Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Комбриг қазақ

350
Комбриг қазақ - e-history.kz

Ғали Әділбекұлы Әділбеков – қазақ халқының даңқты ұлы, Совет Одағының әйгілі әскери қолбасшысы, Совет-герман соғысында танк шайқасының асқан шебері ретінде тарихта қалған тұлға. 

Ол 1908 жылы 1 қаңтарда Семей губерниясы Белағаш болысына қарасты Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасы, Тобықты руынан шыққан. Замандастары арасында қайсарлығы мен батылдығы үшін «Шаң тимес» деген лақап атқа ие болған.

Жастайынан тағдырдың қиындығын көрген Ғалидың балалық шағы күреспен өтті. 1917 жылғы төңкерістен кейін оның отбасы Семейге қоныс аударып, әкесі пристаньда жүк тиеуші болып еңбек етсе, анасы үй шаруашылығымен айналысқан. Алайда 1921 жылы анасы қайтыс болып, көп ұзамай әкесі ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалады. Осы ауыр күндері әкесі Ақтөбе ауылына көшіп барып, сонда жаңа жұмыс табады.

Жас Ғали ерте есейіп, 1922 жылы Семейдегі сабын зауытында жұмыс істейді. Өмірдің тауқыметіне ұшырап, біраз уақыт панасыздықты да басынан өткерді. Бірақ жігері мұқалмаған ол көп ұзамай №3 балалар үйінің тәрбиесіне алынады. Талабы биік жас өмірге деген құлшынысы мен білімге деген құштарлығы арқасында 1923-1925 жылдары Орынбор қаласындағы 3 сыныптық өлкелік қазақ жасөспірімдер мектебін бітіріп шығады. Кейін әскери салаға бет бұрып, өмірін Отан қорғауға арнады. 

Ғали Әділбеков әскери қызметке өз еркімен 1925 жылы қосылды. Жас жігіттің батылдығы мен табандылығы ескеріліп, ол көп ұзамай Түркістан майданы жанындағы әскери училищеге оқуға жіберілді. 1928 жылы Ташкенттегі В.И.Ленин атындағы Біріккен Орта Азия әскери мектебін алғашқы түлектердің бірі болып үздік аяқтап, Орта Азия әскери округіне қарасты 43-ші атты әскер полкінің құрамына қабылданады.

Осы полкта взвод командирі ретінде бес жыл қызмет атқарған ол 1930 жылы Түрікменстан аумағындағы Қарақұмда болған шайқастарға қатысып, ауыр жараланады. Жау оғынан басынан жарақат алып, оң қолы сынғанына қарамастан, қайсар офицер емделіп шыққан соң әскери қызметке қайта оралады. 1931 жылы Ленинградтағы Жоғары офицерлік броньды танк мектебінде арнайы дайындықтан өтіп, танк әскерінің қыр-сырын меңгереді.

Ғали Әділбекұлының әскери мансабы қарқынды түрде жалғасты. Ол атты әскер взводынан бастап, оқу-жаттығу танк взводын, жеке танк ротасын, тіпті танк батальонын да абыроймен басқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Мәскеудегі И.В.Сталин атындағы Броньды танк әскерлері академиясында жоғары әскери білімін жалғастырды. Бұл оқу орнын сәтті аяқтаған алғашқы және жалғыз қазақ офицері ретінде тарихта қалды.

Осылайша Ғали Әділбеков Совет-герман соғысы басталғанға дейін-ақ әскери істе мол тәжірибе жинақтаған, әскери тактика мен басқарудың қыр-сырын жетік меңгерген танк командирі ретінде танылды.

Сұрапыл соғыс басталысымен-ақ Ғали Әділбеков бірден белсенді армия қатарына алынып, 102-ші танк полкінде батальон командирі болып қызметін бастады. Бұл полк соғыс алдында Курск облысының Дмитриевский ауданында орналасқан 51-ші танк дивизиясының құрамында еді. Соғыс басталғаннан кейін дивизия қайта жасақталып, 110-шы танк дивизиясы аталды.

