
Биыл еліміз Ұлы жеңістің 80 жылдығын атап өтеді. Бұл тарихи оқиғаның Қазақстан үшін маңызы ерекше. Себебі қазақ даласы соғыс уақытында майданға үлкен қолдау білдіріп, кеңес әскерінің жеңіске жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ бұл жеңіс қазақ халқына оңай келген жоқ. Табаны күректей төрт жылға созылған соғыс өрті елімізге экономикалық және демографиялық тұрғыдан өте ауыр із қалдырды.
1941-1945 жылдар аралығында Қазақстан Кеңес Одағының маңызды тыл базасына айналды. Республикадан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанды, бұл сол кездегі халықтың шамамен төрттен бір бөлігі еді. Сонымен қатар, елімізге өзге елдерден миллиондаған адам эвакуацияланып, ірі зауыттар мен кәсіпорындар көшірілді. Мысалы, Алматы, Шымкент, Семей сияқты қалаларда өнеркәсіптік нысандар тез арада әскери өнім шығаруға бейімделді. Бұл қосымша жұмыс күшін талап етті. Еріксіз бұл жұмыстарға қарттар мен әйелдер, тіптен буыны бекімеген жас балалар тартылды.
Қазақстан майданды соғысқа қажетті ресурстармен үздіксіз қамтамасыз етіп жатты. Республикада қорғасын, мыс, көмір сияқты стратегиялық шикізат өндірісі күрт өсті. Ауыл шаруашылығы да майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмылдырылды, бірақ бұл жергілікті халықтың әл-ауқатына кері әсер етті.
Экономикалық зардаптар
Соғыс Қазақстан экономикасына қатты соққы берді. Өнеркәсіптің әскери қажеттіліктерге бағытталуы бейбіт өмір үшін қажетті тауарлар өндірісін тоқтатты. Ауыл шаруашылығында еңбек күшінің тапшылығы байқалды, себебі ер азаматтар майданға кетіп, әйелдер мен балаларға ауыр жұмыс жүктелді. Мал шаруашылығы да күрт құлдырады. Мал басының саны соғысқа дейінгі деңгейден 40%-ға төмендеді.
Соғыстан кейінгі жылдарда экономиканы қалпына келтіру ұзақ уақытты талап етті. Эвакуацияланған зауыттардың бір бөлігі қалғанымен, инфрақұрылымның әлсіздігі және білікті мамандардың жетіспеушілігі қалпына келтіру процесін баяулатты. Сонымен қатар, соғысқа жұмсалған қаражат республиканың әлеуметтік саласына инвестиция салуды шектеді.
Демографиялық зардаптар
Соғыстың демографиялық салдары Қазақстан үшін ең ауыр болды. Майданға аттанған 1,2 миллион қазақстандықтың жартысына жуығы, яғни 600 мыңға жуық адам қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Бұл халықтың еңбекке қабілетті бөлігінің жоғалуына әкелді. Сонымен қатар, соғыс жылдарындағы аштық, аурулар және ауыр еңбек жағдайлары бейбіт халық арасында өлім-жітімді арттырды.
Эвакуацияланғандардың келуі халықтың этникалық құрамын да өзгертті. Соғыстан кейін Қазақстанда орыстар, украиндар, немістер және басқа халықтардың саны өсті, бұл кейіннен республикадағы демографиялық тепе-теңдікке әсер етті. Туу көрсеткішінің төмендеуі және өлім-жітімнің артуы халықтың өсу қарқынын баяулатты.
Сонымен қатар, жарты әлемді күйреткен соғыс өрті қазақ даласын айналып өтпеген еді. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде қазақ топырағына да бомба түскен. Ойылған жердің жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Бұл тарихи өңір Бөкей ордасының маңайы еді. Нақты айтар болсақ, 1942 жылы Сталинград қаласының қоршауда қалуына байланысты Батыс Қазақстан өңірінің Орда, Жәнібек, Казталов, Фурманов аудандары тыл аумағына айналды. Соның ішінде Жәнібек, Сайқын, Шонай темір жол стансалары Сталинград майданы аумағы деп танылды. Яғни Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұйрығына сәйкес 1942 жылдың тамыз айынан бастап, Орда ауданы Сталинград майданының қарамағына енгізіліп, ауданда төтенше жағдай жарияланып, аталмыш өңір тұтастай «соғыс жағдайына» келтірілді. Аз уақыттың ішінде өңірдің барлық шаруашылығы мен тұрмыс тіршілігі майданның қажетіне бейімделіп шыға келді. Орал-Урбах-Красный, Кут-Сайқын-Верхний-Басқұншақ-Паромная темір жол стансалары арқылы майданға жүк тасыла бастады.
