Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың көне ақшасы қандай болған?

1782
Қазақтың көне ақшасы қандай болған? - e-history.kz

Қазақ ерте заманда ақшаның орнына жамбыны қолданған. Жамбы жасалу формасына қарай – ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ деп есімделуімен қатар заттық сипат-пошымына байланысты: асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы, түйме жамбы, теңге жамбы, тобық жамбы, бесқұлақ жамбы, қосқұлақ жамбы, ақсерек жамбы, қарақұлақ жамбы т.б. деп аталумен қатар, материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса ақ жамбы, алтыннан жасалса алтын жамбы деп де атаған. Бұл құнды бұйым ертеде ақшаның орнына да бағалы эквивалент ретінде жүрген.

Жалпы жамбы туралы әлем әдебиеті мен тарихи – ғылыми ақпараттарда мәлімет көп. Мысалы, 1636 – 1912 жылдары қазіргі Қытай, Моңғол, Тайвань, Ресейдің оңтүстік өңірі, Қырғызстан мен Тәжікстанның шығыс бөлігіне үстемдік жүргізген Чинь империясының (Манжы – қытай билігі) әкімшілік құжаттарында жамбыны салмағы және формасына байланысты төмендегідей жіктеген мәлімет бар екен. 

Тайтұяқ жамбы – салмағы 5 лан; 

Тобық жамбы – салмағы 10 лан; 

Сом жамбы – салмағы 40 лан; 

Ақсерек жамбы – салмағы 50 лан. 

Лан дегеніміз – орта ғасыр және манжы-қытай билігі кезінде ортаазиялықтар пайдаланылған салмақ өлшемі. Бір лан шамамен – 37,3 граммға тең. Сондай-ақ, сауда ісінде 1 лан – 10 жармаққа (тиынға) тең деп есептеледі екен. Лан атауы қазақ фольклорлық  мұраларында сәр немесе зер деген атаумен таңбаланыпты. Атам қазақтың аса бағалы бұйымды көргенде ауызекі тілде көп айтатын «зерден (зәрден) қымбат» дейтін тіркесі осы болса керек.  

Зер дегеніміз – алтынның өте ертеде қолданыста болған атауы. «Ер қадірін ел білер, Зер қадірін зергер білер» деген мақалдағы «зер» сөзі осы алтын мағынасында. Мысалы, XIV ғ.-дағы қыпшақ ақыны Құтбтың «Хусрау уа Шырын поэмасының сөздігі» атты кітапта зер атауын алтын сөзінің синонимі ретінде көрсетеді. Сол сияқты алтындалған, яки алтыннан соғылған сырғаны – зер сырға, түймені – зер түйме, төсек ағаш, орындықты – зер орындық деп атаған (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 2-том. – Алматы: РПК "Слон" DPS, 2012. – 736 б). Осындағы «зер» атауы қырғыз халқының эпосы «Манас» жырында былайша көрініс тапқан екен: 

                                                                                                                                                         

Қаныкейді қақсатып, 

Қайқаңдап талап мал алды,

Қызыл құйрық нар алды,

Қызыл ділде зер алды 

(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл. 20-б)

 

Тоқсан күн қызық көрген жер,

Пұт-пұт алтын асыл зер,

Жүлдесіне берген  жер 

(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл. 32-б).  

 

Будандығын білгенде,

Пұттап алтын зер беріп, 

Бұхардың ханы сұраған,

Арғымақтың баласы,

Асыл жібек жал еді. 

(«Манас». Екінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл242-б)

 

Б.з.б. 1000 жыл. Ақсерек жамбы. Мысыр

 

Жамбының түр-түсі және әлеуметтік құны

Жамбының түр-түсі  мен оның құны туралы халқымыздың фольклорлық мұраларында жақсы айтылған. Атап өтер болсақ, «Асан қайғының қызы Жұпар» атты аңызда: ханға бәйге аты бастатқан тоғыз, қара кілем, қара нар, тайтұяқ жамбы, ал өзгелерге ат, шапан берілгені айтылса (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  85-том.191-б) «Саржан төренің құда түсуге баруы» атты аңызда: Байсақал деген бай құдаларына  тайтұяқ жамбыдан 50 дана, қойтұяқ жамбыдан тағы да 50 дана киіт қылып тарту жасағаны баяндалады (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  88-том.151-152 бб).

Мұндай деректі «Көтібар батырдың асы» атты жазбадан да кезіктіреміз. Бұл жазба да атақты Көтібар батыр өлерінде балаларына өсиет айтып: «Менің асыма үш жүзді түгел шақыр, кімнің аты бәйгеден келсе, оған аттың бас бәйгесінен бөлек, менің бәйге күреңімнің жабуы мен өзімнің қарашолақ наркескенімді сол ат иесіне табыс ет», - деп аманат айтады. Осы аманаты бойынша асы беріліп, бәйгеден озып келген жүйрік иесіне: айғыр үйірі қысырақ, масаты кілем жапқан тайтұяқ жамбы, мойнында тұмары бар қара бұйра нар берілгені (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  88-том. 237-238-бб) туралы баяндалса,  жазушы Iлияс Есенберлиннің 2004 жылы  жарық көрген «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер 1-том) кітабының 158-бетінде: «Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді» деген жолдар бар.

Сол сияқты «Бақтияр қиссасы» атты дастанда: «Тұра сап көрiстi қыз атасына, Қараған жоқ көңiлдiң шатасына, Уәзiрi бесқұлақтыжамбы бердi, Патшаның қолын жайған батасына» деген шумақтарды кездестіреміз  («Бақтияр қиссасы» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 9 – том. 43-б).

