Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтын Орда дағдарысы: Әмір Темірдің шапқыншылығы және мемлекет тағдыры

789
Алтын Орда дағдарысы: Әмір Темірдің шапқыншылығы және мемлекет тағдыры - e-history.kz

Алтын Орда құрамына енген қазіргі Қазақстан аумағы үш моңғол ұлысының иелігіне бөлінді. Оның негізгі бөлігі Жошы ұлысына қараса, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағы Шағатай ұлысына, ал Жетісудың оңтүстік-шығыс өңірі Үгедей ұлысының қарамағына кірді. 1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін, біртұтас Моңғол империясы бірнеше тәуелсіз ұлыстарға ыдырай бастады. Сол жылы Жошы хан да дүниеден озды. Оның орнына үлкен ұлы Батый (Бату) хан тағайындалды.

Батый ханның билікке келуімен Жошы ұлысының аумағы жорықтар арқылы айтарлықтай кеңейе түсті. 1236–1242 жылдар аралығында ұйымдастырылған Батысқа бағытталған жорық нәтижесінде Жошы ұлысының шекаралары екі есеге жуық ұлғайды. Осылайша, Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын қамтыған жаңа саяси құрылым қалыптасты. Бұл мемлекетті XIV ғасырдың ортасынан бастап тарихи деректерде «Алтын Орда» деп атай бастады. Бұған дейін бұл құрылым «Ұлы Ұлыс» (моңғолша "Их Улус") деген атаумен белгілі болған.

Алтын Орда атауы ресми түрде қолданылмағанымен, орыс және парсы деректерінде бұл мемлекет көбінесе билік жүргізіп отырған хандардың атымен аталды. Мәселен, «Өзбектің ұлысы», «Жәнібектің ұлысы» сынды атаулар кең таралған. Бұл атаулар билік иесінің есімімен ұлысты сәйкестендіру дәстүріне сай қалыптасты.

1236–1242 жылдар аралығында Батый хан жүргізген жаугершілік жорықтар Еуразияның саяси картасын түбегейлі өзгертті. Бұл кезеңде тарихта алғаш рет Ертіс өзенінен Дунайға дейінгі Ұлы Дала кеңістігі тұтасымен Жошы әулетінің билігіне өтті. Жошы ұлысы Моңғол империясының көлемі жағынан төрттен бір бөлігін құрап, империя ішіндегі ең ірі әрі қуатты ұлыстардың біріне айналды.

Ұлыстың оңтүстік шекарасы Сырдарияның орта ағысы мен Әмудария өзеніне дейін жетті. Батый ханның жорықтары нәтижесінде шығыс еуропалық князьдіктер – соның ішінде орыс князьдіктері  Алтын Ордаға тәуелділікке түсті. Бұл князьдіктер Алтын Орда хандарының қолынан билік жүргізу құқығын растайтын жарлықтар алып, тұрақты түрде салық төлеп отырды.

Осы тарихи кезеңде Алтын Орда аумағының кеңдігі және саяси ықпалы оны ортағасырлық әлемдегі ең ірі мемлекеттік құрылымдардың қатарына қосты. Оның геосаяси рөлі Еуразиядағы халықаралық сауда, дипломатиялық байланыстар және мәдени ықпалдастық процестеріне тікелей әсер етті.

PhD доктор, тарихшы Қалжан Рахымжановтың пікірінше, Алтын Орданың тарихи негізі мен түп қазығы қазіргі Қазақстан аумағында қалыптасқан. Бұл шындықты бүкіл әлем мойындауы қажет. Оның айтуынша, Алтын Орданың негізі Еуропа немесе Ресей жерінде емес, нақты түрде қазақ даласында қаланған.

