Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
«Cемей полигонының зардабын қырық жыл тартқан шерлі елдің ашу-ызасы шарасынан асып бұрқ еткенде мен демократиялық үрдісті арқа тұтып әрі осы жайында көкейімде ертеден қалыптасқан ұстанымнан айнымадым. КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында полигонды жабу туралы жарлыққа қол қоятынымды ашық айттым.
Әлемдік қауымдастыққа достық пейіліңді, ізгі ниетіңді нақты іспен танытсаң ғана қолдау көресің. Полигонды жаптық, ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Сондықтан да бізге деген сенім арта түсті. Оңды таңдау жасағанымызды әлемге паш еттік...»
Андрей САХАРОВ, сутегі бомбасын жасаушы, үш мәрте Еңбек Ері, Нобель сыйлығының иегері:
«Одан гөрі жеңілдеу бүліншілік біз тұратын қалашықта байқалды: көптеген үйлердің (әлбетте толқын соққан жақтағы) терезе шынылары быт-шыт болды, жарылыс алаңынан 150-160 шақырым қашықтағы Семей қаласының да көптеген үйлері мен ғимараттарының әйнектері қирапты; одан әріректегі Өскемен қаласының от жағатын үйлерінде пеш қақпағы өз-өзінен ашылып, шала жанған шоқтар, көмір күлі еденге түскен. Ауа толқынының кенеттен күшеюі – әуеде жасалатын жарылыстарға тән құбылыс. Егерде осы бүліншілікті алдын ала білсек – жарылыс жасардан бұрын ауа райының құбылысын ескерер едік, амал қанша, оның бәрі бізге бертінде мәлім болды. Ең шатағы, сол күнгі жарылыс туралы жергілікті тұрғындар алдын ала хабарланбады. Бұл да әскерилердің өздерінше құпиялық сақтаған, одан да гөрі сынақ сәтсіз шықса – жұртты текке әурелейміз деген сақтығының салдары...»
Мұхамедғали СУЖИКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші секретары:
«Менің көз алдыма Ақтөбе облысында өзім көрген Қарабұтақ елді мекені, соның жарбиған жер үйлерінде өмір сүрген еңбекқор, жоқшылыққа төзімді қазақтар елестеді. Ал мына ертегі сипатты сән қала ондаған, жүздеген Қарабұтақ тұрғындары есебінен, миллиардтаған сом шығынына қарамастан, небәрі он үш жылда әскездеп тұрғызылғанын көрген соң іштегі өкініштер мен ескі қыжыл қайта қозды. Жә, сонда осы қала не үшін тұрғызылған? Қазақ даласының бейнетқор жанкештілерін радиация тозаңының астында ұстап, жылдар бойы ондап, жүздеп, мыңдап тұқым-тұяғымен құрту үшін бе? Сол бейшаралардың құжатына үңілсең – Кеңес Одағының азаматы деп жазылған. Демек, мына қала, соның сәулетті, еңселі үйлерінде тұратын ғылым иелері, соларды күні-түні күзететін әскери гарнизон да құдды бір біздің адамдарды мысқалдап сепкен радиация күлімен сынау мақсатымен салынған ба... деген ой, иман-дай шыным, мені көп уақытқа дейін босатпады».
Кешірім БОЗТАЕВ, Қазақстан КП Семей обкомының бірінші секретары:
«Ядролық сынақтың халық тілеген барлық құпиясы жария болып, зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік жәрдем жасалмайынша әлеуметтік әділеттік хақында тіл безеу қажет пе? Жоқ! Әсілі, біз талап еткен құпия құжаттар қолымызға тисе, көп жылғы сынақтың зардабын нақты зерттеуге мүмкіндік туар еді. Сол үшін де Семейде радиация институтын ашу қажет. Бұл да қазіргі уақыт талабы...»
Кәріпбек КҮЙІКОВ, полигоннан зардап шеккен әуесқой суретші:
«Қатал тағдыр мені анамның құрсағында жатқанымда-ақ аяған жоқ: қос қанаты қиылған құсқа ұқсап екі қолсыз өмірге келдім, тіліммен жалап ас ішіп, Ленинград іргесіндегі пансионатта қылқаламды тісіммен қысып сурет салуға машықтандым. Менің сорымды қайнатқан қасірет – Семей полигонымен көрші орналасқан Егіндібұлақ ауданында туғандығым. Полигон зардабын тартқан тірі мұрағат болып, суретшілік өнеріммен күллі дүние жүзін аралап, туған елім тап болған қасіретті бейнелеген суреттерімді көрсетіп, ядролық жарылыстың кеселін әшкерелеп жүрмін...»
Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы, «Семей қасіреті» кітабының авторы:
«Семей облысында 1987-1993 жылдардағы облыстық партия комитетінің бірінші секретары Кешірім Бозтаев бастаған әскери полигонның бейберекет әрекетіне қарсы күрестен сәл кейін, Қазақстан тәуелсіздігіне қолымыз жеткен айшықты уақытта, 1992 жылы «Семей ядролық полигонында зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау» деп аталған заң қабылданғанда күллі Қазақстанда 1,5 миллион адам сол тізімге ресми тіркелген. Семей қаласы бойынша осы тізімде 176135 адам болған. Солардың қазірде үштен екісі жер жастанды. Ядролық сынақтан зардап шегуші семейліктердің бірі – мен, осы кітаптың авторы. Маған берілген 02-001916-санды куәлікте ядролық жарылыс астында 37 жыл 2 ай болғаным ресми расталған. Демек, мен осы кітапта сөз болатын шерлі оқиғалардың бәріне дерлік тірі куәгермін».
Дайындаған Заңғар Кәрімхан
Материалды дайындау барысында жазушы Медеу Сәрсекенің 2016 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Семей қасіреті» атты кітабы пайдаланылды.