Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Батыс өлкедегі Алаштықтардың қоғамдық-саяси қызметі. 1-бөлім

1592
Батыс өлкедегі Алаштықтардың қоғамдық-саяси қызметі. 1-бөлім - e-history.kz

XX ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін түрлі ағымдардың өзара қақтығыс, күрес кезеңі болады. Міне, осындай жағдайда қоғамдық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш – ұлт зиялылары араласа бастайды. Ресей және шетел қалаларындағы жоғарғы оқу орындарын бітіріп келген, көзі ашық, саяси жағдайдан хабары бар, демократияланған ұлт зиялылары, соның ішінде Орал облысы зиялылары елінде әртүрлі саяси позиция ұстанып, Алашорда үкіметі мен партиясы төңірегіне бірігіп, ал бірқатары Уақытша үкімет және Кеңес өкіметі жағында сан-салалы, өлшеусіз қызмет етеді.

Шаруалар мен солдаттардың, жұмысшылар мен казактар депутаттарының төтенше облыстық съезі өз жұмысын 25 наурызда бітіріп, социалистік революция жетістіктерін қорғау қамына кіріседі.Алайда халық қоғамдағы қарама-қарсы күштерді, төніп тұрған қауіпті көре тұрып, Кеңес өкіметін қолдап, қалауын жасайды.Ал сол кезде жылға жуық қарулы күшін дайындап келген Орал казак әскерінің генералдары мен офицерлері болашағы бұлдыр,қатерлі сұрапыл соғыс – «қанды кешу» жолына түседі. Орал облысында барлық билікті өз қолына күшпен алған Орал казак әскері енді диктатура орната бастайды. Елде жалпылай қарақшылық, қырып-жою саясатын қолданып, патшалық Ресей кезіндегі ескі тәртіпті қолданып, демократиялық құқықтарды жойып, сөз бостандығы, баспасөз бостандығын аяққа басады. Газеттер жабылып, баспаханалар тек әскери үкіметке қызмет істей бастайды. Ал сайланып қойылған жергілікті басқару мекемелері талқандалып, қызметкерлері тұтқындалып немесе қудаланады. Казактар арасында да қатаң бақылау ендіріліп, қоныстар мен станицаларда билік атамандардың, офицерлердің қолына беріледі. Ал шеру, жиналыстар өткізуге тіптен тиым салынады, Сонымен қатар Үкімет құрамына басқа ұлт өкілдерін жолатпай, тек Кадет партиясы мүшелерімен сыбайласта болып, революцияны жақтаған солдаттар мен қазақтарды қудалау көбейе түседі. Бұнымен қатар Әскери үкімет өз армиясын құрып, оның санын көбейту шараларын шұғыл жүргізуде облыста 19-55 жастың арасындағы казактарды, кейін славяндарды жаппай армия қатарына (мобилизация) алады. Әскери үкімет бұл әдіспен қысқа мерзім ішінде 15000 жауынгері бар, 3 шептен түратын ақ казактардың Орал армиясын жедел құрады. Яғни 1-ші шепке 1,2-ші Орал казак дивизиялары, 2-ші шепке Елек шебі жатса, 3-шіге Орал атты әскер дивизиясы т.б кіреді. Осы кезде оларда 51 зеңбірек, 169 пулемет болады. [1] Орал әскери үкіметі Дон, Кубань, Терек, Орынбор, Сібір ақ казак әскерлерімен байланыс жасап, Англиядан Каспий теңізі арқылы қару-жарақ, түрлі жабдық т.б қажетті көмегін ала бастайды.

Сонымен «Казак автономиясы», «Казак республикасы» деген үгіт жұртты алдау, әскери күшпен облыстағы миллионға жуық славян, түркі(қазақ,татар т.б) халықтарын бағындырады. Бұл құлдық бұғаудан кұтылу үшін ұлт-азаттық қозғалыстың лебі де көріне бастайды. Бірақ облыста азамат соғысын бастайтын күш те жоқ болатын және оған Орал казак әскері жол бермейді. Олар елде демократиялық күштерді талқандап, Нарын құмынан шығыста Темір өзені аңғарындағы Темір уезін түгелімен ақ казактар басып алады. Ал большевиктер болса, Теке қаласының шет жағыңда астыртын штабын құрып, еңбекшілер арасында жасырын үгіт жүргізіп, оларды ақ казактарға қарсы күреске шақырады. Богданова, Долинск, Федоровка т.б. ауылдарында большевиктік ұялар құрылып, шаруаларды өз төңірегіне топтастырып, қарулы отрядтар ұйымдастыра бастайды. Богдановка ауылында большевиктердің аудандық съезі өткізіліп, ол ақ гвардияға қарсы күрес мәселесін талқылап, 7 адамнан аудандық партия комитетін сайлайды. Бұл шиеленіскен жағдай РСФСР өкіметіне де мәлім болып, Мәскеу өзінің бөліп берері болмаған соң, ақ казактармен күресуді Самар, Саратов губернияларына тапсырады. Кеңес өкіметі Еділ мен Жайық өңіріндегі жұмысшылар мен шаруаларды ақ казактармен қарулы күреске бар күшін жұмсауға шақырып, жергілікті Кеңес мекемелеріне жауға тойтарыс беруді міндеттейді. Аз уақытта асығыс түрде қызыл гвардия шаруалардан, соғыс тұтқындарынан (венгер, поляк, чех, словак т.б.) интернационалдық дружиналар ұйымдастырады. Бұл аралас ұлт өкілдерінен біріктірілген жасақ - «Ерекше армия» деп аталып, Николаев уезіндегі екі отрядтың біреуін В.И.Чапаев, екіншісін И.Н.Демидкин басқарады.Сонда бүл армияның құрамында 4500 жауынгер, 18 зеңбірек 110 пулемет, 1 бронды машина болады. 

Қанды шайқасты болдырмау үшін Кеңес өкіметі Саратов губерниялық атқару комитетіне (Губатком) Текеде төңкеріс болғаннан кейін де келіссөз жүргізуді тапсырады. Орал казак әскери үкіметі (бұдан кейін ОКӘҮ) әуелі уақыт ұту үшін келіссөз жүргізеді. Сол себепті Кеңес өкіметі Орал казак әскери үкіметінен облыста облыстық кеңесті қалпына келтіруді, тұтқындағы кеңес қызметкерлерін босатуды талап етеді. Оған ОКӘҮ-ті нақты жауап бермей, сүйретпелеп келіп, әскерін дайындап болғасын, келіссөзден бас тартады. Амал таусылып, «Ерекше армия» ОКӘҮ басып алған мекендерді жаудан құтқарып, бейбіт елге төнген қатерге тойтарыс беру үшін азаттық күресіне шығады.

Бұл кезде облыстағы қазақ жұртының ұлт-азаттық қозғалысы әлі қалыптасып, күш алып үлгермеген болатын. 1918 жылы 18 қаңтарда Орынбор казак әскері атаман А.Дутовтың бастауымен бүлік жасап, қаланы басып алады. Жаңа ғана жанданып келе жатырған Алаш қозғалысы екі жерде Орынбор мен Орал облыстарында өзінен әлдеқайда күшті қарулы, аса қатерлі тосқауылға кезігеді. Бүкілқазақтың 2-ші съезі «Алаш партиясын»,  «Алаш орда» үкіметін құрғанымен, қазақ жерінің басын қосып, біріктіріп үлгермеген еді. Тіпті 2-ші съездің қаулылары да уақытында жарияланбады. Алаш үкіметі Ақмешіт не Ақтөбе секілді үш жүздің қазағына жақын, қатынауға ыңғайлы жерге орнықпай қиыр шеттегі Семей қаласына көшіп, кеңестердің қысымына ұшырайды. Сол себепті әр облыс өз күнін өзі көріп, автономия үшін күреске нұқсан келеді және бірімен-бірінің байланысы, көмегі, байланыстырушысы кем болады.