Облыстық, аудандық партия активтерінің жиналыстары үрей туғызушылықты болдырмаудың, тәртіпті нығайтудың, майданға көмекті күшейтудің және өзі тұрған қала, село мен ауылды қорғауға дайындықты арттырудың ең маңызды шаралары белгіленді. Жер-жерде ерікті батальондар ұйымдастырылып, жалпы тәртіппен барлық кәсіпорындардың, тұрғындардың тыныштығын сақтау жөнінде тұрақты кезекшілік тағайындалып, әкімшілік қорғаныс қимылдарын реттеуді ұйымдастырған. Ордада қыздарды медбике жұмысына дайындайтын курстар ашылған. Кенттер мен ауылдарда жау авиациясының шабуылынан сақтану шаралары қолға алынып жатты.
Алайда бұл шаралардан көп пайда бола қоймады. Неміс авиациясы оқтын-оқтын көрініп, өңірге үлкен қауіп төне бастады. Әсіресе, Сталинградқа жақын орналасқан Урбах-Астрахань темір жол бағытындағы жағдай тіптен ауыр болған. Себебі, бұл жерлер стратегиялық маңызға ие екенін әрі осы темір жол станциялары арқылы майданға қару-жарақ, азық-түлік және әскер тасылып жатқанынан неміс армиясы хабардар еді.
Қыркүйектің 22-інен 23-іне қараған түнде Сайқын және Шоңай стансаларын жау ұшақтары бомбалаған. Жаудың төрт бомбалаушы ұшағы Сайқын стансасына шабуыл жасап, Орда аудандық әскери комиссариатының әскерге шақырылған солдаттар эшелонына пулеметтен оқ жаудырыпты. Зерттеушілер бір ғана Шоңай стансасына 30-дан астам бомба тасталғанын айтады. Сол секілді Украинаның Днепропетровск қаласында тұрған №196 Гатчинск атқыштар дивизиясының жаралы жауынгерлері мінген эшелонды неміс ұшақтары Сайқын стансасына кіре берісте бомбалап, вагондардың тас-талқанын шығарған. Сол жолы көптеген жауынгер қаза тауып, бірқатары ауыр жараланған.
1942 жылдың 6 қазаны күні таңға жуық неміс армиясының 10 ұшағы Сайқын стансасына тағы шабуыл жасап, бомба тастайды. Бомбалардың бірі Сталинград қаласынан көшіріліп әкелінген жұмысшылар отырған вагонға түседі. Әуе шабуылынан Сайқын стансасы мен темір жол торабы бүлінеді.
1942 жылдың қазан-қараша айларында Жәнібек, Сайқын, Шоңай стансаларына 11 рет жеке-жеке, 22 рет топ-тобымен неміс ұшақтары 138 рет шабуыл жасап, 538 бомба тастаған. Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның жасаған актісі бойынша неміс авиациясының шабуылынан екі ауданның шеккен шығыны 7 161 693 сомды құраған.
Жәнібек пен Бөкейордасы аудандарында үйлер қирап, бейбіт тұрғындар да ажал құшты. Сталинград майданының тылы болған Жәнібек, Сайқын, Шоңғай станциялары жау ұшақтарының толассыз шабуылынан қаза тапқандардың денелері бомба орындарына тасталып, жүздері топырақпен асығыс жасырылған еді. Кейбір дерек көздері алғашқы шабуыл кезінде 38 теңіз жаяу әскері мерт болғанын айтады. Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында асығыс-үсігіс беті жасырылған 10 жауынгердің денесі табылып, қайта жерленді.
Жалпы аталмыш өңірден бір ғана Сталинград майданына 26 225 жауынгер жіберілді. Олардың басым көпшілігі оралмады. Жергілікті халық та қол қусырып отырмады: ерікті батальондар құрылып, қыздар медбике курстарында оқыды, ауылдар әуе шабуылынан қорғануға дайындалды. Темір жол қызметкерлері бомбаланған жолдарды тез қалпына келтіріп, майданға көмекті үздіксіз жеткізіп жатты
Екінші дүниежүзілік соғыс тек Батыс өңір ғана емес, Қазақстанның әр түкпірін шарпыды. Батыста Бөкей ордасы бомба астында қалса, шығыста, оңтүстікте және солтүстікте қазақ жері тылдың тірегіне айналды. Яғни әр аймақтың соғыс туралы өз тарихы, өз ерлігі бар.
Шығыс Қазақстан өңірі майданды металмен қамтамасыз етті. Яғни шығыс өңір соғыстың "қару-жарақ шеберханасы" болды. Өскемен мен Риддердің шахталары мен зауыттары қорғасын, мырыш және мыс өндіріп, майданға оқ-дәрі жасады. 1942 жылы мұнда 50-ден астам кәсіпорын көшіріліп, мыңдаған эвакуацияланған жұмысшылар келді. Жергілікті халық аштыққа қарамастан, еңбекпен жеңіске жол ашты. Семейде темір жол арқылы әскери жүк тасылып, майданға үздіксіз көмек жетті.
Оңтүстік өңір астықпен қамтыды. Шымкент, Түркістан және Қызылорда облыстары майданды астықпен қамтамасыз етті. Колхоздарда әйелдер мен балалар егін егіп, тынбастан бидай мен күріш жинады. Шымкенттің қорғасын зауыты әскери техникаға қажетті материалдар шығарса, Алматыға көшірілген "Мосфильм" соғыс рухын көтеретін фильмдер түсірді. Оңтүстікке жер аударылған корейлер күріш өсіріп, азық-түлік тапшылығын жеңілдетуге тырысты.
