Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шарф шарапаты

1639
Шарф шарапаты - e-history.kz

XX ғасырдағы ел тарихы күн өткен сайын жаңа тақырыптармен толығып, зерттеушілердің назарын көбірек аударуда. Советтік кезеңдегі отандық тарих жаңа деректермен толықтырыла отырып, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндеттер қойды. Мұндай тақырыптардың бірі — Совет үкіметі тұсындағы депортацияланған халықтар мен жергілікті қазақтардың  қарым-қатынастары. 

1980 жылдардың соңында Солтүстік Қазақстан, оның ішінде Целиноград облысы Совет Одағының түрлі халықтарының тығыз қоныстанған аймағы болды. Солтүстік Қазақстанның ең шалғайдағы ауылдары мен елді мекендерінде олардың тарихының ғылыми әлеуеті әлем ғалымдарының назарын аудара алар еді. Малиновка ауылын (Ақмола, Целиноград ауданы) мысалға алсақ, бір қарағанда қарапайым жер болып көрінгенімен, оның тарихын зерттегенде  адамдардың тағдырына қатысты ерекше оқиғаларға тап боламыз. Совет Одағының тарихында, оның ішінде Қазақстан тарихында Малиновка ауылының орны ерекше. Бұл ауыл саяси қуғын-сүргін тарихында терең із қалдырды. Алдымен Трудпоселок №26 ұйымдастырылды, кейіннен «АЛЖИР» деген атпен белгілі болған —   «Отанын сатқандардың  әйелдері» Ақмолинск лагері. Бұл лагерь Совет Одағының тарихындағы ең ірі әйелдер лагеріне айналды. Бұл жерлер сталинизм тарихын зерттеуші ғалымдардың назарын аударды. Осылайша, Малиновка ауылының тарихы күн өткен сайын өзекті болып келеді. 

ХХ съезден кейін, 1956 жылы Қазақстандағы Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің жұмысы тоқтатылды. Онымен бірге Ақмолинск лагері де жабылды. Бірақ Малиновка ауылындағы өмір жалғаса берді. Мұның басты себебі — депортацияланған немістердің ұрпағы, арнайы қоныс аударушылардың баласы Иван Шарфтың еңбегі. Ол барак түріндегі ауылдың өмірін өзгертті, тауық фабрикасын ашып, кейін Малиновкада құс шаруашылығы жөніндегі Целиноград өндірістік бірлестігін құрды. Осы еңбегі үшін 1986 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Малиновка ауылының тарихы Трудпоселок №26 — «Отанын сатқандардың әйелдері» Ақмолинск лагері лагерінен басталып, Совет Одағының тарихының бір бөлігіне айналды. Ауылдың одан әрі дамуы тікелей неміс қоныс аударушының ұрпағы, Социалистік Еңбек Ері Иван Шарфтың өмірі мен қызметімен байланысты.

Иван Шарф сияқты азаматтар өздерінің  тұрып жатқан жерлерінде қазақ мәдениеті мен тілін дамыту жолында көп еңбек сіңірді. Целиноград облыстық құс өсіру өндірістік бірлестігіне басшы болған, Социалистік Еңбек Ері Иван Шарф тек ауыл шаруашылығында қызмет етіп қана қоймай, Ақмола облысының қоғамдық өмірінде белсендісі болды. Иван Шарф қазақ тілін жақсы меңгерген, жергілікті қазақтар арасында үлкен беделге ие болған, үнемі түрлі жиындарда қазақ тілін және мәдениетін дамыту мәселелерін көтеріп отырған. Бұл оны қазақтармен, жерлестермен тығыз байланыстырып отырды. Қиын-қыстау сәттерде олар бір-біріне барымен бөлісіп, қолдау көрсеткен. Иван Шарфтың өмір жолы сталинизмнің құрбаны болған адам ретінде өнеге боларлықтай, ол лайықты өмір сүріп, басқаларға үлгі бола білді.

