Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ даласындағы тарихи оқиғалар

1509
XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ даласындағы тарихи оқиғалар - e-history.kz

1731 жылы Кіші жүзді басқарған Әбілқайыр хан Ресей бодандығын қабылдағаннан кейін қазақ халқының әлеуметтік, экономикалық және саяси тарихында үлкен өзгерістер орын алды. Бұл жайт, әсіресе, Орталық Азияны мекен еткен халықтардың қоғамдық өміріне де өзіндік әсерін тигізген болатын. Себебі аталмыш өңірдегі Ресей экспанциясының келесі бір кезеңі нақ осы уақыттардан басталған еді.

Қазақ халқының Ресей үкіметінің отарлау саясатына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресі ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастау алады. Тіпті, Ресей империясына қосылған күннен бастап-ақ оған қарсы іс-әрекеттер жүре бастады деуге болады. Бұл ең алдымен бір-біріне қарсы саяси позиция ұстанған қазақ билеушілері арасындағы теке-тірестіктен де аңғарылады. Қалай болған күннің өзінде, кез келген ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ халқының тарихынан орын алған ұлт-азаттық көтерілістер – Ресейдің Қазақстанда жүргізген отарлау саясатының нәтижесінен туындағаны анық. Отарлық бұғауда болған Еуразиядағы бірқатар халықтардың тарихына үңілсек, келесі заңдылықтарды аңғарамыз: отарлау саясаты неғұрлым күшейіп әрі тереңдеген сайын халықтың оған қарсы күресі кең құлаш жайып, әр кезеңде жаңа қырынан көрініп отырады. 

ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарынан бастап-ақ Ресей Қазақстанның батысы мен солтүстігіне табан тірейді де, біртіндеп өзінің империялық «жымысқы» саясатын жүргізе бастайды. Осы уақыттарда Кіші жүз қазақтары отарлау саясатының ауыр зардабына ілінеді. Бұл кезде халықтың көршілес елдермен қарым-қатынасы әлі де болса шиеленісіп тұрды. Ел мүддесін қорғайтын мемлекеттік жүйенің әлсіздігінен халық азып-тозды. Рулық-тайпалық негізде ұйымдасып халықтың жеке-жеке топтары қарсылықтар көрсеткенімен, олардың әрекеттері оң нәтижелер бермеді, керісінше Ресейдің саяси ықпалы аймақта өскен сайын, оның отарлық саясаты да күшейе түсті. 1742, 1755, 1756, 1765 жылдардағы толып жатқан заң актілері бойынша қазақтардың Жайық пен Еділ арасындағы, Есілдің, Тобылдың жоғарғы ағыстарындағы жерлерге, Каспий теңізінің солтүстік жағалауы бойына көшіп баруына тыйым салынды. Дәстүрлі қазақ шаруашылығына бұл шаралар зор нұқсан келтірді. Ел жаз жайылымынан, күз күздеуінен айрылды. Қазақтардан алынған жерлер казак-орыстарға берілді де, олар «өз жерін» қызғыштай қорыды. Түрлі сылтауларға (қарақшылар мен барымташыларды іздестіру, т.б.) негізделген әскери шапқыншылықтар жасалып тұрды. 

Осындай жағдайлар, қазақтардың 1173-1775 жылдардағы Е. Пугачев бастаған бүкіл Ресейді дүр сілкіндірген көтеріліске қатысуға, оны қолдауға алғы шарттар жасады. Әсіресе Батыс Қазақстанмен шектес аймақтарда өткен әскери қимылдар Кіші жүздегі қазақтардың Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы ең алдымен, олардың алғаш рет Ресейдің Кіші жүздегі отарлық саясатына көрсеткен жаппай қарсылығы болды.

