Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жорықта туған жырлар

534
Жорықта туған жырлар - e-history.kz

Қазақтың әдеби фольклорында жауынгерлік ерлік һәм жорық жырлары негізінде жазылған «жыраулық поэзия» деген жанр бар. Мысалы, сонау көк түркілер дәуірінен бізге жеткен жыр мәтінде:

«Жарқылдаған от пен, 

Сарқыраған судың ішінде,

 Ержеткен – Көк тәңірінің оғландары, 

Бүкіл түрік жұртының, 

Арландары мен қабыландары»  - деп жырланса, қазақтың жауынгер ақыны Махамбет Өтемісұлы: «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-Еңку жер шалмай, Ерлердің ісі бітер ме?!» дейді. Қазақтың жауынгерлік жорық жыры екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де үзілмеген көрінеді. Биыл ұлы жеңістің 80 жылдығы. Осы орайда, майданда қан кешіп жүріп жазған қазақ  жауынгерлерінің «жорық жырларын» ұсынып отырмыз. 

Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын білмейтін қазақ жоққа тән. Баукең де ет жүректі пенде. Осы кісі майдандас серігі әрі нағыз батыр досы Мұхаметқұл Исламқұлов қан майданда қаза тапқанда күңіреніп жоқтау-жыр жазыпты. Бұл жоқтауы «Серігім» деген тақырыппен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 28 наурыз күнгі санына жарияланыпты. Осы жоқтау-жырдан үзінді келтірсек: 

Қия жерден қисаймай,
Тіке жүріп кетіп ең.
Сескенбестен қауіптен,
Қайтпастан алған бетіңнен.
Бірнеше қырғын соғыста,
Жалтақтамай артыңа,
Жігіттік, ерлік, батырлық,
Қаһармандық етіп ең.
Тосыннан тиген дұшпанға
Тапқырлықпен, әдіспен,
Табандылық етіп ең.
Полкқа бұйрық болғанда,
Бір өзіңе аманат
Ерлерді табыс етіп ем.
Қан майданды қақ жарып
Шыққаныңа сүйсініп,
Біздің батыр мынау деп,
Көрсетіп мақтан етіп ем.
Өршіл, өжет батырым,
Ерлігіңе сенуші ем.
Қас батырдың бейнесін
Сипатыңнан көруші ем... – деп толғаған екен. 

Жоғарыдағы Бауыржан Момышұлы жоқтаған Мұхамедқұл Исламқұлов хақында айтар болсақ, 1906 жылы Арыс бойында дүние есігін ашқан, мамандығы – журналшы, қазіргі «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілшілік қызмет атқарған екен. Майданға аттанардан екі жыл бұрын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде қызмет атқарыпты. 

****

Сол сияқты тағы бір жорық жырын атақты шайыр-жауынгер Жұбан Молдағалиев жазыпты. Бұл тұлға соғыстан бұрын 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, соғыс басталғанға дейін (1941 жылы 22 маусым) батыс шекарада 28 гаубицалық артиллерия полкінің батарея комиссарының орынбасары қызметін атқарып жүреді. Кейін соғыс жылдары 2 Беларус майданында қазақ тілінде жарық көрген «Майдан шындығы» атты фронт басылымында тілшілік жасайды. 

Тілші ретінде майдан шебін аралап қазақ жауынгерлерінің ерлік ісін көзімен көріп, қандастарының қаһарман ерлігіне куә болады. Сөйтіп майдан даласында жүріп жерлестерінің даңқын асқақтатқан «Қазақ» атты толғау жазады. Бұл толғауы 1943 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің 24 қараша күнгі санына жарияланыпты: 

Майданның алғы шебінде 

Жолықтым бір жігітке. 

Көз шалғаннан таныдым 

Бір сыр барын жігітте. 

Құбаң жүзді, көрікті, 

Жазық жаурын, сом дене.

Өңірінде қос орден. 

Көз тартпасын бұл неге? 

Білдім қазақ екенін, 

Тілдесу боп құмарым:

 – Қай ұлтсың? – деп жігіттен 

Орысша жорта сұрадым. 

Оқтай өткір көзімен, 

Қадалып маған қарады. 

– Қазақ, – деді тек қана, 

Сол болды берген жауабы... – деп бастап, қаны бір бауырларының ерлігін сүйсіне толғапты: 

Алдында ажал тұрса да,

 Алған беттен қайтпаған.

 Әрбір сөзі антпен тең, 

Ешқашан екі айтпаған.

 Өмірін құрбан етсе де

 Намысын жауға сатпаған.

 Халқының ерлік дәстүрін 

Ең жоғары сақтаған. 

Анасының ақ сүтін

 Абыроймен ақтаған.

 Кім еді, сен білемісің? 

Ол – қазақтың баласы.

 

 Ел шетіне жау тисе,

Қасқая қарсы шығатын.

