Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Астана Опера» балет театрында «Сильфида»

2446
«Астана Опера» балет театрында «Сильфида» - e-history.kz

Кеше «Астана Опера» балет театрында Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің премьерасы қойылды. Адамның арман-қиялы мен өмірде болатын шындықтың үйлесімсіздігі жайлы балет ертең 3 қазан күні де көрерменін күтеді. 

«Сильфида»  - бөлек дүние

 

Жетекші, балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Мәдина Өнербаеваға қойылымға қатысты бірнеше сұрақ қойған едік. 

 

- «Сильфида» сіз үшін жаңалық болды ма?

 

- «Сильфида» негізі ауыр емес, үлбіреген нәзік дүние. Біз алдымен туындыны оқып танысып, тамыз айынан бастап балетке дайындыққа кірістік. Осы жерде айта кетейін, мен оны алғаш рет билеп тұрған жоқпын, бұған дейін Күләш Байсейітова театрында билеген едім. Ол кезде де премьера болды, әрине, ол кезде мен жас едім. Бұл рольді түсінбегенім бар, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, өзіңнің стиліңді тауып, өз Сильфидаңды мүлдем басқаша көресің.

 

- Кейіпкер жан-дүниесімен сізге қаншалықты жақын?

 

- Бұл бейне маған өзінше жақын. Мысалы, бізде Жизель бар, Шапиньяно бар. Олар әртүрлі стильде жүреді. Сильфида қол позициясынан, корпус, бас позициясынан келгенде мүлдем басқаша. 

 

- Сіз Сильфиданы қалай көресіз, ол сіз үшін кім?

 

 

- Ол мен үшін әруақытта ауадай жеңіл, көбелек сияқты жеп-жеңіл ұшып- қона алатын жаратылыс. Бізде төрт Сильфида бар, әрқайсымыз әртүрліміз. Әркім өзін әр қырынан көрсете алады. Мен оның мамықтай жеңіл әрі соншама нәзіктігін бергім келеді. Қолының жұмсақтығын, секірген кездегі үйлесімін, тазалығын, сол арқылы өзінің ішкі болмысын ашып көрсете алатындығын жеткізгім келді. 

 

- Сюжеті туралы айтып өтесіз бе?

 

- Джеймс атты жігіт  ұйықтап отырады, бір кезде қасына дыбыссыз келген Сильфиданың сүйгенінен оянады. Бұл кезде Джеймс өзінің сүйгені Эффиге  үйленуге тиіс болатын. «Сен қайдан пайда болдың?» деп сұрайды Сильфидадан. Сильфида оны баяғыдан танитынын айтады, оған көмектескенін еске түсіреді. Сәлден соң жоқ болып кетеді. Осы мезгілде Эффи келеді. Ол да келіп жігітті сүйеді, сол кезде Джеймс Эффиді Сильфида деп қабылдайды. Жігіт өзінің басында болып жатқанның  бәрін өзінің қиялында болып жатқан нәрсе деп, Сильфиданы көзге көрініп жоғалған елес тәрізді көреді. Сосын Эффиге «біз бір-бірімізді сүйеміз, жақында үйленеміз» деп уәде береді. Ал той болатын күні ол Сильфидамен орманға қашып кетеді. Соңында трагедия болады. Өйткені Сильфида сондай жаратылыс, оған жақындауға, оны қолмен ұстауға болмайды, ол ауа секілді, біресе бар, біресе жоқ тәрізді еді. Сол кезде қатыгез сиқыршы мойынорауышты сиқырлап, «сен өзіңнің Сильфидаңды аймалағың келсе осы мойынорауышпен орап-матасаң, сол кезде оның денесін сезіне аласың» дейді. Сильфиданы мойынорауышпен ораған кезде оның қанаттары қырқылып түсіп, ол қайтыс болады. 

 

 

Финалды өзгерткен жоқсыздар ма?

 -Жоқ. сол күйі қалдырдық.

 

- Демек, Сильфида сүйгені бар жігітті арбайтын әзәзіл біреу болғаны ма? Сіз басында оны тазалыққа ұқсас деп айтып едіңіз. Әлде бұл жерде қол жетпейтін арман бейнесінде ме?

 

 

  • Дұрыс айтасыз. Біз өзіміз репетиция жасап жатып өзіміз таңғаламыз. Мәселе мынада болуы мүмкін – Эффи тірі жан, кәдімгі адам, ал Сильфида мүлдем басқа. Джеймс елес қуып, өзінің музасын тапқандай әсерде болады. 

 

- Сонда Сильфиданың әрекетін қалай түсінуге болады?

 

 

- Меніңше, ол да жігітті жақсы көрген болу керек.

 

- Қойылымның техникалық жағынан қиындығы неде? 

 

 

- Ұсақ-түйек нәрселер көп. Қойылым бітпейтін секіру, қимылдарға құрылған. Мұндағы қимыл өте анық, өте келісті, үйлесімді болуы шарт. 

 

- Ал, дыбыстық жағынан үйлестіруі...