1941 жылы шілденің басында полк Псков облысына жөнелтілді. 9 шілдеде ауыр әрі қанды Витебск шайқасына қатысып, алғашқы ұрыстарда-ақ жанқиярлықпен көзге түсті. Шілде айының соңында дивизия Смоленскіге қарай бағыт алып, қоршауда қалған кеңес әскерлерін құтқару мақсатында немістің таңдаулы 7-ші танк дивизиясына қарсы алапат шайқастарға кірді.

Сол жылдың күзінде 110-шы танк дивизиясы екіге бөлініп, Ғали 141-ші танк бригадасының құрамында ауыр және орташа танктер батальонын басқарды. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ ерлігімен танылған қазақ офицерінің есімі 1941 жылы 5 қыркүйекте «Вечерняя Москва», ал 13 қыркүйекте «Известия» газеттерінде мақтанышпен жарияланды.

Әсіресе Витебск пен Трубчевск шайқастарында Әділбековтің батальоны асқан батырлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. 1941 жылдың 31 тамызы мен 8 қыркүйегі аралығында Трубчевск маңында генерал Гудерианның әйгілі 47-ші танк корпусының басым күштерімен бетпе-бет ұрыс жүргізді. Бұл тең емес шайқаста кеңес әскерлері 200-ге жуық танкпен жаудың 300-ден астам танкісіне қарсы тұрды. Ғали басқарған батальонның батыл тактикасы арқасында неміс корпусы үлкен шығынға ұшырап, жаудың әр бес танкінің төртеуі жойылды және 16 елді мекен азат етілді.

Дегенмен, жаудың қуатты қарсы шабуылынан кейін Әділбековтің батальоны қоршауда қалды. Осы қиын сәтте батальон жауынгерлері командирінің басшылығымен жаудың тылын ойрандап, олардың танк колоннасын талқандап, қоршаудан шайқаса отырып шықты. Бұл ұрыстарда 141-ші танк бригадасы қатты әлсіреп, оның қалдықтары кейін 121-ші танк бригадасымен біріктірілді.

1941 жылдың қазанынан 1942 жылдың ақпанына дейін майор Ғали Әділбеков Оңтүстік-Батыс майданының 121-ші танк бригадасында танк полкінің командирі қызметін атқарды. Осы кезеңде қолбасшылық оның әскери шеберлігі мен батылдығын жоғары бағалап, оны бригада командирінің орынбасары (замкомбриг) қызметіне ұсынды. Қазан айында Әділбеков басқарған әскери бөлім генерал Ермаковтың оперативті әскерлер тобында болып, немістің 2-ші танк армиясының шабуылын тоқтату үшін жанқиярлықпен күресті.

1942 жылдың 27 наурызынан бастап майор Ғали Әділбекұлы Әділбеков 121-ші жеке танк бригадасы командирінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы кезеңдегі оның жауынгерлік ерліктері жайлы кейіннен Кеңес Одағының Маршалы, екі мәрте Совет Одағының Батыры Иван Якубовский өз естелігінде ерекше ықыласпен былай деп жазды:

«Ол кездегі армияда корпустың басында генерал-майорлар М.И.Зинкович пен Ф.Н.Рудкин сияқты тәжірибелі командирлер болды. Бригада, полк, батальон командирлерінің де жауынгерлік тәжірибесі мол еді... Осындай қолбасшылардың біріне жеке тоқталғым келеді. Ол – ұлты қазақ, подполковник Ғали Әділбекұлы Әділбеков. Біз Ғали Әділбекұлымен 1942 жылдың қаңтарынан бері таныс едік, сол кезде 121-ші танк бригадасында бірге қызмет атқарып, иық тірестіре жауға қарсы күрестік. Оның бойында тамаша жауынгерлік-моральдық қасиеттер бар еді. Ол – ұйымдастыру қабілетімен, қайсар ерік-жігерімен ерекше көзге түсіп, фашистермен шайқастарда ешқандай қорқынышты білмеген батыр командир. Сонымен қатар Ғали өте қарапайым, кішіпейіл адам еді, осы қасиетімен ол қарамағындағы барлық офицерлер мен жауынгерлердің жүрегін жаулап алған болатын.

