![Этнографиялық этюдтер: Қырандар хикаясы (II бөлім) Этнографиялық этюдтер: Қырандар хикаясы (II бөлім) - e-history.kz](/storage/tmp/resize/news/1200_0_HKkfClsKooyvLFxbfHqGp8HstMbuolbkI3HxhmvK.jpg)
Қызыл түлкі хикаясы
Қыс түскен, қаңтар айы. Бір топ құсбегі қыран бүркіттерін қолына қондырып, саятқа шықты. Олар Құлжаның сыртын айналып өтіп, Көкшін қырқасына беттеп келеді. Жолай алдарынан мойнына мылтық асынған ұранқай жігіт жолықты. Қанжығасында байланған түлкісі бар екен. Аман саулықтан кейін:
– Үйім мына Бозакөлдің арғы бетін қыстап отыр. Құлжаның сыртын айналып қасқыр аулай шығып едім. Жонның қары қалың екен. Қарды сықырлатып келе жатқан дыбысымды қасқыр жазған естіп, маңайлатпай қойды. Бұйырғаны жалғыз түлкі, - деді ұранқай азамат.
![](/storage/images/news/xQ/1g/WX/xQ1gWXiVBX6EaXhCgYJ83UPdK20ayZISbij1IIs0.jpg)
– Ол жақта түлкі көп пе екен, - деп елең етісті бүркітшілер.
– Бұл маңда түлкі баршылық, бірақ менің мақсатым – осы Құлжа тауында биыл шымқай қанқызыл түлкі пайда болды. Тұрпаты адам таңданарлық. Соны ала алмай жүрмін, - деп жөніне кете барды.
Құлжа тауындағы қызыл түлкі хикаясы құсбегілерді елең еткізді. «Шіркін-ай! Құлжаның қызыл түлкісін қаққан құсбегі» деген атақ қандай. Күні бойы әңгіме қызыл түлкі жайлы болды.
– Нағыз қызыл түлкі іші қап-қараңғы інде жатады. Жүнінің түсі оңып кетпес үшін осылай жасайды. Дүниеде бұдан қымбат тері болмайды. Бұрынғылардан қалған «қызыл түлкіні қара түгіл ханға байламайды» деген тәмсіл осыған қарап айтылған. Бұл түлкіні «қырдың қызылы» дейді. Бұл қызылды ұстап, өлігін ақ қардың үстіне тастап қойсаңыз, әрі-беріден соң қардың бетінде қызғыл ніл түседі. Сондықтан қызыл түлкі қолға түссе, терісін дереу сыпырып алып, үстіне қазан төңкеріп қояды. Бұлай істемесе терісінің ажары кетіп, түсі оңады, - деді көпті көрген қарт құсбегі Бапаң.
– Ақсақал, көп жыл құс салдыңыз осындай қызыл түлкі кездесті ме, - деп сұрады жас бүркітші Әлихан.
– Қырдың қанқызыл түлкісін көзім көрді, бірақ қанша талпынсам да оны ұстай алмадық, - деп әңгімесін бастады қарт құсбегі. – Одан бері қай заман. Менің қолымда аса қыран жыланбас бүркітім болды. Жарықтық көргенін алмай қоймаушы еді. Тіпті қартайғанға дейін тебіні қайтпады. Сөйтіп бір күні таңертең тұрсам қар жауып нағыз қансонар болып тұр екен. Бүркітімді алдым да Құрсайдың басына шықтым. Төңірекке көз салсам менен басқа құс көтеріп шыққан жан баласы көрінбейді. Сөйтіп тұрғанда жортқан түлкінің ізін көзім шалды. Ізді індете қуып жүріп кеттім. Көп ұзамай алдымнан бір топ бүркітші шыға келді. Жабылып ізге түстік. Түлкі Сайырдан бері өтіп, Нарын, Шередік, Айыркезеңді басып Жосалының жонына қарай тартты. Қуып келеміз. Көбік қарда көсіле қашқан түлкінің ізі жалпақ тастың астына барып кіріпті. Бәріміз құсымыздың томағасын тартып, тастың өр жағында тұра қалдық. Қағушы жігіт ізді сабақтап түлкіні үркіту үшін еңкейіп кетіп барады. Бір заманда таяқ тастам жерден түлкі ытқи қашты. Қолдағы бүркіттер де ытқи ұшты. Ойпырым-ай, сондағы түлкінің ажарын-ай! Аппақ қардың үстінде бір шоқ қызыл жалын сияқты алаулап зымырап бара жатыр.
