
Тарихы мыңдаған жылдармен өлшенетін қалалар бар. Олар жөнінде көптеген әдебиеттерде жазылып, оқулықтарда көрсетіледі. Ғасырлар қойнауында қалған көне тарихтың куәгері ретінде көптеген тарихи ескерткіштері мен ескі ғимараттары бар. Бұл қалалар жайында ауыздан ауызға жалғасып келе жатқан әңгімелер де жетерлік. Өндірісті қала ретінде Степногорск қаласының тарихы жарты ғасырдан енді ғана асса да, өлке тарихының сілемі сан ғасырдың ар жағындағы соқпақтардан бастау алады. Бұл өлкеде көне андроновтардың өмірі өтті, Қыпшақтар мен Қарлұқтар мекен етті. Кезінде Монғол-татарлардың, Жоңғарлардың, Ресей отаршыларының, Ақ патша жандайшаптарының, қала берді Қызыл әскердің шапқыншылығына ұшырады. Алайда өлке тұрғындарының алтын бесігіне айналған құтты мекенге жан-жақтан келген келімсектер тұрақтап қала алмады.
1997 жылдың жазында Степногорск қалалық тарихи-өлкетану мұражайының базасында Ақмола облысы Степногорск қаласының төңірегіне археологиялық зерттеу жүргізетін отряд құрылды. Археологиялық отряд ежелгі тарихи жәдігерлерді зерттеу мақсатында мұражай директоры М.И.Рүстембаевтың бастамасымен құрылды. Оған ҚР ҒА Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері М.К.Хабдулина ғылыми басшылық жасады, ал тарих ғылымдарының докторы, профессор К.А.Акишев ғылыми консультант болды.
Археологиялық жұмыстардың есебінде: «Зерттелген аймақ физикалық-географиялық аудандастыру бойынша Солтүстік Қазақстанның далалық зонасының Атбасар провинциясына жатады. Степногорск қаласы Көкшетау және Ерейментау-Баянауыл провинцияларының шекарасында орналасқан және орографиялық, ландшафтық және климаттық сипаттамаларымен анықталады. Бұл аймақ жер асты суына бай, олар: бұлақтар, қайнар және шағын көлдері түрінде жер бетіне шығады.
Қаланың жанында Ақсу өзені ағады. Бұл өзен Ертіс маңы жазығына қарай ағатын далалық шағын өзен. Қазіргі кезде жасанды бөгендердің әсерінен оған құятын сулар жоқ. Оның арнасы батпақты, қамысты Қарасу желілері. Археологиялық объектілердің концентрациясы және террасаның биіктігіне қарап, өзеннің ерте тас дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейін тұрақты су режимі болғанын анықтауға болады. Ақсу өзені бұрын бірнеше рет зерттелген және 1997 жылы есепке алынған кейбір ескерткіштерді 80-жылдардың соңында В.С.Волошинның басшылығымен Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұражайының барлаушы отряды ашқан болатын.
1997 жылғы далалық маусымда Шондынқорасы ІІ (қазақшасы - Шаңды қора болуы керек. Есепте Шондынкорасы, -деп жазылған. Авт.) қонысынан Степногорск қаласының саяжай массивінің солтүстік шекарасына дейінгі 6-7 км өзен бөлігі зерттелді. Барлау маршрутының ені 4-5 км. Осы бөлікте археологиялық 12 объект анықталды. Олардың арасында тас дәуірінің тұрақтары, қола дәуірінің қорғандары мен қоныстары, ерте темір дәуірі және ортағасырлық қорғандар кездеседі. Өкінішке қарай барлық археологиялық ескерткіштер бүлінген санатына жатады. Ең алдымен антропогендік фактор елеулі ықпал еткен: зерттелген аймақ қала маңы зонасына жатады, саябақ, егіндік, тас өндіретін карьер, жолдар т.б. салу үшін адамдар белсенді түрде игерген.
Бұл аймақтың Ертіс маңы жазығының, Көкшетау және Ерейментау-Баянауыл табиғи-географиялық провинцияларының шекарасында орналасуы аса ірі этномәдени орталық және аумақ бола отырып, ежелгі дәуір тарихында маңызды рөл атқарғаны күмән тудырмайды, бұл жерлер арқылы әр тарихи дәуірлерде әртүрлі тайпалардың трансконтиненталдық көшу бағыттары өткені даусыз. 1997 жылғы далалық маусымдағы атқарылған азғана жұмыс осыны айғақтайды.
