстанмен қарым-қатынасындағы өзекті мәселелерді жіті қадағалап отыру – отандық Шығыстану ғылымының алдына сәт сайын жаңа міндеттер ұсынып отырады. Осыдан-ақ  Шығыстану Институтының  болашағын бағамдай беруге болады. 

Жоба-жоспар деген сұрағыңызға келсек, әлгінде айтқан отандық Шығыстану ғылымының алдына замана талабы, ел тағдыры, ұлт болашағы қойып отырған   міндеттердің бәрі бізден  барынша өзекті, айырықша маңызды мәселелерді ғылыми түрде  игеруді талап етеді. Қысқасы Шығыстану институтының жоба-жоспарында ұсақ-түйек тақырып болмайды. 

Шенеуніктеріміз бен азаматтарымыз сатымсақ болатын болса үрей мен күдікті жоққа шығара алмаймыз

– Көпшілік оқырман өзіңізді қытайтанушы ғалым ретінде таниды. Қытай мен Қазақстан арасындағы қазіргі ынтымақтастықты қалай бағалайсыз? Екі мемлекет үшін қандай бағыттарда үлкен мүмкіндіктер бар?

Иә, Майгүл, бұл өте өзекті мәселеге арналған, соқталы сұрақ. Себебі Қазақ-Қытай елдерінің ресми дипломатиялық қарым-қатынасы сонау 1992 жылы басталған күннен бері біздің қоғамда екі елдің қарым-қатынасына деген  үміт мен күдік қатар келе жатқанын несін жасырайық?!  Үмітіміз –  біріншіден, ҚХР экономикасы ұшқан құстай дамып келе жатқан алып держава. Демек бұл елден бізге инвестиция тартудың мүмкіндігі зор.  Екіншіден, екі арамызды 1750 шақырымдық шекара сызығы бөліп тұрған құдайы көрші. Импорт-экспортта арбалауға  да, дорбалауға да қолайлы. Үшіншіден, Қытай әлемдегі жан саны ең көп мемлекет, яғни іргемізде тұрған алып  базар. Әліміз жетіп, қолымыздан келіп  әлде қандай өнім өндіре қалсақ, осы алып базарды қамтысақ та тақиямызға тар келмейді. Төртіншіден, ҚХР-дың барлық тірлік-тынысы күнделікті зор көлемдегі энергетикаға тәуелді. Яғни олар  біздің мұнайымыз бен газымыздың бірегей тұтынушысы деген сөз. Бесіншіден, XX ғасырдың соңында ресми Пекиннің еуропалық базарларды игеру жоспары күн  тәртібіне шыққаны белгілі.  Бұл ретте ҚХР үкіметі ежелгі «Ұлы жібек жолын» жаңғыртуды көздеді. Бұл жолдың Қазақстан арқылы өтетіні бесенеден белгілі еді. Алтыншыдан, ҚХР-да біздің  2 миллион  шамасында қандасымыз тұрады. Олардың тарихи отанына барып-келу, қоныс аудару мәселелері де ресми Пекин мен ресми Астананың қарым-қатынасымен тікелей байланысты екені жасырын емес. Жетіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ  жас Қазақ елі өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін көп векторлы саясат ұстануға мәжбүр еді. Сол «көп вектордың» біреуі  – ҚХР-тұғын. Сол достық қарым-қатынастың арқасында Қытай үкіметі ядролық держава ретінде сонау 1995 жылдың өзінде-ақ Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берді. Ал күдікке келсек, Қытай – әлемдегі экономикасы да қуатты, жан саны да ең көп мемлекет. Бұл елмен қарым-қатынаста абай болмасақ, ертеңгі күні Қытайдың экономикалық та, демографиялық та экспансиясына ұшырауымыз мүмкін деген үрей. Егер  заңдарымыз солқылдақ болса, шенеуніктеріміз бен  азаматтарымыз сатымсақ болса, бұл үрей мен күдікті жоққа шығаруға болмайды. Құдайға шүкір,  Қазақ-Қытай елдерінің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына  30 жылдан асып барады. Екі ел қарым-қатынасында сөз болып отырған күдік-күмәнге  қазірше жол беріле қойған  жоқ. 

