Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шөген ойынының тарихы

2580
Шөген ойынының тарихы - e-history.kz
Шөген ойынының атауына қатысты нұсқалар жеткілікті. Қазақтар негізінен бұл ойынды шөген деп атайды. Әуелде Еуропаға барған уақытта «Атты хоккей» деп аталған екен. Әзірбайжандар оны шоған дейді

Біздің көшпенді бабаларымыздың тіршілігі жылқымен тығыз байланысты болғаны тарихтан белгілі. Олардың өмірінде жылқы аса маңызды рөл атқарып, жауынгершілік заманда сенімді серігіне баланды. Ерте замандарда Орта Азияны мекендеген көшпенділердің атпен ойнайтын сан түрлі спорттық ойындары көп болған. Ол жайында бізге көнеден жеткен тарихи деректер айғақ болып отыр. Бүгінде Еуропада танымалдылыққа ие шөгеннің түп тарихының негізі Орта Азиядан шыққаны туралы деректер көп. Бұл жайында көнеден жеткен тарихи еңбектерде көп айтылады.

Түркі әлемінің тарихи жазбаларында, оның ішінде Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» (Құтты білік), Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі тілінің сөздігі) еңбектерінде шөген (поло) жайлы шежіре айтылады. Қазақ ғалымы, этнограф Асқар Егеубаевтың аударма еңбектерінде осыған көз жеткізуге болады. Өкініштісі, «шөген» ойыны уақыт өте келе бастапқы нұсқасынан көптеген өзгеріске ұшырады. Қуантатыны, көшпенділердің ұрпағы саналатын біздер полоның атасы саналатын көкпар ойынын түбегейлі сақтап қала алдық.

Тарихи деректерде 2500 жыл бұрын көне парсылардың шөгенді ойнағаны туралы айтылады. Ал қытайлар шөгенді бірнеше мың жыл бұрын өздерінің дәстүріне енгізген деген дерек бар. Негізінен осынау көне ойынды спорттық деңгейге көтерген көшпенді халықтар екен. Қай бір замандарда жетісулық моңғолдар Үндістанның бір бөлігін жаулап алып, Орта Азиядан шөгенді сол жаққа апарған.

Шөген ойынының атауына қатысты нұсқалар жеткілікті. Қазақтар негізінен бұл ойынды шөген деп атайды. Әуелде Еуропаға барған уақытта «Атты хоккей» деп аталған екен. Әзірбайжандар оны шоған дейді. Шөгенде атпен қатар ойынға берілетін таяқшамен ойнайды. Шоқпар, шөген, шоған сөздерінің түп атауы бір мағынаны білдіретіндіктен, ат үстінде допты ұрып ойнайтын шөгенді бабаларымыздың шөген деп атауы заңдылық. Алайда оның шөген деп аталуына ХІХ ғасырда Тибетте «Пулу» деп аталуының себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Ұлыбританиялық шай өндірушілер 1800 жылдары Манипурде поло ойынына куә болады. Алайда 1850 жылға дейін шөгеннің британиялықтар дайындаған ережесі қалыптасқан жоқ еді. 1862 жылы шөген ойыны әлемге бірінші рет ағылшындар арқылы тарала бастады. Сол жылы Калькуттаның батыс бөлігінде көне шөген клубының негізі қаланған болатын. Бұған қатысты мынадай деректер бар: 1868 жылы ағылшын әскерлері мен теңіз офицерлері Үндістаннан қайтар жолда Мальтада аялдайды. Демалуға тоқтаған әскерилер Үндістанда көрген шөгенді ойнап, ақылдаса келе клуб құру туралы ұйғарымға тоқтаған көрінеді. Осылайша Еуропада шөген клубының негізі қаланады. 1869 жылы Англияда 10 сарбаздан тұратын ойыншылар қатысқан бірінші командалық кездесу өтті. Сол кездері Англияда поло «Атты хоккей» атауымен мәшһүр бола бастаған еді. 1872 жылы тұманды Альбионда алғашқы шөген клубының іргетасы қаланды. Сонымен тоқтап қалмай, бұл ойын көршілес Ирландияға да жетеді. Ирландиялықтар да ағылшындармен қатар 1872 жылы өз клубтарын құрып, соның негізінде еуропалықтардың алғашқы клубтық ойындары ойнала бастайды. Бұл шөгеннің Азиядан Еуропаға жеткен кезеңі болып саналады.