Иван Шарф  өз тағдырын еске алып, өмірлік сабақтарын былай деп жазды: «Мен тұлға болып қалыптасқанға дейін, бірқатар қиыншылықтарды Совет ауылында бастан кешірдім. Бұл ауылды ешқашан ұмытпаймын, өйткені дәл осы жерде мен алғаш рет қамқорлықты сезіндім. Бізді, немістерді, шығысқа, Қазақстанға жер аударды. Әкем атылды, барлық саяси репрессияның ауыртпалығын анам өзіне тартты. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, бізді жетілдіруді ғана ойлады.  Біз ол жерге келгенде ешқандай да затымыз болмады. Аяздың ең қатты кезі болатын, бізді станцияда түсіргенде, ақсақалдар өз киімдерін шешіп, маған, бала-шағаға таратып берді, ол сәтті әлі ұмытпаймын. Мен интернат мектебіне орналастым, бұл негізінде балалар үйі еді. Мұғалімдер бізге әкеміз бен анамыздан алатын жылулықты беруге тырысты. Анамды орманға жұмысқа жіберіп, әкемді атып тастаған болатын. Сол кезде мен колхоздардың қайыршылық жағдайымен алғаш рет таныстым. Балалар қар еріген соң, егінжайлардан қалған бидай дәндерін жинайтын. Жиналған дәндер кейін ұнтақталатын. Бесінші сыныпта екі баламен төбелесіп қалдым. Әлгінің біреуі денелі еді. Мінездері кереғар еді. Мені ұрғанда дауысым ышқына шықты. Аяқ-қолым салдырап қалды. Сол кезде үлкенірек қазақ баласы маған көмекке келіп, мені қорғады. Менің қорғаушым екі бұзақыны бірден бөлмеден қуып шықты. Бүгінгі күнге дейін Аманжолды есімде сақтап қалдым, ол кейінірек Қазақстанның басшылық қызметіне көтерілді».

1980 жылдардың ортасында Совет одағында болған тарихи оқиғалар, соның ішінде Қазақстандағы оқиғалар Иван  Шарфтың өміріне де өз әсерін тигізбей қоймады. 1985 жылы басталған қайта құру саясатын Иван Шарф өз баяндамасында елдің өткен тарихымен салыстырған. Әсіресе, елді индустрияландыру жылдары, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру кезеңдерімен. Ол ұйымды мемлекет алдындағы жалпы жауапкершілікке шақырды. Иван Шарф — арнайы қоныс аударылған немістің ұлы, бұл оның үшін өзіндік сынақ болды. Өйткені, негізінен ұйымның ішінде арнайы қоныс аударушылар мен қазақтар тұрды. Олар әрдайым өзінің кеңес өкіметіне адалдығын дәлелдеуге мәжбүр болды.

Совет қоғамындағы қайта құру саясатын Иван Шарф жақсы түсінді. Ол қайта құру саясатын кеңес халқына саналық пен ой еркіндігін оятатын шара ретінде қабылдады. Кездесулерде талқыланған мәселелердің мазмұны қоғамдағы өзгерістерге ұжымның қолдауын білдіретін болды. Мысалы, бір-біріне құрмет көрсету, ұжым мүшелері арасындағы теңдік, әртүрлі лауазымдардағы басшылар арасында әкімшілік-командалық қатынастарды жеңу мәселелері көтерілді. 

1986 жыл Қазақстан тарихы үшін ерекше жыл болды. Сол жылы 16-18 желтоқсанда Алматы қаласында қазақ жастары кеңес үкіметіне қарсы көтерілді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары Қазақстанның барлық ұйымдарында кеңінен талқыланды, соның ішінде "қазақ ұлттықшылдығы" мәселесі қызу көтерілді. Бұл мәселеде Целиноград өндірістік құс шаруашылығы бірлестігі де сырт қалған жоқ. Бірлестіктің партия комитетінде бұл мәселе талқыланды.

