Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады - Тоқаев

71
Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады - Тоқаев - e-history.kz

Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ұлтымыздың «қазақ» атауын қайта иеленгеніне 100 жыл толғанын еске салды.

«Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс» - деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өзінің бастамасымен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанын мәлімдеді. 

«Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет», - деді ол. 

Сондай-ақ Президент ЮНЕСКО-ға Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын енгізуге айрықша мән беріп жатқандығын айтып өтті. 

«Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Бұған қоса, түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет. Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет. Бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Бірақ оған толық үміт артуға болмайды. Адам факторы әлі де маңыздылығын жоғалтқан жоқ» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ екендігінде тілге тиек етті. 

«Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр. Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек» - деді Президент.

Бұған дейін хабарлағандай,  Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды. Жиын барысында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ Президент тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажеттігінде айтып өтті. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?