Қазақтардың Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы, Ресей империясының осы өңірлерде жүргізіп жатқан отарлау саясатына қарсы бағытталған ең алғашқы қарсылықтардың қатарына жатады. Е. Пугачевты Кіші жүз және Орта жүз қазақтары қолдағаны көптеген дерек мәліметтері негізінде тарихи ізденістерде қамтылған. Бұл көтерілісті қолдау қазақ қауымындағы оқиғалар мен жекелеген тұлғалардың көзқарасы мен қимылына сай әр түрлі деңгейде және әр қилы түрде өтті. Қазақтардың осы шаруалар соғысында көптеген әскери бекіністерді алуға қатысқаны кеңестік тарихнамада ерекше назар аударылып, аталған болатын. Мысалға алсақ, Н. Бекмаханова еңбегінде ұлтымыздың өкілдері Орынбор, Ор, Гурьев, Жайық қалаларын алуға қатысқаны жан-жақты сараланған. Автордың көрсетуінше жақсы қаруланған қазақтардан құрылған отрядтардағы адам саны жүзге, кей кездері мыңға да жетіп жатты. Әрине, зерттеуші қазақ рулары емес, қазақ ұлтының азаматтарын, жалпы тұрғыдан келгенде ұлтымыздың бұл көтерілістегі рөлін анықтауды мақсат тұтты. Тарихи тұлғалардың шығу тегін де көрсетіп, кімнің қай рудан екендігін атап кетіп отырды. Дәлірек айтар болсақ, еңбекте Кіші жүз руларының ішінде Байұлымен қатар Жетіру бірлестігінің көтерілісшілерге жақсы қолдау көрсеткені баяндалады. Олардың арасынан Байбақты, Алаша, Жағалбайлы, Табын, Тама, Кердері рулары ерекше аталып өтілген. 

Тарихи шығармаларға қарағанда көтеріліс қарсаңында Кіші жүздің кейбір ру-тайпалары сияқты Кердері руы да Жайық өзеніне жақын жерлерде жаз айында көшіп-қонатын. Олар әсіресе, 1774 жылдың наурызынан қарашасына дейін белсенділік танытса керек. Бұл жөнінде Н.Бекмаханова былай деп көрсеткен: «Қолда бар деректерге сүйенсек, көтеріліске қатысқан қазақ отрядтарының көпшілігі Жетірудың бөлімдері мен Байбақты руынан жасақталды». Жетіру тайпасынан жасақталған отрядтардың іс-әрекеті жекелеген соғыс қимылдарына қатысуларына орай жиі кездеседі. 

1775 жыл соңына дейін, Кіші жүз тайпаларының бекіністерге шабуылдар жасауы, үкімет әскерлерімен ұрыстары қыз-жаз демей бір сәт те толастамады. Мәселен, 1775 жылы қыста көтерілісшілер Гурьев қалашығы мен Калмыков бекіністерінің аралығындағы шептерге әлсін-әлсін шабуылдап отырды. Көктемде көтеріліске Орынбор шекаралық шебі маңы мен төңірегіндегі қазақ ру-тайпалары түгелдей қатысты. Зерттеушілердің көрсетуінше кейбір қазақ отрядтары Жайықтың арғы бетіне өтіп, Еділге дейінгі аралықта қимылдар жасайды, тіпті Саратовқа дейін жетеді [38, 252 б.]. Бұл уақытта соғыс қимылдары Сағыз, Емел және Жем өзендерінің алқаптарына ауысады. 

Н. Бекмаханова Байбақты, Алаша, Жағалбайлы, Табын, Тама, Кердерінің рулары мен ру тармақтары мұнда өте белсенділік көрсеткендік жазған болатын. Жеке-жеке отрядтарға топтасқан Байбақтының, Таманың, Табынның, Кердерінің және Жағалбайлының жігіттері 1775  жылдың көктемінен Төменгі Жайық және Жоғарғы Жайық бекіністері аралығында белсенді қимылдар жасай алды. Осы кездерде қазақ жігіттерінен  құралған отрядтар осы өңірдегі Татищев, Кулагин, Топоминск, Баксайк, Индер тауы, Калмыков, Елек қорғанысы, Красногорск, Воздвиженск, Орск, Жоғарғы Урал, Степной бекіністеріне және ондаған редуттар мен форпостарға соққылар береді.

