
Кең жаһанда көшпелі тірлік кешіп, аспан әлемінің, Айдың, Күннің, жұлдыздардың қозғалысын қалт жібермей бақылаған дана бабаларымыздың мыңдаған жылдарғы тәжірибесі астрономияның негізін салды. Жерді көк өгіз мүйізімен көтеріп тұр деп сенген, сананың балаң дәуірінің өзінде, қалайда, Айдың жерге, жердің Күнге тәуелді қозғалысы 365 тәулік шеңберінде дөңгелейтінін, сол “дөңгелектің” тіршілікті қайта түлетер тұсы, осы заман тілімен айтсақ, жаңа жыл – наурыз айы екенін дөп басып білгеніне қалай таңданбассыз! Сонау бағзы дәуірден бастау алатын күллі шығыс халықтарының төл мерекесі, жыл басы – наурыз – осындай астрономиялық есептің жемісі, наным-сенім мерекесі ғана емес, ғылыми негіздегі жақсылық нышанды қарсы алу мерекесі.
Ата-бабамыздан мирас болып қалған осы бір айтулы мерекемізді осыдан 150-дей жылдың алдында жат жерге қоныс теуіп, қара орман қалың қазақтан қағаберіс қалған Монғолиядағы ат төбеліндей азғана наймандар мен керейлер 1930 жылдардың ортасына дейін тойлап келді. 1921 жылы Кеңес үкіметінің «кенжесінің» отауы болып қолтығына кірген Моңғолияда да қызыл партия, мемлекет салт-сана, дәстүрге, дінге шектеу қойды. Монғолдардың жыл басы мейрамы «Цагаан сар» (Шаған) мен қазақтардың Наурыз мерекесін күресінге лақтырды. Бірақ, тамыры тарих тереңіндегі дәстүр салтты санадан біржолата жойып жіберуге коммунистік идеологияның қауқары жетпеді. Әсіресе, ауылдық жерде әр сайда мал қамымен екі-үш үйден қыстап отыратын малшыларға бақылау қойып, «Шаған» мерекесін тойлатпау мүмкін болмады. Сондықтан үкімет «Шаған» мерекесін «Малшылар күні» (Ол кезде малшылардың меншік малы деген жоқтың қасы, бірлестіктің (колхоз) малын бағатын) деген атпен тойлауға рұқсаттаған шешім қабылдады. Бұл шара осы елдегі аз қазақтың өздерінің ұлтық мерекесі наурызды да ұлан-асыр той болғызбаса ды атап өтуіне мүмкіндік туғызды. Ал, 1990 жылғы демократиялық төңкерістен соң шаған да, наурыз да толық қанды түрде тойлана бастады.
Монғолияның еңбек туралы заңына сәйкес жыл басының алғашқы үш күні демалыс болып есептеледі. Ал Монғолияның қазақ ұлттық аймағы Баян-Өлгийде осы үш күндік демалыстың бір күні наурыз мерекесіне шегерілген.
Монғолдардың жыл басы мерекесінің наурыздан айырмашылығы шамалы. Тарих зерттеушілерінің бірі монғолдарды діні басқа, нәсілі жат қазақтың ата жауы ретінде көрсе, екінші біреулері монғолдардың ата тегі қият пен қыпшақты бірге туыстырып жүр. Бұл қисынға келеді. Тіпті, Шыңғыс ханды жалайырға жатқызып, қандас туысқанымыз деп дәлелдеуге тырысатындар да бар. Қалайда, монғол мен қазақ бірге туыспаса да арғы тегіміз, әуелгі дініміз, тұрмыс- салтымыз біртұтас халық екенімізді жыл басын тойлау дәстүрімізден де айқын аңғаруға болады.
Монғолдардың шаған мерекесінің наурыздан басты айырмашылығы – жыл санаудың Шығыс Азия халықтары ортасына кең тараған «Қасиетті жыл санау» («Билгийн тоолол») күнтізбесін пайдалануы. Бұл күнтізбені бұрын түркі тектес халықтардың барлығы да пайдаланған. Кейіннен мұсылман дінін қабылдаған түрік тектес халықтар «қыжыра» күн тізбесін пайдалануға көшкені белгілі.
«Қасиетті жыл санау» үрдісі де – аспан денелері қозғалысы негізіндегі, 12 жәндік атымен аталған 12 жылдық мүшелден және 12 айдан, 365 күнен құралған дәстүрлі үлгі. Басқа жыл санаудан айырмашылығы, әрі ерекшелігі бір ғасыр 100 жыл емес 60 жылмен есептеледі. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген мақал да осыдан қалса керек. (Бір ғасыр жасаған). 60 жылда 12 жылдың әрқайсысы бес реттен қайталанатыны белгілі. Сол бес жылдың әрбіреуі от, су, топырақ, темір, ағаш жылы деп өз-өзіндік ерекшелігімен аталады. (от тышқан жыл, су тышқан жыл деген сияқты). Сіздің туған жалыңыз шын мәнінде бес мүшелі өтіп, 61 жасқа толғанда ғана нақты қайталанады. Басқаша айтқанда, жоғарыдағы бес түрлі жылдың әрқайсысының қайталанбас ерекшелігі барын шығыс халықтары бағзы заманнан біліп, әр пенденің жұлдызын болжай білген. 60 жылды ғасыр деу де осыған саяды.