Алдымен Азаттың алтыншегірі кетті. Ол барды да сыпырылып жайында қалды. Мен жыланбасты жібердім. Оны да түлкі артына тастап кетті. Түйіп түсірердей болып сарышоқпар ұшты. Ол да қалды. Қалған құстардың бәрі алдыңғылардың кебін киіп, құртырнақ қала берді. Түлкі кезең асып жоқ болды. Келсек, әр жерде жарбиып бүркіттеріміз отыр. Байқап көрсек, барлық бүркіт түлкі сыпырым дегенде қардың бетін сипап, сызып өткен қанаттарының табынан басқа дым жоқ. «Жер бетіндегі жәндіктердің ішінде мұндай да, аң болады екен-ау» деп таңданысып үйімізге қайттық.
****
Жоғарыда айтылған қарт құсбегінің қызыл түлкі туралы әңгімесін тыңдаған топ бүркітші ұранқай жігіт айтқан Құлжаның қызыл түлкісін қағуға шығады. Көп кешікпей түлкі де көрінеді. Кешегі Бапаң бүркітші айтқан әңгіме шындыққа келетін сияқты. Өрттей қызыл тағы адам таңданарлық сылаңдап, құлпыра жайнап кетіп барады. Ақ қардың үстінде қызыл шоқтай лыпып көрінген жер тағысына бүркітшілер төрт қыранды қатар жібереді. Қосағын жазбай қатар ұшқан бүркіттер түлкіге іркес-тіркес барғанымен барлығы жер сипап отырып қалады. Түлкі бір белді асып жоқ болады. Үш бүркітші Құлжа таудың қырат-қолатын тінтіп күні бойы құс жіберсе де, қызыл түлкі алдырмады. Құсбегілердің өздері де шаршап, шаба-шаба аттары болдырады.
Бүркітшілер жақсы біледі, қарын құстың кешкі шабыты деген болады. Саятшылар күн еңкейгенін күтіп, кешкі шабытта сәті түсер деп үміттенеді. Құрсайдың жалына шығып құстұрақ жасады. Ойдағы қағушылар қызыл тағы жасырынған қорымды бағып көз алмай аңдып отыр. Қарт құсбегі Қыдырбайдың белгі беруімен қағушылар қызыл тағыны қуып шығарды. Алапаран шақта қызыл арай шұғыла шашып ұйтқи жөнелген қызыл тағыны көрген бүркіттер әбден ызыланса керек, тас-түйін жамырай көтеріледі. Бірақ нәтиже жоқ. Керіп тұра қалған қызыл тағыға бірінен соң бірі шаншылып түскен төрт бүркіт бәрі бірдей жер қауып, ауа қармап сандалып қалды.
Төрт бүркітке алдырмай мысы жеңген қызыл түлкі аққан жұлдыздай зымырап далдаға түсіп кетеді. Талайды көрген құсбегілер аң-таң. Мұндай да түлкі болады екен-ау. Сол күнгі түлкі байланатын кезек жасы үлкен қағушы Сауыт шалдың кезегі-тін. Қызыл түлкіге қызыққан Саукең күні бойы атын аямай, тау-тасқа салып, қызыл тағыны сан рет қуып шыққаны сол еді. Олжасыз оралғанына күйінген қарт қағушы:
– Әй, мына өңшең құрт қанаттыларыңды албасты басты ма? – деді ашу шақырып.
– Бәсе, - деп күмілжиді құсбегілер басқа айтар сөз таппай.
– Мына қызыл тағыны сендер алыстан көрдіңдер, мен дәл қасына барып үш дүркін қорыған жерінен қуып шықтым. Жүні қанқызыл өрт, үйегі мен төрт сирағы күйедей қара екен. Тұра қашқанда жүнінен қызыл ұшқын қаулап шыққандай көрінді. Мен білсем мынау бір киелі жәнтік сияқты. Мен күдерімді үздім, - деп, атын борбайға бір салып, үйіне тартып кетті.