Жаңа жыл қарсаңында «Ана тілі» газеті тілшісінің екі ел қарым-қатынас туралы қойған сұрағына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз.

Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме. 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнатылды. Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр. 

Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. Бұл мемлекет – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондай-ақ экономикамыздағы ең ірі инвестордың бірі. Өзара сауда айналымын екі есе арттыруға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, екі ел басшыларының саяси ерік-жігері жеткілікті. Сондықтан аталған мақсатқа жетуге әбден болады», - деп жауап беріпті. 

Бұл пікірді біз еліміздің даму стратегияның тізгіншісі, ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі болып табылатын  Мемлекет басшысының ұстанымы ретінде де, сондай-ақ әлемге әйгілі саясаткер-дипломаттың пайымы ретінде де, сондай-ақ білікті қытайтанушының  тұжырымы  ретінде де қабылдасақ қателеспейміз. 

 Иә, айтып-айтпай  Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас ырғақты да, тұрақты түрде нығайып келеді. Екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық әсіресе экономикалық салада жүйелі түрде артып келе жатқаны байқалады. Белгілі болғанындай  2022 жылдың тек алғашқы жарты жылында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 11,54 млрд долларды құрады.  Аймақта санкциялық соғыс пен геосаяси ақуалдың шиеленісіп тұрғанына қарамастан, бұл көрсеткіш 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға артқан.

Жалпы қандай ел болмасын, соның ішінде әсіресе дамушы елдердің  ұлттық экономикасының дамуына шетел несиелерін, инвестицияларды және озық технологияларды тарту шешуші  рөл атқарады. Бұл тарапта  Қазақстан Үкіметі 2020 жылдан бастап шетелдік инвестицияны тарту бойынша өте белсенді жұмыс жүргізе бастады. Бұл тарапта Қытай еліне барынша назар аударылып келеді.  Ресми мәлімет бойынша 2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі жағынан 4-ші орынды (25,5 млрд доллар) иелеген. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауға да үлкен мән беруде. Қазір Ауыл шаруашылығы және Сыртқы істер министрліктері қазақстандық кәсіпорындарға тиісті көмек көрсетіп, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 18 екіжақты хаттамаға қол қоюға бастамашы болып отыр. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда бидай, сиыр мен шошқа етін, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өнімдерін өндіретін 600-ге жуық отандық кәсіпорын Қытай нарығына өз өнімдерін жеткізуге рұқсат алды. Бұл ынтымақтастықтың ерекшелігі елімізде жоғары технологиялық өндірістерді құруға, өнеркәсіптік әлеуетті іске асыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканың шикізаттық емес секторын ынталандыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтары үшін 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Өткен жылы ҚХР Сиань қаласындағы құрғақ портта қазақстандық  жүк терминалының құрылысы аяқталып, ресми түрде жұмысын бастады. Мемлекет басшысының  тікелей бастамасымен жүзеге асқан Қытайдың ең ірі логистикалық хабында орналасқан бұл терминал елімізге тұрақты түрде тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұл отандық экспорттаушылар үшін де тиімді.  Сонымен бірге, әлемдік Huawei, Wabtec және PSA секілді жетекші компаниялармен бірге «Ақылды теміржол» жобасы да жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл отарбаларымызға кететін отын шығынын азайтуға және пойыздардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы оқиғаның қарсаңында өткен жылы Қазақстанның  Ақтөбе қаласы мен ҚХР Сиань қаласында екі елдің бас консулдығы ашылды. Сиань қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылуы, ең алдымен, Қазақстанның консулдық қызметінің осы бағыттағы қызметін күшейтеді, сондай-ақ жүйелі негізде жұмыс істеуге мүмкіндік бермек. Өңірде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық (қазақстандық экспортты ілгерілету, инвестиция тарту және бірлескен кәсіпорындар құру) саласындағы жұмыстарды құру секілді қызметтер атқарады.

