Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Астана Опера» әртістері Республика күнін қалай атап өтеді?

2232
«Астана Опера» әртістері Республика күнін қалай атап өтеді? - e-history.kz

Бірнеше күннен кейін еліміз ең басты мерекелердің бірі – Республика күнін атап өтеді. Барлық қазақстандықтармен қатар, оны «Астана Опера» әртістері де асыға күтеді. Ендеше театрдың жетекші солистерінен осы маңызды датаны қалай атап өтетіні туралы сұрап білдік. 

Еске сала кетейік, былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы бастама көтеріп, 25 қазан қазақстандық мерекелер тізіміне Республика күні ретінде енген болатын.

Мәдина Өнербаева, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Республика күні – халқымыз үшін өте айтулы мереке. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Сол сәттен бастап Қазақстан жеке, тәуелсіз мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл – біздің тарихымыз, оны барлығымыз, әсіресе өскелең ұрпақ білуі қажет. Шыны керек, әрбір мерекенің атмосферасы әртүрлі болады, мәселен мен Республика күні қарсаңында елім үшін үлкен бір мақтанышты сезінемін. Бізде бірте-бірте бұл күнді мерекелеу дәстүрі қалыптасып келеді: достарымыз бен туыстарымызды қонаққа шақырып, маңызды тарихи оқиғаларды еске аламыз. Осы күні кешке болатын концерттерге барамыз немесе өзіміз мерекелік музыкалық кештердің қатысушылары боламыз. Отбасыммен бірге егеменді елде тұрып жатқаныма, балаларымды жан жақты дамытуға мүмкіндіктің барына, біздің елде шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалғанына қатты қуаныштымын. Балаларыма барымызды бағалауымыз керек екенін, бірлігіміз бекем болғанда ғана елдің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтай алатынымызды үнемі айтып отырамын. Барлығын Республика күнімен құттықтап, мықты денсаулық, амандық тілеймін. 

 

Жанат Шыбықбаев, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

– Тарихи күн – 25 қазанды аға буын жақсы біледі. Бір жылдары Республика күні күнтізбеде қызылмен белгіленбесе де, санамызда «бұл өте маңызды дата» деген ой әрдайым болатын. Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы бастама көтергенде барлығымыз қуанған едік. Осы күні адамдардың көтеріңкі көңіл күйде жүретіні, шат-шадыман болатыны қандай керемет. Өнер адамы болғаннан кейін, әлбетте, бұл күні біз көпшілікпен бірге болып, елімізді әнге қосамыз. Опера әншісі ретінде маған қазақстандықтардың жанарынан қуанышты көруден асқан бақыт жоқ. 

Қай заманда да мәдениет пен өнер халық өмірінің маңызды бөлігі саналып келді, сондықтан әртістер отандастарын шығармашылықтарымен қуантып, елімізді әлемдік аренада әйгілеу жолында әрі қарай тынбай еңбек ете бермек. Бәріңізді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір шаңырақта шаттық орнасын, халқымыздың мерейі арта берсін, аспанымыз әрдайым ашық болсын

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?