****
Қызыл түлкіге қызыққан құсбегілер ертеңінде тағы жиналады. Өткен түндегі майсасонар сол қалпында жатыр екен. Дереу қағушылар жан-жақтан із шалып қызыл тағының кешегі шиырын тапты. Күні бойы қуған көріп, шаршаған жануар Айыркезеңнің жалына өтіп шығып, жүктей тасты паналап қардың үстіне тынығыпты. Сілесі қатып болдырса керек таңға дейін қозғалмай жатыпты. Таңға жақын тұрып, бір қурайға сарып, қарға аунап-аунап алып, қалың қой жайылған шиырға түсіпті. Айтса айтқандай қудың өзі екен, шиырлап жайылған қойдың ізі мен түлкінің ізі айырылмайды-ақ.
![](/storage/images/news/tN/lW/nU/tNlWnUxKcHldaYN9vKyQhXSQlrHJrZ9tSGfamYd5.jpg)
****
Төрт құсбегі қағушыларымен бірге Сарыжонның қорымына қарай тартты. Жонның қары қалың екен. Саятшылар қары жұқа қырқаларды қуалап, иек артпаға келіп, аз аялдауға тура келді. Өйткені, кеше көрші қыстаудағы бүркітші Әбілге хабар салған болатын. «Осылайда, осылай Құлжа тауында қанқызыл түлкі пайда бопты. Соны қаға алмай қапа болдық. Қолындағы қыран қарасын алып келсін».
📌 Оқи отырыңыз: Шығыстану ғылымы – ұлттық қауіпсіздік пен дипломатияның негізі
Бұл хабар Әбілге кеш жетті. Өз жұмысымен бригадқа кетіп бара жатқан жолаушы бұрылып келіп құсбегілер хабарын Әбілге жеткізуді қиынсынып, жолай қой жайып жүрген балаға құлаққағыс еткен екен. Ол бала әбден ел орынға отырып, үркер жамбасқа құлаған шақта келіп айтады. Сөйтіп, хабар кешігіп жеткен Әбіл әуелі қызылсырап отырған қара құсына жылы жем беріп, көңілін сергітті. Қыстың сары сонысын қуалап, алыстап кеткен шідерлі күреңін әкеліп, ер салғанша күн де көтерілді. Сөйтіп, бүркітшілер айтқан уәделі жерге жеткенше осы болды.
Қолына қара құсын қондырып, желе-жортып келіп қалған Әбілді бірінші көрген Бапаң ақсақал бүгінгі саятшылық жоспарын құрды. «Мен таудың төменгі балағын айналып, андыздай із шалайын, Азат сен орта қапталды ұста, Әлихан сен ана бір жоғарғы иық тасқа шық. Таудың биік басына Әбіл шық. Мен білсем қанқызыл осы Айыркезеңнен ұзаған жоқ. Қағушылар ұзын қатарын бұзбай жоқ қарағандай андыздай іздеңдер».
Осылай саят басталды. Қағушылар беті ашық шалғайы алыс апайтөс қойнауды сүзіп келеді. Қарлы жонда қыстайтын аққұр мен қояндар қылаң бергені болмаса қызыл тағыдан хабар жоқ. Бірде жақыннан зыта жөнелген қоянды Азаттың алтыншегірі қағып түсті. Құсбегілер қоянның төрт сирағын суырып алып құстарына бір-бір жұлғызды.
Қағушылар таудың тік сағасына түсіп, енді айнала бергенде қиғаш алдыңғы жақтан «ойдайт-ойдайт» деген қиқу естілді. Аппақ қардың үстінде алқызыл алау ойнатып кешегі қызыл тағы ойнап барады. Кеше күні бойы қуған көріп, шаршағаны байқалмайды. Қыдырбай мен Әлихан құсын қатар жіберді. Түлкіні қуған қос бүркіт бөктерлей тартып, қызыл тағының артынан ойға түсіп кетті. Олардың соңынан құйғыта шауып жетіп келген бүркітшілер бірі ойпаңда, бірі шилі қырқада жерге түсіп қалған құстарын көрді.
– Мына қызыл тағы нағыз кергіш қу екен, тағы құтылып кетті. Аққолатқа қарай өрлеп барады. Тез жиналыңдар ана биік доңғылға шықпай тұрғанда қағайық, - деді қарт құсбегі Қыдырбай.