Целиноград өндірістік құс шаруашылығы бірлестігі ұлтаралық құрамға ие болды. Сондықтан бірінші кезекте бірлестіктің сол кездегі ұлттық құрамы көрсетілді. 1987 жылы Малиновка ауылында 5600 тұрғын өмір сүрген, олардың арасында 28 ұлт өкілдері болған,  2060 орыс — 34,8%, 1030 қазақ — 18,4%, 970 неміс — 17,4%, 454 украин — 8,1%, 213 татар — 3,8%, 184 беларус — 3,0%, 102 поляк — 1,7% және басқа ұлт өкілдері бар. Бірлестікте 2300 адам жұмыс істеген, 1100 оқушы, зейнеткерлер мен мүгедектер — 514, аралас отбасылар — 452 болған. Бірлестікте 70-тен астам учаске, цех, кәсіпорын болған, олардың басшылары әртүрлі ұлт өкілдері болды. Мысалы, құрылыс учаскесін Ф.А. Бишер — неміс, бас экономист Т.Ш. Шаймерденов — қазақ, «Целиноградский» құс фабрикасының директоры С.И. Езерский — поляк, цех бастығы Б.А. Аханов — қазақ, Р.Э. Гоммер, А.А. Гельд — немістер, трактор бригадасының бригадирі С.И. Калита — орыс басқарған. Олар, әртүрлі ұлт өкілдері болғанымен мүдделі жандар еді. Айта кету керек, жиналыста Желтоқсаншыларды  айыптау немесе қаралаау болған жоқ. Керісінше қазақ тілін үйрену мәселесі көтерілген болуы керек. 

Барлық жетістіктердің ішінде ең бастысы — Иван Шарф жергілікті халыққа, қазақтарға барлық жағынан қолдау көрсетіп, қазақ мектебін ашып, оларды қазақ тілін үйренуге шақырғаны еді. Бірақ қордаланып қалған мәселелерді шеше білді. Ол қазақтардың кеңес өкіметі кезінде құқықтары тапталып, көпшілігі өз ана тілін білмей, халықтың мәдениеті мен дәстүрлерін ұмытып бара жатқанын түсінді. Иван Шарф мұны әділетсіз деп санады. Осындай іс-әрекеттерден соң оның бұқара халық арасындағы беделі бірнеше есе артты.

1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Заңы қабылданды. Заңда Қазақ КСР-інің мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілі белгіленген. Сонымен қатар, Қазақ КСР-і әрбір азаматтың білім алу мен тәрбие алу тілін еркін таңдау құқығын қамтамасыз ететіні жазылған. Бұл құқық, қазақ тілінде, сондай-ақ орыс тілінде және басқа тілдерде тәрбие мен білім беру үшін мектепке дейінгі мекемелер мен мектептер ашу арқылы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, аталмыш аймақта тұратын ұлттар мүдделерін ескере отырып, ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттің тұрақты дағдыларын қалыптастыру тәсілі ретінде өз ана тілінде тәрбиелеу мен оқыту сабақтастығын таратуға бағытталған саясат еді. 

Целиноград өндірістік құс шаруашылығы бірлестігі бұл тілдер туралы заңды бірден қолдады. Ұжымның басшысы Иван Шарф жергілікті мектеп ұжымына қазақ мектебін ашу жөнінде өтініш білдірді. 

1989 жылы ол Малиновка ауылында бірінші қазақ мектебін ашып, ана тілінде бірінші сыныптан бастап оқытуды қолға алды. Барлық қазақтарды балаларын қазақ тілінде оқуға шақырды. Ал қазақ мектебін ашудың бастамашысы Иван Шарфтың жұбайы Валентина осы жайттар туралы ол өз естеліктерінде былай деп жазады: «Валентина айтты: «Қазақ балалары өз ана тілін білмейді, демек, мәдениеті мен дәстүрлерін де білмейді. Қазақ мектебін ашу керек». Біз ақсақалдарды жинадық, олар қарсы болды: «Біздің балаларымыз артта қалады, оларды орыс тілінде оқытыңдар». Мен сөз сөйлеп, айттым: «Сеніңіздер, уақыт келеді, тәуелсіздік болады».