Степногорск қаласының жанынан теңдессіз тас мүсін табылды. Бұл тас мүсін - Еуразия жазығының азиялық бөлігінен табылған сақ дәуірінің алғашқы олжасы. Бұған дейінгі тас дәуірінің барлық тас мүсіндері Шығыс Еуропа жазығынан табылған және скиф мәдениетіне жатқызылатын. Тас мүсіндер әдетте тасымалданбайды. Осыған қарағанда аталмыш мүсінді б.з.б. 1 мың жылдықтың ортасында жергілікті шеберлер жасаған. Иконографиялық техникасы мен сипаттамасы қола дәуірінің көркем өнер дәстүрінің жалғасы екенін көрсетеді», - деп жазады. Осы қысқаша есептен ақ бұл өлкенің тарихы қай заманға кететінін көруге болады.
Ілгеріде Масалы, қазіргі Ақсу өлкесі тарих тұрғысынан да, табиғи тумысынан да өзіндік сипаты мол, сан қилы сырын ішіне бүккен өзгеше өңір. Қазақи пайымдауда ел мен жер егіз ұғым. Ел несібесі қашанда жерде, ырыздығын жерден еңбекпен табады. Осы тұрғыдан алғанда Ақсу өңірінің табиғаты мен жер бедері, жер бетіндегі берекесі мен жер қойнауындағы байлығы қазақы тірлікке әдейілеп жасалғандай. Ақсу өңірінен түстіктегі Бестөбеге, терістіктегі Степнякқа дейінгі өңір жер қойнауындағы алтын жіппен (жолақ) жалғасып жатқандай. Кезінде күллі қазаққа аты мәлім болған Паң Нұрмағамбет мекен еткен өлкенің құты да осындағы Ақсу өзені, Сарыбұлақ, Сасықбұлақ, Қарабұлақ қайнары, олардың бойындағы тоғайлар, Барлыкөл, Опан, Құмдыкөл, Алтайсор сияқты көлдердің жағалауындағы шұрайлы жайылым, шабындықтар екені анық. Ел аузында қалған «Төре ағаш», «Сая ағаш» атаулары да бұл жердің берекелі қоныс, құтты мекен болғанын көрсетеді. Осы өзен, көлдер мен қайнар бұлақтар негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған елдің өзегін талдырмас талғажауы, кәсібінің көзінің түпқазығы болған.
Энциклопедияда: «Ақсу - Ақмола облысының Степногорск қалалық әкімшілігінің құрамындағы кент, темір жол стансасы. Степногорск қаласының солтүстігінен 10 км, Ақсу өзенінің сол жағалауында орналасқан. Іргесі 1929 жылы алтын өндіретін кеніш ретінде қаланған. Ақсу алтын кені - Степногорск қаласынан солтүстік шығысқа қарай 17 км жерде орналасқан. Ол 1929 жылы көне қазбалардың ізімен ашылған. 1930 жылы бұл жерде кеніш ашылып, шаруашылық құрылған», -деп анықтама берілген.
Ақсу кентінің тұрғыны Н.И.Дворников Целиноград мұрағатындағы құжаттарға сілтеме жасай отырып, былай деп жазады: «Поиски золоторудных месторождений в районе будущего Аксуского рудника были предприняты в 1929 г. приисковым управлением «Степняк». Для этой цели была организована группа старателей, в которую вошли Ф.Лапин, П.Киселев, И.Резнин и М.Чайкин. Старатели по подсказке местного казаха Желдыбая Жуйкенова обнаружили следы больших древних разработок. Пройденные здесь дудки, вскрыли кварцевую жилу именуемую Январской (Сталинской) с высоким содержанием золота. Организованная в этом же году (лето 1929 г.) старателем Лапиным артель в составе 58 человек в процессе разведки открыла еще ряд кварцевых жил, названных Буденовской, 1-й Октябрьской, Центральной.
Летом 1930 г. по просьбе приискового управления месторождение посетил проф. А.П.Смолин, который, осмотрев горные выработки, пройденные в 1929-1930 гг., оценил месторождение как старательский объект, попутно отметив сложности тектоники и рудного поля (Архив Целиноградской экспедиции, д. №441).