 Қаусата соғып дұшпанды

 Тірідей жерге тығатын. 

Көш құлаш көк сүңгісін 

Көкірегіне сұғатын. 

Белдескенін мерт етіп, 

Жауырыннан салып жығатын. 

Қадалған жерден қан алған, 

Қанын төгіп, жан алған. 

Кім еді, сен білемісің?

 Ол – қазақтың баласы...

 

Көсіле жүйткіп шалқанда, 

Ұшқан құстан озатын, 

Жүрген сайын желігіп, 

Тізгінін шұлғып созатын, 

Қиядан қиқу шыққанда,

 Делебесі қозатын

 Арғымақ етіп ат мінген 

Кім еді, сен білемісің? 

Ол – қазақтың жігіті.

 

Сондай-ақ майдангер ақын Жұбан ағамыздың фронтта жүріп жазған «Майдан даласында» атты тағы бір жорық жыры бар. Осы толғауында ақын:

Отан үшін, алға – дейді,

Соқ немісті қос қолда, соқ,

Қансырасын Германия,

Қаһар соқсын қарғыс тисін,

Қазақтың ер ұлы алдында,

Қалтырасын басын исін,

Жауынгерлер жай оғындай,

Жарып өтті жау қамалын,

Тебірентер тегеуірмен,

Арға қосып айла-амалын... – деп жырлапты.

****

Қазақтың майдангер қаламгерінің бірі – Тайыр Жароков. Бұл кісі 1942 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылып, 1945 жылдың аяғына дейін әскери қызметте болады. Майдан даласында жүріп қазақтың дәстүрлі жыраулық стилі бойынша жорық жырларын жазады. Соның бірі майдагердің «Днепр» толғауы мен Кеңес Одағының Батыр қызы Мәншүк Мәметоваға арнаған «Қазақ қызы» атты поэмасы. Жауынгер – ақын «Днепр» толғауында:

Ойхой, шіркін, Днепр!

Жағаңды жырта жау жайлап, 

Атанған дұшпан «әй, кәпір»,

Ойқастап еді шаужайлап,

Төсіңде жанған жарқырап,

Үргілеп шам-шырақты,

Ажал оғы арқырап,

Түнертпекші еді шуақты,

Ағып ең сонда сен өксіп,

Суыңды сұмырай лайлап,

Тұнжырап ең дөңбекшіп,

Күн жабырқап, түн ойлап, 

Түбіне терең суыңның... – деп жырласа, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылы қыркүйек айының бірнеше санында үздік-үздік жарияланған «Қазақ қызы» поэмасын:

Менің қандас қарындасым,

Қанат қаққан қарлығашым,

Құмның «Жас құс» қиясынан,

Қауырсының ұясынан,

Күнге серпіп талпына өскен... – деп бастап, батыр қыздың Алматыда өткен жастық шағын, майданға аттанған сәтін жырлай келе:

Қылышындай соққан кектің,

Ер Исатай, Махамбеттің,

Кіндік кесіп, кірін жауған,

Жерінен сен туған едің.

 

Қан майданда дабыл қақтыр, 

Дұшпаныңа өрен қаптыр, 

Қалқаныңды қаға алмасын,

Атыл жауға, ақ алмасым,

Қаһарлы еді біздің қазақ,

Білсін, неміс қазақ қызын... – депті. Сол сияқты жауынгер ақынның «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 23 ақпаны күнгі санында жарық көрген «Берлинде» атты жырында:

Біздің қызыл әскермен,

Үн қоса дауысы жер жара,

Үш жақтан, үш қол бөксерген,

Берлинге оғын жаудыра.

 

Қанды қол фашист ұясы,

Быйрат боп төртке бөлінген,

Шайқалған герман ордасы,

Дүрбі салсаң көрінген.

 

Құрсанған Қызыл Армия,

Берлиннің темір қақпасын, 

Қаусатпай сірә қояр ма,

Қақпасын оқпен қаққасын.

 

Жаңғырта дала, қаланы,

Дабылы майдан қағыла,

Қызыл ер қолына алады,

Берлиннің кілтін қолына.

 

Көрін қазып, көмген күн,

Қандыбалақ немістің,

Төбесіне Берлиннің,

Тігеміз туын жеңістің, - деп жырлап, майдандас достарын рухтандырады. Майдангер – ақын Тайыр Жароков биыл 80 жылдық мерейі толып отырған «Жеңіс күнін» майдан даласында қарсы алып, жауынгерлер атынан қазақ халқын құттықтап, «Шүйінші» атты толғау жазыпты:

Шүйінші, халқым, сүйінші,

Шүйіншіге сүйінші!

Ақ түйенің қарыны,

Жарылды күннің жарығы,

Нұрын шашты, сылдырап

Ағылсын жырдың бұлағы,

Кеудесінен жай түсіп,

Гүрс етіп, күлі көкке ұшып,

Кәрі Берлин құлады.