Сонымен Алтын Орда – Жошы ұлысының негізінде пайда болған мемлекет. Бұл құрылымның қалыптасуында Жошының екінші ұлы Батыйдың рөлі айрықша. Ал Ақ Орда болса, Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тараған әулетке тиесілі және ол да Жошы ұлысының құрамынан шыққан дербес саяси құрылым ретінде дамыды. Яғни, екі мемлекет те – Алтын Орда мен Ақ Орда – Жошы ханның ұрпақтары тарапынан басқарылғанымен, олардың саяси ұстанымдары мен даму жолдары әртүрлі болды.

Батый ханның қайтыс болғанынан кейін Жошы ұлысының билігі оның інісі Берке ханның қолына өтті. Берке ханның тұсында қала құрылысы елеулі түрде ілгерілеп, жаңа орталықтар – Жаңа Орда мен Сарай-Берке қалалары бой көтерді. Бұл қалалар Алтын Орданың әкімшілік және сауда орталықтарына айналды.

Ал Алтын Орданың нақты саяси дербестігі Батый ханның немересі Мөңке Темірдің билігі кезінде қалыптасты. Ол Жошы ұлысының билеушілері арасында алғаш болып өз атынан теңге соқтырып, жарлықтар шығару арқылы мемлекеттің ішкі егемендігін нығайтты. Мұндай әрекеттер Алтын Орданың Моңғол империясынан іс жүзінде тәуелсіз елге айналғанын көрсетті.

Алтын Орда мемлекеттік құрылымы жағынан Шыңғыс хан енгізген әкімшілік және құқықтық үлгілерді негізге алды. Мемлекет Жошы әулетінің меншігі болып есептелді және билік Шыңғыс хан ұрпақтары арасында мұрагерлік жолмен берілді. Батый ханның тұсында Жошы ұлысы әкімшілік жағынан оң және сол қанат болып екіге бөлінді, бұл құрылым болашақта екі ірі мемлекеттік бірлік – Алтын Орда мен Ақ Орданың қалыптасуына негіз болды.

Мемлекетте жоғарғы билік ханның қолында шоғырланса, ханнан кейінгі екінші маңызды лауазым иесі – беклербек (бекілер бегі) болды. Беклербек әскери және әкімшілік басқару ісінде ханның басты көмекшісі әрі мемлекеттің жоғарғы лауазымды шенеунігі ретінде әрекет етті. Бұл құрылым Алтын Орданың орталықтандырылған және тәртіпті мемлекеттік жүйе ретінде қалыптасуына ықпал етті.

Тарихшы Сұлтан Оразаевтың айтуынша, Алтын Ордада хан билігінің жанында қазіргі заманның түсінігімен салыстырғанда премьер-министр тәрізді жоғары лауазымды тұлға – беклербек қызмет атқарған. Бұл лауазым иесі ханның негізгі кеңесшісі және елдің ішкі-сыртқы саяси істерін басқаруға жауапты болған. Сонымен қатар, хан сарайында одан төмен деңгейдегі басқа да лауазым иелері болған. Олардың ішінде діни істермен айналысатын, сот ісін жүргізетін және бағынышты халықтар мен князьдіктерден салық жинауға жауапты тұлғалар қызмет атқарған.

Бұл шенеуніктердің жиынтығы өз дәуірінде тиімді жұмыс істейтін әкімшілік аппаратты құрды. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл құрылым — біртұтас мемлекеттік «администрация» ретінде қалыптасты. Алайда, Алтын Ордада мемлекеттік басқару жүйесінде бірізді реформалардың болмауы уақыт өте келе бірқатар кемшіліктер мен ішкі қайшылықтарды тудырды.

Тарихшының пікірінше, Алтын Орданың әлсіреуіне әсер еткен басты факторлардың бірі — сұлтандар мен аристократиялық топтардың күшеюі болды. Олар әсіресе салық жинау және қаржы ресурстарын басқару салаларында айтарлықтай ықпалға ие болып, шет аймақтарда өз бетінше билік жүргізуге ұмтылды. Қаржы мен билік ресурстарының шоғырлануы олардың орталық билікке бағынуын әлсіретіп, мемлекеттің ішкі бірлігін шайқалта бастады. Сөйтіп, Алтын Орданың шет аймақтарындағы билеушілер біртіндеп орталықтан тәуелсіз әрекет етіп, дербестікке ұмтылды.