Сөзіміздің осы тұсында мына мәселенің басын ашып айта кетуге тиіспіз. Қазақстан-Қытай елдерінің достық қарым-қатынасына тек біз, Қазақстан ғана мүдделі деп ойласақ қатты қателесеміз. Демек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес» деген тұжырымды жайдан-жай айтып отырған жоқ. 

Қытай экономикасының соңғы жылдардағы дамуына сәйкес елдегі мұнайдың өндіріліп, пайдалану қарқыны да өсті. Сұраныстың бір бөлігі Қытайдың өз кеніштерінің есебінен жабылады. Дегенмен тұтынудың күн сайын артуына байланысты импорттың да маңызы күшейіп келеді. АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметі бойынша, 2035 жылы Қытай өзі пайдаланатын мұнайдың 75 пайызына дейін шетелдерден импорттамақ. Қазір Қытайға 15-ке жуық ірілі-ұсақты мемлекет мұнай сатып отыр. Олардың ішінде алғашқы ондықтың ішінде  тәуілігіне шамамен 225 мың баррель мұнайын саудалап отырған Қазақстан тұр. «ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан мұнайының ірі импортерлері Италия – 17,7 млн тонна, Қытай – 10,6 млн тонна, Голландия – 7,9 млн тонна, Австрия – 6,4 млн тонна,  және Франция – 6,1 млн тонна  құрап отырса керек. 

2023 жылы Қазақстан тауарын ең көп сатып алған елдердің көшін Қытай, Ресей және Италия бастап тұрғаны белгілі. Ал көш басындағы Қытаймен арадағы сауда айналымының 56,3%-ы Қазақстанның экспортына тиесілі. Екі ел арасындағы сауда айналымының ақшаға шаққандағы жалпы көлемі – 31,5 млрд долларды құраған. Ендеше экспорт дегенімізді екінші бір сөзбен айтқанда отандық кәсіпорындарымыздың өнімі десек, кәсіпорындарымыз мемлекетке табыс салығын төлеудің сыртында неше мыңдаған азаматтарымызды жұмыспен қамтып отыр. Бұның бәрі еліміз үшін игілік пе? Әрине,  игілік! 

– Айтпақшы, Қытайдың «бір белдеу, бір жол» бастамасының біздің елге тигізер пайда-зияны туралы қоғамда әр түрлі пікірлер айтылып жатады. Осы туралы не айтасыз?

  Қазақстан мен Орталық Азия елдері «белдеу, жол» бастамасының орталық құрлық бөлігі үшін трамплиннің бір түрі болып табылады. Орталық Азия аймағы құрылық арқылы Қытайды Еуропадағы нарықтарымен байланыстырады. Ресми Пекин «белдеу, жол» стратегиясы ауқымында жасалып, ашылып жатқан  тас жолдар, темір жолдар, құбырлар немесе электр желілері құрылысы болсын, инфрақұрылымдық даму жобалары Қазақстан бастаған «белдеу» бойындағы елдерге үлкен пайда әкеледі деп есептейді.  Әрине, Қазақстан және Орта Азия елдерінің бәрі де Қытайдың «Белдеу, жол» стратегиясы аймақтың экономикалық жағдайының жақсаруына зор серпін береді дегенге еш  шүбәланбайды.   

Қазақстан мен Қытай үкіметтері екіжақты ынтымақтастықтан басқа БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді құрылымдарда бір-бірін үнемі қолдаумен бірге, аталған ұйымдар ауқымында екі елдің көпжақты ынтымақтастық жобалары да бар. 

«Бір белдеу, бір жол» Қазақстанда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын, «Қазақстан – Түрікменстан» жаңа теміржол дәлізін құруға үлкен ықпал етті.