Уақыт өте келе бұл ойын тек Еуропада тұрақтап қалмады. Еуропада жалпы халықтық сипат алып, клубтар арасында ресми матчтарды ұйымдастыру қолға алынған. Мысалы, еуропалықтардың сырт алаңдағы алғашқы матчы 1875 жылы 3 қыркүйекте Аргентинада өтті. Онда Англия мен Ирландияның клубтары өнер көрсетті. Ойыншылардың дені малшылар мен инженерлер болған екен. Шөгеннің Оңтүстік Америкаға табан тіреуі осы жылдармен тұспа-тұс келеді.

Арада бір жыл өткенде подполковник Томас Санкт Квентин 10  сарбазын ертіп, Англиядан Австралияға саяхат жасайды. Қарамағындағы әскерилер поло ойнап, шыңдалған ойыншылар болатын. Олар сол сапарларында жергілікті халыққа өз өнерлерін паш етті. Австралиялықтардың шөгенге деген  ерекше ілтипатының нәтижесінде олар бұл ойынды үйрене бастайды. Кейіннен подполковник Томас Санкт Квентин «Австралиялық шөгеннің атасы» деген атты иеленді. Ол саяхаты аяқталғаннан соң інісімен бірге шөгеннің дамуына айрықша еңбек сіңірді.

Еуропадан Аргентина мен Австралияға жеткен шөген ХІХ ғасырда АҚШ-қа тарап үлгерді. 1876 жылы АҚШ-қа кіші Джеймс Гордон Беннет арқылы шөген ойыны таныстырылды. Содан бері Джеймс Америкада шөгеннің негізін қалаушы болып саналады. Ойынды жете түсінген Джеймс Нью-Йоркке барғанда оның таралуына ұйытқы болды. Бұдан кейінгі 50 жыл ішінде шөген АҚШ-та танымал ойынға айналды.

1888-1930 жылдары шөгеннің алтын дәуірі туды десек болады. Бұл уақыттары атпен ойналатын ойын олимпиадалық ойындар бағдарламасына кірді. Содан бері шөгенді әлемнің көптеген елі танып, қазіргі уақытта 84 мемлекет ойнайды. Ал олимпиада бағдарламасында тек 1900-1936 жылдар аралағында ғана ойналды. Қазір халықаралық олимпиада комитеті шөгенді мойындайды. Демек, алдағы уақытта біз оны қайтадан олимпиадалық ойындар бағдарламасынан көріп қалуымыз бек мүмкін.

Қазіргі таңда шөген ойыны Ұлыбритания, Испания, Италия, Франция, Германия, сонымен қатар, Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ-та аса танымал. Шөгенді ашық алаңда екі команда ойнап, олардың әрқайсысы төрт ойыншыдан жасақталады. Әр кәсіби ойыншы арнайы комиссия шешімі бойынша ұпай айырмашылығына ие болады. Ұпай айырмашылығы 1-ден басталып, 10-ға дейін жетеді. Турнирге қатысушылар шеберлік көрсеткіші бойынша шақырылады. Қатысушылардың ұпай жиынтығы команданың ұпай айырмашылығы болып саналады.

Шөген әлемнің барлық елінде элиталық спорт түріне жатқанымен, Аргентина бұл ережеден тыс қалды. Шөген – Аргентинаның ұлттық спорт түрі саналады. Елде бір команданың сапын бір отбасы немесе бірнеше туысқан толықтыратын клубтар жеткілікті. Аргентинада көптеген компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін шөген тұрақты қаржылық табыс көзіне айналған. Олар жылқыларды баптап, киім әзірлейді. Жаз мезгілінде көптеген туристтерді қабылдайды. Оның ішінде шөген ойыншылары мен әуесқойлар да бар. Сонымен қатар, кәсіби ойыншылар, жаттықтырушылар және жылқышылар табыс табу үшін өзге елдерге шығады. Бүгінде әлемдік жылқы шаруашылығы, жекелей алғанда шөген ойын-сауықтың бірнеше түрін ұсынатын үлкен индустрияға айналды.