 

 

- Оркестр үшін қалай екенін білмеймін, биші ретінде маған өте ұнайды. Онда бір тылсым сиқыр бар, сондықтан жалықпай тыңдай беруге болады. 

- Сіз бұдан бұрын да, яғни алғашқы премьерада да биледіңіз, осы аралықта Сильфидаға деген  көзқарасыңызда не өзгерді?

 

 

- Маған ол кезде стильдің өзінен бұрын техника маңызды болды. Қазір басқаша қараймын. 

 

Сильфиданың тарихы әріде

 

Айта кетейік, «Сильфида» хореографиялық қойылымдар ішінде романтикалық балеттің алғашқы үлгісі іспеттес. Қойылымға Шарля Нодьенің «Трильби, или Аргальский домовой» атты фантастикалық повесінің сюжеті арқау болған, кейін сценарист Адольф Нурри өңдеген. Музыкасын Жан Шнейцхоффер жазған.

 

Балетті 1832 жылы Париждегі Гранд-опера хореографы Филипп Тальони өзінің қызы Марияға арнаған екен, кейін оған сол заманның сыншылары: «Ол билемейді, Паганинидің скрипкасы секілді шырқай жөнеледі» деп таңдай қағысыпты. Өнертанушылар пікірінше, Ауа аруына тән ғажайып болмыс пен орындалмас арманды беруге деген ынта-ықылас балеринаны тарихта алғаш рет пуантаға (балет театрында қолданылатын туфли) тұруға мәжбүр еткен. Яғни  «Сильфида» балет өнерін асқақтата көтеріп отыр.  Төрт жыл өткен соң  дат азаматы Август Бурнонвиль Копенгагенде өзінің нұсқасын қойған кезде музыка мен хореографияны өзгертіп, бірақ сюжетті сол күйі қалдырады. Сильфиданың сиқырына арбалған шаруа Джеймстің Сильфиданың соңынан кетуі, ақырында қыздың қайтыс болуымен аяқталатын сюжет әлемдегі опера театрлары үшін  үздік туындысы саналады. Дерекке қарағанда, Бурнонвилдің «Сильфидасы»  Тальон балетіне қарағанда, Дат корольдігі  балеті сахнасынан ешуақытта түспеген көрінеді.

 

«Сильфиданы» балет өнерін сүйетіндер айрықша бағалайды. Онда хореографиялық суреттен бастап костюмге дейін өзінің қарапайым нәзіктігімен, талғампаздығымен баурап, ләззат сыйлайды. Фантасмогориялық сюжет өмірде шынымен болып жатқандай, бас кейіпкердің таңдаудың алдында тұрғандағы уайымы  мен мұңы «балет өнерін түсінбеймін» дейтін көрермен үшін де түсінікті. Әртістерді де, балет классикасын бағалайтын жандарды да «Сильфидада» оның айрықша құнды партитурасы таңғалдырады: балеттің музыкасы қимылға дәл ілесіп, кейіпкерлердің түрлі эмоционалдық күйін көрсетеді. Спектакльдің қоюшы дирижері Арман Оразғалиев. Көне балеттің әсемдігін декорациялар мен костюмдер бойынша суретші Вячеслав Окунев және жарық бойынша суретші Сергей Шевченко жеткізеді.

Сондай ақ, Мәдина Өнербаева, Анастасия Заклинская, София Әділханова Сильфиданың бейнесін сомдады. Джеймстің рөлінде сахнаға Еркін Рахматуллаев, Диас Құрманғазы, Данияр Жұматаев, Серік Нақыспеков шықты. Джеймстің қалыңдығы Эффидің партиясын Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, Еркежан Жүнісова, Бақытгүл Испанова байқап көрді. Хикая ертегі кейіпкерлерінсіз өтпейді, Мэдж сиқыршыны дәстүрге сай балет әртістері орындайды, олардың қатарында Сұлтанбек Ғұмар, Қуат Кәрібаев және басқалары бар.

 

- «Сильфида» балетте романтизм деп аталатын жаңа дәуір ашты. Менің кейіпкерім репертуарымдағы басқа кейіпкерлерден едәуір ерекшеленеді. Бұл мен үшін беймәлім партия. Әрбір дайындық кезінде мен оны жаңа қырынан тани бастаймын, осылайша мен үшін тұтас романтизм дәуірі ашылғандай болады. Мұнда айтарлықтай күрделі техника жоқ, ең бастысы Сильфиданың білінер-білінбестей ғана ауа аруы, елес екенін түсіну маңызды. Сондықтан біз кейіпкердің жеңілдігін, мөлдірлігін еш қиналмастан көрсетуіміз қажет. Бұл балетте тіпті секірудің өзі басқа балеттердегі секірулерге ұқсамайды. Онда қозғалыс поэтикасы, әлдебір салмақсыздық көрініс табуы қажет. Сонда көрермен сенің ғажайыптан туған тіршілік иесі екеніңді түсінеді. Мен үшін балеттің драматургиясын түсіну, өзімді басқа рөлде байқап көру, жан-жақты ашылу өте маңызды болды. Ішкі жан дүниеме қызықты саяхат жасағандаймын, - деп атап өтті Шұғыла Әдепхан. 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?