Қытайдың Ляньюньган портындағы бірлескен терминалдың арқасында Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге, Еуропаға, Орталық Азия елдеріне және Каспий маңы аймағына контейнерлік тасымалдар саны артып келеді. Біздің еліміздің аумағы арқылы Қытайдан жүк тасымалдау көлемінің одан әрі ұлғаюы аймақтағы халықаралық сауданы ынталандырып, Қазақстанның транзиттік-логистикалық мүмкіндіктеріне кең жол ашып беріп отыр.  Қазақстан-Қытай шекаралық «Достық» және «Алтынкөл» өткелдері арқылы контейнерлік транзит көлемі жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді. 

Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы достық байланыстардың тереңдей түсуіне орай жыл өткен сайын екі ел азаматтарының бір-біріне жұмысқа, оқуға немесе саяхатқа келулері жиілей бастағандығы.  Иә, айтып-айтпай бүгінде Қытайда 20 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатқан болса, оның дені Қытай үкіметінің гранты екенін есте ұстауымыз керек. Қытай тарапы да Қазақстаннан оқитын студент-стипендиаттардың жыл сайынғы квоталарын 1000-нан астам адамға дейін көбейтті. Демек біздің еліміздің ЖОО-да мыңнан астам  қытайлық студент біліммен сусындауда. Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы өміршеңдігінің бастауы олардың дамуы екі ел халықтарының мүдделеріне түбегейлі жауап беретіндігінде және екі елдің тұрақтылықты сақтау мен дамыту талаптарына толық сәйкес жүргізілетіндігінде жатыр деп ой түюге толық негіз бар. Бұл арада екі мемлекеттің де ынтымақтастықтың арқасында нақты тиімділік пен өзара пайда көріп отырғанын, қай тарап артық-шылыққа ие немесе бірі екіншісіне қысым көрсетуде деген тұрғыда сөз қозғалуы мүмкін емес екенін атап көрсеткен абзал. Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы шын мәнінде  өзара пайдалы негізде жүргізіліп, қос тарапқа да нақты пайда әкелуде. Қытайдың дамуы Қазақстан үшін қатер емес, керісінше  еліміз экономикасының дамуы үшін үлкен мүмкіндіктер. Осыны жақсы түсінгендіктен де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен ынтымақтастықты жан-жақты дамыту Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін әр кез мәлімдеп келеді. Бүгінде Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы жаңа тарихи сатыға көтерілді, жыл сайын  жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жинақталған бағалы тәжірибе мен өткен 32 жыл ішіндегі ынтымақтастық байланыстар біздерге одан әрі де ілгері жылжуға ырғақты серпін береді. 

Қысқасы Қазақстан үкіметі Қытай  тарапымен бірге өзара сенім, өзара тиімді, бейбіт қатар дамудың жоғары рухын басшылыққа ала отырып, ынтымақтастықты барлық деңгейлерде және барлық бағыттарда  екі елдің  стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыта түскенде ғана, біздің экономикалық әлеуетіміз барынша күшейіп, сол арқылы   біздің қоғамымыз  бейбіт, тұрақты даму арнасын табуға мүмкіндік алатын   болады. 

Алыптар ойынының құрбаны болудан  барынша сақтану қажет

– «Қытай үрейі» тұрғысынан ғана емес, қытайтанушы ғалым, сарапшы-маман ретінде қытаймен қарым-қатынаста ескеруімізге тиісті түйткілді мәселелер бар ма?   

- Әрине, жер бетінде ең алғаш жолдар болған жоқ еді. Адам баласы жер бетінде пайда бола бастаған күннен бірден төте,  қауіпсіз, қолайлы жолдарды тапқан жоқ. Олар бастабында тайғақ кешулер басты, адасты, қауіп-қатерге ұшырады.  Жүре келе даңғыл жолдар пайда болды. Сол сияқты қазіргі заманда да кез-келген жаңа басталған істің кемшін тұстары, түйткілдері болуы заңды. 

