Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тыл ардагерлерінің тағылымды тарихы

90
Тыл ардагерлерінің тағылымды тарихы - e-history.kz

Еліміздің өткен өміріндегі белестеріне көз жіберер болсақ, Екінші Дүниежүзілік соғысының отты жолдары еске түсетіні белгілі. Бұл бүкіл халықтың басына туған қиынқыстау кезең еді. Әйтсе де майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халықтың жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. 

«Соғыс болып жатқан кезде бізді Рушанов деген колхоздың жұмысына апарып жүрді. Масақ тердік. Ана өгізбен арбаға көше тасуға тура келді. Одан кейін шойын жол бойында, айталық, бір метрлік ағаштарды тиеуге апарып жүрді. Біз ол кезде ересектеу балалар едік. Сондықтан көмектесуге совхоздың барлық шаруаларына жұмсап жатты», – дейді тыл ардагері Исламбек Қамажанов.

Бұл оқиға бүгінде сабырмен айтылғанымен, сол бір ажал отын шашқан қан майдан жылдарында қорқынышпен еске алынатын. Соғыс кезінде тыл еңбеккерлерінің еңбегі орасан зор болды. Жұмысшылар жоспарды орындау үшін күні-түні аянбай тер төкті. Олардың есею кезеңі ел басына түскен ауыртпалықпен тұспа-тұс келіп, буындары бекіп, омыртқалары қатпаған күйі бар қиындықты үлкендермен бірге көтеріп, қолдан келген көмектерін аямады.

«Оқып жүргеннің өзінде түске дейін сабақ оқысақ, түстен кейін бізді өгіз арбамен Зайсан қаласына жақын орналасқан колхоздарға апаратын. Кейбірі жеті, он бес, жиырма шақырым жерде болатын. Сол жерлерге барып, түстен кейін қандай жұмыс бар, соған көмектесетінбіз. 1944 жылы апайыммен бірге Зайсандағы Жамбыл деген колхозға көшіп бардық. Мен сол кезде педучилищеде үздік оқығанмын. Ол заманда мектептер жеті жылдық және он жылдық болатын. Сол жеті жылдық мектепке мені мұғалім етіп жіберді. 1944 жылы, он жеті жасымда ауылға мұғалім болып бардым. Сол кезде еңбектің ең үлкені де, ең ауыры да сол жерде еді. Жанұямызбен бірге сонда тұрдық. Өте жұмысбасты болдық. Бірінші сменде балаларды оқыттық, екінші сменде халықпен бірге әртүрлі жұмыстар атқардық», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.

Хадиша Мұхамеджанова мен Исламбек Қамажанов – колхоз жұмысын белсене атқарған жандардың бірі. Еңбекқор жастар «Далада бір дән қалмауы керек» деген ұранды жандарына серік етті. Сол кездің жастары елінің нағыз патриоты еді деп еске алады бүгінде қариялар.

«Сонда бізді қысып, қинап жатқан ешкім болған жоқ. "Бармаймыз", "ауыр болады" деген сөз ол кезде айтылмайтын. Опалин өте қиын, ауыр жұмыс болатын, бірақ соған қарамастан бардық. Ол кезде біз секілді студенттер де, жалпы өмір сүрген жастар да, орта жастағы кісілер де ерекше еді. Бас тарту деген болмайтын. "Мынаны істемеймін", "жұмыс ауыр", "жаныма қиын" деген сөздер мүлде айтылмайтын. Біз жанымызды салып еңбек етсек, соғыс тезірек бітеді деп сендік. Жан-тәнімізбен, барлық үмітімізбен, құштарлығымызбен соғыстың аяқталуын күттік. Қандай жұмысқа жұмсаса да, бәрін мойынсұнып атқардық. Ол кездегі жастардың патриотизмі дәл осындай болатын», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.

1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан майданға 4 111 трактор, 1 184 жүк көлігі және 30 318 жылқы жіберілді. Соның салдарынан соғыс жылдары егін салу жұмыстарының 50 пайызын ірі қара мал атқарды. 1944 жылы колхоздағы еңбекке жарамды ерлердің үлесі небәрі 20 пайызды құрады, ал әйелдер 58 пайызды, жасөспірімдер 22 пайызды құрады.

Тылдағы еңбеккерлер жоғарыдан берілген жоспарды орындау жолында күні-түні аянбай тер төкті. Майдан мен тылдың бірдей қимыл-әрекеті, толассыз еңбегі Ұлы Жеңісті жақындатты. Сол бір қиын жылдардың ізі ел жадынан әлі күнге дейін өшкен жоқ. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ болмады. Майдан мен тыл деген тек атауы ғана өзгеше еді. Бірі — қолына мылтық ұстап соғысты, екіншісі — мылтықсыз майданда еңбек етті. Екеуі де жанкешті күрес болатын.

