Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Араб зертеушілерінің еңбектеріндегі көне түркі шаһарлары

1663
Араб зертеушілерінің еңбектеріндегі көне түркі шаһарлары - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

Мұсылман авторларының Орталық Азия туралы сипаттайтын географиялық жазбаларының сериясы Х ғасырдағы араб тарихшысы әрі географы Ахмед ибн Әбу Якуб ибн Жафар ибн Вахб ибн Вадих әл-Якубимен жалғасады.

Әл-Якуби «Елдер кітабы» («Китаб әл-булдан») атты географиялық еңбегін 278 (891) жылы Мысырда жүргенде аяқтаған.  Бұл еңбек араб географиялық әдебиетіндегі Ибн Хордадбек белгілеген және Кудама ибн Джафар жалғастырған статистикалық бағытқа кіреді. Шығарма толық сақталған жоқ, ішіндегі Ирак, Иран, Орталық Азия және Ауғанстанның сипаттамасы арқылы бізге жеткен.

Тағы бір автор Ибн әл-Факих әл-Хамадани 290/903 жылдар шамасында «Китаб әл-Булдан» («Елдер кітабы») кітабын құрастырған, бірақ өзі туралы мәліметтер толыққанды емес. Шамасы, ол Парсы елінің Хамадан қаласының тумасы болса керек, аңыз бен әдебиетті білуші; ақындарға арналған басқа кітабының аты белгілі болғандықтан.  Оның шығармасының түпнұсқасы өте көлемді болған және 5 томды, шамамен 2000 бетті қамтыса керек.  Ол бізге жүз жылдан кейін, шамамен 413/1022 жылдары белгілі бір «Әли аш-Шайзари» құрастырған жинақ арқылы белгілі болған.

Барлық аталған авторлар бізді қызықтыратын мәселе бойынша кей мәліметтерді қамти отырып, маршруттарды көрсету арқылы сипаттамаларын бастайды. Жалпы, мысалы, Ибн Хордадбек өз еңбегінде 6 жолды қамтып өтеді, атап айтқанда: Замин-Шаш, Шаш-Илақ, Шаш-Баланкалак, Испиджаб-Тараз, Тараз-төменгі Нушаджан, Замин-Ферғана, Ферғана-жоғарғы Нушаджан.

Осы бағыттардың ішінде бізге қажетті сипаттамаларды да кездестіре аламыз. Заминнен Ферғанаға дейiнгi жол (Ибн Хордадбектің еңбегінен келтірілген үзінді)

Жоғарғы Нұшаджаннан тоғызгуздер қағандағы астанасына дейiнгi үлкен құнарлы жерлi ауылдар арқылы үш айлық жол. Олардың тұрғындары – түрiктер. Олардың iшiнде отқа табынатын дуагерлер (ал-маджус) және құдайсыздар да (занадик) бар. Әмiр 12 қақпасы бар үлкен қалада. Бұл қаланың тұрғындары құдайсыздар. Олардан солға қарай (шығысқа және солтүстiк шығысқа қарай) қимақтар тұрады. Оларға қарсы солтүстiкке қарай 300 фарсах жерде ас-Син орналасқан. Тоғызгуздер әмiрiнiң қорғанысы жанында 5 фарсах қашықтық жерден көрiнетiн 100 адам сиятын үлкен шатыр бар. Ал қимақтар әмiрi өзiнiң шатырынан жайылымдарын бақылап отырады. Тараз бен тоғызгуздер тұратын жердiң арасы елсiз дала арқылы 81 күн.

Түрiк тоғызгуздер (ал-атрак ат-тугузгуз) елi түрiк елдерi iшiндегi ең үлкенi. Олар ас-Синмен ат-Тубатпен және қарлықтармен шектеседi. Одан әрi өзеннiң ар жағында тұратын халадждар (ал-халадж), қарлықтар (ал-Харлух), кимактар (ал-кимак), ғұздар (ал-гуз), шығылдар (ал джи- гир), түргештер (ат-туркаш), азқыштар (адкеши, азкеши), қыпшақтар (хифшах), қырғыздар (хирхиз) бар.

Әл-Фараби қаласына келсек, онда мұсылман сарбаздары мен түрiк қарлықтардан тұратын гарнизон бар. Барлық түрiк қалаларының саны – 16.

Замин-Шаш бағыты. 