Сол сәтте артқы жақтағы үстірттен Әбілдің қара құсы құйқылжып шыға келді. Бұл тырнағы бос қайтпайтын қыран. Қанат құйрығы жылтылдап, күнге шағылысып қызыл түлкіге беттеп барады. Қомдала ағып түсетін еңіс емес, кереғар шалғайдағы түлкіге қайтсем жетем дегендей қос қанатын құлаштай сермеп, көсіле сілтейді. Кес-кестеп төніп келе жатқан қыранды көрген қызыл түлкі тұғыр тасқа жасырынып үлгергенше қара қыран да қусырып жетіп қалды. Бір пәленің өкшелеп келіп қалғанын сезген қызыл тағы құйрығын қоқырайтып, төрт тағандап, айбат шегіп, тұра қалды. «Япырым-ай, екі күн бойы бар бүркітті мазақтап қарға шаншып кеткен қу енді қайтер екен» дегенше болмады, шаршы өрден талмай-тайқымай жер бауырлай аласарып жеткен қара қыран түлкіге жете бере кілт етіп, үстіне қона кетті.
– Мәссаған! Алып соқты. Әкесіне жолықпай жүр екен ғой, бәлем. Құрыш топшы жануарым-ай, енді жібере қоймас, - деген Бапаң қария тізгінін босатып жіберіп елден бұрын шапты. Төрт бүркітші қолындағы құстарын тастай салып, бейне бір жаназадан құр қалғандай құйғытып келеді. Сол екі ортада бүркітшілер ат-матымен опа қарға келіп, килігіп қалды.
– Ой, есалаң немелер! Сендерде көз бар ма, әуе ашық, жер жарықта опаға түсіп, - деп Бапаң басқаларды сыбап жатыр. Өзі бірінші болып түскен ойда жоқ. Құсбегілер осылай даланың опа қарын бұрқыратып, жетіп келсе қара қыран қызыл түлкіні басып отыр екен. Қыранның төбе жүні үрпиіп, екі көзі шатынап, сұстанып алыпты. Әбіл қыранның аяғындағы қызыл түлкіні көрмекке ентелеп жетіп барып еді, Бапаң шал ақырып жіберді.
👉 YouTube каналымызға жазыла отырыңыз.
– Кет былай, аттың демін будақтатып, құсты шошытасың, өзің бір ұшқалақ жігіт екенсің?! Қара қыран бір аяғымен түлкінің аузын қапсырып, екінші аяғымен тақыр қолтықтан бүріпті. Қармаулы тегеуіріні құрсаудай мытып, түлкінің қабырғасын қаусатып жіберген сияқты. Аяғын босатқанда болат тұяқтары қанға боялып шықты. Екі күн армандаған қызыл түлкінің ажары керемет. Қайратты қызыл қылшықтары өрттей алаулайды. Құйрығының ұшы мен төсінің дәл ортасында алақандай қаралтым жүні бар, саны сом, еті қалың екен. Аударып-төңкеріп әрі бері қараған саятшылар:
– Түлкінің бұдан өткен қызылы болмас, құны кемінде бір қаралық екен, - десті. Құсбегілер ақылдаса келе қызыл түлкіні «сенің бүркітің ұстады, еңбек сенікі» деп құс иесіне байлады. Қызыл түлкінің пұшпағын іріп жуан санынан қызыл жегізіп отырған Әбіл: «Бұлайша тоят жеп үйренген бүркіт, келесі аңшылықта түлкіге пейілі түседі» деді.
![](/storage/images/news/E5/Gt/0U/E5Gt0UiPHmfe0nePDG8FEsALlgaZR2Bho00mNyXO.jpg)
Жарылған жұмыртқа қайғысы
Құсбегі Түсіптің ақиық тастүлегі аса қырандығымен талай құсбегіні тамсандырды. Оның хас шебердің қолынан шыққандай сұлу бітімі, шоқтай жайнаған ажары бүркітші Сіләмнің көкейін көптен тесіп жүрген. «Осы құсқа қолқа салсам еді» деген ой көкейінде көктеп жүрді. Ал бүгінгі тастүлектің түлкі ілуі тіпті керемет. Екі кәрі қыранмен бірге ұшқан тастүлек таласа түлкіге жетіп, кәнігі бүркіттер түлкі ашыққа шыққанын аңдап, байырқалай ұшқанда екеуінің арасынан сып етіп қырғидай сыпырғанын көрген жанның таңдайын қақтырды. Бұндай да епті бүркіт болады екен-ау.