Малиновка ауылындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі П. Чурсина былай деп еске алады: «Біз сол кезде ұлттарға бөліну мүмкіндігін білмедік, немістер, орыстар, қазақтар деп өзімізді бөліп қарастырмайтын едік. Біз біртұтас халық едік. Иә, біз, бәлкім, қай жерде тұрып жатқанымызды ұмыттық. Иә, біз тек орыс тілінде сөйлейтін болдық, тек кеңестік мерекелерін тойладық, тек кеңес әндерін айттық, тек орыс мектептерін аштық. Немістер немісше сөйлеуді тоқтатты, балалар өз тілдерін білмейтін болды. Қазақтар өз мәдениетін және тілін ұмыта бастады. Қазақ отбасыларында тек орысша сөйлеу басталды. Өз тамырларын жоғалтып, халық ақырында мүлде жоғалып кетуі мүмкін еді. Бір тілде, бір мәдениетте біріккен халықтардың мұндай бірігуі ұлттар үшін апатқа айналды. Бұл ұлттар бірігуі емес, ұлттарды бағындыру болды. Сондықтан да 90 жылдары Ұлы Одақтың бөлінуі орын алды».

1991 жылғы 14 қаңтарда Целиноград өндірістік құс шаруашылығы бірлестігінің негізгі жұмыс бағыттары қабылданды. Сол кезде алғаш рет Малиновка орта мектебі мен бірлесе отырып, қазақ және неміс тілдерін ана тіліндей оқыту бойынша шараларды әзірлеу туралы сұрақ қойылды, қазақ және неміс тілдерін үйренуге арналған үйірмелер ұйымдастыру, қызмет көрсету, сауда саласында және құралдарында екі тілде сөйлеу принципін сақтау, көше атаулары, тұрмыстық қызметтер тізімі, көрсеткіштер және т.б. бойынша ақпараттар беру мәселелері қарастырылды. Ұлттар арасындағы қарым-қатынастар мен ұлттық мәселелерді шешу мақсатында бала-бақшада ұлттық негізде топтар ашу мүмкіндігі қарастырылды, халық шығармашылығын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарланды. Бұл сол уақытта, Совет Одағы әлі өмір сүріп тұрған кезде, айтарлықтай батыл шешім болатын. Осындай жағдаяттардан кейін Иван Шарф әрқашан қазақтарды қолдады. 

1989 жылы Малиновкада репрессия құрбандарына арналған «Мемориал» кешені құрылды. Оның ашылуы туралы Иван Шарф былай деп жазды: «Тағы бір біздің бастамамыз – саяси репрессия құрбандарына ескерткіш орнату. Сталиндік репрессияларға ұшыраған әйелдердің есімін сақтау үшін не жасау керек екенін ойластырдық. Қабірдің орнында қорған тұрғызуды шештік».

1991 жылдың жазында Целиноград өндірістік құс шаруашылығы бірлестігі Бөгембай батырдың 300 жылдығын атап өтті. Ол бұл оқиғаны қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін жаңғыртуымен байланыстырып отырды. Ұйымдастыру комитеті құрылды.  Дүкендер директоры қажетті барлық жабдықтармен киіз үй қонақ үйін ұйымдастырды, автокөлік колоннасының бастығы Г.С. Кирпичев көлікпен қамтамасыз етіп, жүк пен құрал-жабдықтарды Ерментау ауылына жеткізді, АСУ және байланыс бөлімінің бастығы С.А. Бурмистров теледидар қосып, телеантенна орнатты, бас энергетик А.И. Садурский электр құралдарын қосып берді, бас архитектор Н.Н. Юрашевич киіз үйдің ішін әрледі.  

Қазақтың құндылығы, ділі мен тілін қорғаған, ұлттық мүддені биік қойған Иван Шарф 2008 жылы өмірден өтті. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?