Кудама  ибн Джафар жалпы ұзындығы 25 фарсахты құрайтын бір елді мекеннен екінші елді мекенге дейінгі қашықтықты көрсете отырып, жолдың бұл бөлігін егжей-тегжейлі сипаттайды. Ибн Хордадбекте де осы мәліметтер қамтылған. Ибн әл-Факих болса бұл маршрутты егжей-тегжейлі сипаттамайды, тек жалпы 25 фарсах қашықтықты көрсетеді.  Әл-Якубиде бұл деректер жоқ. Кудама ибн Джафардың еңбегінде Хавастан Шаш өзенінің жағасына дейінгі 5 фарсах көрсетілсе, ал Ибн Хордадбек бұл жерде 9 фарсахты атап өтеді. Ибн Хордадбек Самарқандтан Шашқа дейінгі қашықтықты 42 фарсах деп көрсетеді. Ал Кудама ибн Джафарда бұл деректер жоқ.  Бірақ Кудама  ибн Джафар Самарқандтан Ферғанаға дейінгі 53 фарсахты көрсетеді,  Ибн Хордадбек  пен Ибн әл-Факихта да сол қашықтық көрсетілген, ал әл-Якубиде бұл туралы мәліметтер кездеспейді. Самарқандтан Үзкентке дейін 120 фарсах, Үзкенттен алыс емес жерде 7 фарсахтағы Үш (Ош) қаласы барын Ибн Хордадбек сипаттап өтеді.

Кудама ибн Джафар Самарқандтан Үзкентке дейін жалпы 119 фарсах десе,   әл-Якубиде бұл деректер жоқ. 

Осы жердегі Шаш/Шаш өзені тікелей Сырдариямен байланысты, өзен ретінде кей деректерде Сырдария Шаш деп берілсе, қаланы да Шаш деп көрсеткен, кейін оның Ташкент екені сипатталады.

Шаш немесе Чач — Орталық Азиядағы, Сырдарияның оң жағалауында, Шыршық және Ангрен өзендері аңғарларының бойында (қазіргі Ташкент облысы және Қазақстанның іргелес аумақтары) орналасқан шартты түрде ежелгі тарихи аймақ.  Ал оны 11 ғасырдан Әбу Рейхан әл-Бируни Ташкент деп атап көрсетеді.Сыр бойымен шекералас.

Ош қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 54 шақырым жерде, Қарадария өзенінің (Сырдария алабы) оң жағалауында орналасқан.  Бішкек-Ош тас жолында Үзген оңтүстік облыс орталықтары Ош пен Жалал-Абад арасында орналасқан.

Қарадария – Қырғызстанның Ош облысындағы, Өзбекстанның Әндіжан, Наманган облыстарындағы өзен, Сырдария өзенінің сол жақ бөлігі.  Сырдарияға құятын ірі өзендердің бірі.

Шаш-Илақ, Шаш-Балаңқалақ бағыттары. 

Кудама ибн Джафардың еңбегінде бұл жолда Масакар елді мекені бар, ал Ибн Хордадбек бұл пунктты Кубала деп атады. Одан әрі Кудама Ибн Джафар екі үлкен Мава және Йавран өзендерін атап өтеді, ал Ибн Хордадбекте олар жоқ.  Ибн Хордадбек еңбегінде Шарабтан Бадахкетке дейін 4 фарсах деп көрсетілсе, Кудама ибн Джафар оны 5 фарсах дейді.  Ибн Хордадбек Бадахкеттен Тамтаджға дейінгі қашықтық 5 фарсах деп жазып өтсе, Кудама ибн Джафар 4 фарсах екенін атап өтеді. Кудама ибн Джафар өткелден Шавгарға дейін 3 фарсах, ал Ибн Хордадбекте өткелден бірден Джувикетке дейін 5 фарсах көрсетілген.  Шавгардан Джувикетке дейін Кудама ибн Джафарда 2 фарсах бар. Кудама ибн Джафардың Джувикеттен Таразға дейінгі 2 фарсах қашықтығы да көрсетілген. Ал Ибн Хордадбекте 3 фарсах. 

ғасырдағы жазба деректерде Шавгар (Шавагар) қаласы қазіргі Түркістан қаласының аумағында кездеседі.  VIII ғасырға дейін (552-702 жж.) Шавгар территориясы Түрік және Батыс Түрік қағанаттарының билігінде болды, кейін Түргеш қағанатының (702-756) құрамына енді.

820-999 жылдары Шавгар Саманидтер мемлекетінің солтүстік-шығыс шекараларының бір бөлігі болды.  Қаланы жергілікті түркі әулеті басқарды, оған бірқатар артықшылықтар берілді, атап айтқанда, хараж төлеуден босатылды.

Қала Сырдария маңындағы қалаларды Орта Азия мен Хорезмнің егіншілік орталықтарымен байланыстыратын сауда жолында орналасқан. Саманидтер мемлекеті ыдырағаннан кейін оның аумағы Әмудария бойында Қарахандар мен Ғазнауилер арасында бөлініп, Шавгар XIII  ғасырдың басына дейін Қараханидтер иелігіне жататын болса керек

XII  ғасырдан бастап Шавгар есімі ортағасырлық тарихи-географиялық әдебиеттерде кездеспейді. Мүмкін, бұл кезде ол шағын ауылға айналды, содан кейін археологиялық зерттеулерден көрініп тұрғандай, қараусыз қалды.  XII-XIY ғасырларда аймақтың экономикалық және саяси орталығы қазіргі Түркістан аумағында бұрын елеусіз елді мекен болған Ясы (Ясы) болды.

Исфиджаб-Тараз бағыты. 