Осы оқиғаға куә болған Сіләм қызыл түлкі індеткендей Түсіптің үйіне келгіштей берді. «Тамыр болайық, алам дегеніңді берейін, құсыңды маған қи» деп артынан қалмады. Тонның ішкі бауындай жанасып, ауылы аралас, қойы қоралас жүрген осы жігіттің құсына ынтызар екенін аңғарған бүркітші дәл беремін, бермеймін деп жауап қатпады. «Қабырғама ақылдасайын» деген де қойған.
Бір күні Түсіп қолына қыранын қондырып, Сіләмнің үйіне өзі келді. Құсын іргеге қондырып, ұзақ отырып, атын тағалатты. Жайымен түстігін жеп енді аттануға қамданғанда көптен бері есек дәмелі жүрген Сіләм төтесінен:
– Түсеке, менің бұйымтайым не болды? Осы жолы беріп кетсеңіз жақсы болар еді. Түсіп құсбегі жүре тыңдаған сыңай танытып, біраз ойланып отырды да:
– Сіләш досым, сен дүниеге аса қызықпайтын жан едің, менің қолымдағы құсқа әукең түсіп болмады. Алам десең берейін. Өзім де зар болып жүріп қолға түсірген едім. Қуанып кеткен Сіләм:
– Онда сіз де менен қалағаныңызды алыңыз, бір керекке жарайын.
– Иә, жарайтыныңды біліп отырмын, Айыпқа бұйырмасаң, ана жүгіңде жинаулы тұрған күміс ер-тұрманыңды қи маған, - деп Түсіп, төр жақты нұсқады. Сіләм іркілмей жүкті ысырып тастап, күміс ер-тұрманды суырып алып Түсіпке ұстатты. Екі жақ та қалағанын алып, риза хош болысты.
Сол күннің ертеңінде тастүлекті қолына қондырып, аңға шыққан Сіләм түлкі алып, үйіне көңілді оралды. Бұдан былай бұл құсбегінің түзге шығуы көбейіп, күн сайын таңбозымен аттанып, іңірлетіп қайтып жүрді.
Бірде тастүлек шалғайдан аң көрген болуы керек, тілеп болмапты. Балдақтан босатқаны сол еді, теуіп ұшып қалықтай жөнеледі. Құздан құлай ұшқан қыран сапқының тасындай зымырап, терең шатқалдың қорымды қабатына сүңгіп кетті. Осындай қиын керегер жерде құс жіберу оңай емес екенін кейін сезген құсбегі әттеген-айлап санын соқты. Аздан соң бүркітінен адасып қалды. Оның артынан індетіп жүргенде күн батып кетті. Әбден қараңғы қоюланғанда құсынан айырылған бүркітші қағушысымен бірге салбырап үйіне келді.
Сол күні Сәлім таңды ұйқысыз атырды. Құзғынсәріден аттанып, құсын іздеуге шықты. Аяқ жетер атыраптың бәрін аралады. Тастүлектің сайда саны, құмда ізі жоқ, жым-жылас. Жан-жаққа хабар салды, жар таратты.
Сөйтіп жүргенде жоғалған құсы Қобда сұмынында тұратын құдасы Зейнелдің қолына түскені туралы хабар тиді. Құдасы құс салып көрмеген адам екен. Сөйтсе де қолға үйренген алғыр қыранды аңға салып бірнеше түлкі қағыпты. Сөйтіп оның да құсқа деген құмарлығы оянған. Онымен қоймай жүрген-тұрған адамдардан құдалығын бұлдап «бұл құстан айырылмаймын» деп сәлем айтып жіберіпті.
🤩 Instagram парақшамызға жазылып алыңыз.
Жыл өткен сайын Зейнел қыран құстың арқасында құсбегілік білімі толысып, кемелдене түседі. Құдасының сәлемін естіген Сіләм: «биылша, сала берсін, кейін өзіме қайтарсын» деген де, қойған. Зейнел құсты қолынан шығармай бес жыл түлетеді. Жыл сайын қыруар түлкі алып, жақсы бүркітші атанады. Бүркітпен үйлескені сондай, кейде оны көк жүзіне қалықтатып жіберіп немесе биік жерге қондырып қойып, өзі қағушы болады. Ондайға үйренген қыран отырған жерінен иесін торып, қашқан түлкіні құтқармайтын болды.
