Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұнайшы Зәуре: Қазақтан шыққан тұңғыш мұнайшы әйел туралы дерек табылды

72
Мұнайшы Зәуре: Қазақтан шыққан тұңғыш мұнайшы әйел туралы дерек табылды - e-history.kz

Сурет: kmg.kz сайтынан алынды

Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығына орай алғашқы мұнайшы әйел - Зәуре Құмарованың еңбегі ұлықталуда.

Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында кәсіпорын тарихын терең зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 70 мыңнан астам құжатты қамтитын өндірістік архивте сақталған 20 мыңға жуық жеке іс қағазының арасынан табылған тың деректер зауыттың алғашқы қызметкерлерінің бірі – Зәуре Құмарованың есімін жарыққа шығарды. Осылайша Зәуре Құмарова мұнай өңдеу саласында еңбек еткен тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихқа еніп отыр.

Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда мамандар мен архивистер 1944-1978 жылдары аралығын қамтитын 9734 мұрағаттық материалдың 3736-сын қарап үлгерген. 

Отбасылық фото

Еңбек жолының бастауы

1928 жылы Атырау облысының Бақсай ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген Зәуре бала кезінен өмірдің ауыр сынақтарына тап болды. Әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдер үйінде тәрбиеленген ол 1943 жылы Жамбыл мектебінің 5-сыныбын бітіріп, Гурьевтегі №9 қолөнер училищесіне түседі. 1945 жылы оқуын тәмамдаған Зәуре небәрі 17 жасында, 29 қарашада №441 мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданады. Алғашқы қадамын электр-дәнекерлеуші болып бастаған ол бір айдан соң №1 цехқа оператордың көмекшісі ретінде ауысады. Кәсіби біліктілігі мен еңбекке деген адалдығының арқасында 1947 жылы оператор қызметіне тағайындалады.

З.Құмарованың Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған кезі

Қоғамдағы көшбасшы

Құжаттар Зәуре Құмарованың тек өндірісте ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді болғанын көрсетіп отыр. Зауыттың ұсынысымен 1959 жылы 5 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Сол кезде Жоғарғы Кеңестегі жалғыз қазақ қызы атанған Зәуре бұл жетістікпен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосты. 

Оның архивте сақталған өз қолымен жазған өмірбаянында отбасы, еңбектегі қиындықтары мен жетістіктері туралы шынайы әрі толық мәлімет берілген. 

Архивтік құжат

«1943 жылы Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының мүшесі атандым. 1948 жылы тұрмысқа шықтым. Жолдасым – Бердихан Кузембаев, 1926 жылы туған. Ол – Ұлы Отан соғысының 2-топ мүгедегі. Ұлым Асқар 1949 жылы, қызым Ботакөз 1951 жылы дүниеге келді», – деп жазады ол.

Сондай-ақ өзінің бір кездері істі болып кете жаздағанын жазады. Айтуынша, жұмыстан кешіккені үшін, айыпты болып, жаза арқалап кете жаздаған. 

«Өзім 1946 жылы 30 минут жұмыста болмағаным үшін істі болдым. Мемлекет пайдасына 3 айға жалақымнан ақы ұстап қалу туралы шешім шығарылды. 1951 жылы 14 маусымда жоғары кеңестің жарлығымен соттылығым алынып тасталды. Жолдасым №8 цехта машинист болып қызмет атқарады. Мекен-жайым Тұрғын үй қалашығы Севостополь көшесі 8 үй 5 пәтер» деп жазылған Зәуре Құмарованың өз қолымен толтырған құжатта.

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметіндегі мамандар  тарихи құжатта көрсетілген мекен-жайға барады. Абырой болғанда, аталмыш мекен-жайда  қазақтан шыққан алғашқы мұнайшы - Зәуре Құмарованың кенже қызы Гуля Бердіханқызы тұратын болып шығады. Осылайша күтпеген жерден ардагер мұнайшының ұрпақтары табылып, Зәуре Құмарова турал тың деректер табыла кетеді. 

Айтпақшы, тіркеу құжаттарында Зәуре Құмарованың төрт баланың анасы екені көрсетілген.  

Кенже қызы Гуля Бердіханқызы анасының естеліктерін былай деп тебірене еске алады: 

«Анам өндіріске бала кезімізден араласып кеттік деп айтып отырушы еді. Көп техникаға бойымыз жетпейтін. Аяғымыздың астына орындық қойып, 16 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істедік. Бізді ешкім аямайтын. №1 цехта жұмыс істеген кезімізде аптап ыстықтан дем алу мүмкін болмайтын. Соған қарамастан, елге қызмет ету біздің міндетіміз деп санадық дейтін.  