Бір-екі ауыз қазақ отрядтарының қимылдарының сипаты мен әдістері туралы сөз етелік. Біріншіден, бүкіл қозғалыс бір орталықтан басқарылмады, сол себепті де ортақ жоспар және бірлескен қимыл, іс-әрекеттер болмады. Бүкіл қозғалысқа жетекшілік ете алатын тап – Нұралы хан мен оның інілері Айшуақ. Пірәлі секілді сұлтандар көтерілістен бойларын алшақ ұстады. Екіншіден, Тама, Байбақты, Табын, Жағалбайлы, Кердері, Алаша тайпаларынан жасақталған отрядтар өз батырлары мен старшындарының басқаруымен жеке-жеке қимылдайды. Үшіншіден, күштердің тең болмауы қазақ отрядтарын партизандық күрес тәсілін қолдануға мәжбүр етеді. Қазақтардың түсінігі бойынша, олар бекіністер мен форпостарға үздіксіз шабуылдар жасап, қауіп төндіріп отырса, бекіністер жанындағы егістіктерді өртесе, бекіністер мен форпостар арасындағы байланыстарды жойса, онда ондағы тұрғындарының өздері ол жерлерден кетуге мәжбүр болады. Осылайша қазақтар бұрынғы өздерінің айрылған жерлерін қайтарып аламыз деп үміттенеді. 

Дерек мәліметтері мен зерттеулерден біз, 1773-1775 жылдардағы қазақ отрядтарына басшылық жасаған кейбір батырлар мен старшындардың есімдерін кездестіреміз. Байбақты руын – Сырым батыр, Жағалбайлыны -  Жолбарыс, Табынды – Тіленші Бөкенбайұлыны, Кердеріні – Баймұрза, Қаржау батырлар басқарады. Е. Пугачев бастаған Шаруалар соғысының ықпалымен Кіші Жүзде болған отаршылдыққа қарсы күресті 1775 жылдың жаз-күз айларында патша өкіметінің жазалаушы әскерлері баса алды. Деректерде жазалаушы орыс әскерлерінің жергілікті қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылықтарды, айуандық істері, тонау мен қорлықтары көп кездеседі. 

Кіші жүз тарихындағы Сырым Датұлы көтерілісі кезінде Кіші жүздің ханы Әбілхайыр занның ұлы Нұралы хан еді. Ол Орынбор әкімшілігінің қолдауымен хан сайланған болатын. Ресейлік саясаттың Кіші жүзде енуіне қолдау көрсеткен Нұралы ханның халық арасында ешқандай беделі болмады. С. Датұлының көтерілісі барысында оның беделі мүлдем төмендеп кетті. Бұл көтеріліс Кіші жүзде хандық биліктің әлсіреуіне үлкен ықпалын тигізгені тарихта белгілі. Симбирск және Уфа билеушісі генерал-губернатор О.А. Игельстром Нұралы ханның сол тұстағы жағдайын пайдаланып, хандық биліктің орнына хан кеңесін құру туралы жоспарын бас көтерген старшиндармен келіссөздер жүргізу барысында жоспарлады.

Барон Игельстром Кіші жүз старшындарымен тікелей келіссөз жүргізу үшін Ахуан Мұхамеджан Құсайыновты жібереді. Ахунның Кіші жүз қазақтарына сапарынан кейін старшындар Игельстромға қол қойылған хаттарын табыстайды. Бұл хатта кіші жүз қазақтарының Ресей билігін мойындайтындығын айтып, негізі талап ретінде Әбілхайыр ұрпақтарын хандық биліктен тайдыруды сұраған. Зерттеуші М. Вяткин бұл жағдай Батыр сырымның ел ішіндегі беделінің жоғарылығын көрсетеді деп атап өтеді. Себебі хатқа қол қойған Кіші жүз рулары старшындарының арасында Сырымның қолы жоқ. Ол керісінше осы қойылған қолдарды өз мөрімен куәландырған. Басқаша айтқанда, бұл жағдай халықтың Сырымды өз басшымыз деп танығандығын көрсетсе керек. 

Мәселен Нұралыны биліктен алу туралы шешім қабылдаған Кіші жүз старшындарының жиналысынан кейін делегаттар старшындар жиналысының жолдамасын дайындаған. Патшайым Екатерина ІІ-нің атына дайындалған бұл жолдама Нұралыны неліктен хан тағына кетіруді талап ететіндіктерінің себептері толық айтылған. Мұнда кедергілерге байланысты мынадай жолдарды оқимыз: «Ханның балалары Орал өзенінен өттіңдер дегенді сылтау етіп Кердері руынан бір жылы 100 жылқы, Тама руынан 80 жылқы, Табын руынан 50 шақты жылқы алады. Тіпті бұлар жәбір көрсетпеген және жылқысын алмаған ру қалған жоқ».