Осындай күндердің бірінде жалғыз аңға шыққан Зейнел тосын оқиғаға тап болды. Күндегі әдетінше таңертеңгі сәскеде аңға шығуға қамданып, бүркітін қолына қондырып, әуелі етін пайымдап көрді. Саны балбырап, қара еті сыртына теуіп, салқын тұрғанын білгенде зар күйінде болар деп түйді. Бүгін не көрінсе де айқасып қалар, кезіккен жәндіктен қайтпас деген ой келді.
Ол үшін жақын маңның қимыжығын қойып, аңы көп кең өріске ұзап тартпақшы болды. Аттанған бетте-ақ аспанмен тілдескен тарғыл тасты қарлы шағылға беттеді. «Жаман мерген теке атқан жеріне үш келеді» деп өзіне-өзі күлген ол бүгін құр қайтпаспын деген үмітпен, сартап болып жараған ақбоздың ұтымды жүрісіне салып, жорта берді. Бір мезетте қиян шағылдың биігіне шыққанда ала бұлтты аспанда құс қанатын демер ызғырық желдің екпіні сезіледі. Ұлытаудың қатпарлы саласын айналып, күндік жердей көрінген шағылға жетті.
Қыстың ызғарлы күндері аң-құс, түлкінің өзі таудың күнгей жылы жағын паналайды. Ол Зейнелдің жадында ертеден сақталған. Сондықтан таудың күнгей жағын қапталдап аң шығармақ. Ол шағылдың үстімен жоталап келді де, көрнеу мінбелеп тұрған тарғыл жартастың басына томағасын тартып, құсын қондырып, өзі қағушыға ауысты. Ақиық дағдысынша тасқа қона бере айналаға парлай қарап, шабыттана тесіліп үңіле түсті. Бір сәт аспанды шолып, көкжиегіне қадалып отырды да, әлденемен тілдескендей саңқылдап шақырып-шақырып алды.
Екі көзін қарлы сеңгірдің басындағы бұлтқа тігіп, одан бірдеме көргендей қылмың қағып қарай берді. Құсының үздігіп тұрған ерен қимылынан секем алған құсбегі аспанды болжап еді, ешнәрсе көре алмады. Содан ат басын бұрып етекке тартты. Сәл еңістеп алып таудың күнгей жағын айналып тас шеңгелін арылта қағып, көп жүрді. Құзарда қалған құсының ұшып қонып жүрген қалпын да байқады. «Адырдан айт-айттаса, қашар түлкі» дегендей жартасты қойнауға тебітіп келіп, тас атып, айт-айттап, етек қақты.
Бұл жолы үстінен дөп түссе керек, қой тастан қызыл түлкі бұлаң етіп ытқып кетті. Зыта жөнелген бұлаң құйрықтының артынан машықты айқайына басып, бастырмалата қуған бүркітші тау тасты жаңғыртып, бүркітінің келуін күтті. Бүркіт зым-зия жоқ. Құсбегі қашып бара жатқан түлкіге бір, аспанға бір қарады. Түлкі ойыса тартып, бүркітке ұрымтал жермен шырғадай созылып «мен мұндалап» бара жатыр. Ал бүркіт алдында қалықтап, ұшып-қонып жүрген маңнан әлдеқашан ғайып болғандай, жым-жылас. Түлкі жайына кетіп, құсынан қайыр болмай дал болған бүркітші алаңдап аспанға қарады.
Заматта бүркіт те көзге шалынды. Ол аспан тіреп шарықтап, бір бөтен құспен қағыса жанасып жүр екен. Екі құс көк аспанда серуендеп, құйқылжи самғайды. Кейде олар бірін-бірі қуып, жарысып, жармасады. Қайта-қайта түйілісіп қалып, қайта жазылып, аударыла төңкеріліп жарқ-жұрқ ойнайды. Кәрі қыран бөтен құстың әуенімен төңкеріліп иесіне қарамай бірте-бірте қия шағылдың басына көтеріліп аспандай түсті. Ұзақ қарап кірпігі қатып, көзі талған соң дүрбісін көзіне тосқан аңшы бөтен құстың аяқбаусыз түз бүркіті екенін аңғарды. Оның қанаты қайқы, қағысы жеңіл, шабан шау емес. Түздің келте құйрық кершолақ аспан тағысы екенін айыра қойды.