Ғали Әділбекұлы әскерге бұрынғы панасыз, балалар үйінде тәрбиеленген жетім бала болып, 1925 жылы өз еркімен келген екен. Әскери училищені бітірген соң, Қарақұм құмдарында басмашыларға қарсы ұрыстарға қатысып, жараланғанына қарамастан қайта сапқа оралған еді. Совет-герман соғысын танк батальонының командирі ретінде бастап, 1942 жылдың ақпанында Қызыл Ту орденімен марапатталды. Оның батальоны жаудың жиырмадан астам танкісі мен бронемашинасын, он шақты танкке қарсы зеңбірегін және бірнеше ротасын талқандаған болатын.

Шайқастар кезінде ол ешқашан сабырлылығын жоғалтпайтын. Қарамағындағы сарбаздарға жеңіске деген сенімді ұялатып, ерлігі мен қайсарлығы арқылы олардың рухын көтеріп, үлгі көрсете білетін нағыз қолбасшы еді».

1942 жылдың мамыр-тамыз айларында Ғали Әділбеков Мәскеуде командалық құрамның академиялық біліктілігін арттыру курстарында оқыды. Оны аяқтаған соң, 47-ші жеке танк бригадасын (II ф.) құру міндеті жүктелді. Әскери жолын капитан шенінде бастаған ол, осы жылдың жазында подполковник шенін алды.

1942 жылдың 19 қыркүйегі мен 21 қазаны аралығында подполковник Ғали Әділбеков 47-ші жеке танк бригадасының командирі болды. Бұл кезеңде ол Орта Азия халықтарының арасынан Совет-герман соғысында жеке танк бригадасын басқарған жалғыз қазақ офицері еді. Бригада командиріне берілген әскери мінездемеде былай делінген: «Ғали Әділбекұлы басқарған танк бригадасы Морозовский станциясы маңында күтпеген жерден жаумен бетпе-бет шайқасып, қарсыласқа ауыр соққы берді».

Бұл шайқастар Сталинград үшін болған атақты ұрыстардың бір бөлігі еді. Осы шайқас кезінде командир Әділбеков ауыр жараланып, өртенген танк ішінен әрең шығып үлгереді. Оның жанқиярлық ерлігі «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен бағаланды.

Ғали Әділбекұлының ауыр жарақат алуына байланысты, өзі басқарған 47-ші жеке танк бригадасы таратылып, кейіннен 139-шы танк полкі болып қайта құрылды.

1942 жылдың қазан айынан бастап өмірінің соңына дейін Ғали Әділбекұлы Әділбеков 47-ші жеке гвардиялық бұзып өту танк полкінің командирі ретінде майданның алдыңғы шебінде жүрді. Оның басшылығындағы бұл әскери бөлім қысқа мерзім ішінде ең таңдаулы полктердің біріне айналды. Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор К.А.Малыгин бұл туралы былай деп еске алды:

«Подполковник Ғали Әділбеков басқарған 47-ші гвардиялық танк полкі майданға кірген күннен бастап-ақ үздіктер қатарынан көрінді».

1943 жылдың күзінде Сумы-Прилуки бағытындағы кеңестік шабуыл операциясы кезінде полковник Әділбековтің танк полкі генерал-лейтенант Павел Рыбалко басқаратын 3-ші гвардиялық танк армиясының авангарды құрамында Днепр өзеніне дейін қарқынды шабуылмен жетті. Днепрден өту кезінде танкішілер Букрин плацдармын жаулап алып, оны ұстап тұру үшін жан аямай күресті. Бұл шайқастар Совет-гермен соғысы тарихындағы ең қанды және шешуші ұрыстардың бірі болып саналады.