Сондай-ақ ол аналарының жұмыстан бос уақытында қолғап тоқып, тағы басқа да керек заттарды дайындап майданға жіберіп отырғанын айтады. 

«Анам көрген фильмдер мен оқыған кітаптарын әңгімелегенді ұнататын. Біздің есімдерімізді – Асқар, Ботакөз, Амантайды кітап кейіпкерлерінен алған. Менің есімімді майдан ұшқышы Гуля Королеваның құрметіне қойғанын айтып, ренжігенімде жұбататын». Гуля апайдың сөзінше, Зәуре халықтың тұрмысын жақсартуға жанын салған. Екі ағайынды болған ол інісінің ерте қайтыс болғанына қатты қайғырғанын жиі еске алып, көз жасын тыя алмайтын еді.

Гуля Бердіханқызының айтуынша, оның үлкен ағасы Асқар Башқұртстандағы қазақ диаспорасын басқарған. Ол да анасы сияқты қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қазақтарды бір шаңырақ астына жинаған.

балалары 

Немересі Қаламқас Аубекерова бүгінде зауыттың орталық зертханасында химиялық талдау лаборанты болып қызмет етеді. 

«Біз әжеміздің еңбегі мен адалдығын үлгі етеміз. Мен әжемнің жолын жалғап келемін деп есептеймін. Әжем туралы әлі күнге дейін зауытта жылы естеліктер айтылады. Ол көптеген жұмысшыларға баспана алып беру, қызметке орналастыру, білім алуына ықпал ету сынды әлеуметтік мәселелерді шешуге көп көмектесті», – дейді Қаламқас.

Зәуре Құмарова  туралы алғашқы тың тарихи деректерді Атырау мұнай өңдеу зауытының корпоративтік  газетінің редакторы Арайлым Қабдешова архивист мамандармен бірге анықтағанын айта кеткен жөн. 

Архивтік зерттеу жұмыстары зауыттың бас директоры (АМӨЗ) Ғалымжан Жусанбаевтың тапсырмасымен жүзеге асып отыр.

Өз заманының озық ойлы, қайсар мінезді қызы болған Зәуре Құмарова 1974 жылы денсаулығына байланысты жұмыстан босатылған. 

1975 жылы 30 жылдық еңбек өтілімен II топ мүгедегі ретінде жұмыстан зейнетке шығады. 2008 жылы 80 жасында өмірден өтті.

Оның есімі қызмет еткен жылдарда бірнеше рет зауыттың Құрмет тақтасына еніп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Атырау Мұнай өңдеу зауыты - Қазақстандағы мұнай өңдеудің негізін қалаған кәсіпорын саналады. Оның құрылуы мен өркендеуі Қазақстанның экономикасын нығайтып, мұнай-газ саласын дамытуға зор үлес қосты.

Құрылу тарихы

Атырау мұнай өңдеу зауытының негізі 1945 жылы қаланды. Ресми түрде сол жылы 29 қарашада іске қосылған кәсіпорын алғашқы кезде №441 зауыт деген атпен белгілі болды. Бұл кезеңде Ұлы Отан соғысы аяқталып, елдің қайта қалпына келуіне қажетті отын мен энергия ресурстарына деген сұраныс артып тұрған еді. Гурьев (қазіргі Атырау) қаласының мұнайға бай аймақта орналасуы зауыттың осы жерде салынуына себеп болды. Алғашқы жылдары зауыттың қуаты шағын болғанымен, ол тез арада дамып, елдің отынмен қамтамасыз етілуіне негіз қалады.

Даму кезеңдері

Зауыттың алғашқы өнімі – авиациялық бензин болды, ол соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына және әскери мақсаттарға пайдаланылды. 1950-60 жылдары кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа технологиялар енгізілді. Бұл кезде дизель отыны, мазут және басқа да мұнай өнімдерінің өндірісі жолға қойылды. 1970-80 жылдар зауыт үшін өрлеу кезеңі болды: өндіріс қуаты артып, Қазақстанның мұнай өңдеу саласындағы көшбасшысына айналды.

Кеңес Одағы тарағаннан кейін, 1990-жылдары зауыт экономикалық қиындықтарға тап болғанымен, тәуелсіздік алған Қазақстанның қолдауымен қайта жанданды. 2000-жылдардан бастап модернизацияға басымдық беріліп, халықаралық стандарттарға сай жабдықтар орнатылды. Бүгінде зауыт жылына 5,5 миллион тоннаға жуық мұнай өңдеп, бензин, дизель отыны, авиациялық керосин сияқты жоғары сапалы өнімдер шығарады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?