Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Махаббат майданы

2211
Махаббат майданы - e-history.kz

Махаббат басын қатерге тігіп, бір адам жолында барлық жаның мен күйіңді сарп ететін, онсыз өмірдің бір сәтін қалт жіберіп алуға қорқатын, оны қорғау, сүю жолында сезіміңді бәйгеге тігетін жеңіліссіз майдан.

 Бұл майданда жеңіске жететіндер кейде қос ғашықтар тарабы болса, кейде бұл пәк сезімді басынан кешіп көрмеген, өмірлерін өсек пен өтіріктен құрап алған антитоп өкілдері болуы ықтимал. Бұл фәниде әр боздақ пен бойжеткен жанын махаббат майданының ызғары қарып өткені ақиқат.

Ғ.Мүсірепов мемориалды музей-үйіне алғаш жұмысқа кірген кезім... Жас филолог ретінде Ғабең шығармашылығы мен өмір жолын танып-білгеніммен оның актриса Раиса Мұхамедиярова екеуінің арасындағы іңкәр сезімдерінен хабарсыз болатынмын. Уақыт өте келе музей экспозициясын түгелдей жаттап, ондағы қолжазба, хаттармен жіті таныстым. Мені өзіне еріксіз тартқан Ғабит пен Рая махаббаты турасында қалам тартудың орайы енді түскендей. Музей қорындағы жазушының актрисаға жазған хаттары оқыған жанды тебірентпей қоймайды. 2022 жылы музей қызметкерлерінің бірлесуімен жарыққа шыққан «Мүсіреповтің хатханасы. Письмотека Мусрепова» еңбегіне де осы ғашықтық хаттары кіріктірілген. 

Актриса таланты мен сұлулығына сырттай таныс жазушы оны алғаш Жазушылар одағында 1962 жылдың күзінде кездестіреді. Бұл кезде жазушы алпысты арқалаған айбат қыран болса, актриса жиырма үшке енді толған биязы бойжеткен еді. Бір көргеннен арада сезім ұшқыны лаулай бастайды. Өзінің абайсызда шоқ басқанын сезген жас актриса бұл әрекетін бұрысқа балап жүрсе де, арадағы байланысты үзуге жазушы қарсылық білдіреді. Сергей Әзімовтің «Классиктің кешіккен махаббаты» атты деректі фильмінде Раиса Мұхамедиярова өз аузынан қалай танысып, қалай ажырағандарын әсерлі баяндайды. Сол туындыда: «...Ол маған көп нәрсені үйретті. Мен үшін ол жай ғана Ғабең, мен сүйген еркек еді. Сондықтан оның жасын да, қоғамдағы орнын да ұмыттым. Бекзат, сері қалпымен сүйдім». 

Мүсірепов өзінің сүйікті Раясы туралы естеліктерінде: «Мен әлдекімді он бес жыл іздедім. Баладай сағынып, зарығып іздедім. Таба алмадым. Атын білмеймін, түсін танымаймын. Он бес жыл іздедім, он бес жыл күттім, ақыры бір жиналыста кездесті»; «Рая тым таза, тым нәзік жан, өтірік айта алмайды. Идеалым алдаған жоқ, таза күйінде, періште күйінде қалды... Рая, мен – жасамыс адаммын. Сондықтан алғашқы кездерде көпке дейін етім үйренісе алмай, едәуір әурелендім. Қазір біз бір-ақ адамбыз. Бір ғана жанбыз» деп сыр шертеді. Жазушының сүйгеніне жазған 1962-1964 жылдар аралығындағы хаттары Мәскеуден, Индия, Африкаға жасаған сапарларынан жөнелтіліп отырған. Әр хатында Раяның, қыздарының хал-жағдайынан хабардар болып, өзінің сағынышын, сезімін ұдайы жеткізіп отырған. Алыста жүрсе де әр іс-сапарларынан Раяны құлағдар етіп, жұмыс жағдайымен тікелей бөліскен. Сондай салмақты, сыпайы жазылған хаттарды оқу көңілге ыстық ықылас ұялатады. 

Өкінішке қарай, бүтін жанұя ғұмырын кешкен бұл тұлғалардың шаңырағы сегіз жылдан соң шайқалады. Себеп Рая апайдың өз аузынан баяндалады: «...Ол менің түскенімді қалаған жоқ. Кейін тек менің көңілім қалмау үшін біз, Сұлтан Қожықов екеуміз мынандай шешімге келдік: «Сен Қыз Жібекке түсесің» дей салды. Қожықовты ертіп келгенде дастарханым жаюлы, қарсы алып тамақтарын бердім. Әйтеуір жемісті жұмыс жасауларына, жақсы сценарий жазуларына жағдай жасап бақтым. Әрине, іштей дәмем де бар. Сөйтіп бір ай өткенде Ғабит Махмұдұлы: «Раечка, біз бүгін бітіреміз. Дастарханыңды жайып бізді күт», – деді. Сөйтіп атап өттік, Қожықов кетті. 

Мен әрине кастингке шақырып қалар екен деп күтіп жүрдім. Бір күні кастинг өтіп кетіпті. Ғабиттен сұрағанымда «білмеймін, бәлкім басқа актрисаларды шақырған шығар» дей салды. Бұл сөз маған ұнаған жоқ. Олай болса уәде бермеуі керек еді. Сол сәттен бастап ісім кері кетіп, мені алдап, сатып кеткендей жағымсыз жайды бастан кештім. Арамыз суыған кезең осылай басталды...». Араға біршама жыл салып екінші қыздары Гүлнәрдің тойында Ғабит пен Рая кездесіп қалады. Сол сәттің өзінде Ғабиттің жанары да, көңілі де Раяда болатын. Кейіннен жазушы жасы дендеп төсек тартып жатқанда соңғы рет дидарласып қалуға Рая үйіне келеді. Сүйікті Раясының қолын соңғы рет ұстап тұрып: «Рая, сау-саламат бол!» деп соңғы сөзін айтады. «Сау-саламат бол!» —  өзінің Раясына бағышталған соңғы сөзі болатын.

«Раечка! Егер менен сұраса, «шын бақыт, шын сүю, шын адал жан кездестірген кезің болды ма» десе, мен «болды, ол менің Раечкам болды» дер едім». Міне, сезімнің шырқау биігіндегі бұл сайып қыран тұлғалардың махаббат оқиғасы осылай баяндалған. Мақала басында айтып кеткен «махаббат майданында» бұл кісілер жеңіске жетті ме, яки жеңіліс тапты ма – оны оқырман еншісіне қалдырайық...

 

Мөлдір Сағымбаева,  С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің  әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?