Алтын Ордада салық жинаудың арнайы жүйесі қалыптасты. Мемлекетке бағынышты халықтар әскери жасақтарды, жаушыларды қажетті жарақпен қамтамасыз етуге, сонымен қатар пошта бекеттерін ұстауға міндетті болды. Салық жинау ісін жүзеге асыру үшін арнайы тағайындалған өкілдер — «басқақтар» қызмет атқарды. Олар жаулап алынған аумақтардағы ханның билік өкілдері ретінде әрекет етті. Орыс князьдіктері аумағында бұл өкілдер «татар слободасы» деп аталған арнайы аймақтарда орналасып, әкімшілік бақылау жүргізді.

Егер қандай да бір князь хан жарлығын орындаудан бас тартса немесе салықты уақтылы төлемесе, басқақтар өздеріне қарасты әскери күшпен жазалау шараларын қолдануға құқылы болды. XIII ғасырдың соңынан бастап салық жинау ісі біртіндеп жергілікті ақсүйектердің қолына өте бастады. Мәселен, орыс жерінде хан тарапынан жарлық тек бір князьге ғана беріліп, қалғандары соған бағынышты болды. Осылайша, хан бұйрықтарының орындалуын жергілікті билеушілер арқылы жүзеге асырды.

Алтын Орда аумағында құқықтық жүйе ретінде Шыңғыс хан енгізген заңдар жинағы — «Яса» басты бағдар етіп алынды. Алайда, уақыт өте келе ислам дінінің ықпалының артуына байланысты шариғат ережелері де енгізіле бастады. Бұл ислам дінінің мемлекеттік деңгейге көтерілуімен байланысты болды. 1312 жылы Өзбек хан исламды Алтын Орданың ресми діні деп жариялады, бұл оқиға мемлекеттің идеологиялық және құқықтық жүйесінде жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті.

Мемлекетті басқару құрылымында ақсүйектердің құқығы күшейе түсті. Олар өз иелігіндегі жерлерді мұрагерлікке қалдыру құқығына ие болды. Сонымен қатар, көшпелі өмір салтын ұстанған ру-тайпалық құрылымдар да өз ықпалын сақтап қалды.

Алтын Орда XIV ғасырдың алғашқы жартысында, әсіресе Өзбек хан мен оның мұрагері Жәнібек ханның тұсында өзінің ең қуатты кезеңін бастан өткерді. Бұл кезде хан билігі шоғырланып, мемлекеттік басқару жүйесі күшейтілді.

Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтің пікірінше, бұл кезеңде Алтын Орда сыртқы саясатта да белсенділік танытқан. Египет сұлтандығымен арада дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынастар орнаған. Бұл байланыстар нәтижесінде екі жақтан елшілер жиі алмасып отырған. Алтын Орда тарихына қатысты маңызды деректер араб елшілері мен саяхатшыларының жазбаларында кеңінен қамтылған. Атап айтқанда, Өзбек хан мен Жәнібек ханның билігі кезіндегі сарай өмірі, билеушілердің отбасы мен тұрмысы туралы нақты мәліметтер сол кезеңнің араб жазба деректерінде егжей-тегжейлі сипатталған.

Бердібек хан және Алтын Орданың саяси дағдарысы

Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның ұлы Бердібек отырды. Алайда Бердібектің билікке келуімен Алтын Ордада ішкі саяси тұрақсыздық басталды. Ол өзінің билігін нығайту мақсатында қаталдығымен көзге түсіп, таққа таласуы мүмкін деген қарсыластарын жойып отырды. Бұл жағдай елдегі басқарушы әулет — Батудың тікелей ұрпақтарының жойылуына әкелді.