Орал Қазақ Атқару комитетінің басшылары Орынбордан оралғанда өз елінде саяси шайқастың өрістеген кезі болатын. Облыста 3 үкімет пайда болады, яғни олар Облыстық Кеңес, Орал казак әскери үкіметі және Қазақ Атқару комитеті еді. Қазақ атқару комитетінің басшылары төнген қауіпті анық сезіп, Алашорда басшыларымен кеңесіп, Мәскеуге барады. Олар РСФСР Халық комиссарлар кеңесінің Петроградтан Мәскеуге көшкен кезіне тап болып, біраз күтеді. Кейін Жаханша, Халел Досмұхаммедовтер РСФСР өкіметіне баяндама хат жазады.[2] Бұл хатта Алашорда басшыларының стратегиялық саясаты, елдегі басқа саяси күштермен қарым-қатынасы және т.б мақсаттары жазылған болатын. Баяндама хатта халықты тапқа, жікке бөлмей, біртұтас қауым деп қарайтыны айтылып, Алаш басшылары РСДЖП позициясын, соцализм рухын, мәнін түсініп, РСФСР халкомының езілген ұлттарға өзін-өзі билеу автономиясын береміз, әр ұлт өз мемлекеті құрылысын өзі шешу құқығы қамтамасыз етіледі деген сөздерін пайдаланып, саяси жағдайға сай әрекет істеу абзал екендігін айтады.

Сонымен Алаш делегациясының Мәскеуге барғандағы мақсаты -Алаш автономиясын мойындату, Кеңес өкіметінен өлкені азаматтық және әскери басқару істерін ұйымдастыруға материалдық көмек, азық-түлік пен өнеркәсіп бұйымдарымен жабдықтауды сұрау еді. Өйткені «Алаш» сол кезеңде Ресейде Кеңес өкіметі ғана ұлт мәселесі жөнінде ең сенімді жақ деп есептеген болатын. Делегация түрлі комиссариаттарда болып, сөйлесіп, Ұлт істер комиссары И.Сталинге жолығады. Әрине большевиктерге Алаш басшылары буржуазия зиялылары болып көрініп, ашық жауап бермейді. Келіссөз барысында И.Сталин сәуір айының 2-де Семейдегі Алашорда өкілімен телеграф арқылы сөйлеседі. Алашорда И.Сталинге Қазақ автономиясын мойындауды, әр жерде кеңес күшімен таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіруді, тұтқындалған қазақ қайраткерлерін абақтыдан босатуды сұрайды. И.Сталин жауабында: «Алашорда Кеңес өкімет мойындағанда ғана Қазақ автономиясы танылады»-дейді. Бірақ келіссөз ұзай береді. Кейін Теке қаласында әскери төңкеріс болып ОКӘҮ-ті облыста өз билігін орнатқаны мәлім болады. Келіссөз кезінде Орталық кеңес өкіметі басшылары қазақтың ынтымақ пен ұлттың тұтастығы негізінде құрылған мемлекеттілігін мойындағысы келмейтіндігі байқалып, большевиктер таптық ұғымға негізделген Кеңестік үлгідегі автономия құруды көздейтіні айқындалады. Делегация еліне ораларда И.Сталин мен В.Ленинге жолығып, қазақ елінің жағдайымен таныстырып, отар елде қару-жарақ болмайтыны, жігіттері армия қатарында болып көрмегенін, шаруашылық жайын айтады. Облыстағы қазіргі саяси жағдайда қазақтар Кеңес үкіметін ашық, белсенді қолдаса, Орал, Орынбор казак әскерлері қарусыз, әскерсіз қазақты жаппай қырғынға ұшыратуы мүмкіндігін ескерте келіп, ұйымдаспаған, бірікпеген жұртты ойсырату оңай қасірет болмас үшін қазақ жігіттерінің ақказактар жағына шығуына жол бермеуге тырысатынын мәлімдейді.[3]

Сөйтіп Алаш басшылары еліне оралады. Мамыр айының басында Досмұұхаммедовтер Теке қаласына келеді. Бұл кезде облыс жағдайы мүлде өзгерген, демократиялық қозғалысқа нұқсан келген, газеттер жабылған, әскери бақылау күшейген болатын. Делегация мүшелерін "большевиктерден қайтып келген, большевизм идеяларымен қаруланғандар"-деп айыптап, қуғын салып, тіпті кейбіреулерін (Е.Қасаболатов,Ғ.Әлібеков т.б) тұтқындап, абақтыға жабады. Бұндай өрескелдік қазақтардың наразылығын туғызып, ОКӘҮ-ті амалсыз тұтқындалғандарды босатуға мәжбүр болады. 

Сонымен Орал казак әскери үкіметі зорлық істерін жалғастырып, Теке қаласындағы қазақтың қоғамдық ұйымдарын, мекемелерін қудалап, түрлі шаруашылық обьектілерін басып алады. Бұнымен қоймай қазақ зиялыларына бұқарамен байланысуда кесел жасап, қаладан шығармауға тырысады. Бұны түсінген қазақ зиялылары біртіндеп тобымен Теке қаласынан кетіп, қырға қаша береді.

Көрші губернияда жасақталған "Ерекше армия" 1918 ж 1 мамырдан бастап өз жерлестерін жаудан азат ету жорығына шығады. Олардың мақсаты өз жерін,Орал облысы тұрғындарын азат ету, әуелі темір жол бойын Текеге дейін босатып, бекіту, сосын қаланы алып, Орал казак әскерін оқшаулап, жергілікті өкімет сайлауын өткізу болатын. Осындай жағдайда "Ерекше армия" өз жоспарымен теміржолды бойлап, Текеге қарай соғыса жүреді.Ал жолдың оңтүстігімен Новоузень отряды, солтүстігімен Николаев, В.И.Чапаев бастаған екі отряд жылжып отырады. Ал сол кезде жоғарыда айтқандай Теке қаласынан қашып шыққан қазақ зиялылары 18 мамырдан бастап облыстың Қазак атқару комитеті қазақ өкілдерінің 4-ші съезін шақырады.Съезге әуелі 300 делегат келеді, артынша 150 өкілдер қосылады да, 4 күн 20 мәселе талқылайды. Ең бастылары ағымдағы саяси жағдайға көзқарас, Мәскеуге барған делегацияның баяндамасы, жалпы саяси бағытты анықтау болатын. Бұнда Орал облыстық земство басқармасының Орал казак әскерімен одақтасу туралы, кіммен және қандай негізде одақ қүру керектігі, облыс қазақтарының мықты үкіметін құру т.б. мәселелер қызу айтыс туғызады. Қысылтаяң кезеңде елді аман сақтау айласын табу үшін жиын, маслихат шақырып, Досмүхаммедовтер бұқараға тығырыққа тірелген ел жағдайын түсіндіріп, қатерден бұлтарудың жолдарын іздестіреді.

4-ші съезді Орал облыстық земствосының төрағасы Халел Досмұхаммедов ашып, өздерінің Мәскеуде РСФСР Халкомымен түрлі мәселелер жөнінде келіссөз нәтижесін, көрші губерниялар басшыларымен сөйлескенін баяндайды. Съезде мәселелер қызу талқыланып, тапқа, жікке, партияға бөлінбей жалпы халықтық мүддемен қатар жеке бастың болмашы нәсібі туралы да әңгіме болады. Өзекті саяси мәселелерді талқылай келе облыстық қазақ съезі алдағы басты міндет деп Ресей Федерациясы қүрамында Алаш автономиясы үшін күресу стратегиясы мен тактикасын белгілейді. Съез жергілікті территориялық автономия құру жөнінде Бүкілқазақтық 2-ші съез шешімін жүзеге асыра отырып, бүкіл Батыс Қазақстан жерін біріктіріп, "Ойыл уәләяты" деп жариялайды. "Уәләят"-араб сөзі. "алқап, облыс" мағынысында, бұның құрамына Орал, Гурьев, Ілбішін, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің қазақтар мекендеген аудандары мен Маңғыстау уезі де кіреді. Ойыл уаләятының Уақытша үкіметі сайланып, оның билігі орнатылып, үкімет төрағасы болып Ж.Досмүхаммедов сайланады.Съез елді озбырлардан қорғау үшін атты әскер ұйымдастыру, қаржылау үшін және жер салығын ендіріп, оны жинау жөнінде әскери мектебін ашу туралы қаулы алады. Бұл съездің шешімдерін орындау Уәләят басшылары үшін қиын мәселе болады.