«Бірде қуандық, бірде жыладық. Иә, жыладық та, қуандық та. Соғысқа кеткен туыстарымның ішінен екі ағайымның бірі ғана аман оралды. Ал жезделерім, ағаларым, шешем жағынан нағашыларымның ешқайсысы қайтқан жоқ. Біздің көз алдымызда қалған, есімізде сақталған сол қиыншылықтарды айту оңай емес. Бірақ менің балаларым, немерелерім, ұрпағымның бәрі менің қалай өмір сүргенімді, елім үшін не істегенімді біледі. Бұл – мақтанғаным емес, бірақ мен оқытқан балаларым да, өз ұрпағым да бізді мақтан тұтады. Өйткені біз сондай адамдар едік», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.

Бүгінде өнегелі отбасы атанып отырған тыл ардагерлері Исламбек ата мен Хадиша апа сонау қиын-қыстау заманда сезімдеріне селкеу түсірмей, бірге өмір жолын бастаған. Үйленген кездері сол ауыр кезеңнің ең қуанышты сәттерінің бірі болды. Бақытты күндерін зұлмат соғысқа қиғанымен, кейінгі өмірлерінде қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісіп келеді. Дегенмен, жастық шақ қызықсыз өтпеген. Хадиша апа өзін алып қашқан сол бір сәтті әлі күнге дейін ұмытпаған екен.

«Үйленейікші деп айтты. Айтқанда, қызық қылып айтты. Екеуміз осылай дос болып жүрдік. Менің сокурсниктерімнің ішінде қырық жігіт, екі қыз болатынбыз. Сол қырық жігіттің бәрі: "Қадиша мен Сылаштың келешегі мықты екен, бауырлары берік екен. Екеуіне студенттік той жасап берейік", – деді. Ол жолдастарымның ұсынысы еді. Мен келісіп: "Той жасайық, жасайық", – дедім. Бірақ сөзімде тұрып, студенттік тойды қабылдамадым. Сөйтіп, бір күні грузовой машинеге тиеп алды да, қасымда апам, жездем бар, Тарбағатайдың Ақжар орталығына алып келді. Бұл оқиға 1952 жылдың тамыз айының соңында болды», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.

Тыл ардагері Исламбек Қамажанов сол бір тарихи күнді ерекше тебіреніспен еске алады. Соғыстың аяқталғаны туралы хабар жеткен сәтте халықтың қуанышында шек болмады. Ауыл адамдары бір-бірімен құшақтасып, көздеріне еріксіз жас алып, бұл ақжолтай хабарды бірінен соң біріне жеткізіп жатты. Қуаныш пен көз жасы қатар өрілді.

Жеңіс оңай келген жоқ. Тылда күн-түн демей еңбек еткен Исламбек атаның өзі де сол күнді асыға күткендердің бірі болатын. «Соғыс бітсе екен» деген арман қаншама жанды алға жетеледі. Ақыры Жеңіс күні келіп жетті. Ол күн – тек майдан даласынан емес, тылда жанкешті еңбек еткен жандардың маңдай терімен келген ұлы күн еді.

Исламбек Қамажановтың айтуынша, Жеңіс хабарын естіген сәт – оның өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі болды. Тек өкініштісі – соғыстан бәрі бірдей аман оралған жоқ. Бірақ ел амандығы үшін, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін бәріне төзіп, барын салған сол буынның еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.

«Соғыс бітті деп қуаныш бірінбірі құшақтап, бірінбірі сүйіп, айғайлап соғыс бітті деп айталық. Кейде кинода да сөйтіп көрсетіп жатады ғой. Дәл сол жағдай біздің басымызда да болды» - дейді тыл ардагері Исламбек Қамажанов.

Тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова сол бір ауыр жылдарды еске ала отырып, былай дейді:

«Біздің патриоттығымыздың, еліміз бен жерімізге деген шексіз сүйіспеншілігіміздің арқасында осындай күнге жеттік. "Отан үшін жанды да, барды да беру керек" деген ұстаным біздің санамызға терең сіңіп, өмірлік қағидамызға айналды. Бұл сезімді ешкім бізден тартып ала алмайды. Біз сол заманда жақсылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, патриоттық сезімге қалай сендік, сол сеніммен өмір сүрдік. Сол сеніммен осы күнге жетіп, сол қалпымызда өмірден өтеміз», – дейді Хадиша апа.

Осылайша, тыл ардагері сол дәуірдің адамдарында қандай сенім мен рух болғанын, олардың өмірлік ұстанымдарының өзгермегенін тебіреніспен жеткізеді.

Соғыс аяқталғанына қаншама жыл өтсе де, қос қарияның жүрегінде сол бір ауыр күндердің ізі әлі өшкен жоқ. Бүгінде бейбіт заманда өмір сүріп жатқан жастардың тағдырына қарап, оларды шынайы бақытты ұрпақ деп біледі. 

Тыныштығы мен бірлігі жарасқан бүгінгі бейбіт күндер – жауға тізе бүкпеген, қиындыққа мойымаған, ел үшін барын сарп еткен ержүрек ардагерлеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Халқын қасіретке салған сол сұрапыл жылдар да, ел еңсесін тіктеген есіл ерлер де халық жадынан ұмытылмақ емес. Бұл – өшпес тарих, мәңгілік тағылым.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?