Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Республика күні мен Тәуелсіздік мерекесін қалай ұлықтап жүрміз?

2660
Республика күні мен Тәуелсіздік мерекесін қалай ұлықтап жүрміз? - e-history.kz

Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын символдық мәні бар даталар - 25-ші қазан – Республика күні және 16-шы желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі.

Ұлттық мемлекеттілікті қайта жаңғыртудағы тарихи миссия

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы № 307-XII Қаулысы негізінде қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация» атты тарихи құжаттың ұлттық мемлекеттілікті қайта жаңғыртудағы тарихи миссиясына қоғамның назарын аудару әділетті іс. Соған сәйкес, Республика күні еліміздегі ең ұлық мерекелердің қатарында болуы тиіс. Себебі, біріншіден, Егемендiк туралы Декларация ел тәуелсіздігіне апарар жолдың заңдық-құқықтық тұрғыдағы тағдыршешті белесі болды; екіншіден, еліміздің «Қазақстан Республикасы» деген ресми атауы арқылы мемлекетті басқару түрі республикалық үлгіде болып қалатыны паш етілді. 

Республика термині (латынша - res publica) «қоғамдық іс», яғни ел мүддесіне қатысты мәселелерді, жалпыға ортақ істерді бірігіп шешу немесе халық өкілдері арқылы басқару деген мағынаны білдіреді. Ал ұлттық дүниетаным тұрғысында алсақ, «Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі» деген даналыққа сайып келеді. Сол себепті Республика күні мерекесі де ұлттық бірегейлікті нығайта түсетін елеулі мерекеге айналуы тиіс. 

«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қазір еліміз Екінші Республика жағдайында дамуда.

Дегенмен, еліміздің мемлекеттілік эволюциясы мен тарихы тұрғысында қарастыратын болсақ, бұл Бесінші Республика кезеңі болып саналады. 

Қазақстан тарихындағы Бірінші Республика: Алаш автономиясы (1917-1920).  Алаш лидерлерінің елді басқару формасы ретінде республикалық басқару қағидатын жүзеге асырғаны мәлім. Сонымен бірге, Алаш партиясының бағдарламасы жобасында парламенттік-президенттік республика құру идеясы жарияланған болатын.  

Екінші Республика: кеңестік Ресей Федерациясы құрамында автономиялық статусқа ие болған Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (1920-1936); 

Үшінші Республика: Кеңес Одағы құрамында одақтас ел ретіндегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (1936-1991); 

Төртінші Республика: тәуелсіз ел жағдайындағы Қазақстан Республикасы (1991-2022); 

Бесінші Республика: «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес тәуелсіз ел дамуының жаңа сапалық кезеңіндегі Қазақстан Республикасы.

Сол себепті, қазіргі кезеңдегі Екінші Республиканың немесе мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығы ұстанымы бойынша Бесінші Республиканың қоғамдық-саяси маңызына жете мән беру талабы орынды.

Бұл факторларды назарға алатын болсақ, бұл күннің ұлттық мәртебесінің қайта қалпына келуі әбден қисынды. Сондықтан да Республика күніне немқұрайды, кезекті демалыс күні ретінде қарауға болмайды. 

Республика күнін жалпыұлттық деңгейде атап өту не үшін маңызды? 

Бұл мерекелік күндерді қалай мазмұнды һәм сапалы түрде атап өтуге болады?

Осы сауалдардың төңірегінде ой бөлісетін болсақ, мемлекеттік ұйымдар мен білім мекемелерінде әр деңгейдегі салтанатты жиындар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар, концерттер және басқа мыңдаған мәдени-ағарту іс-шаралары өткізіледі, бірқатар азаматтар марапаттарға ие болады. 

Республика күнін жаңа сапалық деңгейде мерекелеуге тоқталсақ, қазіргі кезеңде дәстүрлі мәдени-ағарту шараларымен бірге оған практикалық сипат беру арқылы тиімділігін арттырған орынды болар еді. 