 

Қақырып қанды шаңырақ,

Құлады Берлин қаңырып, 

Зұлымдыққа бас болған,

Жүрегі қара тас болған,

Сұр жыланның ордасы,

Құлады да, сұлады.

 

Баласын күткен ананың,

Әкесін күткен баланың,

Жан жарын күткен арудың,

Бауырын күткен бауырдың,

Шешілгендей арманы,

Алтын таңның аңғары,

Ашты айқара құшағын,

Құлшынта бізді шынайы,

Шүйінші, халқым шүйінші. 

****

Екінші дүниежүзілік соғысқа көпшілік бұқарамен қатар қаламгер жазушылар да қатысқанын білеміз. Соның бірі – атбасарлық Есенби Омаров деген ақын. Бұл кісі 1916 жылы туған екен. Майданға аттанғанға дейін республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істепті. Соғыстан аман есен оралып, «Қазақстан пионері» газетінде қызмет атқарып жүріп, 1948 жылы 32 жасында өмірден өтіпті. Осы кісінің майданда жүріп жазған «Майданға кірді қайтадан»  деген жорық жыры бар екен:

Түкірік жерге түспейтін,

Қыстың бір аяз күні еді,

Қызыл шұнақ шыдатпай,

Суық жел бетке үреді.

 

Шеру тартып шеп бұзған,

Майданға кірді мұзбалақ,

Шүйілді батыр жауына,

Қырандай аққан сорғалап.

 

Екі жақ келді, бетпе-бет,

Емес қой оңай беру жан,

Көк шатырлап сынғандай,

Қыза түсті қан майдан.

 

Қырқысқан қас жауына,

Ұмытылды ерлер атой сап,

Жүрекке жылы тиетін,

Жеңіс деген сөз қымбат.

 

«Түссе де жерге көк аспан,

Ақса да бойдан ақтық қан,

Сертім бар берген еліме,

Жауды жеңбей қайта алман!».

 

Осылайша деді де,

Шамырқанды ер ұлан,

Байлатып алып жарасын,

Майданға кірді қайтадан. 

****

Келесі жырға кезек берсек, оны жазған екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Жұмағали Саин. Бұл кісі 1941 жылы майданға аттанып, атақты 102-ші атқыштар дивизиясының кіші құралымдарында саяси қызметкер қызметін атқара жүріп, майданға қатысады. Кезекті бір соғыста дивизия қоршауда қалып, тірі шыққан солдаттар орман кезіп партизандық соғыс жүргізеді. Осы күндердің бірінде Ж.Саин ауыр жараланады. Жолдастары оны Украина жеріндегі бір қарт отаншыл Михаил Маслов дегеннің үйіне жасырып кетеді. Оны қарттың қызы ұзақ емдеп жазады. Қатты жабығады. Достарын сағынады. Қолына қалам алып «Сағындым, уа достарым» деп жыр жазады. Содан үзінді келтірсек:

Қамқорым менің жас қана,

Украин қызы – қарындас,

Уа, партизан, партизан,

Жау жүрек сендер арыстан,

Жойқын жорық болсын қан,

Сен ыстықсың жалыннан,

Сен қымбатсың жарымнан,

Сағындым, уа, достарым,

Сағындым сені партизан,

Сәні жоқ жатқан өмірдің, 

Сауығар жарам, аққан қан,

Сабыңа қайта тұрармын,

Саусылдап қару бойымда,

Сан қамалды бұзармын,

Сабылып түннің қойнында. 

****

Мақала соңын үлкен жазушы, майдангер Қалижан Бекхожинның Кеңес Одағының Батыры Бейсен Оңтаевқа арнап жазған жорық жырымен аяқтағанды жөн көрдік. Қалижан Нұрғожаұлы – 1913 жылы Кереку шаһарында өмірге келген Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 1942-1946 жылдары әскери журналист ретінде соғысқа қатысқан тұлға. Ал бұл кісі жыр арнаған Бейсен батыр 1942 жылдың басында майданға аттанып, 1943 жылы 15 қазанда Днепрден өтудегі ерлігі үшін Батыр атағы берілген. Бейсен Сейітұлы соғыстан аман оралып, туған жері Ордабасы ауданы Қараспан ауылында еселі еңбек етіп, 1991 жылы өмірден озыпты. Ал батыр туралы жырда:

Қараспан ауын жайлаған,

Қоңырат пен қыпшақтың,

Төбесінде күліп тұр,

Сұлу қызға ұқсап күн,

Сені тапқан қайсар ел, 

Қайратымен тасыған,

Аруағын атаның,

Батырымсың асырған,

Сені көріп алдыңда,

Күлімдейді шаттық шақ,

Жетейік тез сол күнге,

Батырым тағы жауға шап,

Келгенде соңғы жорықтан,

Тағы да сені сүйерміз,

Алғыспен асыл өлеңді,

Тағы да саған үйерміз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?