Осы тұрғыдан келгенде Қазақ-Қытай қарым-қатынасында да назар ауаруға тиісті түйткілді мәселелер жоқ емес. 

Атап айтқанда, соңғы жылдары ресми Пекин Қазақстан мен Орта  Азия елдеріне ықпалын арттыруға барынша кірісіп кеткені байқалады. Олар өздерінің сыртқы саясат стратегиясына ылғи да Қазақстанды қосақтап көрсетуді әдетке айналдырып алды. Мысалы, «Бір белдеу - бір жол» мега жобасы мен «Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құру» стратегиясының астарында  Қытайдың жаһанға жетекшілік етуге деген үлкен мақсаты жатыр. Сондықтан АҚШ және Батыс елдері Қытайдың осы мақсатына қарсы, сауда, қаржы, технология және идеология саласында мылтықсыз майдан ашып отыр. Ендеше  біз қосақ арасында кетіп босқа арандап қалмау жағына баса  назар аударуымыз керек. 

Ал іс жүзінде «Бір белдеу, бір жол» ҚХР-ның маңызды стратегиясы. Ал Қазақстан  тек  «белдеу, жол» бастамасының бойында орналасқан әрі сол жобаға  қатысушы мемлекеттердің бірі ғана. Сондай-ақ халықаралық қарым-қатынаста   көп векторлы саясат принципін ұстанатын, өз тағдырымызды өзіміз құрып жатқан елміз. Олай болса,  дос ел екен, көрші екен деп, кімнің  болса да қанжығасына байланып, алыптар ойынының құрбаны болудан  барынша сақтану қажет деп ойлаймыз.

Тағы бір мәселе, Қытай экономикалық салада Қазақстанға ықпалын тереңдетуге күш сала бастады. Қазірдің өзінде Қытай біздің елімізде бірнеше жерде машина құрастыру зауыттарын салумен қатар, еліміздегі машина жөндеу қызметін де дерліктей қолдарына алып, отандық жұмысшыларды ығыстырып жатқаны байқалады. Визасыз келген қытай азаматтарының Қазақстанда жұмыс істеуі, бизнеспен айналысуы қаншалық заңды?! 

Сондай-ақ қытайлар қазір елімізде электронды (интернет) саудасын  барынша қыздырып жатқанымен, шынтуайтына келгенде, ондай саудагерлер салықтан жалтарып отыр.  Сонымен бірге бір айлық визасыз режим бойынша елімізге келген қытайлықтардың көбі белгіленген тәртіпті сақтамай, елімізде қалаған жерлерінде тұрып, бизнеспен, еңбекпен айналысуда. Сондықтан Қазақстан үкіметі, құқық қорғау органдары визасыз келген қытай азаматтарының елдегі жүріс-тұрысын (белгіленген қонақүйде тұру, заңсыз кәсіпкерлікпен, жұмыспен айналыспау, мерзімінде елден шығу т.б.)  ретке келтіріп, тұрақты түрде қадағалап отыру керек. Әрі-беріден соң қытай туристерінің біздің елге келіп қалаған жерінде тұруы, түптен келгенде біздің елдегі пәтер, үй жалдағыштардың көлеңкелі бизнесіне кең жол ашып беріп отыр. Осылай ың-шыңсыз кете берсе тағы мейлі. Ертеңгі күні  қытай азаматтары  біздің елде бір келеңсіз жағдайға  ұшыраса, өмірлеріне қауіп төнсе немесе жергілікті халықпен қақтығысып қалса,  оның өзі екі ел қарым-қатынасына сызат түсіретін жағдайға дейін әкелуі мүмкін. 

Сондықтан  екі ел үкіметі де «Визасыз тәртіп енгіздік. Бітті шаруа!» деп қарап отырмай, визасыз қарым-қатынаста күтілетін түйткілді мәселелерді күнілгері  реттеп отырғаны құп.

– Әңгімеңізге рахмет, аға! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?