Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Тұтқынның» тұңғиық әлемі

118
«Тұтқынның» тұңғиық әлемі - e-history.kz

Жаһандану дәуіріндегі түрлі ғылым салаларында жиі айтылып жүрген постмодернизм құбылысы әлемдік әдебиетте де өз сілемін көрсетуде. Жалпы постмодернизмде мәтіннің рөлі жоғары. Қазақ әдебиетіндегі постмодернистік мәтін жайлы Әуезхан Қодар: «Постмодернизмдегі интертекст, гипертекст туралы мәтін автордан биік, оның болмысынан автордың ойына кірмеген мән-мағына табуға еріктіміз» – десе, профессор Бақытжан Майтанов та мәтін жайында сөз қозғап, «интермәтін (интертекст), гипермәтін (гипертекст), мәтіннің астарлы ойы (подтекст)» деген ұғымдарды атайды.

Ғалымдардың соңғы кездегі пайымдаулары бойынша «интертекст» кең мағынада әдебиетте және тар мағынада лингвистикада қолданылып жүр. 

Қазақ әдебиетінде өзіндік қалыптасқан орны бар жазушының бірі – Роза Мұқанова. Оның «Тұтқын» әңгімесінде постмодернизм элементтері кездеседі. Себебі, постмодернистік әдебиеттегі санасыздық, елес қуушылық, кейіпкерлердің еркіндікті аңсауы бірақ оған жету мүмкін еместігін бағамдай алмауы, ақиқат пен шынайылыққа деген ұмтылушылық, мәтіндерде интертекстуалдық, аллюзия, реминиценция, поток сознания, қара юмор, пародия, полифония сынды т.б. постмодернистік әдебиеттің элементтерін осы шығарманың бойынан кездестіреміз.

Әңгімеде бүкіл махаббатын, ғашықтығын өнерге арнаған, еркіндікті аңсап жүріп өнердің тұтқынына айналған, ақыр соңында бәрінен биік қойып жүрген өнерді емес, барынша қорқатын әйелді сүйетінін мойындаған, сыртқы ортасы Әумесер атаған, ес-ақылынан алжасқан сынды бірақ сау адамның сөзін сөйлейтін бас кейіпкердің жай-күйі баяндалады.

