
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен білімнің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, қазақстандық әрі шетелдік университеттердің ректорлары, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы өзінің кіріспе сөзінде өткен ширек ғасырда біз тарихи дамудың таңғажайып секірісін жасай отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазіргі заманғы, қуатты әрі серпінді мемлекет құрғанымызды атап айтты. Бүгінде Қазақстан мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынып, Бес институционалдық реформада мазмұндылығы айқындалған мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа сатысына көтерілді. Ұлт Жоспарының мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 мемлекет қатарына ену болып табылады.
Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының арқасында «еуразиялық» иедясы қазіргі заманғы геосаяси және геоэкономикалық ағымдағы ахуалдың теориясы мен тәжірибесіне байытыла отырып, жаңа тынысқа ие болғанын атап өтті. Бүгінгі таңда бұл идея толыққанды өңірлік бірлестікке айналған Еуразиялық экономикалық одақта ойдағыдай іске асырылуда.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция түс ауа секциялық жұмыспен жалғасты. Қатысушылар мерейтойлық конференция жұмысының сәтті аяқталғанын қорытындылай келіп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойына арналған конференция 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің 100-жылдығын атап өту жағдайында өткізіліп отырғаны сөз етті. Тәуелсіздік пен ұлттық егемендігіміздің бастауы болған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейінгі Қазақстанда басталған толағай өзгерістер ғалым-зерттеушілердің ғылыми баяндамаларының негізгі өзегі болды. Сонымен қатар, қатысушылардың баяндамаларында Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттары, мәдени-экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуының мәселелері ғылыми тұрғыда терең зерделенді.
Мерейтойдың ерекше маңыздылығын ескере отырып, конференция қатысушылары ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеудің әртүрлі аспектілерін; Ұлы дала өркениетіндегі маңызды үдерістерді зерттеудің мәселелерін; Л.Н. Гумилевтың еуразияшыл көзқарастарын бағалау, Әлихан Бөкейхан мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ой-танымдық мұраларының мемлекеттік, ғылыми, мәдени маңызын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаһандық бастамаларын және Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен жаңғыруындағы Ұлт Көшбасшысы Н.А. Назарбаевтың рөлі туралы мәселелер қарастырды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Ата Заңы қабылданды. Бұл халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған армандары мен үміттерінің орындалған тарихи оқиғасы болды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық дамуында Қазақстан барынша бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрініп, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы негізінде «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын орындауға көшті.
Президент Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясаты мен жаһандық бастамаларының нәтижесінде ЕҚЫҰ мен Астаналық саммит, Ислам ынтымақтастығының ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы Өзара Ықпалдастық Және Сенім Шаралары Жөніндегі Кеңесі, Еуразиялық экономикалық кеңес сияқты ірі халықаралық қауымдастықтарда Қазақстан Республикасы төрағалық жасады. Қазақстанның осындай маңызды жетістіктері мен халықаралық беделі әлемдік қауымдастықтағы сенімін қамтамасыз етті.
Сондай-ақ конференцияға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдардың баяндамаларында қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін ұлт-азаттық күрестің өшпес мәні және ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері де сөз болды.
Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығын атап өту қарсаңында Қазақ елі тарихының өзекті мәселелері мен ұлттық тарихты зерттеудің бағыттары мен этномәдени өзара ықпалдастықты айқындау және Еуразиялық кеңістіктегі мемлекеттердің әлеуметтік-мәдени байланыстарын дамыту мақсатында конференцияға қатысушылар бірқатар мәселелерді ұсынды. Олардың ішінде:
- Қазақстан Республикасының әлемді ядролық қарудан азат ету және тұрақтылықты сақтау жөніндегі жаһандық бастамаларын қолдау;
- Тең құқылы, ерікті және сындарлы әріптестік негізінде еуразиялық интеграцияны күшейтуге жағдай жасау;
- Еуразия аумағындағы білім және ғылыми мекемелеріне Қазақ елі және Еуразиялық Экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің тарихын пәнаралық зерттеу бойынша ғылыми зерттеу жобаларын жасау және жүзеге асыру;
- Ынтымақтастық елдерінің ғылыми орталықтары мен жетекші білім беру мекемелеріне Еуразия халықтары арасында толеранттылықтың еуразиялық үлгісін жасау;
- Еуразия кеңістігіндегі ЖОО-на Қазақстан және Ұлы Дала халықтарының мәдениеті мен тарихын насихаттау бойынша ағартушылық қызметін жүзеге асыру;
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі пәнаралық ғылыми-зерттеу жобаларын ұйымдастыру аясында ұлттық тарих мәселелерін зерттеудің ғылыми Бағдарламасын қабылдау;
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне Қазақ мемлекеттілігінің тарихын насихаттайтын ғылыми-танымдық әдебиеттер шығаруға, көркем және деректі фильмдер түсіруге мүмкіндіктер жасау;
- Қазақстан ЖОО «Мәңгілік Ел» ұстанымдары негізінде қазақ мемлекеттілігі тарихының өзекті мәселелерін жүйелі-ғылыми тұрғыда зерделеу секілді жайттар бар.
Бір сөзбен айтқанда, конференция тақырыбының өзектілігі – отандық тарих, археология және антропологияның өзекті мәселелері; Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің ұлттық, аумақтық және жаһандық мәселелері мен сыртқы саясаты; Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен нығаюының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-идеологиялық аспектідегі «Мәңгілік Ел» идеясы; Қазақстанның жаңару жоспарындағы саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму бағыттары; Ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі Қазақстан тарихы мен мәдениеті; Ұлы Дала елі және Л.Н. Гумилевтің еуразиялық көзқарастары; Әлихан Бөкейхан және ұлт зиялыларының ой-таным мұрасы; Жаһандық саясаттағы Қазақстан және Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі; Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттары болды.Конференция қатысушылары ертең Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейі мен «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрына экскурсия жасап, қаланың көрікті жерлерін аралайтын болады.
Арман СҮЛЕЙМЕНОВ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)