Еуропаның кейбір елдерінде шөгенді қыс кезінде қарда ойнау әдетке айналған. Қысы ұзаққа созылмайтын елдерде шөген жабық кешендерде ойналады. Айта кететіні, шөген жабық кешендегі шағын алаңда ойналғанда әр командада 3 ойыншыдан ғана қалдырылады.

Шөген ережесі: Жалпы ережесі бойынша ойын 4-8 кезең аралығынан құралады. Оның әрқайсысы жеті минутқа созылады. Арасындағы үзіліс уақыты үш минутты құрайды. Ойын барысында төрт түрлі ұру әдісі бар. Ұзындығы 120-150 сантиметр болатын таяқша (клюшка) ойынның негізгі құралы. Ашық даладағы алаңның көлемі 275х180 метрді құрайды. Бұл командалық спорт ойындарындағы ең үлкен алаң болып саналады. Қақпаның ұзындығы жеті метрге жетеді. Екі жақтағы қақпаның арасы 230 метрден кем болмауы тиіс. Әр ойыншыға тиесілі 3-4 аттан болуы керек. Өйткені ойын кезінде оларды екі реттен артық ауыстыруға тура келеді. Шетелде мұндай аттардың бағасы өте қымбатқа түседі. Мамандардың пікірінше, шөгенге тек аргентиналық жылқылар ғана жарамды емес. Көз жеткізген практикалық дерек бойынша, шөген ойнауға қазақы тұқымды жылқылар да жарамды.

«Шөген» ойынын қайта өрлету жөніндегі ұсынысты ғалымдар, журналисттер және спорт функционерлері тоқсаныншы жылдардың аяғында айта бастады. Қазақстанда шөген федерациясының негізі 2012 жылы қаланып, оны ілгері дамытуға алғашқы талпыныстар жасалған болатын. Алайда федерацияның жұмысы елеусіз күйде қала берді. 2014 жылы шөген федерациясының жаңа президенті болып Асылжан Мамытбеков сайланды. Еліміздегі шөген ойындары бір жүйеге келтіріліп, алда атқарылатын жұмыстардың реті жоспарланды. 2014 жылдың желтоқсан айында ҚР Шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында Халықаралық Поло федерациясына мүшелікке қабылданды. Елімізде шөгенді дамытудың негізгі алғы шарттары жасалып, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қалаларында федерациялар ашылып, клубтар құрылды. Барлық облыстық федерация республикалық федерациясының мүшелігіне өткен. Федерацияның қазақ тіліндегі атауы «Қазақстан шөген федерациясы» деп аталса деген ұсыныс бар.

Соған орай ұлттық ойындарға жылқыны дайындап, бейімдеу оңай шаруа емес. Атты баптау, ойынға үйрету секілді сан алуан машақаты мен қиындығы бар. Мысалы, көкпар ойынына кез келген ат жарай бермейді. Сол секілді шөген ойындарына пайдаланылатын атты дайындап, баптау үшін өте көп уақыт қажет. Тіпті, арнайы үйретілген жылқыларды шетелден сатып алу қажеттілігі де туындаған болатын. Бірақ еліміздің шөген федерациясы Қостанайда қазақы тұқымды жылқыларды шөген ойынына үйретуді қолға алып, бүгінде  жиырмаға жуық жылқы ойынға  бейімделді. Олардың бәрі қазақ топырағында туған жануарлар.

Ежелгі замандарда ата-бабаларымыз ойнаған шөген ойынының бүгінгі бейнесі осындай. Шөген шетелде танымалдылыққа ие болғанымен, өкінішке қарай, Қазақстанда көкпар ойыны секілді бұқаралық сипат ала қойған жоқ. Бұйырса, шөгеннің дамуын жеделдетіп, жалпы халықтық ойынға айналдыруға мол мүмкіндік бар.

kazpolo.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?