Нәтижесінде, Алтын Ордада нәубет кезеңі басталып, тарихта Сарай төңкерістері деген атпен қалған тұрақсыз дәуірге жол ашылды. Бұл кезеңде мемлекет ішінде билік үшін үздіксіз күрестер жүріп, жиырма жылдың ішінде жиырма бес хан ауысты. Осындай аласапыран жағдай Алтын Орданың саяси жүйесін әлсіретіп, мемлекеттің күйреуіне тікелей әсер етті.

«Бердібек өлді, өлтірілді. Сосын Алтын Орда тарихында дүрбелең деген кезең басталады. Тіпті ауыз әдебиетінде мынадай сөз бар: "Нары мойыны Бердібекте кесілді", – дейді. Нары мойыны – Бердібек. Жаңағыдай болған оқиғаның бәрін қазақ бір сөзбен айтқан. Мына жоңғарлардың кезінде болған қиын жағдайды қазақтар айтады ғой: "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама", – десе белгілі. Немесе: "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын", – десе, ол нені айтып тұрғаны белгілі. Отызыншы жылдардың басындағы, жиырманың соңы мен отызыншы жылдардың басындағы біздегі күшті ұжымдастыруға байланысты болған ашаршылықты айтып отыр. Сол сияқты "Нары мойны Бердібек тұсында кесілді" деген сөз – Бердібек ханмен бірге Алтын Ордадағы Бату әулетінің билігі үзілді дегенді білдіреді. Сол сияқты мынадай сөз қалған екен: Өзбек хан тұсында, 1321 жылы, Өзбек Алтын Ордада исламды ресми дін етіп жариялаған кезде, Баба түкті Шашты Әзіз барып, басқалар бәрі өткеннен кейін жасаған кезде халық арасында сөз қалған екен: "Дін Өзбектен қалды" деген сөз қалған. Бұл – жаңағы Өзбек ханның діни реформасының нәтижесін айтады. Тіпті осыны кейіннен, 1509 жылы, Рузбихан деген тарихшы қазақтардың діні туралы жазып, былай дейді: "Осыдан екі жүз жылдай бұрын", – дейді. 1509-дан екі жүз жыл алсаң – 1309-ға келеді ғой. Сол шаманы айтып отыр. Мына қазақтар осыдан екі жүз жылдай бұрын исламды толығымен қабылдап болған. Бірақ бұдан мынадай ой тумау керек: қазақтар 1321 жылы ислам дінін қабылдаған жоқ деген. Ислам дінінің келіп, тарала бастауы 715 жылдан басталады, – дейді. Араб әскерінің алғашқы – кім бастағаны белгісіз – Хорасан наместнигі басқарған араб әскерлері Әмудариядан бері өтуі 715 жыл болған екен. Сол кезден бастап, яғни VIII ғасырдың басынан бастап ислам діні тарай бастайды. Алғашқы жарты ғасыр бойы, яғни 750 жылдарға дейін, күшпен таратуға тырысты. Ал Қарлұқтардың билігі кезінде Араб халифатында өз ішінде саяси дағдарыс болды. Жаулап алу соғыстары тоқтатылды. Ары қарай енді бейбіт жолмен миссионерлер тарата бастады» - тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев   

Жошы ұлысының аумағында саяси кикілжің кезеңі басталғаннан кейін, он төртінші ғасырдың екінші жартысында Алтын Ордадан бөлініп шыққан Орда Еженнің ұрпақтары Ақ Орда ұлысын құрды. Бұл уақытта Қазақстанда билікке таласушылар көбейді, олар Бату ханның ұрпақтары, Шайбан ханның ұрпақтары және Жошы әулетінің басқа да өкілдері болды.

Таққа отыру мүмкіндігі көбейген сайын бақ таласы да күшейіп, ел ішінде саяси тұрақсыздық орнады. Бұл кезеңде көптеген хандар бір-бірін ауыстырып, олардың арасында қатаң қақтығыстар мен билік үшін күрестер жүрді. Мысалы, Жәнібек ханның екінші ұлы таққа таласып, өз кезегінде Бердібек ханды өлтіріп, біржақты билікке ұмтылды, алайда ол да ұзаққа бармады.