Орал казак әскері болса, қазақ ауылдарына жиі шабуыл жасап, мініс ат, көлік арба, сойыс малды ала береді. "Қызылдарға жақсың" деп адамдарды қит етсе, бекер айыптап, зорлық істей береді. Орал казак әскери үкіметінің төрағасы Фомичев "қырдағы қазақтардан бізге қауіп төніп тұр"-деп байбалам салып, қырғынға ұшыратуы әбден мүмкін еді. Ал Уәләят басшылары Орал казак әскерімен қақтығысу қауіпті деп, ОКӘҮ-мен келіссөз жүргізуді бастайды. Міне сол Ойыл уаләятының уақытша үкіметі Алаштың екінші съезі мен облыстың 4-ші съезі қаулыларын жүзеге асыруға тырысып, ең алдымен елді қорғау үшін әскери бөлімдер, әскери мамандар дайындауды қолға алып, оны қаржыландыру үшін елден алым-салық жинау жүмысын бастайды. Орынбор казак әскерімен байланысып, қару-жарақ, әскери жабдық сатып алу, әскери мамандар шақыру істеріне кіріседі. Әскери басшылар дайындайтын прапорщиктер мектебіне орыс, қазақ офицерлерін шақырады. Ойыл уәләятының үкіметі Қазақ автономиясын жариялай отырып, түрлі ұйымдасытру жұмыстарын жүргізіп, Керенский үкіметі қабылдаған зандарды негізге алып, азаматтық басқару ісін тез жолға қояды. [2]

Бұл кезде ең қиын мәселе казак әскерлерінен төнген қауіп болатын.Орал казак әскері көрші губерниялар жасақтарының жорығын тойтарып, жеріне басып кіріп, соғыс жүргізіп жатады. Шүйдесі көтерілген Орынбор казак әскері Орынбор қаласынан қызылдарды қуып, енді атаман Дутов "Қазақ автономиясын бір топ зиялылардың ойдан шығарған нәрсесі, егерде осы бір топтың көзі жойылса, қазақтардың көпшілігі ақ патша билігін өздері-ақ сұрайды" деп үрейлендіреді. Уәләят басшылары амалсыз казактармен ымыраға келуге мәжбүр болып, ОКӘҮ-мен одақтастық іздеп, шарт жасасады. Шарттың тиімді жағы ОКӘ-і қазақ жерінің ішкі істеріне арласпайтын болып, Ойыл уәләяты әскерін дайындауға нұсқаушылар, қару -жабдықтар беретін болады. Бұл шарт жасасу елде бүліншілік болдырмауға аз да болса, пайдасын тигізіп, ОКӘ-нің бейбастығын тежей тұруға көмектеседі. 1918 жылы 8 маусымда Самар қаласында жергілікті буржуазия күштері төңкеріс жасап, Кеңес өкіметін құлатып, "Комитет депутатов учередительного собрания" (Комуч) атты үкіметін құрады. ОКӘҮ-ті Комучпен тез тіл табысып, уәләят басшылары да Комучпен байланысып, күш-көмек сұрап, делегация жібереді. Уәләят делегациясы Комучпен келіссөз нәтижесінде Комитет ресми түрде Уаләяттың автономиясын танып, көмекке қару-жарақ, әскери жабдықтар бермек болады. Әрине келісім уәдесін түгелдей орындай алмайды. Дегенмен 600 винтовка, пулемет, 2 миллион сом ақша, жабдық береді. Бұның 1,5 миллион сомын Уәләят Алашордаға береді.  Комучпен келісу Уәләяттың ОКӘҮ-мен арбасуына медеу болады. Сөйтіп Батыс Қазақстанда Қазақ автономиясы Уәләят басшыларының арқасында уақытша сақталып тұрады.

Ал сол кезде Бөкейорда өлкесіне ақказактар шапқыншылығының зияны тиіп, аз да болса, азамат соғысының бір шеті Бөкейорда территориясын қамтиды. Азамат соғысы әр алқапта, әртүрлі сипатта болады. Ал Бөкей облысы қорғанумен болады. Орал ақ казактары Жайық өзенінің екі жақ жағалауын Елек, Ойыл өзендерінен Каспий теңізіне, Нарындағы Үштағанға дейінгі аралықтағы территорияны басып алып, өз үстемдігін орнатады. Қазақ еңбекшілеріне аюандықпен қарап, қырып-жою саясатын жүргізеді. Жергілікті кеңес органдарының әлсіздігін, тәжірибесіздігін пайдаланып, ақ казактар 1918 жылдың көктемінде Сламихин (Жалпақтал), Аққурайлы (Шильный), Жалпақкөл (Большой лиман), Таловка,     одан    кейін     маусым    айының басында Әбіш, Көктерек, Жаңақала (Новая казанка) қоныстарын басып алады. Соғысу тәсіліне ғасырлар бойы жаттыққан, әрі қаруы сайма-сай ақ казактарға қарсы түратын жаңа ғана құрылған Кеңестер депутаттарында күш болмайды, оның үстіне Совдептер бірімен-бірі байланыссыз, ал тіпті кейбіреулері өлкелік, облыстық Кеңес органдарын мойындай қоймай, барлық күшті біріктіруде белгілі қиындықтар туғызады. Жергілікті кеңестердегі шағын милиция күші сақадай-сай ақ казактарға төтеп бере алмайды. Ал Бөкейлікте сол кезде әскери бөлімше әлі құрыла қойған жоқ еді. Бұнда жасақ құруға қару-жарақ, жабдықтар әзірше болмайды. Жергілікті уездік кеңес басшылары контрреволюциялық қауіптің төніп келе жатқанын уақытында білмей, бірден қарулы арам күштің соққысына ұшырайды. Көптеген кеңес қызметкерлері қатал, заңсыз жазаланып, қаза болып кетеді.

1918 жылдың жазынан Орал ақ казактарының Бөкей облысы территориясына шабуылы жиілене, үдей түседі. 1918 жылы маусымда ақ казактар енді Нарын қисымына өтіп, ондағы 3 милицияның атын, 7 ер тоқымдарын, 3 винтовканы оқтарымен т.б нәрселерін тартып алады. Осы айдың 13-і күні Жаңақала қарауыл отрядының малімдеуінше Орал казактары милиционерлерге шабуыл жасап, қаруларын, 2736 сом ақшасын, 2000 сомның мүліктерін тартып әкетеді. Екінші жағынан ақ казактар   1-ші, 2-ші Теңіз округтерін әскер күшімен басып ала бастайды. Орал казактарының басшылары жергілікті байлармен біріге отырып, өз үкіметін, сот, милиция орындарын құрып, елді бағындыру әрекеттерін істеп, жер-жерден шарулардан мал, астықты күшпен жинап, елдің берекетін алады. Бұл озбырлыққа еңбекші халықтың наразылығы өрістеп, баяғы патша таяғының орнап келе жатқанына көзі жете бастайды. Елдің саналы азаматтары, қуғын-сүргін көргендер қашып, Орда қаласына, Астраханьға барады.

1918 жылы Кеңестердің 1-ші облыстық съезі өзінің 7 мамыр күнгі мәжілісінде Қызыл социалистік армия құру туралы қаулы алып, ол үшін әдейі комиссия құрып, оған С.Милютин, М.Көкебаев, Ш.Бекмүхамбетов, С.Меңдешев сайланады.(ІЗ) Бірақ қару-құрал, киім, түрлі жабдықтар мен жарақтардың жоқтығынан, әскери кадрлардың болмауынан қапелімде әскери бөлім жасақталмайды. Кешікпей әскери комиссарлыққа Сақыпкерей Жанболатов (артиллерия әскерінің поручигі, майдангер) тағайындалып, облыстық әскери бөлім құрыла бастайды.

Өлке орталығы Астрахань өз қауіпсіздігін көрші губернияларда болып жатқан контрреволюцияның (Дағыстан, Дон т.б.) әсерінен қамтамасыз ете алмай жанталаса жатып, Бөкей облысына қажетті көмегін беруге мүмкіндігі өте аз болады. 1918 жылдың жазында Донның контрреволюциялық күштері Царицын қаласын басып алып, алдағы мақсаттары Еділ бойына бармақшы болады. Ал қызылдардың барлық күші Царицынды қорғап, ақтарды талқандауға жүмылдырылады. Сондықтан Бөкей облысы өз күшімен қорғануға мәжбүр болып, 1918 жылы әлі бұғанасы қатпаған Кеңестер Ресупбликасы үшін ерекше ауыр жағдай туады.