Ибн Хордадбекте ол келесідей сипатталған «Одан кейін Кавикетке 7 фарсах, ал одан қимақтардың әміршісінің ордасына дейін азық-түлік қорын қажет ететін 80 күндік жол бар». Сондай-ақ  Ибн әл-Факих былай деп жазады  «Исфиджабтан қимақтардың патшасының мекеніне дейін 80 күн жол жүреді» ал Кудамама ибн Джафарда бұл туралы мәлімет жоқ.

Тараз-Төменгі Нушаджан бағыты. 

Кудама ибн Джафардың айтуы бойынша «...Төменгі Нушаджаннан Каср Басқа дейін тау бойымен оң жаққа қарай 3 фарсах бар…»  ал Ибн Хордадбекте тау туралы белгілер жоқ, дегенмен шын мәнінде Алатау жотасы осы жол бойымен созылып жатыр. 

Ибн Хордадбек бұл бағытқа қосымша мынадай мәліметті қамтып өтеді: «...оның қасында (қарлұқтар) – халаждардың қыстақтары...». Бірақ Ибн Хордадбектен айырмашылығы Кудама ибн Джафар Тараз бен Құлан арасында солтүстікке қарай құмдар жатқанын хабарлайды; құмның артында құм мен қиыршық тасты шөл барын, ал онда жыландар мекендейтінін және одан қимақтардың шекарасына дейін 2 фарсах бар екенін мәлімдейді.  Бұл мәліметтер қимақтарға апаратын жолдың солтүстік бағыты туралы айтуға мүмкіндік береді. Тараз бен Құланның солтүстігінде жатқан құмдар Мойынқұм екені даусыз.  Тараздан қимақтарға баратын жолдың солтүстік бағытын В.В.Бартольд анықтаған .  Сірә, ол мәліметтер Ибн Хордадбектен емес, Тамим ибн Бахрдан алынған, өйткені үзіндіде көрсетілгендей, бұл жол Ибн Хордадбекте қысқаша сипатталған.

Одан әрі Каср Бастан Күл Шубқа (Куль Шуб) дейінгі қашықтық туралы мәлімет беріледі, бұл туралы екі автордың да жазбалары сәйкес келеді, Кудама ибн Джафардың Ибн Хордадбектің мәтініне қосқан шағын қосымшасы бар.  «... Күл Шуб Каср Бастан бөлек, оның оң жағында тау бар, онда жеміс-жидек, құрма көп [өседі], бұл таулардың ұзындығы 4 фарсах дейді» .  Содан кейін Ибн Хордадбектің еңбегінде Джул Шубқа баратын жол айтылады .  Ал Кудама ибн Джафарда бұл мәлімет жоқ.  Есесіне, Кудама ибн Джафар Тараздан Құланға дейінгі қашықтықты көрсетеді – шөлді жермен 14 фарсах қашықтықты сипаттап, оның атын – Құлан деп береді. Ибн Хордадбекте бұндай мәлімет кездеспейді, ол Құланның бай ауыл екенін ғана атап өтеді. Одан әрі Ибн Хордадбек «... әрі қарай Түргештер Хаканының (қаған) астанасына (қаласына) дейін 4 фарсах» деп атап өтеді, алайда қала атын көрсетпейді, ал Кудама ибн Джафарда қала аты қамтылған.

Ибн Хордадбекте қағанның қаласы – Навакет – 4 фарсах, ал Кудама ибн Джафарда: Кирмирау – Навакет – 2 фарсах деп көрсетіледі.  Кудамама ибн Джафар Навакеттің қысқаша сипаттамасын да береді, одан жол Нушажанға апаратыны да жазылған, ал Ибн Хордадбекте бұл жоқ.  Ибн Хордадбектің еңбегінде қаған қаласы – Құбала деп аталады (Н. Велиханова осында аталған Кубал өзінің орналасқан жері бойынша (Навакеттен ары) Хордадбектің басқа атап өткен Кубалынан ерекшеленетінін атап өтеді). Кудама ибн Джафардың жазбаларында «...Банджикенттен Суябқа дейін 2 фарсах, ал Суябқа - 2 ауыл бар, олардың бірі Құбал (Кубал) деп аталады, ал екіншісі Сагвар, Сагвар мен Кубалдан Нушаджанға дейін ... 15 фарсах...  Ибн Хордадбекте, де осындай арақашықтық көрсетілген, алайда Суяб туралы айтылмаған.

Ферғана-Жоғарғы Нушаджан бағыты. 