Енді осы практикалық қырларына зер салсақ, ең алдымен, дәл 25-қазанда Республика күніне арналған жалпыұлттық экологиялық акция жүзеге асырылғаны абзал деп ойлаймыз. Баршамыздың ортақ шаңырағымыз – Республикамыздың тазалығы жалпыға ортақ іс. Климаттың шұғыл өзгеруі мен экологиялық дағдарыстар еліміз үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Осы тұрғыда халықтың экологиялық санасын жаңғырту кезек күттірмейтін жұмыс. Сол себепті барлық елді-мекендерде шартты түрде алғанда «Жасыл ел – жасыл аула», «Таза қала», «Таза кент», «Таза ауыл» деген сияқты, сонымен қатар, өзен-көл арналарын, демалыс орындарын, табиғи қорықтарды тазалау, ағаш отырғызу сияқты басқа да игілікті істерге бағытталған жалпыұлттық экологиялық акциялар Республикамыз үшін мейлінше пайдалы шара болары хақ (25-қазанда, яғни күз мезгіліндегі ауа-райының біршама қолайлылығы осы іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді). 

Ұлттық бірегейлігімізді нығайтуда жаңа экологиялық этика мен құндылықтар маңызды орын алуы тиіс. Әсіресе, қазіргі табиғи орта ахуалы жаңа экологиялық сананы жастардың бойына сіңіруді талап етеді.

Республика күніне арналған келесі жалпыұлттық шара – спорттық іс-шаралар арқылы көрініс тапса құба-құп болар еді. 

Ұлттық бірегейлікті нығайтуда өнер мен спорттағы жарқын жетістіктердің алар орны ерекше екені баршаға мәлім. Олимпиада деңгейіндегі жеңістерден бөлек, соңғы уақыттағы шахматтан, бокстан, футболдан, үлкен теннистен Қазақстан ұлттық құрама командаларының әлемдік ареналардағы жетістіктері халықтың рухын асқақтатып, елге деген құрмет пен мақтаныш сезімдерін еселей түскеніне баршамыз куәміз. Сондықтан да спорттың барлық түрлерінен Республика күні аясында Қазақстан халқы Спартакиадасының республикалық шешуші кезеңдерін өткізген тиімді болар еді (қысқы спорт түрлері бойынша Спартакиаданы Тәуелсіздік күнімен орайластыруға болады).

Жалпыұлттық шара ретіндегі Спартакиаданың мәрелік кезең бәсекелерін тек Астана мен Алматыда ғана емес, спорттық инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескеріп, еліміздің барлық өңірлерін қамтитындай етіп өткізу өте маңызды болмақ. Спартакиада қатысушылары мен жеңімпаздарының, сонымен бірге жанкүйерлердің жадында оның Республика күнімен бірге жарқын эмоциялары һәм патриоттық сезімдері байланысты болып қалуы тиіс.  

Республика күнінің практикалық пәрменін еселей түсетін бағыт, әлбетте, ол шығармашылық өнер туындылары мен руханият әлемі. Бұл бағытта іс-шаралар сөзсіз ұйымдастырылады. Дегенмен, Республика күніне арналып ең үздік театр премьералары, мазмұнды музей көрмелері, мерекелік концерттер, кино театрлардағы тақырыптық фильмдер, шығармашылық фестивальдер халық назарына ұсынылса әрі ол дәстүрге айналса игі. Сонымен бірге, ондай шаралардан кейін әрбір азаматтың бойында «Менің Республикам жасасын!» деген құрметі, «Мен Егемен Еліме адал қызмет етуге міндеттімін!» деген жауапкершілік сезімі де күшейе түсері хақ.

Тәуелсіздік күні мерекесі «жаңа жылдық шыршаның тасасында» қала бере ме?

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 32 жыл толады... 

Дегенмен, тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралардан кейін жыл сайын көкейімізде бірқатар сауалдар туындайды. Олар бұрыннан да халық арасында кеңінен қойылып жүрген сұрақтар екені белгілі. Яғни, «Тәуелсіздіктің құндылығын балалар, оқушылар, жастар түсіне ме, мәнін ұға ма?», «Айналамыздағы соғыстар мен қайшылықтар тәуелсіздік, территориялық тұтастық, шекараның мызғымастығы үшін болып жатқанын түсіндік пе?», «Президент Қ.-Ж. Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» дегендей, оны бәрінен қымбат деп қабылдаймыз ба?», «Тәуелсіздік күні мерекесі «жаңа жылдық шыршаның тасасында» қала бере ме?» деген сияқты және басқа да сауалдар.

Міне, осы сауалдарға тереңірек зер салып көрсек.

Осы отыз жылдан астам уақыт ішінде Тәуелсіздік күні мерекесі еліміздің ең ұлық мерекесіне айналмауына кім кінәлі? деп тағы да кінәліні іздейміз. Әдеттегідей үкіметті сынаймыз. Алайда, үкімет ресми деңгейде, мемлекеттік органдар мен ұжымдарда, білім беру ұйымдарында Тәуелсіздік күнін атап өтудің барлық тиісті шараларын ұйымдастырады һәм жүзеге асырады. Оған ешбір дау жоқ.