Букрин плацдармында кеңес әскері Киевті жаудан босату үшін екі рет ірі шабуылға шықты. Алайда жаудың қарсылығы өте күшті болғандықтан, шабуыл сәтсіз аяқталды. Осындай ауыр ұрыстар кезінде, 1943 жылдың 21 қазанында, Луковицы ауылы маңында болған кескілескен танк шайқасында гвардия подполковнигі Ғали Әділбеков ерлікпен қаза тапты. Ол өмірінің соңғы минутына дейін қол астындағы сарбаздарын алға бастап, ерліктің қайталанбас үлгісін көрсетті.

Әділбеков майдан даласында көз жұмған сәтінде Орталық Азия халықтары арасынан Совет-герман соғысында жеке гвардиялық танк полкінің командирі дәрежесіне жеткен жалғыз офицер еді.

Ғали Әділбеков – тек батыр қолбасшы ғана емес, отбасының да берік тірегі болған жан ед деп еске алады туыстары. Өмірлік зайыбы Меңжиан Ілиясқызы Әділбекова (қыз кезіндегі тегі – Валиева), 1912 жылы Алтай өлкесі, Славгород ауданы, Назаровка ауылында туған. Ол тоғыз жасынан жетім қалып, өмірдің қиындықтарын ерте көрген әйел еді. Олардың ортақ бір ұлы, бір қызы және асырап алған жәні бір баласы болды. 

Ұлы Әлім Ғалиұлы Әділбеков 1938 жылы Түмен қаласында дүниеге келген. Әке жолын қуып, халқына адал қызмет етті. Қырғыз КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінде басқарма меңгерушісі, Қырғыз ССР Мемлекеттік еңбек комитетінің алқа мүшесі, Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінде директор, тәуелсіз Қазақстан тұсында ҚР Еңбек министрінің бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Ал қызы Роза Ғалиқызы Әділбекова 1929 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы болып, талай шәкірттің білімді азамат болып қалыптасуына еңбек сіңірген. Ғали Әділбекұлы асырап алған қызы Фарида Шәкірқызы Ахмадиева 1924 жылы туған. Ол да білім беру саласында еңбек етіп, ұстаз ретінде қоғамға үлес қосты. Ғали Әділбекұлы Әділбеков халқына адал қызмет етуді ұрпағына мұра етіп қалдырған өнегелі әке, қадірлі азамат ретінде де ел жадында сақталған. 

Ғали Әділбекұлы Әділбеков Совет-гермен соғысы жылдарында көрсеткен батылдығы мен әскери шеберлігі үшін бірнеше жоғары марапаттарға ие болған екен. Олардың ішіндегі ең басты, маңыздыларына тоқталсақ, 1942 жылы 13 ақпанда тапсырылған Қызыл Ту ордені, 1943 жылы шілде айында берілген «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі, 1943 ж. қайтыс болғаннан кейін Қызыл Ту ордені және 1943 жылы қыркүйекте тапсырылған есімі қашалып жазылған естелік сағат. Бұл марапаттар – оның Отан алдындағы адалдығы мен майдандағы ерлігінің куәсі. 

Шындығында да, соғыс кезінде екі мәрте Қызыл Ту орденімен марапатталғандардың ерлігі Совет Одағының Батыры атағына лайық деп бағаланатын. Бұл орден әскери ерлігі, батылдығы мен стратегиялық шеберлігі үшін берілетін аса жоғары марапат болатын. Алайда Совет әскерінде ұлт өкілдерін марапаттау кезінде әділетсіздік пен кемсітушілік орын алғаны жасырын емес.

Әсіресе, соғыс жылдарында көптеген қазақ жауынгерлерінің ерлігі лайықты бағаланбағаны немесе әдейі еленбей қалғаны – бүгінгі тарихта жиі айтылып жүрген шындық. Ғали Әділбеков секілді батырлардың да советтік жоғары марапаттарға ұсынылып, бірақ түрлі себептермен атақ берілмеген жағдайлары болған сияқты. 