Қуба-Уш – 7 фарсах Кудама ибн Джафардағы арақашықтық, ал ибн Хордадбекте 10 фарсах.  Кудама ибн Джафар одан әрі асудың толық сипаттамасын береді, ал Ибн Хордадбекте бұл туралы айтылмаған. Кудама ибн Джафардың еңбегінде Жоғарғы Нушаджаннан Тоғыз-гуздардың (тоғыз оғыз) хақан қаласына дейінгі екі нұсқасы жазылған: біріншісі бойынша 6 күн, екіншісі бойынша 45 күн, оның 20 күні бұлақ, жайылым дала арқылы, 25-і ірі ауылдар арқылы өтеді.   Дәл осындай мәліметті Йакут саяхатшы Тамим ибн Бахр әл-Мутавва'и туралы айтылған хабарында тағы да қайталайды, ал бұл тоғыз-гуздар туралы араб хабарларының негізгі көзі болып саналады. Ибн әл-Факихтің жазбасында бұл арақашықтық 3 айлық қозғалысы бар жол ретінде сипатталады. Ибн Хордадбекте де осы мәлімет қамтылған.  Әл-Якубиде Жоғарғы Нушаджаннан тоғыз-гуз қағанының қаласына баратын жол туралы деректер жоқ.

Кудама ибн Джафар одан әрі Тараздан Қимақ жеріне баратын жолды сипаттап, Кавакет деген жердегі екі ауылды көрсетеді, дәл осындай мәліметті Тамим ибн Бахр да қайталайды, ал Ибн Хордадбек оның орнына тоғыз ғұздары елінің сипаттамасын береді.

Ибн Хордадбек сияқты Кудама ибн Джафардың да Тараздан қимақтарға баратын жол туралы мәліметтері бар  «және Тараз үлкен ыстық шөл арқылы 80 күн жол жүру қажет».

Кудама Ибн Джафар тоғызғұздардың 12 қақпасы бар негізгі қаласын да сипаттайды, мұнда жергілікті тұрғындар жаздың тым ыстық болуына байланысты суық жертөлелерде тұруға мәжбүр болған.  Ол қалаға жақын жерде орналасқан көл туралы да сөз қозғайды, оны ауылдар мен бір-бірімен жалғасқан ғимараттар қоршап тұрған.

Кудама ибн Джафардың, сондай-ақ, Ибн Хордадбектің Шығыс Мәуереннахрдағы салықтар туралы мәліметтері бар.  Кудама ибн Джафар 221/881 жылды келтіріп, бұл жылы Хорасан және оған бағынышты аймақтардан, оның ішінде Шығыс Мавераннахр: Шаш, Ферғана, Исфиджаб, Нушаджан аймақтарынан алынатын хараждар 38 000 000 дирхамды құрады деп көрсетеді.

Кудама ибн Джафардың Хорасан аймағынан түскен салық түсімдері туралы соңғы көрсеткіші Ибн Хордадбек келтірген санмен сәйкес келмейді.

Ендігі кезекте, Орталық Азиядағы аймақтық маңызы бар жерлерді де қарастырып, Сыр бойымен байланысын нақты сипаттап өтсек.

Мәселен, Испиджаб – Сайрам және Ясы – Түркістан.

Сырдарияның орта ағысы – қала мәдениетін дамытудың ең көне ошақтарының бірі.  Арыс өзенінің жоғарғы ағысында IX-XII ғасырларда Оңтүстік Қазақстанның астанасы Испиджаб ауданы болған. Орта ағыста Кенжид ауданы, ал Арыс пен Сырдарияның түйіскен жерінде Фараб немесе Отырар ауданы болды.  Төменгі жағында Ясы-Түркістан ауданы болды.

Сырдарияның төменгі ағысында көшпелілер үшін үлкен шаруашылық және мәдени маңызы болған Янгикент, Сығнақ, Дженд, Барчынлыкент қалалары орналасқан.

Испиджаб қаласы керуен жолындағы нысан ретінде араб жазба деректерінде IX ғасырдан бастап кездеседі.  Біз оның атауын алғаш IX  ғасырдың ортасында кездестіреміз.  әл-Хорезми еңбегінде оның ендік пен бойлық орналасуы туралы мәліметтер берілген. Арабтардың шығысқа жасаған жорықтарына қатысты ат-Табариде ол туралы ештеңе жоқ. Бірақ, IX ғасырдың ортасынан бастап араб жол салушыларының барлығы дерлік Испиджаб қаласын керуен жолындағы маңызды нысан ретінде атап өтеді.

Сайрам ауылы Шымкент қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде, айналасы жасыл желекке оранған.  Оның көшелерінде тізілген терек ағаштары, айнала мақта екпелері мен бидай алқаптары жайылған. Алайда, осыдан сегіз-он ғасыр бұрын Сайрамда ондаған қалалар, қолөнер ауылдары мен ауылшаруашылық елді мекендері бар кең байтақ ауданның орталығы болғанын көпшілік біле бермейді.  Билеушілер билігінің гүлденген кезінде аудан құрамына Тараз, Отырар, Сауран, Түркістан сияқты ірі қалалар да кірді. Сол дәуірде бізден бірнеше ғасырлар жырақта Сайрамның аты басқаша еді – Испиджаб.

