Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Рүстем қырғын» дастаны һәм архив дерегі

1558
«Рүстем қырғын» дастаны һәм архив дерегі - e-history.kz

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, барлық жанрда қалам тартқан әмбебеп дарын: ақын, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров өзінің аз ғана ғұмырында 15-ке жуық поэма жазды. Соның бірі – 1926 жылы жазылған «Рүстем қырғыны» дастаны. Бұл туынды ақынның көзі тірісінде жарияланбаған. Өзі өмірден өткеннен соң жиырма шақты жылдан кейін, яғни 1960 жылы алғаш жарық көрсе, екінші рет 2004 жылы жазушының «Қазығұрт» баспасынан шыққан көптомдығының 3-томына жарияланыпты. 

Бұл туынды туралы талдап-толғап жазылған еңбек жоққа тән. Тек ғана филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазиновтың «Рүстем қырғыны» поэмасы қазақ халық өміріндегі жаугершілік кезеңді – қалмаққа қарсы күресті, феодалдық дәуірдің керітартпа қақтығыстары азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрес болса, рулық кездегі адамға, малға байланысты күрес-тартыс ескілік көзқарастары, соның сарқыншақтарын танытады. Әсіресе, найман мен үйсін руының арасындағы қақтығыс, адам тағдыры, ел намысысын тезіне түседі» деген пайымынан басқа сөз жоқ.

Дастанның «Рүстем қырғыны» аталуына себеп, ХVII ғасырдың алғашқы ширегінде патшалық Ресей Жетісу өңірін отарлау салдарынан қоныс-өрісі тарылған қазақ ру-тайпалары ары-бері босып көшкендіктен жерге талас, малға талас, барымта-сырымта өрістеп, оның ақыры қырғынға ұласқаны айталады. Осы қырғынды ұйымдастырған адам – Рүстем төре. 

Осы орайда, «Рүстем төре кім?» деген сұрақ туындайды. Біз сөз етіп отырған һәм осыдан жүз жыл бұрын жазылып, архивте сақталған Құдайберген Тұрысбекұлының дерегінде бұл адамды «Нан атқан төре» деп баяндапты. Зерттеуші Қ.Ахметов «Кенесары ханды жауға тастап кеткен қай Рүстем» атты мақаласында: «Оңтүстік өңірде Арыс өзені бойында Рүстем төренің ұрпақтары қоныстанған. Олар өздерін «Нанатқан төреміз» деп айтады» десе, Абай атамыздың шәкірті Көкбай ақының «Төрт төре» атты дастанында: «Рүстем Кенеменен немере еді, Қолынан бір кісінің не келеді? Астыртын жүруші еді хабарласып, Ақыл мен қайраты мол кемел еді» деген шумақтар бар. 

Осыларға қарағанда Рүстем төре Кенесарының аталас ағайыны екенін аңғарамыз. Бұл сөзімізді Шоқан Уәлиханов жазбаларындағы: «Рүстем төре – Абылайдың Қашқар бегінің қызы Бабақ ханымнан туған алты ұлдың екіншісі» деген мәліметі нақтылай түседі. Десек де, кейбір деректерде «Рүстем төре – Жолбарыс ханның шөбересі» деген де сөз бар. 

Сондай-ақ шығыстанушы һәм ақ патшаның құпия кеңесшісі 1830–1846 жылдары Ресей империясы Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде қызмет атқарған Николай Любимовтің шығысқа сапары жазбасында: «Рүстем төре әуелі Қоқан иелігінде көшіп жүрген ол, олармен араздасып, алысырақ Үлкен ордаға (Арқа өңірі – Б.Қ) қоныс аударған. Қыстыгүні ол Құлжаға жақын маңда көшіп жүреді» дейді. Бұл төренің Құлжа маңына ойысуына себеп «нағашысы қашқарлық» екенін жоғарыда айттық.

***

Бұл қырғында шабылған ел Жетісу өңірін мекен еткен найман – матай жұрты. Осы топырақта туып өсіп, түлеген дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров 1920 жылдары «матай шабылған» оқиғаны жазу үшін ел ішінен дерек жинайды. Көзі қарақты ел-жер тарихын біледі-ау деген адамдарға арнайы хат жазып оларға «Рүстем қырғыны» туралы естіген-білгенін жазып беруді өтінеді. 