Батыр Сырым бастаған бұл көтеріліс тарихын зерттеген бірден-бір зерттеуші М. Вяткин өз еңбегінде көтерілістің сипаты туралы: «біз Сырым қозғалысы өзінің негізінде нағыз халықтық, шаруа күресі ретінде дамыған деп айта аламыз»,-деп, яғни бұл күресті шаруалар қозғалысы ретінде сипаттайды [54, с. 134]. Біз бүгінгі таңда Сырым бастаған бұл күресті сипаты жағынан ұлт-азаттық күрес деп бағалаймыз. Әрине, М. Вяткин көрсеткендей «бұл қозғалыстың шаруашылық сипатының көзге түсетін жері сол, бұл қозғалыстың дамуында мал жайылымын кеңейту жөнінде жер мәселесі де сол сияқты қанаудың деодалдық-отаршылдық системасына қарсы болған наразылық та үлкен себеп болды». Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей хан әулеті мен оның атқамінерлерінің халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығы тікелей патшалық Ресейдің отарлау саясатымен ұштасып жатты. Патша үкіметі беделі түскен хан үкіметін айналып өтіп, тікелей старшындармен байланысқа шыққанда қалай болған күнде де патшалықтың түпкі саясатын басты назарда ұстап отырды. Игельстром ханның көмегімен, не көмегінсіз-ақ өздерінің отаршылдық мүдделерін жүзеге асыруға ұмтылды. Сондықтан Сырым күресі тек Нұралы хан мен оның төңірегіндегілердің озбырлығына ғана емес, осы озбырлықтардың тууы мен күшеюіне себеп болып отырған отарлау саясатына қарсы бағытталды. Сондықтан бұл күрес жалпы ұлттық мүддені көздеген ұлт-азаттық күрес сипатына ие болды. Көтерілістің бұл сипаты оның кезең-кезеңдері мен мақсат-міндеттерінің бірте-бірте айқындалуымен бірге анықтала түскені де белгілі. Патша үкіметі мен оның отарлау саясатының тірегіне айналған хан билігіне қарсы Сырым күресін Кіші жүздің Байбақты, Шекті, Төртқара, Қаракесек, Шөмекей, кете, Алаш, Серкеш, Таз, Сықлар, Адай, Беріш, Есентемір, Масқар, Тама және т.б. рулармен қатар Кердерілер де қолдады. 

Жоғарыда айтып өткен старшындар жиналысында Игельстром хан билігінің орнына шекаралық сот ұйымдастыруды ұсынған еді. Бұл шара қазақ халқының саяси тәуелсіздігін жою жолындағы алғашқы қадамдардың бірі еді. Бірақ старшындардың сақтық позициясын ұстануынан бұл ұсыныс қолданбай қалады. Бұл мәселе 1786 жылы қыркүйек айында өткен Кіші жүз старшындарының съезінде қайта көтеріледі. Съезге қатысушылар бұл жолы шекаралық соттың ұйымдастырылуына келіседі. Бірақ құрамында беделді старшындардың кірмей қалуы мен қазақтардан басқа уәкілдердің саны жағынан басымырақ болуы шекаралық соттың құрылған күннен бастап-ақ беделсіз болуына әкеліп соқты. Әкімшілік басқарудың таза жүйесін енгізу барысында Кіші жүз жерінде расправалар ұйымдастырыла бастайды. Бірақ старшындардың бұл жүйеге сақтықпен қарауымен, сондай-ақ олардың бұл мәселені Сырымсыз шешкілері келмегендіктен жаза әкімшілік мекеме расправалар Жетірудың 3 руында ғана құрылды. Олар Табын, Тама, Кердері рулары еді. Бұл руларға бастық ретінде әрқайсысына бір старшындардан және оларға көмекші ретінде екі старшинадан тағайындалған. Кердері руынан старшина Тілеп, көмекшілері ретінде Татақбай батырмен Қаржау батыр бекітілген. Расправа басшылары, сондай-ақ расправа сайланбаған басқа да рулардың өкілдері шекаралық соттың ашылуымен бұрыннан көңілдерінде жүрген мәселені шешуге пайдалануға тырысады. Ол «Ішкі жаққа» мал айдап өткенде ақы алмау туралы талап етеді. Бірақ патша үкіметі қазақтарға қойған «малдарының жайылуы үшін Оралдың арғы жағында жер болмаса, ішкі жақтың иесі жоқ жерлерінен ғана ақысыз айдап өтуге рұқсат беретіндігін», сонымен қатар ол үшін арнайы рұқсат қағазын алу керектігі туралы талабын өзгертпейді. Мұның үстіне бұрынғысынша  аманат алу сақталып қалады. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кету керек, патша үкіметі қазақтардың малдарын «ішкі жаққа: яғни Жайық қазақтарының иелігіне» өткізуге рұқсат бере отырып, өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында жерді пайдаланғаны үшін төленетін ақының үстіне, олардың арасынан беделді адамдарды аманатқа алып қалуды енгізген. 