Сонымен Ресейде азамат соғысы басталуымен көрші ОКӘ-рі басқыншылық соғысын жүргізіп, Бөкей облысына іштен де, сырттан да қауіп көбейеді. Енді қазақ зиялылары өз елін сақтау, өз жерін қорғау жолдарын іздеуге мәжбүр болады. Негізінен большевиктердің көп кемшіліктерімен қатар істеген жұмысы да мол болатын. Солардың бірі езілген халықтарға автономия беру және контрреволюциямен күресу, өз азаматтығын қорғау үшін ұлттық әскери бөлімдерді ұйымдастыруға көмектесуі еді. РСФСР Ұлт Істері Халық комиссариаты 1918 жылы сәуір-мамыр айларыңда өз жанынан қазақ бөлімін құрады да, төрағалығына Торғай облысының азаматы Мұқамедияр Тұнғаншинді сайлайды. Бұл бөлімнің міндеті Қазақстанда Кеңес сайлауын өткізіп, жалпы қазақ съезін шақырып, автономия жариялауды дайындау болады. Бірақ азамат соғысы басталып, Қазақстанда кеңестер қуылып, контрреволюция өктем болып, бұрынғы тәртіпті орнатады. Тек Бөкей облысында ғана Кеңес өкіметі аман тұрады. Контрреволюциямен күресу үшін Халық комиссарлар кеңесі Қырғыздың (қазақ) Өлкелік Әскери Істер комиссариатын құрып, оның комиссарлығына М.Тұнғаншинді бекітеді. Қазақ Өлкелік Әскери Істер комиссариаты Мәскеуде өзіне қарауылға қарулы отряд құрып, қаржы алып, қару-жарақ жинап, 1918 жылы 27 тамызда Бөкейліктегі Орда қаласына келеді.

М.Тұнғаншин келісімен өлкеде облыс, кеңес қызметкерлерін жинап, жағдаймен танысады. Бұл кезде Ордада кеңестердің 2-ші съезі шақырылады. М.Тұнғаншиннің басқаруымен 1918 жылдың 2-10 қыркүйек күндері Бөкей облыстық кеңесінің екінші съезі өтеді. Съез қазақ өлкесі мен Бөкей облысы алдында тұрған шұғыл және өте қажетті мәселелерді талқылайды. Қазақ еңбекшілерінің тарихында оның өздері сайлаған басқару орны өзінің істеген қызметі туралы есеп береді. Съездің күн тәртібі де облыстық атқару комитетінің 1918 жылдың мамыр айынан бергі істеген жүмысы туралы С.Милютиннің баяндамасы тыңдалады. Бұнымен қатар басты мәселе - Кеңес өкіметін Чехославак корпусы ақ гвардияшылары мен ақ казактардан қорғау үшін Қазақ әскери бөлімдерін құру туралы Қырғыз (қазақ) Өлкелік Әскери Істер комиссариатының комиссары М.Тұнғаншиннің баяндамасы тыңдалып, талқыланады. 2-ші облыстық съезі кеңестер жұмысының алғашқы кезеңінің тәжірибелерін ортаға салып, алдағы істелетін жұмыстарды шұғыл белгілейді. Съезде қаралған басты мәселе Еділ кеңес өкіметін Чехославак корпусы ақ гвардияшылар мен Орал ақ казактарынан қорғау, қазақ әскери бөлімдерін құру жөнінде нақты қаулы алынып, тез арада ел ішінде үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, қазақ жігіттерін өз еркімен әскерге кіруіне бар күшті жұмсамақ болу еді. Сонымен қатар съезде азық-түлік мәселесі де, материалдық жағдай да талқыланады.

Сонымен РСФСР өкіметінің нұсқауына сай Қазақ Өлкелік Әскери Комиссариаты Бөкей даласында 1-ші үлгілі атты әскер полкын ұйымдастыруды бастайды. Әскерге жастарды үгіттеу жұмысына мұғалімдерді де жұмылдыру мақсатында әскери комиссар М.Тұнғаншин Бөкейлік мұғалімдердің облыстық 1-ші съезіне 1918 жылы 5 қыркүекте қатысып, сөз сөйлеп, мұғалімдерді әскер қатарына жастарды үгіттеу ісіне көмектесуге шақырады.

Ұлттар комиссариатының қазақ бөлімі Орда қаласында әскери бөлімдерін құру үшін арнайы үгіттеу, жасақтау бөлімін құрады. Оның міндеті Бөкей облысы мен Жайықтың шығыс жағындағы қазақ халқы арасында жастарды өз еркімен құрылатын әскер бөлімдеріе тарту үшін кеңінен үгіт, түсіндіру жұмыстары болады. Бұнымен қатар түрғындар арасында әскерге жастарды тарту комиссиялары қүрылады. [4]

Қазақтың 1-ші атты әскерін ұйымдастыруда облыстық, қисымдық кеңестер көп жұмыс істейді. Олар халық арасында жастарды әскерге тарту, оларға жататын үй, азық-түлік, көлік тауып, орналастыру жұмыстарын істеуге белсене араласады. Сондай-ақ бірінші полктың қажеті үшін азық-түлік, үй, аттарға пішен табуда облыстық халық шаруашылығы кеңесі көп жұмыс істейді. Тек пішеннің өзі 1 миллион пұт болып дайындалады.

Облыстық атқару комитетінің жер бөлімі облыста 1918 жылы 50000 десятина егін салып, мезгілінде орылуына көмектеседі. Бұл аса қиы, қазаққа беймәлім жұмыста М.Тұнғаншин өлке зиялыларына арқа сүйейді. С.Меңдешев, С.Жанболатов, М.Шомбалов, Ы.Берғалиев, Б.Ниязов, И.Меңдіханов, А.Құлшорин Қ.Мәмеков, Н.Манаев, Д.Теміралиев, Ғ.Мұсағалиев, Қ.Есенбаев т.б. өз жұмыс орындарында, әрі Қазақ Өлкелік Әскери Істер комиссариатының тапсырмаларын тиянақты орындап, әскери полктың құрылуына үлкен үлес қосады. Сонымен қатар әскери шенді қазақ жігіттері С.Жанболатов, прапорщик С.Нұралыханов, А.Құлақметов, эскадрон командирі  Б.Жанекешев, 2-ші эскадронның саяси жетекшісі А.Құлшорин,   3-ші эскадрон саяси жетекшісі болып Е.Аязбаев, взвод командирі Ахмет Ниязов, заң бөлімінің меңгерушісі Батырқайыр Ниязов жұмыс істейді. Көптетен жігіттер А.Құлшорин, Қ.Есенбаев, Ы.Берғалиев, Қ.Мамеков, Н.Залиев тағы басқалар ҚӨӘІК-ның үгітші, инструкторлары болып, өз үлестерін қосады. Бұлардың көмегімен М.Тұнғаншин Қазақтың тұңғыш аттылы батареясын құра бастайды. Бұған қазақтар арасынан шыққан тұңғыш артиллерия офицері Сақыпкерей Жанболатов бас болады. Зеңбірек атқанда оның даусынан зәресі ұшатын қазақтар енді жаттығып, игере бастайды. Бұнымен қатар басқа полктерде бола бермейтін қазақтың түңғыш пулемет ротасы да осы кезде қалыптасады.

М.Тұнғаншин Мәскеу мен Саратовтан қажетті мамандарды, қызыл әскерлерге киім кешек, құрал-жабдықтарды шұғыл алдырып отырады. Сондай-ақ атты әскер полкының қажеті, аттар, арбалар мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ол уақытта өте қиын жұмыс болатын. Міне, осындай көптеген жабдықты ҚӨӘК елде ауыр соғыс жағдайында, қатынастың өте қиын және материалдық рессурстың жетіспей тұрған шағында Орда қаласына тез жеткізіп отырады. Қазақ жерінде әскери құрамаларды жасақтауды Кеңес өкіметі, республиканың Соғыс кеңесі қолға алып, барынша көмектесіп және басқа мекемелер мен әскери орындар жәрдемін ұйымдастырады. Сөйтіп аз уақытта Шығыс майданының жоғарғы қол басшысы (командашысы) бұйрығына сәйкес 6 эскадроннан тұратын ықтиярымен келген тек қазақ жастарынан жиналған атты әскер полкі жасақталады. Полк жауынгерлеріне арнайы әскери киім тігіліп, кейін ол "Тұнғаншин формасы" деп аталады.

1-ші полкты жасақтау жаз бойы жүріп, командирлер құрамы да толықтырылып, қазақ офицерлері С.Жанболатов, С.Нұралыханов, жауынгерлер А.Құлақметов, А.Меңешев, М.Өтегенов, мүғалімдер Ғ.Сарыбаев, Б.Карменов, Ғ.Әзербаев, әнші Е.Аязбаев т.б командирлік жұмысқа тағайындалады.