Әумесердің қиялындағы өзімен тілдесетін немесе өнеріне табынушының барлығы әйелдер. Оларды ойдан жасап алып, солармен еркін әңгіме дүкен құрады. Кейіпкердің ауызынан шығатын ғажайып сөздер әртүрлі шығармаларда немесе ғұлама, жазушылардың туындыларын оқу барысында санада сақталған дәйек сөздермен беріліп жатқандай көрінеді. Яғни реминиценция. Қиялындағы әйелдермен сөйлескенде үнемі солардың бойындағы жасампаздық жайлы сөз қозғайды. Ешкім жоқ босағаға қарап қиялынан жасап алған алғашқы әйелге тіл қатқанда Әумесердің өзінің өмірінен де хабардар боламыз. Мысалы: « – Келдің бе?... – Маған ұнаймын деп келген сиқың ғой, ә?... – Менің талғамыма келмейсіз. ... – Мен суретшімін. Әрі сіздің қолыңыз жете бермейтін ұлы суретшімін. Білемін сізді. Сіз мені әрі бай, әрі ұлы суретші деп келдіңіз. Мен бай емеспін, айран жалап күн кешем. Сіз бақытты болуға құлшынып жетіпсіз. Ал маған жақындасу – бақытсыздыққа ұмтылу. Иә... мен әйелдің жылағанынан ләззат аламын. Олар ешқашан шын жылаған емес, білесіз». Бұл берілген үзіндіден суретшінің ауыр тұрмыста күн кешетінін, сондай-ақ бұрынғы күнделікті өміріндегі ауыр тағдырын ұғамыз. Ал әйел бет пердесін ашуға деген суретшінің талпынысы алғашқы әйелге айтқан ойларынан басталады. «...сіздер өмірбақи ақиқатқа жондарыңызды беріп, күнәға мейірім тігіп келе жатқан «сұлу» кескіннен тұрасыздар. Сұлу дегеніме мәртебеңіз өспей-ақ қойсын, сеніп қалмағаныңыз жөн. Сіздер өздеріңізге тағдыр бермеген сұлулықты қолмен жасауға ғажап құмар халықсыз. Ең қарапайым-ақ мысал келтірейін. Қасыңыз бен шашыңыз сары болса, қараға, қара болса қызылға бояп, былайғы жұртты алдауға бейім тұрасыз. Әдемі көрінуге аянбай бар өнеріңізді саласыз. Бәрін керісінше жасап жатқаныңызды білгіңіз келмейді. Сұмдық ұрысқақ-тырысқақ бола тұра, мейірбан, кеңпейіл, парасатты, дана болып көрінесіз. Тіпті солай сөйлейсіз де. Өзіңіз тумаған баланы туғамын дей саласыз. Әйтеуір ғажап шеберсіз, өтірік өмір сүресіз. Рас па?.. Тірліктеріңізде бір шындық жоқ-ау. Ауыздарың сөйлеп тұрғанымен, ақылдарың бақи кідірісте, тұңғиықта, қара орманда шөгіп жатады» – деген суретшінің сөздері ақыл – есінен адасқан сырқаттың аузынан шығатын сөздер деп айта алмайсыз. Ал, артық кеткен жерінде кешірім сұрап, сыпайылық танытуы сау кезінде әдептіліктен жұрдай болмаған жан екенін, келтірілген үзінділердегі ой топшылаулары тек әйелге қарап айтылғанымен, екінші жағынан өмірде де ақиқаттың жоқтығын тұспалдайтынын аңғарамыз. 

Әумесер алғашқы әйелге сөз кезегін бермей, онымен қоштасады. Қиялындағы әйелді ұзатып тұрып онымен біраз сөйлеспегеніне іштей қапаланады. 

Қызғаныш, мойындалмау, бақталастық, қиянат көру іспетті оқиғалардың сілемі әңгіменің мына жерінен байқалады. «Менің ұлы суретші екеніме, ғұлама, ойшыл екеніме киіміме қараған ешбір пенде сенбес. Бәлкім, аула сыпыратындардың немесе ішіп кеткендер қатарынан деп ойлар. Ал анау дарынсыз әртіссымақ, ішіңіз сезіп отырған болар кімді меңзегенімді, өзінің ғажап топастығын қымбат пиджак, галстукпен, саусағына таққан алмас жүзігімен жасырып әлек. ... – Кәдімгі хайуанатқа тән тіршілік. Тырсиып семіре-семіре домаланып қалған екен. Мойынын емін-еркін бұра да алмайды. Бұғағы әбден майланып кеткен, жыртылуға шақ. Адымдап, алшаңдап жүрудің өзі арман. Қарнының майы екі бұтты тіреп тастаған», – деп бейнелеп ащы мысқылмен тұншыға күлуі, оларға деген кекесін көзқарасын танытқандай. Ал, ақыл-естен алжаса бастаған ұлы суретшіміздің өзін мысқылмен кекету қиялдағы екінші әйелмен жолыққанда диалогта ашыла түседі. «– Мәртебелі суретші! Ақыл-парасаты ұшан-теңіз, қиялының жүйріктігінен жеті қат көктің үстінде жүзіп жүретін ғұлама, өзіңізге сұрақ қоюға рұқсат па?» – деген сөзіне өзін мысқылмен биік санап тұрған аты бір аталып өзге уақытта бәрінде аталмайтын Ольга Васильевнаға «... – түзету енгізсем. ... – Жеті қат көк те, жеті қат жер де мына менің қиялымның иелігінде» - деген жауабы постмодернизмдегі жоғарғы тұлға (сверхчеловек) тұжырымына келеді. Ал, әлгі Оленьканың «Шығып алған биігіңізден сәл төмен түсіңізші, а?» – деп ұлы суретшінің әйелге деген ниетін адамгершілік көзқараста қаратып өзгертпекші болғаны автордың соңғы айтпақ болған ойының алдын ала сұлбасы іспеттес. Кейіпкердің әйел бойындағы жасандылықты тап басып тани білуі, олардың бойында ешқашан шынайылық пен ақиқаттың болмайтынын, ал болса «... айтыңызшы, әйелдің өз бетін қалай көруге болады?..» деген сұрағына Ольганың мынадай: «әйел сүйгенім де, туғаным да, ісім де, қимылым да, жегенім мен кигенім де сұлу болса деп тілейді» жауабынан соң, әйелдің маскасын шешуде автор Әумесердің жіті байқампаздығына назар аударады. Яғни, суретші әйел сұлу болмаған күнде сұлу болып көріну үшін бар күш-жігерін аянбайтынын айтқанда әйелдің қабығынан еріксіз шыққандығын айтады. Екеуара әңгімеден соң Ольганың бар сыры ашылып, постмодерниcтік талдау бойынша кейіпкеріміздің маскасы шешіледі. Осы тұстарда «қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мақал-мәтелдің мазмұнын аша түседі, сондай-ақ «Ана өмірдегі шексіз мейірім иесі» деген қағидаға да Әумесердің кекесін қиғаш ойы шынайы мейірімділікті жоюшы ретінде беріледі. Бұл да қалыптасқан қағиданы бұзушы постмодернизмнің ерекшелігі. 