Жоғарыда есімі аталған маршал И.Якубовский: «Танк бригадасының қолбасшысына генерал атағы міндетті түрде берілуі керек еді. Дарынды орыс еместерді ең жауапты әскери міндеттерде кеңінен пайдаланды, алайда олардың ерлігін лайықты атақпен бағалауға келгенде әділетсіздік орын алды. Олар әскери атақтан да, Батыр атағынан да тыс қалды», – деп мойындаған болатын.

Ғали Әділбековтің екі мәрте Қызыл Ту орденімен марапатталуы оның шын мәнінде Совет Одағының Батыры атағына лайық екенін дәлелдейді. Бірақ соғыс кезінде орын алған осындай кемсітушілік фактілері қазақ халқының талай батыр ұлдарына әділетсіздік жасаған еді. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осы тарихи шындықты әділетті түрде бағалап, батыр бабалардың есімін құрметпен есте сақтау.

Гвардия подполковнигі Ғали Әділбекұлы Әділбеков Украинадағы Киев облысы, Переяславский ауданы, Луковицы ауылындағы бауырластар зиратына жерленген. Бұл жерде қанды шайқаста қаза тапқан жүздеген жауынгер мәңгі тыныс тапқан. Қазіргі күні Луковицы ауылындағы мектепте арнайы Әскери даңқ мұражайы жұмыс істеп тұр. Осы мұражайда командир Ғали Әділбековтің жеке заттары мен өміріне қатысты жәдігерлер сақталған.

Алматыдағы округтік офицерлер үйіндегі мұражайда аты аңызға айналған генерал Панфиловтың қызы Валентина Панфилова негізін қалаған экспозицияда Ғали Әділбековке арналған жеке стенд қойылған.

Алайда танкті ұршықша үйірген атақты Жұмаш Рахметов секілді Совет-герман соғысында талай мәрте ерлік жасап, танк ұрыстарының нағыз шебері, тактик қолбасшы ретінде танылған Ғали Әділбековке «Совет Одағының Батыры» атағы берілген жоқ. Оның есімі Қазақстанда да, Ресейде де, Беларусьте де, Украинада да мектептер мен көшелерге қойылмаған. Қазақстандағы мектеп оқулықтарынан және соғыс ардагерлері туралы еңбектерден де бұл батырдың аты-жөні кездеспейді. Осылайша батырдың есімі тарихтың тасасында қалып отыр.

Ғали Әділбеков туралы ерекше деректерге оның Мәскеудегі И.В.Сталин атындағы Броньды танк әскерлері академиясын аяқтаған алғашқы және жалғыз қазақ офицері болғанын, қаза тапқан сәтінде жеке гвардиялық танк полкінің командирі шеніне ие болған Орта Азия халықтары арасындағы жалғыз офицер екенін айтсақ, бұл қазақтың тегін жан болмаған байқаймыз.

Қазіргі буынның міндеті – есімі әділетсіз ұмытылған осындай батырларды ел тарихына қайтару, олардың ерлігін келешек ұрпаққа жеткізу. Ғали Әділбековтің ерлігі мен есімі қазақ тарихында құрметке лайық орын алуы тиіс.

Изображение выглядит как Человеческое лицо, одежда, человек, джентльмен

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.
47-ші жеке танк бригадасының командирі, гвардия подполковнигі Ғали Әділбеков
Изображение выглядит как Человеческое лицо, человек, одежда, униформа

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.
И.В. Сталин атындағы Броньды танк әскерлері академиясының түлегі Ғ. Әділбеков
121-ші танк бригадасы командирінің орынбасары Ғали Әділбеков(оң жақтан екінші)
121-ші танк бригадасының командирлері, сол жақта бригада командирінің орынбасары, майор Ғ. Әділбеков. 1942 жылдың көктемі
121-ші танк бригадасы командирінің орынбасары Ғали Әділбеков
undefined
Ғали Әділбековті марапаттау қағазы
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?