Ақыннан осындай өтініш алған адамның бірі – Құдайберген болыс екен. Бұл кісі атақты Маман бай Қалқабайұлының немересі һәм байырғы жетісулықтар сүйсініп айтатын «Құйсаң толмайтын, төксең ортаймайтын, Маман – Тұрысбектің байлығын берсін!» дейтін құнды батада аты айтылған Тұрысбектің бел баласы.  Жуықта «Egemen Qazaqstan» газетінің 8 қараша күнгі №217 санында жарияланған «Романовтар тойына қатысқан қазақ» (https://egemen.kz/article/375856-romanovtar-toyyna-qatysqan-qazaq) атты мақалада: «Құдайберген болыс өз тұсында алаш арыстарымен достық қарым-қатынаста болған һәм ғасыр басында ұлттық ағартушылық бағыт ұстанған қазақ газет-журналдарына көмектесіп тұрған. Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевпен дос болған. Тарихшы ғалым «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі» атты еңбегін жазу кезіне оған Құдайберген болыс ел арасынан дерек жинап көмектескен» делініпті.

Құдайберген болыстың хаты

Енді мына дерекке назар аударайық. Бұл құжат – Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында (қор 1368, тізімдеме 1, іс 2, папка 117-121) сақтаулы тұр. Хатқа «Құдайберген Тұрысбек баласынан – Ілиясқа» деп тақырып қойылып, құжат араб графикасының шағатай емлесі негізінде жазылған. Яғни, Ілияс ақын Құдайберген болысқа жазбаша түрде бірнеше сұрақ жолдап, естіген-білгенін хатқа түсіріп беруді өтінген. Құдайберген болыс болса, ақынның өтінішін жерге тастамай арнайы хат жазған. Осы хатта баяндалған оқиғаларды ақын кейін дастан жазғанда дерек ретінде пайдаланып, хаттың өзін асқан көрегендікпен мемлекеттік архивке тапсырған. Сөйтіп бұл хат бізге жетіп отыр. 

Осы хатты бірнеше жылдың алдында зиялы азамат, архивтанушы тұлға Әбілхан Әбіласан қазіргі жазуға түсіріп, көпшілікке ұсынған екен. «Бұл хат иесі Жетісудағы атақты Тұрысбектің болыс болған баласы Құдайбергеннің Ілияс ақын сұрауы бойынша жазған хаты. Ақын өзінің «Рүстем қырғыны» атты шығармасында ел жадында сақталған бірқатар тарихи жайттармен бірге, осы хаттағы деректерді де негізге алған. Байырғы болыс ұл мәліметтерді өз қолымен шағатай жазуы үлгісінде хатқа түсіріпті. Кезінде қарындашпен жазылған мәтіннің көп тұстары өшуге айналған. Кейбір әріп, сөздері өшіп кеткен. Хаттың соңғы бос жерлеріне ақын ұрыс болған жылдардың мөлшеріне байланысты болса керек, есептер келтіріп, «Ақ тышқан – 1868 жыл» немесе «Жеті аяз – 1872 жыл» деген сөздер жазыпты» дейді арихвтанушы иаман Ә.Әбіласан мырза. 

***

Осы орайда, сол дәуір оқиғасын білгісі келген немесе ресейлік отарлау дәуірінде қазақ ру-тайпалары бастан кешірген қиындықтар туралы дерек іздеуші мамандар үшін бұл хат құнды екені анық. Хаттық толық мәтіні мынадай: 

Құдайберген Тұрысбек баласынан – Ілиясқа

Ардақты ініміз Ілиясқа!                                        

19 ноябрь 1924 жыл.

Сіз маған жазған екенсіз, Соған жауап қайтара алмаған себебім: ала жаздай безгек болып жаза алмадым. Айыпқа  бұйырмаңыз! Енді білгенімізше жазып көрейік. Біз бұрынғы ескі оқумен оқығанбыз. Жазуымыз ұғымсыз болса да ақидаға салып оқырсыз. Бізден сұраған сөзіңіз: 

  1. Рүстем төренің қырғыз һәм қай нәсілден екені; 

  2. Біздің елдің (найман-матай елін айтады Б.Қ) көбісінің ауғаны;

  3. Бізден басқа ауған ел бар ма?

  4. Біздің елді қаратқан орыстың бастығы кім?

Сіздің бұл сұрақтарыңызға хәлімше жауап қатайын. Рүстем төре осы күннен (1924 жылды айтады Б.Қ) жүз жыл шамасында бұрын туған. Хандардың тұсында зекетшілерін өлтіріп, ауылымен көшіп қашып Шу мен Іленің арасындағы жолмен құдық-құдыққа ит өлтіріп тастап, біздің елмен жапсарлас жалайыр деген елге келіпті. Құдыққа ит өлтіріп салған себебі, арттан қуған кісі болса, құдықта ит жатқанын көріп, су іше алмай қайтып кетсін деген амалы екен. Ақырында сол ақылы дұрыс келіп, қуған сарбаздар құдықтағы итті көріп, жолдан кері қайтып кетіпті. 