Сырым көтерілісі басталған кезеңнен бастап «Игельстром реформасы» деген атпен белгілі Кіші жүздің саяси тәуелсіздігін жоюға бағытталған саяси реформа жалғаса берді. 1787 жылы Игельстром өз «реформасын» аяқтауға бет алады. Ол осы жылы Қобда өзені бойында өткен старшындар жиналысында расправалар құру ұсынысын өткізеді.  Кіші жүздің ірі әулетінен үш расправа құрылды. Жетіру расправасының төрағасы болып Табын руының старшинасы Жәнібек Құдайбергенов сайланса, оның құрамына белді старшындардың бірі – Кердері руынан шыққан Тілеп Қойбасов сайланады. Ол басқалармен бірге Орынбор қаласында Ресейге салтанатты түрде ант береді. Жалпы Кіші жүзде расправалардың құрылуы сұлтандарды басқару ісінен тайдырып, биліктің ықпалды старшындардың қолына шоғырлануына жағдай жасайды. Оның үстіне Сырымның Кіші жүздің үш әулеті Байұлы, Әлімұлы және Жетіру старшындарының үстіне бас старшын болып сайлануы патша үкіметінің мүддесіне қайшы болып шығады. Старшындар мен сұлтандар арасының ашылуы сондай-ақ қазақ қоғамының ішінде орын алған шиеленіскен күрес Сырым мен патша үкіметі арасының сөзсіз ашылатындығын аңғартты. Себебі Сырым Игельстром реформасын, яғни старшындар билігін сұлтандар билігін әлсірету құралы деп қана қабылдаған. Яғни басқаша айтқанда бұл реформаны Қазақ халқының Ресейге тәуелділігін тереңдететін шара деп қарастырмаған. Сондықтан патша үкіметінің тілегін ескере отырып, Игельстром 1789 жылы реформасына өзгеріс енгізді. Ол Кіші жүзде хандық билікті қайта қалпына келтіріп, бірақ оларды ұсақ-ұсақ етіп бөлшектей отырып, әлсіретуге ұмтылады. Сырымның патша үкіметімен жүргізуге ұмтылған бітімгершілік саясатынан еш нәтиже шықпайды. Сондықтан 90-шы жылдардан бастап бұл күрес ашық сипат алып, өрлей түседі. 

Ұсақ-ұсақ қазақ отрядтарының шабуылдарына жауап ретінде патша үкіметі қазақ ауылдарын қырғыншылыққа ұшыратқан жазалау отрядтарын бірінен соң бірін жібере берді. Қарапайым халықты қырғыншылықтан аман сақтап қалу үшін Сырым оларды басқа жаққа көшіруден басқа амал таба алмайды. Мәселен 1791 жылы наурызда жазалаушы отрядтың әзірленіп жатқанынан хабар алған Табын, Кердері руларына Мұғалжар тауларына көшуге кеңес берді.

Осылайша Сырым тобы қанша қиын болса да патшалық Ресеймен азаттық үшін күресу жолын таңдап алады. Ол халыққа үндеу таратып, оларды күреске шақырады. 1792 жылы Сырым үндеуіне үн қосқан белді старшындар ішінен Төртқара, Шекті, Табын руларыныңел ағаларының аттарын кездестіре аламыз. 

Мұрағат қорларында сақталған деректер Сырымды қолдаған және оған қарсы шыққан рулар туралы біршама қайшылықты мәліметтер береді. Мәселен патша үкіметіне сүйене отырып Сырымға қарсы күрескен хан ұрпақтары негізінен көбінесе Жетіру мен біршама Байұлы әулеті руларына арқа сүйегені белгілі. Кердерілер Жетіруға кіргенімен негізінен Сырымды жақтаушы ру қатарына жатады. мәселен зерттеуші М. Вяткин Сырымды қолдаған ру-тайпалар туралы мәліметтерді келтіре отырып Жетіру өкілдерінің ішінен тек Кердерілерді ғана атайды.