Географ әл-Мақдиси өз еңбегінде Испиджабты үлкен қала деп атайды: «Оның рабад және халық қоныстанған мединасы бар.  Онда базарлар, кенеп базары және собор мешіті бар. Оның (мединаның) төрт қақпасы бар, әр қақпада рабад орналасқан: Нуджакет қақпасы, Фархан қақпасы, Шахран қақпасы, Бұхара қақпасы.  Рабадтар: нахшебтердің рабаты, бұхарлардың рабаты, Самарқандтың рабаты, Қаратегіннің рабаты, онда өз бейіті мен базары да орналасқан.  Қалада 1700 рабад бар деседі.  Бұл даңқты шекаралық бекініс.  Оның рабадының айналасында дуал бар, оның өзінде қараусыз қалған цитадель бар. Тұрғындар егіннің түспеген жағдайын кезлестіре бермейді.  Олардың жемістері кішкентай, сапасы жақсы және тәтті; қала таза; өмір жағымды». 

Якут өзінің энциклопедиялық сөздігінде Испиджабқа толық сипаттама береді: «Испиджаб — Түркістан шекарасындағы Мавераннахрдың негізгі қалаларының бірі болып табылатын үлкен қаланың аты.  Оның аумағы кең және қалалар сияқты көптеген ауылдар бар. Бұл ең гүлденген, ең қолайлы, ең құнарлы, ағаштары мол, суы аққан, әдемі бақтары бар елдердің бірі болды.  Хорасан мен Мавераннахрда Испиджабтан басқа салық төлемейтін бірде-бір қала болған жоқ, өйткені бұл үлкен шекаралық бекініс болды.  Осыған байланысты тұрғындар қару-жараққа шығындалуы үшін ол салықтан босатылды».

Бұл сипаттамадан анық көрініп тұрғандай, Испиджаб ең алдымен құнарлы Бадам алқабындағы және бірі шығысқа Тараз арқылы Шығыс Түркістанға, екіншісі - Арыс өзені мен төменгі ағысымен Отырарға, Сырдария қалаларына, үшіншісі – солтүстікке, Баба Ата, Құмкент, Созаққа дейін өтетін ең маңызды сауда жолдарының торабындағы тиімді жағдайына байланысты көтерілді (осы тұста, Сыр бойымен байланысы нақты көзге түседі). Испиджабқа жақын жерде, екі жеңіл күндізгі жолда, Арыстың орта ағысы мен оның оң саласы Боролдайдың ең бай оазистерінің бірі орналасқан. Мұнда небәрі 10-15 шақырым шағын аумақта 20-дан астам қалалардың қирандылары, елді мекендер, құрылыстар мен сарайлар шоғырланған.  Орта ғасырлардағы халықтың тығыздығы жағынан Кенжиді өңірі (ол кезде Арыс алқабын осылай атаған) атақты Отырар оазисінен кем түспеген. Кенджиданың орталығы Джувантөбе елді мекенінің қирандыларына сәйкес келетін Усбаникет қаласы болды. Шамасы, Испиджаб иеліктерінің солтүстік шекарасы Арыс өзенінің бойымен өтіп, кез келген шекара сияқты бекіністермен қоршалған.  Арыстың сол биік жағалауында шамамен әрбір 8-12 шақырым сайын биік сақтық-барлаушы қорғандары тізбектей созылып жатты. Қазірдің өзінде жаңбырмен шайылып, шөп басып, 20-25 шақырымға дейін көтеріледі. Осы уақытқа дейін Қарауылтөбе деп аталатын осы алып қорғандар туралы халық арасында көптеген аңыздар бар. Атау олардың мақсатын дәл көрсетеді.  Төбелер бақылау және сигнал беру нүктелерінің бір түрі болған.

Олардың төбесінен он шақырымдай маңайдағы дала назардан тыс қалмайды, қырағы сақшылар қауіпті байқаған бойда, мысалы, солтүстіктен түнде жарқыраған алаулар немесе күндіз қара түтін бұлттары Арыс қаласының тұрғындарын хабардар етті, келе жатқан қауіп туралы.  Мыспен қапталған ауыр қала қақпалары сықырлап жабылып, жаудың тосын шапқыншылығына үйренген тұрғындар қала қабырғаларындағы орындарына тұра қалатын, соғыс жаршылары – жүйрік хабаршылар Испиджабқа қарай бірден беттейтін. Жазба деректерде испиджабтықтарды шебер жауынгерлер деп бекер атамаған: олар өздерін қорғай алатын.

XI-XII ғасырларда Испиджаб Сайрам деп аталды.  Махмұд Қашқари өз очеркінде: «Сайрам – ақ қаланың (әл-Мединат әл-Байда) аты.  Ол туралы Сарьям деп те айтатын» дейді.

Ал, Түркістан оазисі сонау VIII ғасырда Шавғар ауданы ретінде белгілі болған.  Оның астанасы аттас қала болды, кейін ол  XII ғасырдан белгілі Ясы қаласына айналды.  Соңғы орта ғасырларда, XYI  ғасырдан бастап ол жаңа атауға ие болды - Оңтүстік Қазақстанның көп бөлігін қамтитын және Талас Алатауының, Орта Сырдария мен Қаратаудың баурайлары мен бөктерлерін қамтитын кең байтақ аймақтың орталығы болған Түркістан.  Сонымен қатар, ол әлі де Икан, Карнак, Карачук, Иунка, Сури сияқты қалалар үшін негізгі оазис болып қала берді.