Білікті мамандардың тапшылығына қарамастан, осы жылдар іздеу-барлау жұмыстарының нәтижелі кезеңі ретінде аталады. Степняк кенішіндегі кен қоры ұлғайды, Ақсу, Бестөбе, Жолымбет сияқты маңызды кен орындары ашылды, бірнеше көмір кен орындары ашылды, шаруашылық - ауыз су көздерін іздеудің негізгі бағыттары белгіленді.
Алтын-платина өндірісінің кеңестік құрылымын қайта құру барысында 1932 жылғы 4 қарашада Ауыр өнеркәсіп Халық Комиссариатының С.Орджоникидзе қол қойған қаулысымен Мемлекеттік Солтүстік Қазақстан алтын өндіру тресі «Каззолото» ұйымдастырылып, оның құрамына:
Алтын өндіретін «Степняк» Степной комбинаты;
Алтын өндіретін Жетіғара комбинаты;
«Майқайың-золото» Майқайың алтын өндіру комбинаттары беріледі.
«Каззолото» тресінің басқармасы алғашқыда Петропавловск қаласында, кейін Щучинскіде орналасты.
1933 жылғы 21 қаңтарда Ауыр өнеркәсіп Халық Комиссариатының Главцветметзолотоның бұйрығы шығарылып, онда:
«А. «Каззолото» тресінің басқармасы Степной алтын комбинатын 2 комбинатқа ұлғайтсын:
1. Степной алтын комбинатының басқармасы «Степняк» кентіне орналассын және оның құрамына «Георгиевский», «Интернациональный», «Ирмовский», «Первомайский», «Үшқалмақ», «Дудий» кеніштері енгізілсін.
2. Сталинский алтын комбинатының басқармасы Қазақ КСР Алексеевка селосында, оның құрамында «Ұзыншілік», «Бестөбе», «Сталинский», «Жолымбет», «Ақбейіт», «Қарауыл-төбе», «Тау-кен», «Ажы», «Чувак», «Қоржынкөл», «Бөрлі» кеніштері енгізілсін», -деп көрсетілді.
Қазақстанның маңызды жаңа аудандарын анықтау және оның аумағында іздеу-барлау жұмыстарын (жұмыс істеп тұрған алтын өндіруші трестердің кеніштерінен тыс жерлерде) жүргізу мақсатында «Главзолото» тресінің бастығы А.П. Серебровский 1935 жылғы 23 тамызда №173 «Золоторазведка» тресі «барлау-іздеу жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстанда «Каззолоторазведка» өлкелік конторын Щучинск кентінде құру туралы мәселесімен 15 күн мерзімі ішінде айналысу туралы бұйрық шығарды. «Главзолотоның» 1935 жылғы 25 қыркүйектегі №191 бұйрығында нақты шаралар белгіленген, олар:
2) Қазақстанның өлкелік ұйымына «Золоторазведка» тресінің 1935 жылдан қалған қаржысынан 100 мың рубль қаражат бөлінсін.
3) «Каззолото» тресінің бастығы Куликов ағымдағы жылдың 10 қазанынан кешіктірмей алтын барлаудың өлкелік конторына өндірістік конторды және қосымша үй-жайларды (оның ішінде азық-түлікпен жабдықтау ұйымының аумағы және ғимаратын барлық қосалқы құрылыстарымен бірге) босатуды және тапсыруды, сонымен қатар қажетті тұрғын үй және коммуналдық үй-жайларды беруді қамтамасыз етсін (А.С.Кабылденов, Ш.Х.Сулейменов. «История развития горно-обогатительного комбината «Каззолото». А., 1992 ж., 37 бет).
Қабылданған шаралардың өзектілігі мен маңыздылығы «Каззолото» тресінің жұмысына, Қазақстандағы алтын өндіру өнеркәсібінің жұмысына серпін берді. «Каззолоторазведка» өлкелік конторының геологиялық қызметі мен кеніштің геологиялық қызметінің ынтымақтастығы нәтижесінде Степняк, Бестөбе, Сталинск (Ақсу), Жолымбет, Ақбейіт және т.б. алтын өндіруші белгілі кеніштердің мүмкіндігі ашылды және іздеу жүргізу және пайдаға беру жұмыстарын жүргізу үшін аудандар белгіленді.
