
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханасында журналист әрі IT маманы Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітабының таныстырылымы болып өтті. Бұған дейін Алматы қаласында тұсау кесіліп, оқырман назарына ұсынылған бұл кітап қазіргі таңда жасанды интеллект тақырыбына қызығушылық танытушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып үлгерді. Тұсаукесер шараға Бас редакторлар клубы бастамашы болғанын айта кету керек.
Кітаптың таныстырылымына қаламгерлер мен журналистер, кітапханашылар қатысып, кітаптың маңызы мен қоғамда алатын рөліне қатысты өз ойларын ортаға салды.
Бас редакторлар клубының президенті әрі Парламент Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбайдың айтуынша, бұл кітап заман ағымына сай білім мен технологияны ұштастыратын, жасанды интеллект әлеміне жол көрсететін кітап.

«Өздеріңіз білетіндей жақында Алматы қаласында кітаптың тұсауы кесілген болатын. Бүгін осы шараға дейін Парламент қабырғасында таныстырылды. Оның өзіндік себебі бар. Себебі, қазір Мәжіліс Жасанды интеллект туралы заң жобасын даярлап жатқанын білесіздер.
Жалпы ғылыми технологиялар саласында жасанды интеллект үлкен революция жасауда. Алып елдердің барлығы, әлемдік ірі компаниялар осы салаға түбегейлі бет бұрып, ауқымды қаражат құйып жатыр. Өйткені, алдағы жылдары жасанды интеллект саласына кім иелік етсе, әлемге соның иелік ету мүмкіндігі зор.
Қазақстанның да бұл салада нақты стратегиясы, белгілі бағыт-бағдары бар. Себебі, XXI ғасыр – технологиялық серпілістер ғасыры. Осы үдерістің алдыңғы қатарында жасанды интеллект тұр. ЖИ - тек цифрлық технология ғана емес, ол қоғамның дамуын түбегейлі өзгертуге қабілетті күш. Бұл үрдісті Мемлекет басшысы да терең түсініп, бұл саланы ұлттық басымдық ретінде белгілеп отыр.
Президент өз сөзінде «Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет», – деген болатын.
Президенттің бастамасымен 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл стратегиялық құжат Қазақстанда ЖИ технологияларын жүйелі әрі қауіпсіз түрде енгізуге арналған.

Сонымен қатар, Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы ұсыныс жасалды. Бұл орталық халықаралық мәртебеге ие болып, аймақтағы жетекші технологиялық хабқа айналады деп күтілуде.
Президент ЖИ технологиялары алаяқтар тарапынан пайдаланылуы мүмкін екенін де ашық айтты. Фото, видео немесе дауыс арқылы жасанды материалдар жасау - қоғамға қауіп төндіреді. Осы орайда, ол ЖИ-ді реттейтін заңнамаларды шұғыл қабылдауды ұсынды.
ЖИ саласында білікті маман тапшылығы байқалады. Осы мәселені шешу үшін Президент жоғары оқу орындары мен халықаралық IT-компаниялар арасында серіктестікті дамытуды тапсырды. Бүгінде елімізде Google, Huawei сынды ірі компаниялардың оқу курстары ашылып жатыр.
Осындай үлкен өзгерістер дәуірінде жалпы халыққа арналып қазақ тілінде мазмұнды кітаптың жарық көруі айтулы оқиға», - деп атап өтті Бибигүл Нұрғалиқызы шараны ашып тұрып.

«QazContent» АҚ Басқарма төрағасы Айна Задабекқызы да жас маман Мейіржан Әуелханұлының бұл еңбегінің маңызына тоқтала келе қазіргі таңда ЖИ-дің қоғамның әрбір саласына еніп жатқанын айтады. Айтуынша, қоғамға ЖИ ұғымының келіп кіруі – жас мамандарға әсіресе журналистерге нағыз шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік тудырып отыр.
«Жасанды интеллект - қорқатын дүние емес. Керісінше мүмкіндік алаңы болып отыр. Оқиға орнынан шынайы ақпарат алу, эксклюзивті материалдар іздеу, креативті ойлау деген сияқты үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Замана көшінен қалмайық деп, «QazContent» АҚ аясында мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыратын медиа компаниясы ретінде жасанды интеллекті дамыту кеңесі құрылып жатыр. Қызметкерлерімізге мамандар келіп жасанды интеллекті қолдануды үйрететін тренингтер өткізіп жатыр. Солардың ішінде осы Мейіржанды шақырып, екі күндік үлкен тренинг өткіздік», - дейді Айна Задабекқызы.
Кітап авторы Мейіржан Әуелханұлы жаңа еңбекті таныстыра келе, кітаптың алғашқы жүз бетінің жасанды интеллект саласындағы негізгі терминдер мен ұғымдарға берілген анықтамалықтан тұратынын, қалған екі жүз беті, яғни үштен екі бөлігі жасанды интеллектіні қолдану нұсқаулығынан, яғни промттардан тұратынын жеткізді.
«Бұл кітап – қазақ тіліндегі жасанды интеллект әлеміне алғашқы жол басшы. Біз технологиялық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан жасанды интеллект негіздерін білу әрбір азамат үшін маңызды. Кітапта тек теория ғана емес, нақты тәжірибелік қолдану мүмкіндіктері де қамтылған», – дейді кітаптың авторы.
Сондай-ақ, ол түркі елдерімен серіктестік жасап, бірге жұмыстар жүргізіліп жатқандарын атап өтті. Жоба ішінде түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект саласындағы сөздігін жасау мәселесі де бар.

Таныстырылым барысында TurkAI – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілер қауымдастығының құрылғаны хабарланды. Сондай-ақ салалық «AI-hub» компаниясы мен ai-hub.kz сайты таныстырылды.