Солтүстік Қазақстан көмірмен көмектесті. Қарағанды мен Павлодар облыстары Кеңес Одағының отын көзі болды. Қарағанды шахталарынан өндірілген көмір зауыттар мен темір жолдарды қозғалыста ұстады. Мұнда Волга немістері мен шешендер сияқты жер аударылғандар ауыр еңбекке жегілді. Петропавлда әскери техникалар жөнделіп, майданға қайта жіберілді. Солтүстіктің суық қысына қарамастан, халық тоқтаусыз еңбек етті.
Алматы тылдың жүрегі еді
Алматы соғыс кезінде тылдың астанасына айналды. Мұнда 400-ден астам зауыт пен фабрика көшіріліп, қару-жарақтан бастап киім-кешекке дейін өндірілді. Қалаға миллионнан астам босқын келді – украиндар, белорустар, поляктар баспана іздеді. Жергілікті халық қолдан келгенше көмектесті. Алматыда ашылған медбике курстары мен госпитальдар жаралыларды емдеп, майданға қайта жіберді.
Батыс Қазақстан Сталинградтың қалқаны болды. Бөкей ордасы мен Жәнібек бомба астында қалғанымен Атырау мен Орал өңірлері үздіксіз майданға қолдау жасап жатты. Атыраудың мұнайы әскери техниканы қозғалтса, Оралда әскери бөлімдер дайындалды. Батыстың темір жолдары Сталинградқа жүк тасып, жау ұшақтарымен алысты.
Соғыс Қазақстанды бөлмеді, керісінше біріктірді. Батыста бомба құласа, шығыста металл құйылды, оңтүстікте астық жиналды, солтүстікте көмір өндірілді. Майданда 1,3 миллион қазақстандық соғысып, соның 410 мыңы оралмады. Ал тылда қалған миллиондаған босқын мен жер аударылғандар қазақтың қонақжайлығын сезінді.
Қазақ жауынгерлері Сталинград шайқасы, Курск доғасы және Берлинді алу сияқты шешуші ұрыстарда ерлік көрсетті. Мәскеуді қорғау кезінде аңызға айналды.
Қазақстан соғыс кезінде Кеңес Одағының "қоймасы" рөлін атқарды. Республикада өндірілген ресурстар – көмір, металл, мұнай және азық-түлік – майдан мен тылды қамтамасыз етуде шешуші болды. Соғыс жылдарында Қазақстанға 400-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын көшірілді, бұл өндірістің күрт өсуіне әкелді. Мысалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Шымкент қорғасын зауыты әскери қажеттіліктерді өтеуге бағытталды. Ауыл шаруашылығы да толықтай әскери қажеттілікке жұмылдырылды, бірақ бұл халық арасында азық-түлік тапшылығын туғызды.
Дегенмен мұның пайдалы тұстары да болды. Қазақстанның индустриялық базасы кеңейді. Сол секілді елімізге мәдени және білім мекемелерінің эвакуациясы да пайдалы болды. Соғыс кезінде Қазақстанға көптеген ғылым, өнер және білім мекемелері де көшірілді. Мәселен, КСРО Ғылым академиясының бірнеше институты Алматыға эвакуацияланды.
Ленинградтың театр және кино мекемелері Қазақстанда уақытша орналасты. "Мосфильм" және басқа студиялар Алматыда соғыс тақырыбындағы фильмдер түсірді, олардың арасында "Иван Грозный" сияқты белгілі туындылар бар.
Бұл мәдени эвакуация Қазақстанның рухани өміріне жаңа серпін берді, бірақ сонымен қатар жергілікті интеллигенция мен эвакуацияланған зиялылар арасында бәсекелестікті туғызды.
Соғыс кезінде Қазақстанға миллиондаған босқындар мен эвакуацияланғандар келді. Олардың арасында украиндар, белорустар, поляктар және басқа да халықтар болды. Бұл демографиялық құрылымды өзгертті және Қазақстанды көпұлтты республикаға айналдырды.
Соғыстың алғашқы жылдарының өзінде Қазақстанға 1,5 миллионнан астам адам эвакуацияланды. Олардың арасында Украина, Беларусь, Ресейдің батыс облыстары мен Балтық жағалауы елдерінен келген босқындар болды. Бұл адамдардың көпшілігі әйелдер, балалар және қарттар еді, өйткені ер азаматтардың басым бөлігі майданға аттанған. Мысалы, Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты қалалар эвакуацияланғандардың негізгі орталықтарына айналды.
Эвакуацияланғандарды орналастыру қиындықтармен өтті: тұрғын үй жетіспеді, азық-түлік тапшылығы күшейді, ал жергілікті халыққа қосымша ауыртпалық алып келді. Дегенмен, қазақ халқы бұл сәттерден де сүрінбей өтіп, босқындарға қолдау көрсетіп, қолдарынан келгенше жақсылық жасады.