Жоғарыда келтірілген деректердің барлығы Кенішті ұйымдастырудағы әкімшілік-құқықтық, ұйымдастыру сипатында болса, кенттің әлеуметтік-мәдени және ішкі шаруашылық жұмыстары туралы төмендегі құжаттан көруге болады. Мәселен:
1936 жылғы Тексеру актісі. «1936 жылдың 18 қазанында Сталиндік Кенткеңесінің Төрағасы Бигозин, Сталиндік партия ұйымы атынан – Джумадинов Ш., комсомолдық ұйым атынан – Мамлин Н. қатысуымен Сталиндік кенткеңесінің 1934-1936 жж. аралығындағы қойылған талаптарды орындау бойынша тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында анықталғаны:
1. 1934-1936 жж. аралығында жүргізілген кенткеңесінің жұмысы қанағаттандырарлық деп есептелсін.
2. Талап бойынша Сталиндік Кент кеңесінің өндірістік жоспары орындалған.
3. 1934-1936 жж. аралығындағы мал шаруашылығы бойынша талаптар жүз пайыз орындалған.
4. Кент бойынша денсаулық сақтау жайы орташа.
5. 1934-1936 жж. аралығындағы қаржылық есеп жүз пайыз іске асырылған.
6. Қорғаныс бойынша талап орташа.
7. 1934-1936 жж. аралығындағы құрылыс жүз пайызға іске асырылған.
8. Мәдениет бөлімі бойынша талап орташа орындалған.
9. 1934-1936 жж. аралығындағы өндірістегі әлеуметтік сайыстыру талап бойынша орындалды.
10. Сауатсыздықты жою бойынша жұмыстар нашар жүргізілген және Кентбасқармасының қарамағынан алынып тасталсын.
11. 1934-1936 жж. аралығындағы кент бойынша мерзімді басылымдарға жазылу толық қамтылған.
12. Кент бойынша телімшелерде, ұйымдарда көгалдандыру жұмыстары іске асқанмен, жұмысшылар пәтерлерінде қажетті жабдықтың жетіспеушілігі салдарынан жүргізілмеді.
13. Кент кеңесінің ішкі жұмысына қанағаттанарлық баға берілді.
14. Балабақша бойынша Кент басқармасынан үй-жай бөлінбегендіктен жұмыстар жүргізілмеді.
15. Бұзақылық және алыпсатарлық бойынша жүргізілген Кент кеңесінің жұмыстары қабылданып, әлі де іске аспаған талаптарды Кент кеңесі мен депутаттар құрамы 1936 жылдың аяғына дейін іске асуын қамтамасыз ету.
Қосымша талаптар:
1. 1936 жылдың аяғында әр жұмысшының үйіне радио орнату,
2. Жұмысшылар еңбек өнімін арттыру және цехтар мен телімшелерде стахановтік қозғалысты көтеру.
3. Цехтар мен бөлімшелерде жаңа конституцияны таныстырып, талқылау шараларын іске асыру.
4. Ескі көзқарастардан арылуға күрес жүргізу.
5. 1936 жылдың аяғында жалпы жұмысшыларға арналған монша салу.
6. Әйелдер арасында жалпы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Жоғарыда айтылғандар осы актіні құруға негіз болды.
Талаптарды орындау бойынша тексеру комиссиясы:
Сталиндік Рудниктен /Бигозин/, Сталиндік партия ұйымынан /Джумадилов/, Сталиндік комсомол ұйымынан /Мамлин/ (Кент кеңесінің хаттамалары, қолжазба, 1936 жыл).
Кент атауының өзгертілуі туралы Кент кеңесінің 1960 жылдардағы төрағасы Морозов мынадай анықтама береді: «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1940 жылы 8 сәуірде елдімекен, Сталиндік кенттің жанында Сталиндік поселкелік жұмысшылар депутатының Кеңесі құрылды. 1961 жылы Сталиндік поселкелік Кеңес Ақсу поселкелік Кеңесі болып өзгертілді. Поселкелік кеңестің құжаттары 1950 жылдан бастап сақталған, поселкелік Кеңестің құрылған кезінен бастап 1950 жылға дейінгі құжаттары сақталмаған, оларды іздеу мүмкіндігі болмады. 1950 жылдан 1962 жылға дейінгі кеңестің – стат.есептері, поскеңестің жоспарлары, бюджеттің орындалуы бойынша есептік ведомостар, басқа да құжаттарының барлығы дерлік сақталмаған. Поселкелік кеңестің құжаттары 1968 жылдың шілде айынан бастап қалыпқа келтірілген» (Мұрағаттық көшірме. Ақсу поселкесінің жұмысшылар депутаттар кеңесінің тарихи анықтамасы. Ақсу поскеңесінің төрағасы Морозов. 1968 жыл 25 шілде).