Рүстем төренің анық қай тұқымнан екенін біле алмадым. Бір шалдардан сұрап едім «нан атқан төренің тұқымы» деді. Ол «нан атқан төрені» ешбір тарихтан көргенім жоқ. Біздің қазаққа дәл хан болған Есімхан еді. Оның баласы қанішер Абылай. Оның баласы Уәли, Бақы деген екеу екен. Соның біреуінің баласы мәшһүр Абылай хан. Есімханның кіші қатынынан Тәуке хан баласы Әбілмәмбет, оның баласы Әбілфейіз болар дедік. Ішінде «нан атқан» төре жоқ. 

Бірақ Шыңғыс ханның төрт баласының біреуінің тұқымының жуасын білмеймін. Әйтеуір кім болса ол болсын, жалайыр ішіне келіп төре болып тұрыпты. Ол заманда үйсін найман бір-бірінен мал қуып, барымта, қуғын-сүргін қылып жүреді екен. 

Сонан соң Рүстем төре біздің елден де, үйсіннен де кісі шақыртып: «Мен дәм-тұзым ауып бұл жерге келіп қалдым. Сіздердің тату болып тұруларыңызды тілеймін. Егер де осыдан былай біреудің біреуде ақысы болса мал қумай, әсілі ел жақсыларына айтып, сөйлесіп алсын! Егер сөйлеспей мал қуып, барымта алса, екі елдің жақсы азаматтары, би-төрелері сол мал қуған тентектердің өтеуінде болып, айып салып жазалы қылалық» деп, боз бие алып келіп, айтып сойып, бата қылып екі жақ уағда қылып тарқапты. 

Сонан соң біздің ел тағы мал қуып, барымта алып қойса керек. Рүстем төре екі жақтан ел жинап, бұрынғы уағда бойынша мал алған адамдарға айып кесіп, қатты жаза қылмақ болса, біздің ел оған (найман-матай елін айтады – Б.Қ) көнбейді. Сонан соң төре біздің елдің жақсыларына, батырларына өкпелеп, уағдасыз ел екенсің деп артына кек сақтап қалады. Сөйтіп, араздасып тұрған мезгілде, орыс келіп кіші жүзді һәм арғынды алып, келе жатыр деген соң біздің ел сөйлесіп, «бұл кәпірге қайтіп қараймыз, әйтеуір сарт болса да мұсылман ғой, енді енді Қоқан хандығына қарайық, үйсін де қарап тұр» деп көшіп үйсін ішіне барыпты. 

Біздің Тәнеке батырдың артынан ерген ел ботпай Тойшыбек батырдың қасына барыпты. Тастамбек батырдың артынан ерген ел тағы бір жерге барыпты. Сол екі болыстай елге бас болғанның біреуі қыдырәлі Тәнеке батыр, біреуі құлжан Тастамбек батыр. Екеуі бір борбайдың (“туыс” деген мағынада – Б.Қ) баласы және де екі батыр өзара араз болса керек. Ал енді ол жерге барған соң Қоқан ханға барып білінуге, көрінуге керек болған соң тартуға ат айдап, екі кісі басшы болып біздің жақтан менің үлкен акамыз (атамыз) Қалқабай, екінші жақтан Тастамбек батыр екеуі барып ханға көрініп, тарту-таралғысын беріп, қанша ел келгені хақында есеп-қисабын беріп қайтыпты.

         Хат иесі Құдайберген болыс Тұрысбек баласы

Хан біздің акамыз  Қалқабайға қодастың құйрығы – ту беріпті. «Елдеріңе айт: ұрлық қылып, өтірік айтпасын және көрші болып тұрған елдеріңмен тату тұрыңдар!» деп жарлығын айтып қайтарыпты. Олар аман-есен елге келіпті. Ал енді адам баласы үйренген ісін қояма. Тағы да тыныш тұрмай өздерінің үркіп қашып жүргенін ұмытып, сол елді ұрлай бастапты. Сонан соң үйсіннің адамдары ханға білгізіпті. Мына қашып келген ел малымызды ұрлап мазамызды кетірді деп.