Жиырма жылға созылған бұл саяси дағдарыс кезінде Мамай атты маңызды тұлға пайда болды. Мамай Алтын Ордадағы биклер бек ретінде айлакерлікпен хандарды ауыстырып отырды. Ол Жәнібек ұрпақтарын билікке көтергенімен, ақырында билікке Тоқтамыс келді. Тоқтамыс Әмір Темірдің көмегімен Алтын Ордада үстемдік құрды. Оның билігі, әсіресе Мәскеуге қарсы жорықтары арқылы тарихта ерекше орын алды.

Тоқтамыс Алтын Ордадағы билікті уақытша күшейтті, бірақ өз билігінде ол Әмір Темірге қарсы шығып, оны жеңуге тырысты. Бұл қадам Алтын Орда үшін апатқа айналды, өйткені Әмір Темірдің шапқыншылығы нәтижесінде Алтын Орда мемлекетін қайта біріктіру мүмкін болмай, ол толық күйреді. Әмір Темірдің жорықтары Алтын Орданың құлдырауына себеп болып, бұл мемлекет ешқашан қайта қалпына келмеді.

Әмір Темірдің билікке келу тарихы да ерекше. Ол Шыңғысхан әулетінің ұрпағы болмаса да, айлакерлікпен және әскери күшпен билікке келді. Өзінің билігін нығайту барысында Темір Шағатай ұлысының екіге бөлінуін пайдаланып, Моғолстанды және Мауреннахрды басқарды. Ол дін мәселесіне қатты назар аударып, исламды кеңінен таратуға күш салды, бұл өз кезегінде мемлекеттердің ішкі саяси тұрақсыздығын арттырды.

Әмір Темірдің шапқыншылығы Алтын Орда үшін ауыр зардаптарға әкелді. Тоқтамыстың билігі кезінде Алтын Орда әлі де өз қуатын сақтап, саяси ықпалын жоғалтпаған болатын. Алайда Әмір Темірдің шапқыншылығы кезінде бұл мемлекет өзінің соңғы күшін жоғалтып, ыдырау кезеңіне қадам басты.

Тоқтамыс билікте болған кезде, ол Мәскеуді жаулап алып, басқа орыс князьдықтарын да басып алуға тырысты. Бұл оның күшін арттырды, бірақ Әмір Темірге қарсы шыққан кезде жағдай күрт өзгерді. Әмір Темір бар күшін жинап, 1397 жылы Тоқтамысты Кавказдағы Терек өзенінің бойында талқандады. Бұл жеңіс Алтын Орда үшін шешуші соққы болды, себебі бұл оқиға мемлекеттің аяқталуын және саяси күші мен ықпалының құлдырауын білдірді.

Әмір Темірдің үш ірі жорығы – 1389, 1391 және 1395 жылдардағы жорықтары нәтижесінде Алтын Орда толығымен талқандалды. Барлық маңызды қалалар қиратылып, сауда мен қолөнер тоқтап, құнды қолжазбалар мен мәдени мұралар жанып кетті. Бұл жорықтардың соңында Алтын Орда күйреу кезеңін бастан кешірді, ал оның орнына жаңа биліктер мен ұлыстар пайда болды. Ұлы далада көптеген мемлекеттер ыдырап, көрші мемлекеттердің күшеюіне жол ашты, әсіресе Орыс хандықтары өз күшін арттыра бастады.

Әмір Темірдің жорықтары Алтын Орда үшін шешуші соққы болып, оның саяси және экономикалық қуатын толығымен жойды. Бұл оқиғалар Алтын Орданың құлауына алып келіп, бүкіл аймақтағы саяси картаны түбегейлі өзгертіп, көрші елдер мен хандықтардың дамуына әсер етті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?