Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Киелі мекен – Маңғыстау

5352
Киелі мекен – Маңғыстау - e-history.kz

Маңғыстау өңірі – бағзы заманнан құпиясын ішке бүккен, көшпелілердің ата-қонысы болған құтты өлке. Жерінің асты қазынаға, жерінің үсті аңызға толы, 362 әулиеге мекен болған қасиетті мекен

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан тарихы» порталы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясын ұйымдастырды.

Маңғыстаудың ойында,

Үш жүз алпыс әулие.

Бес намаздың жайы үшін,

Қадамын санап басқан жер, – деп жырлайды халық ақыны Мұрат Мөңкеұлы. Қазыналы Маңғыстауды «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер» деп айтушы еді. Шынында сол жеті жұрттың сан алуан мәдени құндылықтары қаз-қалпында сақталған. Көшпелі сәулет өнерінің жарқын да қайталанбас үлгілері, қазақтың алғашқы қауымдық дәстүрлі мәдениеті сіңген өлке екені айтпаса да түсінікті. Тіпті Маңғыстау сөзінің шығу төркінінде де сан түрлі пікірлер бар. «Мың ауыл» немесе «Мың қыстау» дегені халық арасында кеңінен тарағаны. Жергілікті халық та осы сипаттағысын жиі айтады.

Үстірттің бойы – үрейлі мекен

Ал ғалымдарымыз бұл өлкені «құбыжықтар мекені» дегенді меңзейді. Маңғыстаулық ғалым, қазақ мифологиясы тарихының негізін қалаушы Серікбол Қондыбай «құбыжықтарға» қатысты болжамды дұрыс деп айтады. Шығыс түркі және моңғол мифологиясында «маңғыс», «мангус» айдаһар, керемет құбыжықтар дегенді білдіреді. Моңғолдарда ол тек зұлым, зиянды сипатқа ие болса, түркілерді екіұдай жақсы-жаман қасиетке ие ретінде баяндалады. Қондыбайдың айтуы бойынша Маңғыстауда мекен еткен оғыз түркімен тайпалардың арасында «салыр» руы болған, бүгінгі түрікмен ұлтының құрамында «салор» ірі рулы тайпасы бар.

1985 жылы жарық көрген Е. Қойшыбаевтың «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» кітабында Маңғыстау атауының шығу тегі туралы төрт болжам келтірілген. Біріншісі, өлке аты «мың қыстау» тіркесінен шыққан. Екіншісі – ноғайдың «менк» деген тайпасының атынан ауысқан. Үшіншісі көне түркі тіліндегі «мен» төрт жастағы қой сөзіне «қышлақ» жалғауы арқылы қалыптасса, төртіншісі «Маңғыштағ» «Құбыжықтар тауы» дегенді білдіреді. Мақаламыздың кіріспесінде Маңғыстау сөзінің этимологиясын таныстырудың да басты себебі оқырман киелі жердың атының шығу төркінін біле отырсын деген ниет.

Маңғыстау түбегі – таулы қыратты, шөл даланың керемет ландшафтарымен көмкерілген, қарт Хазар немесе Каспий теңізімен шектескен, Бозащы түбегімен қоршалған өзіндік табиғи ерекшеліктерімен әспеттелген. Бұрнағы Маңғыстау десе, игеріліп жатқан мұнай мен газ кен орындары, Каспий теңізі, қасиетті жерлері ғана санамызда жаңғырып тұрушы еді. Сөйтсек, Маңғыстау жұрты кім-кімді де әсем табиғатымен, тауды жарып қатпарланған каньондарымен, терең шежірелі тарихымен, шыңырау құдықтарының салынуымен де, шөлді даланы бархандап көшкен құмымен де қызықтырып әкететін жер екен. Осындай қасиетті мекенге табан тіреудегі мақсатымыз ата-бабадан қалған рухани орындарды, тарихи жерлерді, жер асты мешіттерін, ауданның рухани жаңғырудағы әлеуеттерін аралап көріп, ой елегінен өткізу болатын. Маңғаз дала Маңғыстаудың қасиетті жерлері туралы, шежірелі тарихы туралы «National Digital History» порталына материалдар жинап, фото-видео әзірлеу міндетімізге кіреді.

Киелі мекен – Маңғыстау

Сонымен «Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясын облыс орталығы Ақтау қаласынан бастадық. Алдымен Маңғыстау облыстық қорық мұражайына соғып, қорық жұмысымен таныстық. Мекеме басшысы Нұрлан Құлбаев экспедиция мүшелерін құшақ жая қарсы алып, Маңғыстау түбегі мен Үстірт жотасындағы тарихи ескерткіштер, археологиялық қазба жұмыстары жайынан хабар берді. Жыл сайын ұйымдастырылып отырған экспедиция жұмыстары туралы да айтып өтті.