Менің ойымша, Республика күні мен Тәуелсіздік күнін тек ресми мемлекеттік мереке ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз. 

Еліміздің әрбір азаматы аталған екі ұлттық мерекені отбасылық мейрам ретінде де қабылдауы керек. Өйткені, «Отан отбасынан басталады» деген даналықты жиі қолданамыз.

Саралап қарасақ, менің ойымша, тәуелсіздік мерекесіне эмоция, эмоциялық реңк, көңіл-күй, үміт оты жетіспейді екен. Болса да ол аз, жеткіліксіз.

Қазір жастарды егемендік пен тәуелсіздіктің қадірін түсінбейді, мәніне үңілмейді деп сөгеміз, кінә артамыз. Бірақ кеңестік дәуірде аштық пен соғысты, жоқшылық пен таршылықты көп көрген ата-әжелеріміздің нанның үзігі мен қиындысын жинап, «неге шашасыңдар?» деп бізге бала күнімізде ұрысқанда сол бір үзім нанның қадірін түсіндік пе? Әлбетте, жоқ! Неге? Өйткені ол балалық пен тоқтықтан еді.

Қазір де солай. Тәуелсіздіктің қадірін түсіне ме жастар? Түсінетіні кемде кем шығар. Оқушылар мен жастарға тәуелсіздік туралы тақпақ жаттатып, өлең оқытып қанша түсіндірсең де оның мәніне терең үңіле бермейді. Өйткені оған қажеттілік жоқ әрі оның «тамағы тоқ, көйлегі көк».   

Жастар түсінбейді, бағаламайды деп сөгудің де еш қисыны жоқ. Өйткені біз де сондай болғанбыз…

Тәуелсіздіктің қасиетті екенін біз өзіміз, біріншіден, ата-ана ретінде, екіншіден, осы елдің азаматы ретінде балаларымыз бен жастарға өз ісімізбен үлгі-өнеге етпесек, сөздің бәрі бекер болмақ.

Әрқайсымыз өзімізден бастайық!!!

Тәуелсіздік мерекесіне ең алдымен өзіміз немқұрайды қарамайық. Оған терең мән берейік, отбасымызда, туған-туыс немесе достар арасында мерекелік эмоция мен көңіл-күй сыйлайық. Бұл одан кейін дәстүрге айналсын. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». 

Кейін ұрпақтарымыз балалы-шағалы болғанда осы игі дәстүрді жалғастырып, сабақтастыруы сөзсіз деп ойлаймын.   

Неге жаңа жыл мерекесін жас та, жасамыс та асыға күтеді? Себебі онда эмоция күшті, үміт пен көңіл күй бар. Алдымен жаңа жылдық корпоратив деп дайындалады, одан кейін шырша безендіріледі, жаңа жылдық дастарханға деп ерекше мәзір жасалады, сыйлықтар алынады және басқа да дайындықтар жүргізіледі. 

Бұл дәстүр болып қалыптасқан (бұған ешбір қарсылығым жоқ, өте әдемі дәстүр).

Олай болса Тәуелсіздік мерекесі «жаңа жылдық шырша тасасында» қала бере ме? Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады? 

Жас ұрпақтың санасына егемендік пен тәуелсіздік мерекелерінің қадір-қасиетін мықтап сіңіру үшін, менің ойымша, оған эмоциялық пәрмен беру керек. Оны қарапайым практикалық істер арқылы отбасымызда жүзеге асырған абзал.

Біріншіден, Тәуелсіздік күні бала-шағаға түсіндіре отырып, ең алдымен, отбасында немесе мешітке барып тәуелсіздік жолында, Желтоқсанда құрбан болғандарға, ата-баба рухына құран оқып, дұға етуден бастаған жөн болар. Осылай жасайтын азаматтар жетерлік, оған күмән жоқ (дегенмен бұл жолды барлығы қолдануы керек деген ойды білдірмейді. Еліміз зайырлы мемлекет, сол себепті қажет деп тапқандар осылай жасайды деп ойлаймын).

Екіншіден, мерекелік дастархан барлық отбасында жайылады, бірақ оған кезекті қонаққа арналған дастархан деп емес, әрбір шаңырақта бұл «Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік салтанатты дастархан» деп түсіндіру керек. Тортта «Республика күнімен!» немесе «Тәуелсіздік күнімен!» деген жазудың болуы аса қажет. Бұл біреуге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, алайда оның балалар үшін эмоциялық маңызы бар. 