***

Хатта жазылған оқиға «Рүстем қырғыны» дастанында былай деп жырланыпты: 

Жетісу үйсін, найман қоныстанған, 

Кезінде орта жүзді орыс алған. 

Қарады түгелімен арғын, найман,

Қалпымен қаракерей бодан болды,

Күні еді садырдың да қарап қалған.

 

Қоқанның ол уақытта құлқынында ед,

Ұлы жүз – үйсін, суан, дулат, албан,

Орыстағы орта жүз бөлектеніп,

Өте үрікті матай біткен Қараталдан. 

 

Ел іші қашан аман дау-шатақтан,

Барымта, басып алыс болып жатқан,

Арада неше түрлі адам өліп, 

Жауласып ру-ру қанға батқан. 

 

Осы ыза үйсін-найман арасында,

Созылып бірталайдан келе жатқан,

Арада неше түрлі адам өліп,

Жауласып ру-ру қанға батқан. 

 

Келгендер бітім іздеп Рүстемге,

Қапыда қолға түсіп болды пенде, 

Сыпырып атын, тонын жалаңаштып,

Масқара қылды әбден әйгілі елге.

****

 Сонан соң хан біздің елдің адамдарын шақыртыпты. Оған баруға тағы қорқып, өз жерімізге барамыз деп көшпек болса, (үйсіндер) жақсы ат, жақсы түйе, сұлу қыздарын [алып] қалмақ бол[ып], оған біздің ел көнбей соғыс салыпты. Сол соғыста шапырашты Саурық батырдың баласы Ыстамбек деген өліп қалған соң, ел алдын-ала көшіп қаша беріпті. Тәнеке батырдың соңына ерген ел аман-есен өз жерлеріне жетіпті. Анау бір бөлек ел көшіп келе жатып, Рүстем төренің ауылына кез келіпті. Сонан соң Рүстем төре «құдай берді» деп алдап қонаққа шақырып, құлжаннан Тастамбек, Бектас екеуін, төртсары деген елден Естемес деген батырды және қасындағы үш-төрт жолдастарымен бауыздап өлтіріпті деп үлкен әкеміз Қалқабайдан өзім естідім және өзім болыс күнімде сол батырлармен бірге барып, байлаудан қашып құтылған Күржұман деген шалдан «қандай қылып өлтірді» деп сұрап едім, маған айтқаны мынау:

 – Тышқан бұрқан деген ұзын судың бойында төренің ауылына жақын келіп қонып жатыр едік. «Батырларды қонаққа шақырды» деп бір адам келген соң қастарына мені бірінші қылып Тастамбек, Бектас екі батыр және екі-үш кісі алып Рүстем төренің ауылына келдік. Естемес батыр келген жоқ екен, соны тосқан сияқтанып отырды. Содан кешке жақын Естемес батыр келді. Қасында екі-үш жолдасы бар. Олар келген соң кешікпей-ақ бәріміздің қол-аяғымызды байлап, бір бос үйге кіргізіп қойды. Түн болды. Байлау өткен соң әрқайсысымыз ойбайлап едік, Естемес батыр «Әй, иттер, кімге еркелеп ойбайлайсыңдар? Олар оныңды білмей отыр ма? Бұл қан ишарат. Бізді өлтірмей жібермейді. Ойбайлап дұшпанның күңкілін өсіргенше, құдайға сеніп үндемей жата беріңдер. Біз өлсек те найманның тұқымы құрып қалған жоқ. Құнымызды сұрайтын кісі табылар» деді. 

Сонан соң үндемей жаттық. Түнде біреу келіп мені түртіп қалып: «Естемес қайсың бір кісі оны босатып жібер деді» деген соң мен «Естемес мен едім» дедім. Сонан соң қол-аяғымды босатып, «ал енді қаш біреу көрмесін» деп мені қоя берді» деді. Үйден шыға келсем, таң атып келе жатыр екен. Жүгірген күйде Тышқан бұрқанның суына түсіп кетіп, судың астымен сүңгіп ағып барып, ауылдан ұзаған соң бір жерден шығып, әл-дәрменім кетіп, бір ағаштың түбіне жатып, кішкене есімді жиған соң ауылға зорға жетіп жығылдым – деді. – Сонан соң кешікпей хабар естідік, Рүстем төре бәрін өлтіріп тастады деп. Сонан соң сол көп түтін үркіп көшіп, жолға көп тоқтамай өзіміздің жерге келдік, деп сөзін тәмәм қылды. 