Әумесерге тән «мекеншақтың (хронотоп)» (Бақытжан Майтанов) ауқымы кең. Ол өзі салған «Отызыншы ғасырдың адамдары» атты картинасы арқылы ғарышты да кезіп жүреді. Салған суретіне қарап, «Ғарыш иесі» деді сендерді. Қателеседі... Мен өзім ғарыштықпын.», – дегенінен оның қиялының шексіздігін байқасақ, ал «менің қиялыма сендердің саясаттарың билік жүргізе алмайды» дегені алдыңғы ойдың (Жеті қат көк те, жеті қат жер де мына менің қиялымның иелігінде) жалғасы сияқты.

Бас кейіпкер байлыққа немесе жасанды сұлулыққа ұмтылмайды. Шынайылықты іздеуші, ақиқатқа жетуді көздейтін, соны іздеу жолында оған жетуді армандайтынын шығарманы оқу барысында көзіміз жетіп отыр. 

Әумесердің қиялындағы үшінші әйел Маргарита Алексеевнамен кездескенде оқиға тым ширыға түседі. Сұлудың жалаңаш кескінін лыпылдатып қағазға түсіріп жатып, «– Шіркін, әйелдің жылағаны қандай әдемі. Жылаған әйелдің қабілетінен асқан сұлулық жоқ, бұл жаһанда. Жылаңызшы, а? Кәні...», – деп өтінуі шығарманың басындағы (мен әйелдің жылағанынан ләззат аламын) ойдың жалғасындай. 

Маргаритамен тілдесе отырып, автор кейіпкерді өз-өзімен айна алдында жүздестіреді. Өзінің бейнесіне қарап тұрып: «– Ренжімессіз. Барым осы. Сіз мені кінәламаңыз. Дәл сіз ойлағандай ақымақ емеспін. Бар кемшілігім – сіз көрмегенді көріп, сіз білмегенді біліп тұрмын. Айырмашылығымыз осы.» – дейді. Мұны постмоденизмдегі өздік «менмен» тілдесу деп түсінгеніміз жөн болмақ. 