Сонда да күдікті ойынан сейілмей, құсын ұзатпай шақырып алмаққа кірісті. Жемін көрсетіп, шырғасын сүйретіп арпалысты. Бірақ оған қайырылып келе қоймаған қыран міз бақпастан түз құсынан жұбын жазбай, құзардан асып ғайып болды. Құсының мұндай мінезіне таң болған құсбегі дағдарып ұзақ сенделді. Әлден соң астындағы ақбозы елең етіп, оң жағына құлақ тігіп, қалт тұра қалғанда қараса, кәрі қыран құздан құлай сорғалап келеді екен. «Кә, кә» дегенше болмады сырғи келіп иесінің қолына қона кетті.
Көңілі орныққан бүркітші жемін жұлдырып, бас-аяғын шолып, ешбір оғаш нәрсе байқай алмады. Тек оның көзі жайнап, мінезі кеңіп, ажарланып тұрғанын аңғарды. Ұзақ жыл зеріккен жануар ұзай ұшып, бой жазған болар деп ойлады. Қашқан түлкіге түспеуін «бұйырмаған шығарға» жорып қоя салды.
Бұл күндерден соң қыран түлкіге түссе иесі жеткенше өкпе-жүрегін суырып алып жеп жүрді. Қыстың соңын ала тығыз шаруаға айналып, Зейнелдің қолы босамай құсын түзге алып шыға алмады. Бүркіті соңғы кезде томағасын қағып тастап, тұғырға отырмай іргеде бауырлап жататынды шығарды.
Қыранның бүйтіп меңзығарлай бергенін көрген иесі түз көрмей тар жерде іші пысып, тұғырдан қажығаны шығар деп болжады. Бүркіт бір күні таң атпай тұғырынан түсіп, бауырын жерге төсеп, шөгіп жатып қалды. Иесі кеудесінен демеп көтере беріп еді, шар етіп шапанның өңіріне жармаса кетті. Бұрын құсының мұндай әрекетін көрмеген Зекең сасқанынан етегін көтеріп қалып еді, құсының астында ақшұбар жұмыртқа жатқанын көзі шалды. Алғашында бұның не екенін түсінбей құсымен жағаласып жүріп, қарбаласта жұмыртқаны жарып алды.
– Қап, - деп Зейнел бармағын тістеді. Білмеген у ішеді деген. Құсының жұмыртқалап жатқанын қайдан білсін. О, құдірет, мұндай оқиғаны естіген де, көрген де жоқ. Естіген ел не сенерін, не сенбесін білмей бас шайқады.
Он бес жыл қолында отырған бүркітіне жұмыртқа қайдан пайда болғанын Зейнел есіне түсірді. Өткенде, аспанда асыр салып бірге ойнаған түз құсымен қарыққан екен-ау. Осы оқиғадан кейін қыраны бұрынғыдай жұтынуды қойып, реңі солғындап, кірбің тартты. Жүні жығылып, шөге түсті. Қанша күтсе де жемді сүлесоқ жейді. Жұрт «жарылған жұмыртқаның қайғысы» десті.
Қапалы қыранға жаны ашыған иесі оны еркіндікке жіберуді жөн көрді. Бір аптадай құсына құнарлы жем беріп қоңын көтерді. Көктемнің желді күні Зейнел құсын көтеріп, ертеде түз бүркіт кездескен құздың үстіне шығып тізген тартты. Талай рет құсын қондырып қойып өзі түлік қаққан тарғыл тастың қасында біраз отырды. Ақырында қыранның томағасын сыпырып: «Ал, жануарым, аман бол! Менде қарызың қалмасын! Көк аспанда серменде! Сен де ұрпақ қалдыр. Шерің тарқасын!» деп басын бір сипап қоя берді. Азат болғанын сезгендей ұябасар қыран баяу көтеріліп, иесінің басынан бір айналып ұшып, сыза қалықтап биіктей берді. Құсын қимай ұзақ қараған Зейнел оның қарасы үзілгенге дейін көңілі босап, жаны құлазып, биялайын қанжығалап үйіне сүлесоқ қайтты. Сол кеткеннен ақиық қайтып оралмады. Бұл 1948 жылы болған оқиға екен.
Ескерту: Бұл жазбалар 1990 жылы жарық көрген құсбегі Тотай Сауыржанұлының «Құсбегілік» кітабынан алынып, толықтырылып ұсынылды
Жазбаға бай-өлкелік суреттші Солтаншарив Дөненбайдың суреттері пайдаланылды.
Соңы. Басы бар.