Жалпы алғанда Есім хан өлтірілгеннен кейін хан билігіне қазақ билеушілерінің бір тобының Қаратай сқлтанды ұсынуы Сырым күресін қайта жандандыруға мұрындық болады. Нұралы ұрпақтарының билігіне қарсы топтар Сырым төңірегіне топтаса бастайды. Бірақ, патша үкіметінің хан билігіне әбден қартайған Айшуақ сұлтанды сайлауы жағдайды күрт өзгертіп жіберді. Сырым тобына қайта қосылған  күштер негізгі мотивтерінен айрылады. Енді олардың сырымды қолдауға ниеттендірген жағдайы өзгертті. Осы және тағы басқа обьективті және субьективті себептерге байланысты Сырым күресі 1797 жыл аяғына қарай тоқтайды. Батыр Хиуа хандығына өтіп кетіп, сол жақта белгісіз жағдайда көз жұмады. 

1783-1797 жылдар аралығында Сырым Датұлының басшылығымен болған Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі қазақ халқының патшалы Ресейдің отарлау саясатына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше орын алады. 

1838 жылдың соңына таман Кеңесары ханның іс-әрекеті тек қана партизандық шабуыл жасаумен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол шын мәнінде бұрыннан арманында жүрген негізгі мақсаты – патшалық Ресей үкіметіне қарсы бірлесе күрес жүргізу үшін Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарын тұтас бір тудың астына біріктіру ісін қолға алды. 

Орта жүз аумағындағы қазақтардың бытыраңқы қозғалысын басқара және оны біртұтас қозғалысқа біріктіре отырып, Кеңесары сонымен бір мезгілде Кіші жүздегі көтерілістің басшысы Жоламан Тіленшиевпен байланыс жасады. 

Кенесары өзіне қарасты жасауылдар арқылы Кіші жүздің патша өкіметі мен жергілікті билеуші сұлтандардың қатаң езгісіне ұшыраған және 30-жылдарға қарай өздерінің ата-бабадан келе жатқан жақсы жайылымды жерлерінен айырылған жекелеген руларымен (Жағалбайлы, Жаппас, Тама-Табын сынды т.б. рулар) тығыз қарым-қатынаста байланысып отырды. Аталмыш Кіші Жүз руларының көтеріліске қосылуы қарсаңында Орынбор өлкесінде қызмет етіп жатқан стат кеңесшісінің толыққанды мүшесі К. Родофиникин аты аталған  рулардың мүшкіл жағдайымен сол  жерде танысып, артынан Орынбор өкімет орындарына хабарлама жазады: «Осы аймақта қазіргі таңда Қыпшақ, Жаппас, Жағалбайлы рулары мекен етуде. Олар өздерінің шаруашылығындағы мал саны жөнінен ордалықтардың ішіндегі ең ауқаттылары болып саналады. Алайда олардың малына қажетті жайылымды жерлерді бүгінде Орынбордың әскерилері тарылтып жатыр, ал Жаңа Шептің арғы бетіне өткенімен, олар одан әрі қиындыққа тап болады, себебі Жаңа Шептің арғы жағындағы жерлер әлдеқайда құнары төмен және бұл жерлерді қырғыздардың өзге  рулары жайлап жатыр. Орда басшылары осындай нақты себептерге байланысты екі Шеп ортасында көшіп-қонып жүрген қырғыздарға тап осы жерде қала тұруға рұқсат сұраған, өйткені, бұл жерлерді казак мұжықтары әзірше иеленген жоқ және қырғыздар Шептің арғы бетінен қолайлы жер тапқанға дейін осы маңда қала тұрғаны жөн сияқты, егер де бұлай болмаған жағдайда олар өздерінің малдарының негізгі үлкен бөлігін сатуға мәжбүр болады және кішігірім ауылдарға тарап, бөлініп кетеді, ал бұл сөз жоқ, олардың көнеден келе жатқан далалық шаруашылық жүйесінің кері кетуіне алып келуі бек мүмкін». Сондықтан, Қыпшақ, Жаппас, Жағалбайлы руларының Орта жүздегі ұлт-азаттық көтеріліске жанашырлықпен қарауы және Кенесары ханға өз көмектерін ұсынуы түсінікті жағдай еді.