Болжам бойынша Шавғар қаласы қазіргі Түркістан қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 8 шақырым  жерде орналасқан Қарашық өзенінің бойындағы Төрткөл I елді мекенімен сәйкестендіріледі.  Ясы қаласы алғашында Түркістанның өзінде орналасқан Күлтөбе елді мекенінің орнында болған.

Дереккөздер оазистің тағы бір қаласы – Испиджаб ауданындағы қалалар тізімінде әл-Макдиси атап кеткен Шагилжанды да көрсете аламыз.

Зерттеушілердің пікірінше, Шағылжан Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде, аттас ауылдың шетінде орналасқан, ежелгі Шаға қалашығының орнына сәйкес келеді. Мұнда, жақын жерде үш қорған бар: Шага I, Шага ІІ және Шага ІІІ, олар біздің заманымыздың бірінші ғасырларындағы қоныстардан бастап қала өмірінің дәйекті дамуын көрсетеді.

 Түркістан оазисіндегі қалалар мен елді мекендерге қысқаша сипаттама берудің өзінде оның Жібек жолындағы маңызды мәдени және экономикалық орталық болғанын аңғаруға болады.

Отырар оазисі.

Қазақстанда археологиялық тұрғыдан Отырар оазисінен де қызықты аймақты табу қиын.  Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде шамамен 300 шақырым  аумақта елуден астам көне қалалардың, елді мекендердің, шағын үйлердің және қарауыл мұнараларының қирандылары бар. Ежелгі қоныстардың орнында пайда болған әрбір төбенің өз атауы бар: Алтын-тепе, Жалпақ-тепе, Қуйрук-тепе, Мардан, Пчакчи-тепе және тағы басқалары.

Археологиялық жұмыстар басталғанға дейін қаланың Отырар орнында алғаш рет қашан пайда болғаны нақты белгісіз еді, бірақ кейін анық болды: ол біздің заманымыздың IX ғасырының басындағы жазба деректерде қала туралы алғаш рет айтылған уақыттан да көне болса керек. Себебі, бұл кезде Отырар үлкен қала болды, өйткені араб тарихшысы Табари Отырар қаласының патшасын халифа әл-Мамунның жауларының бірі ретінде көрсетеді . Тағы бір араб тарихшысы әл-Азраки  «...ол (әл-Мамун) Отырар аймағын басып алуға әрекеттенді; ол шекара бекінісінің басшысын өлтіріп, қарлұқ жабғуының ұлдарын әйелдерімен бірге тұтқынға алды, ал өзін қимақтар еліне қашуға мәжбүрледі».  Алайда, Отырардың арабтарға бағынуы қысқа болды, өйткені әл-Мамун тұсында да (813 - 818) «Отырарбенд патшасы әдетте өзі төлейтін салықты төлеуден бас тартады».  Осы кезден бастап XIII ғасырдың басына дейін жазба деректер беттерінен Отырар қаласының атауы жиі кездеспейді. Ауданның негізгі қаласы – Кедер (ежелгі Құйрықтөбе қалашығының орнында орналасқан) болды.

Сонымен, X-XI  ғасырларда Отырар оазисінің астанасы «жауынгер де ержүрек тұрғындардың» қаласы Кедер қаласына айналды.  Тарихшылар оны Оғыз мемлекетімен бірге қыпшақтардың соққысынан құлады деп есептеген. Алайда, археологтар ұзақ уақыт бойы оның орнын анықтай алмады.  Жазбаша деректерде қала туралы екі дерек сақталған: әл-Истахри Кедердің «өзеннен жарты фарсах қашықтықта» екенін жазған, ал әл-Мақдиси (X ғасыр) Кедерде мешіттің бар екенін көрсеткен...  Бұл мәлімет Отырар оазисіндегі ортағасырлық қоныстардың бірінің қазба материалдарын қарастыру кезінде ескерілді.  Бұл жерде әңгіме Құйрықтөбе туралы болып отыр.

 Қазіргі кезде Құйрықтөбені Кедермен дәлме-дәл сәйкестендіріп тұрған дәлел осы жоғарыдағы деректерге байланысты.  Бұған қоса, қазба жұмыстары кезінде табылған заттар да осыны айғақтайды.

 Ең алдымен, Кедердің Құйрықтөбе орнында Сырдариядан шамамен қай қашықтықта орналасқандығына назар аударсақ, қарапайым факті бойынша жарты фарсах (3,4–4 шақырым), яғни әл-Истахри көрсеткендей, Құйрықтөбе мен Кедердің сәйкестігін дәлелдейтін дәлелдердің ішінде қазба жұмыстары кезінде собор мешітінің табылуы да маңызды, оны әл-Мақдиси атап өткен болатын.