Міне, осы жыл санау бойынша жыл басы ақпан айының орта тұсына дөп келеді. (Әр жылы әр қалай). Бұл күнді монғолдар жыл басы ретінде «Цагаан сар» (қазақша сөзбе-сөз аударсаңыз «ақ ай» деген мағына береді) деп атап ерекше тойлап өткізеді. Ал, наурыз атауы парсының «Жаңа күн» деген сөзінен шыққанын ескерсек, «Ақ ай» да «Жаңа күн» де алғашқыны, қастерлілікті, пәктікті білдіретінін, үндестік барын аңғару қиын емес.
Наурыз, шаған мерекелерінің негізгі рәсімдері мен тойлау салт-дәстүрлері де бір-біріне өте ұқсас. Наурызбен бірдей шаған мерекесіне де дайындық тазалықтан, қағынып- сілкінуден, барынша жаңа, таза, сәнді киім кешек әзірлеуден басталады. Шыққан күннің алғашқы шапағына тәу етіп қарсы алу, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу, бір-бірімен реніштерін кешіп, татуласу монғолдар үшін де ұлыстың ұлы күнімен қауышудың негізгі шарттары.
Сонан соң ғана үй-үйге, ауыл-ауылға қыдырып, жасы үлкендерге сәлем беру, ат басты қобызға (морин хуур) қосылып ән айту, би билеу, садақшылар мен палундар сайысы, бәйге дегендей мерекелік қызық думанға ұласады.
Наурыз мерекесінің дастарқан мәзірі бас, жамбас, мұның сыртында жеті түрлі дәм қосылған көже болса, монғолдар шаған мерекесінде міндетті түрде қойдың бұзылмаған ұшасын(құйрығымен) тартады. (Ұша асу дәстүрі қазақта да болған. Тіпті батыс обылыстардың кей өңірлерінде күні бүгін сақталған). Ағаштан бедерлеп ойылған қалыппен істелген сопақ пішінді (ул боов) бауырсақты табаққа қыздың жиған жүгіндей етіп қаттап, үстіне құрт, ірімшік, тәтті-тәпсек дегендей өзге дәммен толтырады. Монғолдардың шаған мерекесіндегі ауыз тиетін алғашқы дәмі шай емес, өздерінің айран, сәттен қарапайым әдіспен тартқан шамасы 10-15 градустық шараптары. Мұны да бет алды артық ішпейді. Бір ыдыспен айналдырып, аздап ауыз тиеді.
Біз наурыз мерекесінде жасы үлкендерге сәлем беріп, «ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, пәле-қала жерге енсін деген сияқты тілек айтып, төс қағыстырамыз. Шаған мерекесіндегі сәлемдесу, бата, тілек те осыған өте ұқсас. Жасы кішісі екі қолын ұсынғанда, үлкені екі шынтағын оның қарының үстіне қояды.
Мұның барлығынан наурыз, шаған мейрамдарының негізгі дәстүр-салты, жол жоралғылары бірдей екенін аңғаруға болады.
Монғолдардың артықшылығы – бізден ойлағанда дәстүр-салтқа әлде қайда берік. Бұрынғы салт-сана қаз қалпында бұлжымай сақталған деуге болады. Еңкейген кәріден еңбектеген жасқа дейін шаған мерекесінің келуін жыл сайын асыға күтеді. Бар дән-дәулетін сол күнге арнайды.
Монғолияда Монғолдар мен Қазақтардың сыйластығының, береке бірлігінің басы да екі ұлттың дәстүрлі шаған, наурыз мерекелерін бірлесе тойлаудан басталады десек артық айтқандық емес. Қазақтар шаған мерекесі кезінде ауылдас, дос-жаран, тамыр-таныс Монғол ағайындарды міндетті түрде мерекелерімен құттықтап, сәлем беріп, дастарқандарында бірге болады. Көп нәрсеге мән бере бермеитін монғол ағайындар өзгеге режімесе де шаған тойында сәлем бермесеңіз шындап тұрып өкпелейді. Ал, өздері де қазақ ағайындарын наурыз мерекесімен құттықтауды естерінен шығармайды. Осылайша Монғолия қазақтары бір-бірімен дәстүр жағынан сабақтас наурыз бен шаған мерекелерін жыл сайын бірге тойлап өткізеді.
Бодаухан Тоқанұлы
ҚР Жазушылар одағының мүшесі