
Қобда ауданында Ұлы Жеңістің 80 және Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың 100 жылдығына орай патриоттық және спорттық іс-шаралар өтті. Батырдың рухына тағзым етіліп, ерліктері насихатталды.
Іс-шараға жиналғандар Қобда ауылындағы «Мәңгілік ел» саябағында Иманғали Білтабановты бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев, батырдың інісі Зұлқарнай Башпаев, зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, батырдың ерлік жолын дәріптеу керектігін тілге тиек етті.
«Бүгін біз барша қазақ халқы үшін мақтаныш, еліміздің қаһарман ұлы, Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың 100 жылдығын атап өту үшін жиналып отырмыз. Бұл күн – өткеннің жарқын көрінісі, ерліктің белгісі, Отан үшін жанын берген азаматтың есімін ұлықтау күні. Иманғали Білтабанов – баршамыз үшін үлгі тұтар тұлға. Ол Ұлы Отан соғысының алдыңғы шебінде жаумен бетпе-бет кездесіп, Отанына деген шексіз махаббатымен ерлік көрсетті. Оның ерлігі – бізге, кейінгі ұрпаққа зор жауапкершілік жүктейді және бұл ерліктері ешқашан ұмытылмауы тиіс. Себебі бұл Ұлы Отан жолындағы ғибратты ғұмыр», - деді аудан әкімі.

Іс-шаралар батыр бабамыздың ерлік жолын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Ауданның құрметті азаматтары Мәлік Жекеев пен Қажымұқан Сатенов тарихқа көз жүгіртіп, батырдың ерлік істерін баян етті. Иманғали Білтабановтың өшпес ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі шара тек еске алу ғана емес, өскелең ұрпаққа өнеге болатын, жадында қалатын, патриоттық рухқа тәрбиелейтін бастама деп білемін. Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр. Біз жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелемесек, елдігімізге сын. Ал рухы биік елдің әрдайым еңсесі биік болады. Жастарды өз тарихын білуге, арда туған жұртына адал қызмет етуге баулу – біздің парызымыз. Жастар тарихын біліп, елін сүюі керек, бабалар жолын жалғап, елге қызмет етуге ұмтылуы тиіс», - деді еңбек ардагері Серік Ботағарин.

Аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде «Ерлігімен ел есінде» атты колледждер арасында облыстық волейбол жарысы мен футболдан аудандық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Спорттық додаларға Ақтөбе қаласынан, Ойыл және Қобда аудандарынан келген 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты.
Айта кетейік, бірқатар шара батырдың туған ауылында да ұйымдастырылды. Жиналғандар батырдың есімі берілген И.Білтабанов ауылына сапар шегіп, «Рухты ұрпақ» атты спорттық-патриоттық шараның куәсі болды. Мектеп ауласында «Ерлігі елге мақтан» атты еске алу шарасы ұйымдастырылып, батырдың ерлік істері насихатталды. Ауылдық клубта өткен «Даңқ жолы» көрмесінде аталас інісі Ысқаққа батырдың өз қолымен жазған хатының және командир Южаковтың марапатының көшірмесі ұсынылды. Батырдың майдан даласындағы ерлігі жөнінде мағлұмат берілді.

Иманғали Білтабановтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шара «Батырлар елінің қайтпас қыраны» атты концерттік бағдарламамен аяқталды. Мектеп оқушылары мен жастар патриоттық ән шырқап, өнерлерін ортаға салды. Майданда оқ пен от кешкен батырлардың ерлігі дәріптеліп, есімдері ұлықталды.