Ал осы кезде әзірше ОКӘҮ-мен шарт жасалғанымен ОКӘ-рі тарапынан қауіп тиыла қоймайды. Сол себепті Ойыл Уәләяты халқын қатерден қорғау үшін "халық милициясы" деп аталатын қарулы тобын құрумен шұғылданады. Бірақ қару-жарақ, киім-кешек, әскери жабдық жетіспеуі кедергі бола береді. Жігіттерге соғыс өнерін, әскери тәртіпті нүсқаушыларда өте аз болып, Уәләят амалсыз Орынборды қызылдардан тартып алған атаман А.Дутовқа өкілдерін жібереді. Осы уақытта майданға Мәскеуден Бүкіл Одақтық атқару комитетінен (БОАК, ВЦИК) Ф.М.Неусыпов Кеңес өкіметі атынан ОКӘҮ-мен тағы да келіссөз жүргізіп жағдайды шиеленістірмеуге, қантөгіске бармауға шақырмақ болып келеді. Кеңес өкіметі бұл кезде казактар облыстарына кең құқықты автономия беру жөнінде жаңа бағдарлама жасап, онда казактар өздерін-өзі билеу, жергілікті Басқару жүйесін сайлау құқығына ие болу, жерді пайдалану т.б қамқорлық шаралары қаралады. Келіссөзге келген Ф.М.Неусыповты ақ казактар дарға асып, оның қасындағы екі өкілін кеңсеге шақырып, ОКӘҮ-нің келіссөз жүргізбейтіндігі жөніндегі қаулысымен таныстырып, екеуін Шиповке жөнелтеді. Енді қызылдардың көрші губерниялар халқының қантөгіспей келісу жөніндегі ақырғы үміті үзіледі. Қарусыз, бейбіт ниетпен барған өкілді дарға асып, өлтіру жан түршіктіреді.

Сонымен зорлық пен қорлықта отырған Орал облысы халықтарын басқыншылардан азат етуде Самар, Сарытау, Орал т.б губерниялар адамдарынан қүрылған 4-ші армияның жорықтары басталады. Кескілескен соғыс жағдайында Шығыс майданы әскери құрамы құрылып, 4-ші армия соның қарауына кіреді. Дивизиялар полктер қайта бірігіп, жаңадан номерленеді. Мысалы Самар дивизиясы 25-ші атқыштар дивизиясы болып, Николаев дивизиясы-22-ші дивизия болып саналып, 73,74,75-ші бригадалар 215,216,217-ші полктер т.б. осы екі дивизияға бағынады. Атты әскер полктері, батареялар ұйымдастырылып, Алтыатада қазақ атты әскер бригадасын құру басталып, оған Орал облысынан мыңдаған қазақ жігіттері аттарымен келеді. Құрамында венгер, чех, словактар, қазақ т.б ұлт өкілдері бар интернационалдық полктер ұйымдастырылып, енді 4-ші армия құрамында 20000 жаяу әскер, 13000 атты әскер, 150 пулемет, 50 зеңбірек, ұшқыштар тобы да болады.Ал сол кезде қазақ жерлерінде казактардан өзін-өзі қорғау жасақтары жер-жерде құрылып, бірақ қару-жарақтың әскери маманның жоқтығы, бұлардың қатарын көбейтіп, ашық күреске шығуына бөгет бола береді. Ал Батыс Қазақстандағы Алаш үкіметі аса қатерлі кезеңде ОКӘ-нің талаптарын түрлі сылтаумен орындамай, қарулы күш жинауға тырысады. ОКӘҮ-ті түрлі сылтаумен қарусыз елдің малын, астығын, көлік, арбасын тартып алумен болып, жәбірлеу, жазалау көбейе түседі. Осындай жағдайда 4-ші армия ақ казактар басып алған Николаев, Покровск, Красный путь, Новоузен уездерін азат етуді бастап, Орынбор мен Текеге жорыққа атанады. Сонымен Орынбор қаласы қызылдардың қиян-кескі соғысы нәтижесінде 22-ші қаңтарда азат етіліп, ал қаңтардың 24-і күні 25,30-шы дивизиялардың 1-ші бригадалары Теке қаласына шабуыл жасап, үлкен ерлікпен 217-ші полк 1,2-ші қорғану жерлерін алып, теміржол вокзалын бостады.Ал П.А.Суров бастаған 25-ші атты әскер полкі мен М.И.Плясунковтың 1-ші бригадасы қалаға кіріп, Текені толықтай жаудан босатады.  Ал сол кезде Жайық облыстық революциялық комитетінің Ұлттар Істері жөніндегі коллегиясы қазақ ортасына тыңшылар әзірлеп, олар үшін Уақытша ереже қабылдайды. Бұл ереже бойынша тыңшылар қазақ жұртын үгіттеп, яғни оларды Кеңес өкіметі жағына шығару, жер-жерде кеңес сайлауын өткізуге міндетті болады.

Облыстық революциялық комитет өзінің номері 1-ші бұйрығында "Орал облысында Кеңес армиясы босатқан территорияда азаматтық өкімет оның Облыстық революциялық комитетінің қарамағына көшеді"-дей келіп, "барлық саналы жұмысшылар, шаруалар, казактар революциялық комитетке, оның қызметіне толық қолғабыс жасауға міндетті"-деген болатын. Облревкомның негізгі міндеті- үгіт,насихат жұмысы, ұйымдастыру жұмысы және ақпараттық қызмет болатын. Ең алдымен Ревком өздеріне кадрлар, үгітшілер дайындай бастайды, ал кадр мәселесін шешу үшін орталықтан кеңестерді ұйымдастыратын мамандар, қаржы т.б салалардағы мамандар жіберуді өтінеді. Бірақ арпалысқан соғыс жағдайында Орталық облысқа мамандарды жібере алмайды. Сондықтан Облревком кадрларды жергілікті адамдардан 15-20 күндік курстарда оқытып, әзірлей береді. Бұларды сосын қала маңындағы станицалар мен күтірлерге, қоныстар мен ауылдарға жіберіп, Кеңес өкіметінің саясатымен еңбекшілерді таныстырып, үгіт жүргізеді. Нәтижесінде әр елді-мекенде ревком ұйымдастыруға айтарлықтай күш жұмсалады. Бірақ бұл жұмыс алғашқы айларда тиянақты бола бермейді. Өйткені қала төңірегінде соғыс толастамай елді-мекендер қолдан қолға көшіп отыруы жиі болады. Сонымен қатар қалада партия ұйымы да пайда болып, 1919 жылы 4 ақпанда РКП (б)-ның қалалық ұйымы құрылады. Партия мүшесінің саны алғашында өте аз болып, біртіндеп жұмысшылар мен өлкенің ұлт зиялыларынан, қызметкерлерден мүшелер қабылданады. Алғашқы жылы РКП(б)-ның қалалық ұйымы "Жайық қалалық комитеті" деп аталады. Партия ұйымы өз әлінше қалада саяси үгіт, мәдени жұмыстарды жүргізе береді.

Қалада Ұлт коллегиясы жанынан РКП(б) Мұсылман ұйымы құрылып, мүшелері көбейе түседі де, Қазақ коммунистік үйымы өз алдына құрылады. Бүларды РКП(б) Жайық қалалық комитеті тек тамыз айында ғана оны "Қазақ секциясы" деп өзіне қосып алады. РКП (б) Мұсылман ұйымы бірден қазақ атты әскер дивизиондарын қолға алып, наурыз айының 23-і күні, қазақ дивизионына еркімен келген қызыл әскерлермен жиналыс өткізіп, саяси үгіт жұмыстарын жүргізеді.

1919 жылдың 1-ші ақпанынан Текеде алғашқы кеңестік газет "Яицкая правда" шыға бастайды. Онда Теке қаласын Орал ақ казактарынан   босату  үшін   ерлік   жасап,  құрбан   болған азаматтардың есімдері аталып, кеңес өкіметінің құрылыс, құрылымдары алғаш рет таныстырыла бастайды. Негізінен социализм ілімі бойынша коммунистер революциялық қозғалысқа ұлт-азаттық қозғалысты қосып, ортақ мүдде үшін одақтасуы тиіс еді. Ал Жайық революциялық комитетіне, қалалық РКП(б) ұйымына қазақтар тек жау тылында большевизмді насихаттаушы, барлаушы, тыңшы ретінде ғана керек болады. Облыстық революциялық комитет қазақ зиялыларымен де байланыспады. Оның орнына партия комитетінің төрағасы П.Петровскийдің шешімімен 1919 жылы ақпан айында Қазақ автономиясы туралы мәселе көтерілгенде, қоғамда жағдай пісіп жетілмеген, сондықтан автономияны дайындау ерте деген қаулы алынады. Дегенмен Бақытжан Қаратаевтың ұсынысымен Облревком 1919 жылы көктемде Алаштың батыс бөлімшесімен келіссөз бастауға мәжбүр болады. Бұл жүмысты, келіссөзді Облревком Кеңес жағына шыққан бүрынғы Алаш қызметкері, патша офицері Тәттібаев Қазымүқамбет Мұқанұлына міңдеттейді. Қ.Тәттібаев ізін білдірмей Жымпитыға бір танысының үйіне барып, Алаш өкілдерімен сөйлеседі. Бұл күндері қызылдар Ілбішінге қарай алғаш шабуылын бастап, ақ казактарды тықсырып, казактар отбасымен дүрліге шегінген кезі болатын. Бірақ Досмұхаммедовтар әлі де қолайлы жағдайды күтіп, келіссөзге тиянақты жауап бермейді. Кейін Облревком мен әскерилер Алаштың батыс бөлігін жазғы жеңіс нәтижесінде өзіне қарай бейімдеп, келісу орнына байыпты, еш қадам жасамай, Ұлттар коллегиясын жау күшін барлаушылар, тыңшылар тобына айналдырады. Әрине барлау, тыңшылық жұмыстарында көбінесе Кеңес өкіметін қолдаған өлке зиялыларының еңбегі өте зор болады. Бұлардың Батыс Алашорда жерінде тыңшылық мәлімет жинау жүмыстары Алаш бөлімінің наразылығын тудырып, Кеңес өкіметінің қала берді Облревкомның теріс саясатынан өлкедегі ұлт зиялылары арасында қақтығыстық, түсініспеушілік, қайшылықты туғызып отырады.

Сонымен Облревкомның Ұлттық коллегия құрамында ұлт зиялыларының еңбегі аса зор болады. Олар Облревком саясатын, мақсатын жүзеге асыруда өлкедегі қазақ жігіттерін Қызыл армияға еркімен кіруге үгіттеп әкелу, жаудың тылында, майданда барлау жұмыстарын жүргізіп, Қызыл армияға аса зор пайда әкеледі. Бұны әрине бұғаудағы елді бостандыққа жеткізер жол деп білуіміз қажет. Сол кезде Ұлт зиялылары ішінде мысалы Сақыпкерей Арғыншиев барлау бөлімінің меңгерушісі болып, көп еңбек етеді. Ал Ұлт істері жөніндегі коллегияның төрағасы көбіне Бақытжан Қаратаев болып, ол түрлі жұмыспен басқа жаққа кеткенде (мысалы қазақ атты әскер бригадасына саяси бөлім бастығы болғанда) орнына С.Арғыншиев, А..Әйтиев, М.Мырзағалиев т.б болады.  Коллегияның қазақ, татар бөлімшелері болып, коллегия құрамына алғаш Б.Қаратаев, К.Тухватуллин, С.Арғыншиев, К.Голубцов т.б кіріп, кейін өзгере береді.

Ұлт коллегиясының жоғарыда аталған қазақ-татар бөлімшелерімен қатар ұйымдастыру, үгіт, мәдени, ағарту, баспасөз, статистика, хат-хабар бөлімдері болады. Коллегияның жұмысына жоғарыда аталғандармен қатар Зарих Харисович Сапараев, Қазымбет Тәттібаев, Х.Сүлейменов, Т.Тухватулин, Хасан Самақаев, М.Ипмағамбетов т.б белсене қатысады. Ұлт коллегиясы қазақ-татар зиялыларын, сауатты адамдарын кеңінен Кеңес жұмысына тартып, партия мектебінде (совпартшкол) қысқаша курстан өткізеді. Ақпан айының ортасында-ақ 30-шақты үгітші дайын болып, бұларды Жайықтың шығыс жағындағы қазақ қоныстары мен ауылдарына жібереді. Ал олар болса, өз халқын зұлымдықтан құтқару жолында "жанын шүберекке түйіп" еңбек етеді. Ал еңбекшілер болса, ақтардың елді шарлап, белсенділік білдіргендерін жазалап жүргендеріне қарамастан, жаңа өкіметті қарсы алып, оның мүшелерін жаудан қорғап та жүреді. Әр жерде қорғану жасағы ұйымдасып, олар партизан отрядын қүрып, кейін ақ казактардың Елек шебін талқандауға қатысады.

Жергілкті кеңестер жүмысшылар мүддесін қорғау қажеттігін ескеріп, Ұлт коллегиясы пролетариат диктатурасын нығайту мақсатында әр кеңестің істеген істерін кемшіліктерін анықтауға көңіл бөледі.

Облревкомның ұлт істері жөніндегі коллегиясы ықпалымен жергілікті түркі халықтарынан (қазақ, татар, ноғай, башқұрт т.б.) арнайы полк құрылады. Қалада мұсылман полкі, мұсылман атты әскер дивизионы ұйымдастырылып, қазақ жігіттерінен 1-ші қазақ атты әскер бригадасына еріктілер жиналады. Қызыл армия қатарына жігіттерді үгіттеу үзіліссіз жүріп жатады. Жайық қаласы әскери коменданты наурыз айында А.Әйтиевке пропускі беріп, қырдан қазақ дивизиясына еріктілерді алып келуді тапсырады.

Ұлт коллегиясы азық-түлік жинау, оны теміржол станциясына тасып, орталыққа жөнелту жұмысына да көмектеседі. Сөйтіп Ұлт коллегиясы сол кездегі көкейтесті мәселелерге белсене араласып, қазақ еңбекшілерін азат ету, жаңа өмірге араласуына зор ебек етеді. Олар бәрі де болашақ үшін деп сенеді. Ол Ревкомның бағалауынша Ұлт істері коллегиясы 1919 жылдың тамызында казак әскері тұрған облыстарда байыпты мол байлынысы барын, онда жасырын түрде саяси және барлау жұмыстарын жүргізіп келгенін мойындайды. 1919 жылдың жазыңда Қазақ революциялық комитеті құрылғаннан кейін Текедегі бірқатар адамдар Орал-Бөкей ревкомын құрып, меңгерушісі Б.Қаратев болады. Бұл мекемеде империялық мақсатта құрылған болатын. 

Тарихтың сол бір кезеңінде Орал облысында Теке қаласының маңына топтасқан өлкенің ұлт зиялыларының жетегіне ілескен қазақтың жігіттері Кеңес өкіметі әскерлерінің құрамында Қазақ атты әскер бригадаларына бірігіп, өлке территориясын ақ казактардан азат етуде жауынгерлік жоғары рухымен ерекшеленіп, әртүрлі соғыс қимылдарына қатысады. Қазақ атты әскер бригада, эскадрондары Жайық-Темір өңірін азат етуде, Қызыл армияның 1919 жылғы көктемдегі, сол жылғы жазғы жорықтарына және Орал-Гурьев операциясына қатысып, батырлық, жауынгерлік қабілеттерімен ерекшеленеді.