Постмодернистік әдебиеттегі еркіндікті аңсаушы кейіпкеріміздің сұлбасы бұл шығарманың мына жерінде қоюлана түседі. «– Менің ынтызар көңіліме, ғашықтығыма сен де өз тарапынан жауап бер. Сен де үй мені!.. Сен де құшшы мені. – Жоқ! – Әумесер ыршып түсті. – Ешқашан... мүмкін емес. Көзі шарасынан шығып, шошына алақтайды. – Ешқашан, ешқашан... атамаңыз. Сүю – қазыққа қағылу, байлану. Менің жаным еркіндікті қалайды. Әйел түгіл, қоғамға тәуелді болғым келмейді. Олай демеңіз. Тұтқыннан арашалай көріңіз. Сүймеңіз мені. Бұ сұмдықты қайдан ойлап таптыңыз».

Ал, енді өз қиялындағы сұлуы алқымынан ала түскенде, шығарманың басынан бастап әйелдердің бет пердесін ашуға үйреніп, оларда ақиқат, шынайылық жоқ деп келген кейіпкеріміздің өзінің маскасы қалай шешілгенін өзі білмей қалады. «Әйелден гөрі ӨНЕРГЕ бағындым. Несін жасырам, ӨНЕРГЕ табындым, ғашық болдым. Өнер әйелді ұмыттырды. Жоқ! Жоқ, жоқ... жалған айттым, ақиқатында әйелді сүйдім. Сүйдім... Бірақ әйелден сұмдық қорықтым, жасқандым. Әйелге ұнау мүмкін емес. Оның талғамы мен талабы кез келген суретшіні есінен тандырады. Бүкіл тіршіліктің бастауы да, тұнығы да өзі. Осыны біліп алған ол сұмдық паң. Паң... Әйелге ғашық болу – мазақ болу. Сондықтан мен оны сүймеуге себеп іздедім, сөйтіп өнерді таптым», – деген кейіпкеріміздің жаны алқымына тығылғанда айтқан сөзінен алдыңғы жаққа беймәлім болып келген дүниеге қаныға түсеміз. Ал, енді бар құпиясы ашылып қалған Әумесердің ендігі сөзіне назар аударайық. «– Ендігім не? – деді күбірлеп. – Сезімім іздегенмен, санам ерік бермеді, өзімнен кеткен қателік. Жоғалтқанымды таба алмаспын. Тағдырыма жүк болған айыбымды кешіріңіздер. Мен күн сайын таңертең барлығыңыздан кешірім сұраймын. Кешірім етіңіздер, көңіліме медет болсын. Мен тұтқынмын кісенделген, –деді суретші ағыл-тегіл жылап отырып» – деген автор сөзінен әйелге жақындасу бақытсыздыққа ұмтылу деп еркіндікті аңсап жүрген Әумесеріміз оған жету жолы мүмкін емес екенін ескеріп, тұтқынға түскенін мойындады.

Жалпы, «Тұтқын» әңгімесінің құрылымы (структурасы) дәстүрлі әдебиеттен тыс екенін байқаймыз. Жазушы кейіпкердің психологиясын түрлі юморлар арқылы шебер үйлестіре білген. Әумесер аузынан әр кезде шыққан сөздер бір-бірімен логика арқылы байланысып жатады. Бұған қарап сана ағымында дейін десек, кейіпкеріміздің өмірді мағынасыз санауы, ақиқаттың жоқтығын мойындауы, түсініксіз күйі шығарманы постмодернизммен үндестіріп жататынын анық байқаймыз. Түсініксіз жайлардан болжауға болатын мәселе, ол жігіттің сырқат күйге түсуіне қасіретті махаббат немесе сәтсіз отбасы жағдайымен тамырласып жатуы әбден мүмкін немесе өнерге деген шектен тыс құштарлығы жұлдыз ауруына ұшыратып, ақыл-естен адасқан кейіпкердің әлемі, тіпті болмаса түрлі тиымдарға деген қарсылығының шектен асқандығы деген қорытынды шығаруға әбден болады (Бақытжан Майтанов). Алайда, жазушы біз болжаған жайларды назарға алмауы да мүмкін. 

Қыран АЛТАЙ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?