1838 жылдың күз айларында Кенесары бастаған Орта жүз қазақтары Кіші жүз аумағына – Ырғыз бен Торғай өңіріне, Орынбор ведомствосының шығыс жақ бөлігіне өте бастады. Аталмыш аудандар Батыс Сібір губернаторлығынан да, Орынбор губернаторлығынан да біршама алыс жатқандықтан, олардың Кенесары үшін өзіндік үлкен стратегиялық маңызы зор болды. Сол себепті бұл аудандардың ұзақ уақыт бойы ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі орталығына айналуы заңдылық еді. 

1838 жылдың соңына таман Кенесары бастаған көтеріліске қосылған Орта жүз қазақтарының Әлеке-Алтай, Бидәлі-Алтай, Төбе-Темеш, Тінәлі-Қарпық, Айтқожа-Қарпық, Қойлыбай-Алтай, Алшын-Жағалбайлы сынды болыстары Орынбор Шебіне қарсы бетте далалық аймақта мекен еткен Алшын-Жаппастықтарға келіп қосылды.

Көп өтпей бұған дейін қайтпастығымен, өжеттігімен ерекшеленіп тұратын Табын, Тама, Шекті, Шөмекей, Төртқара руларының қазақтары Жоламан Тіленшиевтің басшылығымен Торғай аймағындағы Кенесарыға келіп қосылды. Сондай-ақ, оған Бөкей ордасынан кеткен сұлтан Қайып Ғалиевтің Кенесарыға жақтас болғандығы жөнінде де мағлұмат бар. Бұл кезде Бөкей ордасындағы көтерілістің көсемі – Исатай Тайманов (1838 жылдың күзі) дүниеден өткентін. Оның жан серігі, белгілі ақын Махамбет Өтемісұлы шағын ғана отрядымен Хиуаға тарапқа кеткен болатын және ол сол жақтан хат жолдап қазақтарды Хиуаның бодандығын қабылдауға шақырды. Хиуа ханының қазақтарға қаны қас екенін білетін Кенесары Махамбет Өтемісұлын қолдаған жоқ және онымен арадағы барлық қатынасты тоқтатты.

Бұл кезеңде тағы бір көтеріліс ошағы Сыр бойында тұтанған еді. Аталмыш аймақтағы бірқатар қазақ рулары – Шекті, Кішкене рулары Сырдария бойында көшіп-қонып, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының басшылығымен Кіші жүздің өзге аймақтағы көтерілісшілерінен бөлек күрес жүргізіп жатқантын. Арал және Каспий теңіздері аралығын қоныс еткен Адай руы да тура осындай жағдайда еді. 

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс біршама уақытқа созылып, елдің барлық аса маңызды аймақтарын қамтыды және қазақтың негізгі руларының, оның ішінде Кіші жүздің руларын өз қатарына қоса алды. Бірақ бұл көтеріліс бір мезгілде және біркелкі болмады, сондықтан патшалық өкімет әскерлері көтерілісшілерді қай тұстан, қай уақытта бой көрсетсе, өзінің негізгі күшін сол аймаққа шоғырландырып, көтерілістің ошақтарын дереу жойып отырды. Мұның өзі патша әскері үшін ірі жеңіс саналса, көтерілісшілер үшін орны толмас қасірет әрі ойсырау болып табылды.

Бұл жерден екі үлкен мәселенің рөл атқарғандығын көруге болады: біріншіден, көтерілісшілер негізіне көшіп-қонып жүрген мал өсірушілер болып, олардың негізгі шаруашылық жүйесі малдың күнделікті күтіміне толық тәуелді етін. Екіншіден, патшалық үкіметтің Кенесары қозғалысын басып-жаныштауда қолданған негізгі әскери тактикасы көтерілісшілерді олар мекен еткен малға жайлы жайылымды жерлерден жыраққа, қу тақыр аймақтарға қуып тастап отырған. Бұл Кенесарының өзіне берілген қазақ руларымен жылжып, шегінген үстіне шегіне беруіне мәжбүр етті. 

Тайыр Қасымұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?