 Құйрықтөбе қазбалары ғимараттың табиғатын, Кедер тұрғындарының тұрмысы мен мәдениетінің ерекшеліктерін елестетуге мүмкіндік береді.

 Орталық бөлігі – цитадель – төбесінде платформасы бар төбе.

 Цитадельде жүргізілген қазба жұмыстары үш түрлі кезеңдегі құрылыс құрылымдарын анықтады: VI-XII  ғасырларға тән.

Қорытындылай келе, Сыр бой қалаларының мәліметтері қамтылған араб зерттеушілері мен ғалымдарының еңбектерінен тарихи-географиялық маңыздылығы жоғары мағлұматтарды сараптауымызға мүмкіндігіміз болды.

Біз зерттеген Мавераннахрдағы бізге керекті территориялар туралы келтірілген араб тілді авторлардың мәліметтерінде қамтылған тараулардың ұқсастығы туралы мәселеге келсек, онда олардың елді мекендер мен елді мекендер арасындағы қашықтық туралы деректерде кейбір айырмашылықтары болғанына қарамастан. басқа жерлерде, біз жоғарыда көрсеткендей, олардың ақпараты жалпы алғанда бір-біріне сәйкес келетінін байқау қиын емес. Кудама ибн Джафар өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, пошта бөлімшелерінің ресми құжаттарынан қашықтыққа қатысты деректермен алмастырып, Ибн Хордадбектің еңбегін қайта жазған болуы мүмкін. Шамасы, пошта тізімдеріндегі екі авторға да сәйкес келмейтін арақашықтықтар екі автордың шығармаларын бөліп тұрған жылдар аралығында еңгізілген түзетулердің нәтижесі болуы мүмкін немесе бұл көшірушілердің қателері болуы мүмкін.

Араб географтары әл-Якуби, Ибн әл-Факих, Кудама ибн Джафар – барлығы да Ибн Хордадбектің жазбасын негізге алып, оның мәліметтерін біз зерттеген мәселеге қатысты пайдаланғанын көруімізге болады. Сондықтан да, мәліметтердегі айырмашылықтар аса қатты көзге түсе бермейді.

Кез-келген тарихи кезең үшін де, белгілі бір мәселе аясында зерттеу жүргізу үшін де оның тарихнамасы мен деректік базасының маңызы зор. Сол сияқты, біздің қарастырып отырған тақырып бойынша Орталық Азияның тарихын жан-жақта зерттеу мақсатында арабтілді деректерді талдауға ерекше назар аударылған. Бұдан бөлек тарихи мәліметтермен қатар пәнаралық байланыс негізінде географиялық мәліметтерді жинақтауға да көңіл бөлінген. 

Араб тарихи-географиялық жазбалары дереккөздердің бір үлкен кешенін құрайды, оның негізінде қазіргі ғылым орта ғасырлардағы араб мәдениетінің әсер ету шеңберінің бөлігі болған елдердің тарихи бейнесін қалыптастыруда.

Еңбектердің  барлығы бірдей құнды материал бере бермейтіні сөзсіз – бұл әрбір берілген автордың бағытына, міндеттеріне және көзқарасына байланысты, соған қарамастан әрбір шығармадан белгілі бір деректік ақпарат алуға болады.  Материалдың көлеміне келетін болсақ, бұл дереккөздерді араб мәдениетінің шеңберіне кіретін елдердің бүкіл аумағына арналған жалпы және белгілі бір елдің, аймақтың немесе қаланың тарихы немесе географиясы сипатталатын аймақтық баяндамалар деп бөлуге болады.  Бірінші түрдегі шығармалар, әдетте, араб мәдениетінің аймақтарына іргелес аумақтарды да қамтиды.

Осы мақаланы жазу барысында тарихи-географиялық жазбаларға, саяхатшылардың жазбаларына деректанулық талдау жасалды.

Жүйелі көзқарас Орталық Азия аймақтарының тарихына қатысты араб географиялық және тарихи еңбектерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік берді.  Араб жазба ескерткіштерінің базасына талдау ортағасырлық шығармалардың өзара байланысын анықтауға септігін тигізді, өйткені араб шығармаларындағы жинақталған көптеген ақпарат қорын олардың жасалған уақыты мен орнына қарамастан ортағасырлық жазушылар бәріне ортақ бір мұра ретінде қабылдаған. Сөйтіп, батыстағы Кордовадан шығыстағы Таразға дейінгі мұсылмандық синкреттік мәдениетте араб әдебиетіндегі тарихи білімдерді жинақтау мен жеткізуде белгілі-бір сабақтастық байқалады.

Орталық Азия тарихына қатысты мәліметтердің бастапқы және қосалқы типтерін де ерекшелей алдық. Дәл осы көзқарас орта ғасырлық авторлардың кей хабарламаларының хронологиясын анықтауда негізгі кілт болып табылады, бұл географиялық материалдарды талдау үшін принципті түрде маңызды, мұнда уақытша көрсеткіштерді анықтау мақсатында мерзімдер немесе басқа хронологиялық мәліметтер  мүлдем жоқ деректермен жұмыс жасауда маңызды болып  саналады.