Өткен ғасырдың 50-жылдарында геологтар алтын кен орнының жанынан уран кенішін тапты. Отызыншы жылдардың басында алтын кенішінің маңында кент қалыптаса бастаса, уран кенішінің маңында алғашында Почтовый (пошта жәшігі) (кәсіпорын құпия болды), - деп аталған кент қалыптасты. Степногорск қаласының орнауы ресми түрде 1964 жылы делінгенімен елуінші жылдарда бұл жерде жұмыс қарқынды түрде жүргізіле бастаған еді.
Қаланың негізінің қалануы мен салынуы Солтүстік Қазақстанның уран кен орындарын игерумен байланысты. 1956 жылғы 4 мамырда КСРО Министрлер Кеңесі осы кен орындарының негізінде Целинный Тау-кен химия комбинатын құру және оны салу туралы қаулы қабылдаған. КСРО Орта машина жасау министрлігінің 1956 жылғы 17 мамырдағы бұйрығымен салынып жатқан комбинаттың дирекциясы ұйымдастырылған. Тұрғын кентінің, яғни болашақтағы Степногорск қаласының орны ретінде Ақсу кенішінің (бұрынғы атауы - Сталинский) қосалқы шаруашылық ауданы таңдап алынды.
1964 жылғы 6 сәуірдегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының «Тың аймағындағы Жолымбет өндірістік ауданының «Соцгородок» қоныс пунктін өлкелік бағындырылатын қала қатарына жатқызып, оған Степногорск қаласы атауы берілсін», -деген қаулысы шыққан. Қаулыға Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы И.Шәріпов қол қойған (Мұрағаттық көшірме. Негіз: ҚР ОММ № 1109 фонд, оп-4с, д-141, л-55).
1968 жылы Құрылысшылар кенті (п. Строителей) қала типті кент санатына жатқызылып, оған Заводской атауы берілді. 1970 жылы Целиноград облыстық Атқару комитетінің шешіміне сәйкес Целиноград облысы Алексеев ауданы Қарабұлақ ауылдық кеңесінің Ескі Қарабұлақ елді мекені Степногорск қалалық кеңесіне берілген.
Ақмола облысы әкімінің 1997 жылғы 11 наурыздағы шешімімен Ақсу және Бестөбе кенттері Степногорск қаласының шекарасына қосылды. Торғай облысының таратылуына байланысты Ақмола облысы әкімінің 1997 жылғы 14 шілдедегі шешімімен Шаңтөбе кенті Степногорск қаласының әкімшілік бағынысына берілді. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мақсатында Ақмола облысы әкімінің 1998 жылғы 8 желтоқсандағы шешімімен Қарабұлақ, Көксал, Первомайское селоларының базасында Қарабұлақ ауылдық округі құрылып, Степногорск қаласының әкімшілік-аумақтық қарауына берілді.
Степногорск қаласының Бас жоспарына түсіндірме жазбасында: «Степногорск – это прежде всего город развитой химической, машиностроительной, микробиологической и пищевой промышленности, энергетики, индустрии строительных материалов. Промышленный сектор в экономике города, занимает главенствующее положение (84%), определяя тем самым социально-экономическое развитие города Степногорск и отнесенных всего ведения поселков Заводской, Аксу, Бестобе» деген қысқа да нұсқа тәржіме берілген (Степногорск қаласының Бас жоспарына түсіндірме жазба, 2007 жыл).
Міне, еліміздегі шұрайлы өлкелердің бірі, топырағы кенге бай Степногорск өңірінің қысқаша «анкетасы» осындай. Бұрынғы ғасырлардағы Америкадағы «алтын безгегі» сияқты «атақты» болмаса да, өткен ғасырда табылған кен орындарына байланысты шаруашылығы түбегейлі өзгеріп, сайын дала төсінде сәулетті қала бой көтерді, қазіргі таңда Шығыс-Солтүстік орамдағы ірі өнеркәсіп орталығына айналған өлкенің ел экономикасына берген және беретін үлесі әрқашанда елеулі.
Хайрым Кабар,
Астана қаласындағы Ш.Айманов атындағы
№ 20 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі