Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Әлия – Қаһармандық дастаны

3897
Әлия – Қаһармандық дастаны - e-history.kz

Ел басына күн туған шақта майданға аттанып, қасық қаны қалғанша жауға қарсы соғысқан қазақ қызы, Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімі мен ерлігі ұмытылмайды. Бұл тұрғыда Ақтөбедегі Ә. Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музейінің атқарып жатқан жұмыстарын жүйелі де нәтижелі деуге болады. Айта кетейік, жуырда ғана Ә.Молдағұлова музейі ақтөбелік іздестірушілерді Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ерлігіне тағзым етіп, ерлікпен қаза тапқандар есімін «Естелік» кітабына енгізуді мақсат еткен бүкілресейлік «Вахта памяти– 2023» акциясына (Тверь облысы Оленино ауданында өткен) шығарып салғанына әлеуметтік желі арқылы қанықтық. 

«Қазақстан тарихы порталы» Әлия есімін қастерлеп, оның ерлігін жас ұрпақтың санасында қалдыру бағытында жүйелі жұмыс істеп келе жатқан Әлия Молдағұлова  музейінің қызметкері Айсұлу Алтынбекқызы Тұралиевадан музей жұмысы туралы сұрап білген еді.

-   Айсұлу Алтынбекқызы, алдымен музей тарихына қатысты аз-кем тоқталып өтсеңіз. Бұл музейдің құрылғанына да қырық жылға жуық уақыт болған екен…

-  Ия, биыл  Жеңіске 78 жыл десек, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың ержүрек қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 98 жыл толып отыр, сонымен бірге Ә.Молдағұлованың  мемориалды музейінің ашылғанына 38 жыл толды.       Мемориалды музейі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және ақтөбелік батырлардың есіміне, Ұлы Отан соғысы тарихына байланысты естеліктерді, құжаттарды жиып-теріп отырған орталық болып табылады.

Ә.Молдағұлованың мемориалды музейі 1985 жылдың 22 сәуірінде Ақтөбеде Ұлы Жеңістің 40 жылдығы және батыр қыздың 60 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылған. Музей ашылғанға дейін  1980-1985 жылдар аралығында  музейдің экспозициясын және ғылыми қорын құру, ғылыми-зерттеу жұмыстары, Батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер жинақтау жұмыстары қатар жүргізіліп отырды. Сонымен қатар, Әлияның өмір және ерлік із-жолдары бойынша іс-сапарлар ұйымдастырылып, туыстары, командирлері Н.Уральский, Ф.Моисеев, майдандастары Н.Матвеева, В.Яковлева, З.Поляковалармен, ұстаздары, сыныптастары және соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізілді, хат арқылы байланыс жүргізілді.

-   Осы музей тарихына келгенде «Әлия» деп аталатын іздестіру тобы туралы айтып өтсеңіз, бұл о баста тек батыр қыздың тікелей өзіне қатысты мәліметтерді іздестіруді  мақсат етіп құрылған ба әлде жалпы соғысқа қатысты мәліметтерді жинақтауды көздеген бе?

-   Соғыс пен Батыр қыз туралы  материалдарды жинақтау мен зерттеу мақсатында музей жанынан «Әлия»  іздестіру тобы  1989 жылы құрылды. Топтың мақсаты – қызыл әскер жауынгерлерінің мүрделерін тауып, құрметпен жерге қою, қаза тапқандардың жанұяларына және музейге  соғыс  кезіндегі қолданылған  заттарды, құжаттарды тапсыру. Іздестірушілер  тобының қазба жұмыстары қазіргі уақытта да жалғасын табуда. Новгород, Тверь, Калуга, Ржев  облыстарына жасаған экспедициялар нәтижесінде табылған  соғысқа қатысты  заттай жәдігерлермен музей қорын толықтыруда. 

-   Жалпы музейлеріңізде қанша экспонат бар? Әлияға қатысты маңыздыларын атап өтесіз бе? Жаңа жәдігермен толығып отыра ма?

-   Музей Ә.Молдағұлова даңғылы  47,  5 қабатты үйдің 1-ші қабатында орналасқан.Қазіргі таңда музей қорында 10 мыңнан астам  экспонат жинақталған. Солардың шінде Әлияның хаттары, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы грамотасы, Әлия оқыған мектептен әкелінген тоқсандық табелі мен сынып журналы музейдегі  ең құнды экспонаттардың   қатарында.

Айта кетсек, музейдің жалпы аумағы -331 шаршы метр,оның 220-сы экспозиция залына тиесілі. Музей экспозициясы бір залдан тұрады. Музей қоры  жыл сайын жаңа экспонаттармен толығып отырады. Батыр қызға қатысты экспонаттардан  басқа Ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары туралы мәліметтер,  соғыс ардагерлерінің  тұтынған заттары, олардың наградалары туралы көптеген  құнды  деректер жинақталған.

Музей тек экспонаттарды жинақтап қана қоймай, қалыптасқан дәстүр бойынша тақырыптық кештер, соғыс ардагерлерімен кездесулер, ерлік сабақтары, «Әлия-Мәншүк» жылжымалы көрме, «Жырымсың сен, Әлия» атты әдеби-сазды кештер, «Мерген ару» т.б. патриоттық өткізіліп тұрады.

-   Әлияның туған жері Қобда ауданы. Ол жақта да батыр қызға арналған мәдени орындар бар шығар?

-   Әлияның құрметіне ашылған мемориалды музей Ақтөбе қаласында болса, батыр қыздың туған жері  Қобда ауданында  «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы, Бұлақ  ауылында   Әлияға арналған ауылдық  музей, Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы орта мектептерде шағын музейлер жұмыс жасайды. Музей жыл сайын  40мыңнан аса   келушілерді қабылдайды.  Олардың қатарында еліміздің  әртүрлі өңірлерінен, шетелдік қонақтар келіп, экскурсия тыңдап, музейімізбен танысып жатады. Солардың ішінде Қытай, Ақш, Еуропа  мемлекеттерінен  және  елшілері де   бар.

-  Әлия есімін ардақтауға, оның ерлігін жастарға жеткізу мақсатында ұйымдастырылатын іс-шаралардың ішіндегі бастылары қайсысы?

-   Жыл сайын  14 қаңтар   Батыр қыздың  ерлікпен қаза тапқан  күніне орай еске алу шаралары,  15 маусым туған күніне салтанатты шаралар, мектеп оқушылары арасында қыз балдардың қатысуымен облыстық «Мерген  ару» байқауы т.б шаралар  ұйымдастырылады. Жеңіс  күні қарсаңында  қаламыздағы «Батырлар» алаңында,   ардагерлердің  жұбайлары мен ұрпақтарына арнап кездесулер өткізіліп, батырлар  ерлігінің   құрметіне, Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып тағзым етеді. 2020 жылы пандемияға байланысты Президент Қ.Тоқаевтың барлық мәдени іс-шараларды уақытша тоқтата тұру тапсырмасына сәйкес, музей ұжымы шараларды онлайн режимінде өткізді. Атап айтсақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл және Жеңістің 75 жылдығы аясында Әлияның туыстарымен, музей саласының ардагері «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербеспен, «Мергендер» фильмінде батырдың образын сомдаған Қырғызстан халық артисі Айтұрған Теміровамен, Мәскеу мемлекеттік  және муниципалдық басқару институтының доценті Асылбек Төлешовпен, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалды музейімен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың «JASTAR COWORKING»  орталығымен, Алматы облысы Есік тарихи-өлкетану музейімен бірнеше онлайн-сұхбаттар, онлайн-кездесулер өткізілді. Біздің қызметкерлер музей тарихына қатысты, қазақтың батыр қыздары туралы онлайн-лекциялар, челлендждер ұйымдастырды. Музей қызметкерлері  тікелей эфирлерде  Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы «Женщины на страже Родины», «Штрафбаттағы жалғыз қазақ қызы» т.б. тақырыптарда  лекциялар оқыды. Сол батыр қыздардың қатарындағы Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Доспанова,  Берлинге дейін жеткен қазақтың  ғалым қызы Халида Мамановалардың   жанқиярлық ерліктері туралы айтылды.

Сонымен қатар Әлия Молдағұлованың  95 жылдығына байланысты «Әлия — қаһармандық дастаны» атты кәсіпқой суретшілер мен қолөнер шеберлері арасында республикалық байқау жарияланып, байқауға Алматы, Қарағанды,  Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларынан  кәсіпқой  суретшілер қатысты. Байқаудан түскен суреттер  музей қорын толықтырды.

-   Әңгімеңізге рахмет. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?