Зерттеу жұмысында алдымен мәселенің зерттелу деңгейін анықтап алу мақсатында оның тарихнамасына көңіл бөлінген. Бұған дейінгі зерттелген еңбектерді топтастыра келе, оларды отандық, батыс және ресейлік зерттеулер негізінде қалыптасқан тарихнама ретінде жіктеп талдадық. Нәтижесінде аталмыш мəселенiң кейбiр тұстары мен кырлары тарихнамалық зерттеу жұмыстарына шолу жүргізу барысында айқындалып, мәселенің кейбір аспектілерінің зерттелу деңгейі біршама жақсы дамығанын көре алдық. Бұл еңбектер біз үшін өте маңызды әрі бүгінгі таңдағы зерттеулерді жалғастыру үшін негізгі платформа болып есептеледі.

Осы мақсатта Орта Азияның саяси тарихын араб деректері негізінде қарастырар тұста, қамтылған мәліметтер бойынша жалпы деректер тобын төмендегідей жіктеп өттік:

  1. Орта Азияның саясаты ислам діні арқылы қарастырылған деректер;
  2. Талас шайқасы туралы мәліметтер қамтылған деректер;
  3. Аймақтағы көтерілістер мен әскери қимылдарға түрік жасақтарының қатысуын баяндайтын деректер;

Бұдан бөлек, аймақтағы маңызы бар қалаларға да деректер негізінде талдау жүргізілді. Арабтілді деректердің мәліметтерін салыстыра отырып арнайы жол керуендері, арақашықтығы, қала атаулары мен олардың сипаттамалары қамтылып өтілген.

Жалпы, Жібек жолы бойындағы қалалар саудагерлердің, саяхатшылардың және баспанасы, тауар саудасының орны болған.  Осылайша айырбас және сауда процесі басталды. Қытайдағы Сианьнан Өзбекстандағы Бұхараға, Сауд Арабиясындағы Жиддадан Италиядағы Венецияға дейін. Сауда жолдары өтетін қалаларда порттар мен базарлар құрылып, оларға ерекше серпін берді.  Апталар бойы қолайсыз шөлдер мен қауіпті мұхиттардан өтіп, саудагерлер мұндай қалалардың арқасында демалуға, сондай-ақ бірдеңе сатуға немесе сатып алуға, тіпті басқа саяхатшылармен кездесуге мүмкіндік алды. Мұндай саяхат кезінде адамдар тек материалдық құндылықтармен ғана емес, сонымен қатар дағдылармен, әдет-ғұрыптармен, тілдермен және идеялармен де алмасқан.  Жібек жолы бойындағы көптеген қалалар уақыт өте келе ғалымдарды, ұстаздарды, теологтар мен философтарды тартты, бұл интеллектуалдық және мәдени алмасудың негізгі орталықтарын дамытуға қызмет етті, сонымен қатар тарих бойы өркениеттердің дамуының негізі болды.

Сонымен қатар, үшінші тарауларда географиялық мәселелер алдыңғы қатарға шығарылды, әрбір арабтілді деректерде географиялық мәлімет жеке дара қамтылмағанын, оларда көбіне не бір этностың орналасқан территориясын сипаттауда, не арақашықтық мәселесін көрсетуде, белгілі-бір аймақтың ерекшеліктерін баяндауда географиялық мәліметтер қосымша дерек ретінде қамтылып тұрғанын деректерге мысал келтіріп, талдау арқылы нақты көрсетіп өттік.

Ал бұндай географиялық деректердің жандануына жаулаушылық оқиғалары мен халифаттың әкімшілік құрылымының қажеттілігі (халықтан салық жинау, провинциялармен пошта байланысын ұйымдастыру, тағы басқалары ) сынды себептердің түрткі болғанын да айқындай алдық.

Орталық Азия халықтарының этникалық тарихын және этномәдени байланыстарын зерттеу де тарих ғылымының маңызды мәселелерінің бірі болып саналады.  Бұл ЮНЕСКО аясында тарихты зерттеудің біртұтас бағдарламасы ретінде алға қойылған және «Орталық Азияның көшпелі халықтарының дүниежүзілік өркениет тарихындағы рөлі» деп аталатын қазіргі шығыстану ғылымының өзекті міндеттерінің бірі.

Орталық Азияның ортағасырлық тарихына қатысты жазба материалдардың толық және жан-жақты зерттеу әлі де болашақтың еншісінде.  Орта ғасырларда және одан кейінгі ғасырларда араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған ғылымға беймәлім көптеген шығармалар әлемдік қорларда уақыт өткен сайын біртіндеп табылуда. Дереккөздердің басым бөлігі – мұрағат материалдары, көне карталар, саяхаттаушылардың жазбалары, естеліктері, дүние жүзінің мұражайларында сақтаулы тұрған түрлі жәдігерлер топтамалары өз зерттеушілерін қашанда асыға күтеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?