«Маңғыстау мемлекеттiк тарихи-мәдени қорығы» 1980 жылы негiзiн қалады. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк қорғауға 500-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш қабылданған. Оның ішінде көпшілігі археологиялық ескерткіштер тобына жатады, 200-ге жуығы сәулет ескерткіштер қатарын құрайды. 13 мыңнан астам бөлек ескерткiштер есепке алынған. Қорық қызметкерлері негізгі жұмыс бағыттары бойынша Маңғыстау түбегі мен Үстірт жотасы, Каспий маңының Бозащы түбегіндегі аймақтарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзу, ескерткiштердi қорғау, сақтау, есепке алу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу болып табылады.

Жыл сайын мекеме қызметкерлері археологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырады. Тарихи тіркеуге алған нысандарды тексеру мақсатында экспедициялар өткізеді. Іссапар барысында олар елді мекендерге соғып, сол маңдағы ескерткіштерді тексеріп, және де ескерткіштер туралы аңыз әңгімелер, тарихи деректер жинақтайды» дейді мекеме басшысы Нұрлан Құлбаев.

Қорық қызметкерлері экспедиция жұмысын Оғыландыдағы Пір Бекет мешітінен бастауды ұсынды. Жолай Шопан ата мазаратында соғып, бірнеше ғасырлық жерлеу-ғұрыптық кешенін тамашалауға болатынын айтты. Бұл тарихи ескерткіштер де Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қарамағына алынған.

Қазақстандағы ең терең ойпат – Қарақия

Экспедиция Оғланды тауын бетке алып, жолға шақты. Алдағы маршрутымыз Жаңаөзен қаласы болды... Жолай бұл қазақ даласындағы ең төменгі нүкте Қарақия ойпатына тоқтап, тамаша жерді фотоаппаратымызға суретке түсіріп алдық. Асфальт төселген күре жолмен Жаңаөзенге шаршамай-шалдықпай жеттік.

Жаңаөзен – Маңғыстау облысындағы қала, қалалық әкімшілік орталығы. Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 150 шақырым жерде орналасқан. Бұл қала өткен ғасырдың 60-ншы жылдарынан бастап гүлдене бастады. Алдымен Өзен кен орнына барлаушы-геологтар келіп қоныстанып, артынан мұнай өндірісі жанданып, жан-жақтан халық келіп қоныстана бастаған. 1964 жылы мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі орнады. Бүгінде қала гүлденіп, құлпырған. Көп қабатты ғимарттар мен рухани-мәдени нысандар орналасқан. Мұнай-газ өңдірісінің орталық кеңселері бой көтерген.

Жаңаөзен қаласында Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына бас сұқтық. Үстірт қорығы – Қазақстанның батыс өңіріндегі жалғыз қорық. 1984 жылы құрылған. Маңғыстау облысының Қарақия ауданында орналасқан. Жерінің аумағы 223,3 мың га. Келудегі мақсатымызды айтып түсіндірдік. Қорықтың негізгі жұмысымен  таныстық.

Қорықтың негізгі мақсаты – шөл зонасының табиғат кешенін табиғи түрінде сақтап қалу. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында ландшафтың алуан түрі кездеседі. Қорықта қорғау, ғылым, ақпарат және мониторинг экологиялық ағарту және туризм бөлімі, табиғат мұражайы және есеп бөлімі жұмыс істейді.

Мекеме басшылары негізгі тарихи ғимараттардың бару бағыттарын айқындап, негізгі нүктелерін көрсетті. Түс ауа жолға шығып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енген Шопан ата, Бекет ата тарихи жерлерін бетке алдық.

Алдымен  Бекет атамыздың ұстазы Шопан атаның мазаратына соғып, дұға бағыштадық. Бұл жерде Шопан атаның жары, қызы, қайын атасы Баян баба жерленген. Ескерткіш Маңғыстау облысының Қарақия ауданында, Сенек елдi мекенiнiң солтүстiгiне қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан.

Қойдың пірі – Шопан ата

Шопан ата – қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше шамамен XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген. Қожа Ахмет Иасауи ілімін насихаттаушы, орта ғасырдағы сопылық iлiм таратушысы болған.

Шопан ата тарихи кешені де бірнеше бөліктерден тұрады. Шопан ата жер асты мешіті, шопан ата мазараты, шопан ата құдығы, түнеухана, асхана, жаңа замандық мешіт және шырақшы үйі. 

Шопан Ата жерасты мешiтi – бiр-бiрiне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұратын, ақборлы жартастың қабатынан ойылып жасалған. Алғашқы кезде бұл ғимарат керуеншілер мен жолаушыларға пана болған. Өйткені бұл төңіректен Ұлы Жібек жолының керуені өткен. Кейiннен бұл құрылыс мешiт ретiнде қызмет атқарып, балаларға діни білім оқытқан медресеге айналған.

Мешіттің айналасында ең ежелгі қорымдар орналасқан. Музей қорық басшысы Нұрлан Құлбаев ағамыздың айтуынша, Шопан Ата мазаратында 3 мыңға жуық қабірүсті есткерткіштері топталған. Бұл жерде Маңғыстаудың дәстүрлi сәулет өнерiнiң барлық үлгiлерiн кездестiруге болады. Шопан Ата кешенi – 1982 жылы Республикалық мәртебеде мемлекеттiк қорғауға қабылданған тарихи-мәдени ескерткiш.