1919 жылдың мамыр айында Орал майданының батысында Алтыатада Ерекше қазақ бригадасы шеп құрып тұрып, Қызыл армияның солтүстіктен оңтүстікке қарай шабуыл жорықтары кезінде батыс екпінді қолының жоғарғы әскери қабілетке ие тобына айналады. Сонымен қатар Теке қаласын қорғауға жүмысшылар, қызметкерлер, жергілікті тұрғындар тобын ұйымдастырып, Ғ.Әлібеков, А.Әйтиев, Б.Әлжанов, т.б үгітімен қырдан қазақ жігіттері келеді. Қаладағы көп жігіттер ,қызметкерлер Қызыл армия қатарына кіреді. Мысалы С.Арғыншиев, А.Әйтиев, Н.Мырзағалиев, Ғ.Әлібеков, В.Забиров, М.Бектілеуов, Т.Таржанов, А.Жармаев, Х.Іпмағамбетов, Ә.Іпмағамбетов, Қ.Бегалиев т.б. жүздеген жігіттер әскери бөлімдер тізімінде тұрады. Олар әскери міндет атқарумен қатар Жайық қаласы комендантының берген мандаты бойынша қырға барлау жұмыстарына жіберіледі. Ал Жайықтың сыртынан Б.Қаратаев, А.Әйтиев т.б. ұйымдастырған қарулы топ қалаға келе бастайды. 4-ші армия Теке қаласын оның екі жағындағы көп елді-мекендерді жаудан азат ету үшін жазғы жорығын жалғастырады. Жоғарыда атап өткендей Алтыата жағындағы әскери бөлімдер, қазақ атты әскер бригадасы оңтүстікке қарай шабуыл жасап, ауыр соғыстармен 25-ші дивизияға қарай жылжи ұмтылып, елді-мекендерді босатумен болады. Жаудан босаған қоныстар мен ауылдарда болыстық, уездік революциялық комитеттер тағайындалып, жұмысты реттеу басталады. Мысалы Қараоба болысының комиссары болып А.Әйтиев жүмыс істейді. Қазақ жігіттерін Қызыл армия қатарына еркімен алу жұмысы жүреді. Ал Жайықтың шығысындағы қазақ мекендеріне тағы да көптеп үгітші мамандар жіберіледі. 1919 ж. 18 шілдеде 22-ші дивизия басшысы Николаевтың рұқсатымен қазақ арасына А.Әйтиев, Х.Әйтиев, Ғ.Жұрмағамбетов, Д.Ережепов т.б. тағы да әдейі іс сапарға жіберіледі. Олар негізінен жергілікті халықты революцияландыру, оларды жаппай әскер қатарына үгіттеп алу, жауға қарсы көтеріліске дайындау үшін және жау жөнінде барлау жүргізу үшін жіберген болатын. Олармен қатар Хангерей, Әмір Іпмағамбетовтер, Ғ.Ерғалиев, Х,Берғалиев, Қ.Бұтаев, Ғ.Үмбетяров т.б. осындай міндетпен ауылдарға, қырларға жүмсалады.

Сонымен Қызыл армияның жазғы жорықтары сол жылдың күзіне дейін созылып, 1919 жылы қыркүйек айында В.И.Чапаев бастаған 25-ші дивизияның Ілбішінді алуымен аяқталады. Сол кезде Ілбішін бекінісі үшін болған үлкен шайқаста В.И.Чапаев қаза болады. Түркістан майданы ақ казактарды біржолата жою үшін "Орал-Гурьев соғыс операциясын" жоспарлайды. М.Фрунзенің 1919 жылы 26 қазандағы бұйрығы бойынша "Елек", "Орталық Орал", "Батыс" екпінді әскери топтары құрылады. Бұл "Батыс" екпінді тобында 47-ші дивизиямен қатар қазақ атты әскер бригадасы Ершов (Жаршау) жағынан шабуылдап, Александров-Гай, Курилов үстімен Оңайбек, Аққурайлы, Жалпақкөл, Большой лиман (Богатырев) үстімен шабуылдауға тиісті болады. Қазақ бригадасының сол қанатында Ерекше атты әскер бригадасы қатарласып жүреді. Сонымен 17000-ның үстінде жауынгері, 250 пулеметы, 65 зеңбірегі бар ақ казактарға қарсы Қызыл армия 365 пулеметі, 86 зеңбірегі бар 22000 жауынгерді қарсы қояды.

1919 ж қарашаның 2-сі күні "Орал-Гурьев соғыс операциясы" басталады. Бірақта 1919 жылдың күзінде Орал майданында екі жақ жеңісе алмай, дүркін-дүркін, бір-бірін ойсырата жеңіп, қанға бөктіре береді. Орал губерниялық атқару комитеті, Губерниялық партия комиететі сайланғанымен олар аса күрделі жағдайда Алашорданың Батыс бөілімімен келіссөз жүргізіп, қорлықта жүрген қазақ жұртына бейбіт өмірді тезірек әкелуге асығар болмайды. Майдандағы өлкедегі қиын жағдайды мемлекеттік, партиялық және әскери басшылар талдай келіп, жергілікті байырғы жұртпен байланысып, одақтасу не бейтарап қалдыру қамын ойлап, Алаштың батыс бөлігімен түсінбеушілікті созбай нақты келіссөзді жүргізіп, дәйекті шешімге келуді ұйғарысады. Мәселені талқылау, тез шешу үшін 1919 жылы қазанның 27-де Қазақ революциялық комитетінің (Қазревком) кеңейтілген мәжілісі шақырылып, оған Бүкіл Ресейлік атқару комитетінің, РСФСР Халық комиссариатының Түркістан істері жөніндегі комиссиясының (Түріккомиссия) төрағасы Ш.Элиава, 1-ші армияның Революциялық соғыс кеңесінің мүшесі Г.Бройдо, Түркістан майданы өкілдері қатынасады. Мәжілісте Қазревком төрағасының орынбасары А.Байтұрсынов азамат соғысын тез аяқтау үшін Алаштың батыс бөлігімен батыл байыпты келіссөздер жүргізу қажеттігін айтады. Ш.Элиава, Г.Бройдо т.б түрлі ұсыныстар жасап, Қазревком Батыс Алашордамен келіссөзді жаңғыртып, түйіндеу, автономияны Кеңес өкіметі саясатын түсіндіру үшін бүкіл қазақ елінен өкілдер шақырып, 1919 жылы желтоқсан айында конференция өткізу жөнінде шешім қабылдайды. Бұнда ең алдымен Кеңес өкіметіне қарсы күрескен Алаш қызметкерлеріне, т.б қазақтарға кешірім жасау ұсынысы қабылданады. Кешірім Кеңес өкіметін мойындап, ақтарға көмек жасауды тоқтатамын, қашып ел тонап жүрген ақтарды ұстауға қызылдарға көмектесемін дегендерге берілмек болады. Бірақ бұл шешімдер оңай орындала қоймайды. Қазревком бұл мәселені зерттеу үшін С.Меңдешев, Лежава-Мюрат, Бегімбетов үшеуінен комиссия қүрады.

Ал осы кезде майданның шығыс тобы ОКӘ-нің 3-ші шебін тықсыра отырып, 21 желтоқсанда Жымпиты қонысын азат етеді. Сонымен қатар Алаштың батыс бөлігінің қарулы күштері де ОКӘ-мен белсенді күрес жүргізеді. Ж.Досмүхаммедов Алаштың шағын әскери күшін топ-топқа бөліп, қарусыз елді тонаған ОКӘ-інің талауынан қорғауға шығарады. Алаштың батыс бөлігінің басшылары өте сақ, епті жүмысымен тұрғындардың қарулы көтерілісін дайындайды.Сонымен майданның барлық бөліктерінде қызылдар Орал ақ казак армиясына соққы беріп, Гурьевке қарай тықсыра береді. 1920 жылы 9- қаңтарда қазақ атты әскер бригадасы Доссорды алып, Қызылқоғадан қашқан Орал казак әскерінің қалдығының жолын бөгейді. Ал екінші казак атты полкі Шардақтыны, Ракушиді жаудан босатады. Қызыл армияның басқа дивизияларының полктері Гурьевке жан-жақты шабуыл жасап, Гурьевті толық жаудан босатады.

Сонымен екі жылға созылған қанды соғыс тоқталып, қазақтың екі облысы (Орал, Бөкей) мен оған көрші Ресей губернияларының тұрғындары бірлескен күшпен басқыншыдан азат етіледі.