Үшіншіден, әрбір ата-ана міндетті түрде балаларға Республика күні мен Тәуелсіздік күніне орай бағалы сыйлық жасағаны жөн. Ол жаңа жылдық сыйлықтардан қымбат һәм құнды болуы шарт.

Төртіншіден, Тәуелсіздік күні неге туған күндер мен жаңа жылдағы сияқты үйді немесе мекемелерді мемлекеттік атрибуттармен, шарлармен, гүлмен т.б. безендірмеске (үйде елдің байрағын іліп қоятын азаматтар бар екенін білеміз).

Бесіншіден, Тәуелсіздік күніне орай ұлттық киім кию. Наурыз мейрамында ғана жылына бір киетін ұлттық киімдерді неге кимеске. Республика күні де, Тәуелсіздік күні де ұлттық нақыштағы киім киюді дәстүрге айналдырсақ нұр үстіне нұр. Мереке күні ұлттық киім киетін азаматтар бар, бірақ сирек. 

Алтыншыдан, отбасылық немесе достар арасында спорттық немесе интеллектуалдық ойындар өткізу. Әдетте, футбол, волейбол, шахмат, теннис турнирін немесе концерт ұйымдастырып, оған да бағалы немесе ақшалай сыйлықтар тағайындасақ, балалар үшін де, ересектер үшін де ерекше мерекелік азарт, эмоция сыйлары хақ.

Мерекелік дастархан басында, спорттық немесе басқа да іс-шараларда тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын балаларға қысқаша түсіндіріп өтсек, олардың жадына сіңе бермек. Өйткені, өкінішке орай, 16-желтоқсан қандай мереке? дегенде «соғым соятын» күн деп, Тәуелсіздік күнінің қадірін төмендетуге бағытталған орынсыз әңгімелер де халық арасында тарап кеткені қынжылтады.

Жетіншіден, университеттерде, мектептер мен бала-бақшаларда Республика күні мен Тәуелсіздік күніне арналған интеллектуалдық, шығармашылық, мәдени-ағарту, спорттық және т.б. конкурстар мен іс-шараларға дайындықты кем дегенде қыркүйектен бастап, хабарландыру жасап, оған бағалы сыйлықтар тағайындалу керек (бюджетті бекіткенде бағалы сыйлықтарды алдын ала қарастырған абзал). 

Жүлде қоры блокнот, қалам, кепка, футболка т.б. «кезекші» сыйлық емес, планшет, ноутбук, смартфон сияқты басқа да бағалы сыйлықтардан құралуы қажет. Өз кезегінде бұл жастарға мотивация мен эмоция бермек, құнды болып жадында қалмақ.

Республика күні мен Тәуелсіздік күні мейрамының концепциясын және бюджетін алдын ала жоспарлап, бекітіп қоймасақ, алдағы уақытта да әдеттегідей 25 қазанға немесе 16 желтоқсанға 3-4 күн қалғанда «бір шара өткізу керек еді» деген дағдымызға оралу қаупі бар

Түйін

Қорыта айтқанда, Республика күніне жаңа сапалық мазмұн беру, Тәуелсіздік мерекесін «жаңа жылдық шыршаның тасасынан» алып шығу өз қолымызда деп ойлаймын. Оған азаматтық ұстаным мен ізгі ниет қана керек.

Жалпы біз «керек, керек еді» деп көп айтамыз, алайда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «... керектердің жолында жұмыс істеу керек», - деген өсиетін әрдайым жадымызда ұстағанымыз абзал.

«Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген тұжырымдамалар ұсынылды. Олай болса еліміздің ең ұлық мерекелері - Республика күні мен Тәуелсіздік мерекесіне жаңа мазмұн һәм жаңа сапа, жаңа сипат, жаңа импульс берейік! 

Тәуелсіздік мерекесінің құндылығын арттыру әділетті іс деп танысақ, Жүсіп Баласағұн «Әділет жолын өзің аш» деген өсиетін ұстанайық. Осы игілікті істердің жолын өзіміз ашайық, алдымен өзімізден талап етейік, одан кейін биліктен, үкіметтен сұрауға болады.

«Егемен елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Олай болса, Еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігі баянды һәм мәңгілік болғай!!!

Нұрбек Уахапұлы Шаяхмет, 

Astana IT University профессоры

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?