Шопан Ата тұрғызған жер асты мешiт пен қорым ел ұғымында киелi, қасиеттi орын саналады. Қазақстанның жер-жерiнен зияратшылардың келетiн киелi орын. Сондықтанда болар мұнда келіп-кетіп жатқан зияратшы туристер санында шек жоқ. Шопан ата мазараты мен жер асты мешіттерін тамашалап, экспедиция Бекет атаға жол тартты.

Шопан Ата мен Бекет Ата аралығындағы күре жолға жаңадан асфальт төсеп жатқандықтан жолдың оң жақ жиегіндегі қосымша жолмен жүруге тура келді. Бұл төңірек – кезінде Ұлы Жібек жолының керуен нүктелері болған тарихи мекендер. Жол жиегінде жайылып жүрген адай жылқылары мен түйелер көп. Тамаша табиғатқа көз тастай отырып, Оғланды тауына да келіп жеттік. Бұл жерде талай туристі тамсандырған Бекет Ата мешіті орналасқан.

Оғландыдағы Бекет Ата мешіті

«Мединада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген қанатты сөз – Бекет атаның әулиелік даңқының айғағы. Осынау қанатты сөз Бекет ата кешеніне кіретін қақпаның қасындағы билборд тақтасында орналасқан.

Алдымен Оғланды Баба мазаратына құран бағыштап, сосын Бекет Ата кешеніне табан тіредік.

Үш жүз алпыс екі әулиенің мекеніне айналған Маңғыстау даласының бір қиырындағы Оғланды шатқалында мәңгілік мекенге дамыл тапқан Бекет ата Мырзағұлұлы басына қас қарая жеткендіктен кешенді толық көруге мүмкіндік болмады. Ат көлігімізді тұрақтатып, баба басындағы түнеухана қонуға ниеттендік.

Бекет ата Мырзағұлұлы тарихи кешеніне зиярат етіп келіп жатқан зияратшылар мен туристердің санында қисап жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін барлығы да осында. Келген зияратшылар тым болмағанда таңды атырып, жолға шыққандары абзалырақ екен. Ниеттеніп келген адам Бекет Ата кешеніндегі түнек үйге қонып, бабадан рақым тілеуі маңызды. Кешкі асқа барша жамағат болып жиналып, құран бағыштадық. Түнеухананың кең залдарының біріне төсек салып, жұртпен бірге ұйықтауға жаттық.

Бекет Ата жер асты мешіті

Бекет Атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызған мешіті Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-шығыс бағытта 180 шақырым, Сенек ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 95 шақырым қашықтықта орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Бұл жер асты мешітін таң ата бірақ тамашаладық.

Таудың биік басынан төмендегі мешітке дейінгі аралық 2 шақырымға жуық жол. Жоғарыдан төмен қарай ылдилап, тасты төсеніштермен арнайы жасалған жолмен, әсем табиғатты тамашалап, таудың қырлы етегін тырбаңдап өскен жыңғылдарға көз тастап жер асты мешітіне де жеттік.

Мешіт молдасы киелі мекеннен Бекет Атаның жануары арқар шығуы мүмкін екенін ескертті. Ол жануар зиярат етушіге кезіксе бақытты сәт деп айтылады екен. Бірақ күн түнеріп, салқын болғандықтан ба, суат іздеп келетін арқарларды біз көрмедік.

Таудың шатқалынан ойып жасалған мешіт құрылысы төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Оған да зияратшылар келіп, айналып тәу етеді. Бекет Атаның мүрдесі осы мешітте жерленген. Ескерткiш кiре берiс дәлiзден, дұға оқитын залдан, тұрғын бөлмеден, қабiрханадан тұрады. Ортаңғы бөлменiң төбесiнде жарық түсу үшiн жасалған саңлау бар. Саңлауды арқардың мүйіздері жапқан.

Мешіт ішінде қыздарға арналған жеке орындар да бар. Оған бала көтере алмай жүрген әйелдер кіріп, тағзым етіп, сауап тілейді екен.

Енді Бекет ата Мырзағұлұлының өміріне аз-кем тоқталып өтсек.

Бекет Ата 1750 жылқы жылы Жем бойындағы Ақмешітте өмірге келіпті. Әкесі – Адай атаның алтыншы ұрпағы саналатын Мырзағұл. Анасы Жәния ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жан болған. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, қоныстас руларға танымал, беделді ақсақал болған көрінеді. Бекет ата – Мырзағұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі былайша айтылады: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл – Бекет.

Бекет Атаның біз білетін төрт мешіті бар. Бірі біз барған Оғландыда, екіншісі Ақмешітте, онда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, баласы Тоғай жерленген, үшіншісі Бейнеуде. Ол жерде ағасы Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал әулие Самалыққа бұйырыпты, төртіншісі Маңғыстаудың ойындағы Тобықтыда. Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтіп, Оғландыдағы өзі қаздырған мешітінің ішіне жерленеді.

(Жалғасы бар...)

«Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясына қолдау білдірген Маңғыстау облыстық әкімдігіне алғыс білдіреміз. 

Астана-Ақтау-Жаңаөзен-Қызылсай-Жаңаөзен

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Фотосурет автордікі

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?