***

Хатта баяндалған оқиға «Рүстем қырғыны» дастанында былай деп жырланыпты: 

«Естемес есіл сабаз өледі-ау» деп,

Сыртынан ашығаны қыздың жаны,

Матайды маңыратпай ағытуға,

Түн ауа қыздың осы келген шағы.

 

Бақылап қыз жылыстап есікке кеп,

Ақырын есік ашып кірді ептеп,

Қалтырап өне бойы қорқып қыздың,

Ақырын дыбыстады «Естемес» деп, 

Ең шетте көгендеулі Күржұман қу,

Күңк етті «Мен Естемес... немене» деп. 

 

Мейрімді дірілдеген жылы қолмен,

Бұршақты қыз ағаты «жөнелгін» деп,

Күржұман жалғыз жанын олжа көріп,

Босанып жалғыз басы кетті «шу» деп. 

 

Па, шіркін қулықпенен құтылғанда,

Күржұман бола қояр кімге тұлға,

Тауды орған Тышқан бұрқан өзені бар,

Күржұман жанталаса жетті мұнда.

 

Күржұман жағадағы дөңбекті алды,

Жылжытып итермелей суға салды,

Бет түзеп елге таман жөнелмекке,

Үстіне аттай қарғып мініп алды,

Күн шыға Күржұман қу су үстінде,

Көбіктей көтеріліп кете барды.

***

Қош енді Рүстем қырғынын, елдің ауғанын, қашып келгенін жаздық. Енді осыған қанша жыл болғанын мөлшер қылып жазайын: марқұм үлкен әкеміз Маман деген кісі биыл 103 жасқа келер еді. Сол кісі айтып еді: «Сонда мен 16 жаста едім» деп (бұл қырғын 1840 жылдар шамасында болған екен – Б.Қ). Бірақ ел ауғандағысы екені, жоқ батырларды Рүстем төре өлтіргендегісі екені есімде жоқ. Бірақ арасы жақын. Ол жақта екі жылдан артық тұрмастан, батырларды өлтірген соң көк шығып келе жатқанда көшіп келіпті. 

Сол жыл екенін жоқ, келер жылы екенін білмедім. Әбілфейіз тұқымы Солтабайдың баласы Барақ төре батыр қаракерейден, садырдан қол жинап келіп һәм елден көп кісі қосылып, барып албан-дулатқа жете алмай, жалайырды шауып, малын қыз-қатынан алып қайтып, Жонға келгенде артынан Бейбіт төре сауға сұрап келіпті. Сәлемдесіп болған соң Барақ батыр биге:

– Жолыңыз болсын, – дейді. Би:

– Жол қылмақ сізден болсын, – дейді.

– Төре болғанда Әбілфейіздің Барағы едің, құс болғанда Орал таудың ақиығы едің. Сол ақиық ұшты дегенде ойлап едік, тауда жатқан төрт бөрінің бірін алады деп. Оны ала алмай, етекте жатқан сарышұнақ тышқанға әлің келді төрем, - деп жұмбақтап сөйлепті. Айтуы «маған сауға беріңіз» дейді. Сонда төре:

– Жарайды, қалағаныңды ал, – дейді. Би:

– Жарайды, рахмет. «Екі аяқтыда сату жоқ, төрт аяқтыда қайту жоқ» деген – деп Бейбіт төре барша еркек, ұрғашы жесір-жебірлерді алып қайтыпты. 

Рүстем төре Барақтан қашып құтылып кетіпті. Бейбіт төренің «таудағы төрт бөрі» дегені Домалақтың (ананың – Б.Қ) төрт ұлы екен, «етектегі сарышұнақ тышқан» дегені жалайыр екен. 

Сонан соң үш-төрт жылдан кейін орыс келіп садырды (найманның іргелі руы – Б.Қ) алыпты. Жолан төренің тұсы екен, ұрыспай-соғыспай өздері қарапты. Содан біздің елге (матайларды айтады – Б.Қ) келген соң үш-төрт күн соғысып, қамалап, орысты састырып тұрғанда зеңбіректің оғы келіп, бір кісінің басын жұлып кеткен соң, қорқып, біздің шамамыз келмейді екен деп өздері қарайды. Орыс әскерінің бастық төресін біле алмадым. Түркістан жағын қаратқан Черняевксий мен Кауфман, Калпаковскийлер еді. Олар емес. Бұл әскер Семей жақтан келіпті. Әркімнен сұрап едіп, білуші болмады. 

Жазып берген Құдайберген Тұрысбек баласы. 1924 жыл, 19 ноябрь. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?