Орал облысында контрреволюцияның негізгі күштері талқандалуымен байланысты Қазақстанда Қазақ автономиясын құру мәселесі күн тәртібінде болып түрады. РСФСР Ұлт Істері жөніндегі Халық комиссариатының Қазақ бөлімі бір талай жұмыс істейді. Соның бірі - Орынборда Кеңестердің жалпы қазақтық съезін шақыруға ұлт зиялыларынан топ құрылғандығы еді. Оның құрамына Шафхат Бекмұхамбетов, Құсайын Бекентаев, Мажит Шомбалов, Ғазиз Мұсағалиев, Абдолла Бөкейханов, Ғұмар Қараш кірген болатын.  Бұл топ құрылғанын және оған көмек беру туралы Жайық облыстық революциялық комитетіне 1919 жылы сәуірдің 8-де хабарланған болатын. Бірақ кешікпей соғыс тағы күшейіп, Орал облысын түгелге жуық жау басып алуы бұл мәселені тежеген болатын. Бірақ сонда да Қазақ автономиясын құру мәселесі жазда қайта көтеріледі. РСФСР Халық комиссарлар кеңесі Қазақ автономиясын құру және Қазақстан кеңестерін ұйымдастырып, съезд шақыру үшін 1919 жылы 10-шы шілдедегі қаулысымен уақытша әкімшілік басқару органы - Қазревком құрылғаны белгілі. Бұнда Қазақстанға кіретін облыстардың аты аталып, солардың ішінде Орал облысы да болады. Жайық өңірінің тұрғындары құрамында 900 мыңнан аса халқының Облревком есебі бойынша 550 мыңдайы қазақтар болатын. Орал облысының Қазақстанға кіруі Текедегі бірталай басшыларға тіпті коммунисттерге ұнамайды.Облревком Қазревкомнан тәуелсіз боламыз деп, бірталай әрекеттеніп, орталыққа жүгіреді. Бұларды Бүкіл Ресейлік Орталық Атқару комитетінің Қазақ бөлімі меңгерушісі И.С. Ружейниковте т.б. қолдайды. Оның үстіне Партия комитетінің төрағасы П. Петровский 1919 жылы 25-ші ақпанда Қазақстанға автономия беру мәселесі ерте деп, қаулы алдыртып, әдейі кейінге қалдырғаны бізге мәлім.

Негізінен коммунистер ұсақ буржуазиялық психологияны басқаларға таңғанымен, іс жүзінде өздері сол көзқарастан айыға алмай, оған қоса империялық санадан шыға алмаған еді. Соның бір көрінісі - Облыстық революциялық комитет, губерниялық комитет, губерниялық атқару комитеті аппараттарына бірде-бір қазақты ендірмей, онымен қоймай, өз баяндамаларында "Қырғыздар (қазақтар) өзінің дамуында алғашқы қауым тұрғысында, халық көшпелі өмірі патриархалдық - рулық сатысында, шығыстың жаңа ұрықтанып келе жатқан феодалдық -деспотиялық қатынас түрінде,"- дей келіп, "Қазақ халқы өз бетімен мемлекет болу өмірімен шаруашылықтың қазіргі Европалық түріне мүлде дайындалмаған", - деп тұжырымдап, басшылық орындарына отырып алған болатын. Яғни қазақ елін уысынан шығармау мақсатында сылтау етіп, Орал облысын өздері басқарып, Қазақстаннан бөліп алмақ болады. Кейін С.С.Пестковский басқарған Қазревком Түркістан майданы басшыларымен келісе отырып, Орал губревкомы жанынан Қазақ бөлімін ашу туралы 1919 жылы 11 -ші қазанда қаулы алады. Амал жоқ, Орал губревкомы бүл шешімді орындайды. Сонымен қатар, губревком құрамына П.Струппе, С. Арғыншиев, Б. Қаратаев, А.Әйтиев ендіріледі. Сонымен қатар губерниялық партия комитетінің құрамына П.Струппе, В.И. Лежава-Мюрат, И. Почиталин ендіріледі. Бұлар губком құрамында қазақ коммунисттерінің байыпты тобына сүйене отырып, қазақ-татар секциясын қүрады. Сол кезде көп коммунистер партия бағдарламасын білмей және ұлы державалық шовинисттік көзқараста болады. Бұлар өздерінен білімі, білігі, тәжірибесі мол Б.Қаратаев, И.Құлақметов, Ғ. Әлібеков, Е.Қаратілеуов т.б. жоғарғы білімділерді менсінбейді. Бұған қарамастан РКП(б) Орталық комитеті 1920 жылы сәуір айында Қазақстанда РКП(б) Облыстық бюросын құру туралы шешім қабылдап, оның жеті мүшелерінің үшеуі Орал облысының зиялылары болады. Яғни олар С.Арғыншиев, А.Әйтиев, М.Мырзағалиевтар еді. Сөйтіп, Петровскийдің жергілікті жағдайды білетін, қабілетті партия қызметкері жоқ деген сөзі жоққа шығады.

РКП (б) Орталық комитеті, оның Қазақстандағы Облысты бюросы бұл ұлы державалық ұғымдарға қарсы батыл күрес жүргізіп, біраздан кейін губревкомды, губпарткомды таратып, оның басшыларын босатады. Қазревкомның 1920 жылғы 28-ші мамырдағы қаулысы бойынша РСФСР Халық комиссарлар кеңесінің 1919 жылғы 10-шы шілдедегі қаулысын орындай отырып, Орал облысы қазіргі әкімшілік шекарасымен толығынан Қазақ өлкесін басқаратын әскери - революциялық комитетіне кіретіндігін жазып және оған байланысты бірталай шараларды белгілей отырып, Орал губревкомын қайта қүрады. Төрағасы П.Струппе, орынбасары Е.Қасаболатов пен Чебатарев, мүшелері – Почиталин, Е.Қаратілеуов, Н.Ипмағамбетов, Кривошейн т.б. болып, барлығы 11 адам болады. Бұған қоса қазақ зиялыларын мобилизациялау жүктеледі. Жаңа басшылар қазақ зиялыларын, сауатты адамдарын кеңес, шаруашылық, мәдени мекемелеріне жүмысқа тарту жөнінде бірталай шаралар істейді. Облыста, өлкеде тәжірибелі, сауатты саяси ұйым орталығы болмағасын, қазақ зиялыларының кейбіреуі бағыт таба алмай, әуелі Алаш қозғалысына қатысып көреді, бірақ онда жағдай ауыр болып, саяси шиеленіс болады. Ал мүмкіндік тапқаны большевиктер жағына шығады, өйткені азамат соғысы жьлдарында ақтар келіп, қазақ оқығандарын алдап, не қорқытып, өз қызметіне пайдаланады. Ал қызылдар болса, ол зиялыларға сенімсіздік көрсетіп, қудалай бастағанын, сонда олар кімге сенерін білмегенін Қазревком ашық айтып береді. Енді Оралда партия комитеттері де қайта құрылып, жүмыс жігерлі қолға алынады.Сонымен бұл облыста екі жылдан астам қанды соғыстан кейін түрлі реакциялық керітартпа ұғымдар мен ағымдар жойылып, жаңа өкімет толық орнап,нығая түседі. 

Жалғасы бар…

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1."Гражданская война и военная интервенция в СССР" (энцеклопедия).  М.., 1987.

2.Рысбеков Т. Этюды истории родного края. Уральск, 2002 г.

3. Озғанбай Ө. Жарығы өшпейтін жұлдыз. – А., 2003 ж.

4. Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский отдел Народного комиссариата по делам национальности РСФСР. А., 1975. 

5. Орал (Батыс Қазақстан) облыстық мемлекеттік архиві. 7 қор; 1 тізбе; 29 іссапар.

6. Рысбеков Т.З., Бірімжаров Б.Қ., Құрманалин С.Б., Жақсығалиев Ж.Ж. Батыс Қазақстан облысының тарихы. Орал 2001 ж.

7. Қойшыбаев Б. Б.Қаратаев, Алматы 1993 ж.

8. Әнес Ғ., Тәж-Мұрат М. Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы. Алматы. 2002 ж.  234 б

9. Сүлейменова Д. Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов. Орал. 2010 ж. 119 б

10. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы  Алматы: 2004 ж., 1- т. -552 б

11. Қойшыбаев Б. Ұлттық партия // Орал өңірі. 2005 ж. -15,18,25,29 қазан

12. Сыдиықұлы Қ. Халқымен қайта табысқандар. Зерттеулер мен толғаныстар. Алматы . 1997 ж.

13. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. Алматы. 1998 ж. 58-б

14. Қараш Ғ. Замана. Алматы. 1994 ж. 10-б

15. Шәріпқали Т. Өлкеден шыққан қазақ оқығандары. Орал өңірі, 2000 ж. 30.

16. Қазақстан тарихы . Очерк. Алматы . 1994 ж.

17. Әнес Ғ., Тәж-Мұрат М. Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясы. Алматы. 2002 ж.

18. Батыс Қазақстан тарихы. ІІ том. Ақтөбе. 2006 ж.

19. Қазақстан тарихы (көне дәуірден бүгінге дейін) ІІІ том. Алматы. 2002 ж.

20. Х.М.Абжанов. Формирование и судьбы казахской интеллегенций. Москва. 1992 ж.

21. Сәулембекова М. «Ғабдолғазиз Мұсағалиев» . Қазақ тарихы. 2001ж №1

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?