 

Жүлденің болған екен басы - тоғыз: 

Ат, түйе, қара жамбы басты негіз.

 Үйірлеп қысырақ та маталыпты, 

Аяғы шапан мен тай, болып өгіз 

(«Құмаш Қоңыр хикаясы» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  30 – том. 324-б) 

 

Алтын жамбы аттырып, 

Ат бәйгісін шаптырып, 

Назарын көптің бұрғызып, 

Сапырып берді шарабын, 

(«Қарасай Қази» дастаны: Н.Байғанин нұсқасы, Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  41-том.106-б) 

 

Қалы кілем қара нар,

Тайтұяқ жамбы және бар. 

Дабылдарын бөктеріп,

Сауыттарын төңкеріп,

Көп ноғай сүйтіп жаранар.

 («Қамбар батыр» Тәшкен, 1922 ж. 65-б)

 

Мақтым хан айтқан сөзін қабыл көрді,

 Қасына Келмембетті шақырды енді.

 Екі қоржын, қоскөзді жамбы беріп, 

«Қамбар деген ақын бар барғын», - деді. 

(«Қамбар батыр» жыры: Б.Мұқамбайұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  43-том. 236-б)

 

Алдынан шашу шаша апармаққа, 

Тайтұяқ екі қоржын жамбы салып.

 Жақын жер, алыс емес, ауыл жаны, 

Алдынан келінінің жетті барып. 

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  58-том.113-б) 

 

Қызыққа әбден ел батты, 

Сусынға жұтты шәрбатты. 

Ақ жамбыны асықтың, 

Орнына тігіп бәйге атты. 

(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 108-б) 

 

Жылқышының жолына,

Қара құлақ жамбыны,

Қымти берді қолына, 

(«Манас». Бірінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл) 

 

 

Қара күміс жамбы

 

Жамбының айырбас сауда ісіне қолданылуы

Осы орайда есте болатын дүние – ерте кезде бабаларымыз еуразиялық аумақта сауда-саттық ісіне: монета (қоскөз жамбы), гривна (құйма жамбы), медальон (тұмар жамбы), дирхем (теңге жамбы), динар (тиын жамбы) қатарлы асыл бұйымдарды қолданып келген. Яғни, бағалы заттардан жасалған бұл құнды бұйымдар сауда-саттық ісіне эквивалент (айырбас сауда) ретінде қолданылған. Қазақтар бұл құнды бұйымдардың барлығын бір ғана сөзбен «жамбы» деп атаған.

Италиялық автор Франческо Пеголоттидың (1290-1347) «Сауда ісі» атты кітабында, Алтын Ордаға саудагерлері өздерінде соғылған алтын-күміс теңге жамбыларын айырбастау арқылы Қытай мен Орта Азиядан жібек және алтын тінді парча, мақта, мата, керамика ыдыстар сатып алып, Иран мен Шығыс қалаларынан көркем металл, әшекей асыл бұйымдар әкелетіндігі туралы дерек кездеседі. Ал, Пеголоттидың өзі алтынордалықтарға полотно маталар алып барып, оларды күміс жамбыға (түпнұсқада «жамбы» деп жазылған) айырбастап, оларды Үргеніш базарына жеткізгені туралы баяндапты (Бартольд В.В. Соч. М., 1965. Т. ІІІ. 59-б).

Археолог К.Байпақов 1960 жылдары Отырар қалашығына жүргізген қазба жұмыстары барысында ақшазат көмбесінен ХІІІ ғасырдың 40-60 жылдары соғылған жамбыларды тапты. Олардың формасы сопақша, шеттері қайырылған, көлемі 119х147 мм, салмағы 1410 г. Екі сом жамбының шет жақтары дөңгеленген (бір бөлігі кесіп алынған), тағы екеуі сүйір таяқша пішінді, бетінде қақталған іздері бар. Ұзындығы 4-6 см, диаметрі 2-3 см. (Қазақстан тарихы. Бес томдық. 2-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 220 б).

Жоғарыдағы деректерден біз аталарымыздың жамбыны халықаралық сауда ісіне қолданғанына көз жеткіздік. Қазақтар тіпті бертінге дейін ауыларалық ішкі сауда қатынасын жамбымен жүргізгеніне фольклорлық мұралар дәлел бола алады.  

 

Алты торпақ, төрт тайға,

Тоғыз жамбы, тоғыз ат,

Сатып алған ақ семсер 

(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1962 жыл 75-б) 

 

Баянға бір білезік, алтын сырға, 

Бежіңнен әрең келген шықпас қырға. 

Жүз жамбың бағасына жетпес еді, 

Егерде алушы боп сатса пұлға. 

(Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  26 – том. 52-б)   

 

Тоғыздап дайындады және жамбы,

 Алтынды жетерліктей жиып алды. 

Жұпар мен бөкен, бұғы мүйіздері, 

Шетінен таңғалдырды көрген жанды.

 (Арқалық батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  27 – том. 137-б

 

Үйіне қонақ болған келе жатып, 

Қыдырлы Жантөкештің дәмі тартып, 

Деген соң «жамбы аламыз, мал алмаймыз», 

Тоқтатты он үш жамбы кесім айтып. 

(Арқалық батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 27 – том. 253-б). 

 

Тай болды Тарлан құлын келер жылы, 

Сол күнде-ақ көп жылқының шын дүлдүлі. 

Көрерсіз ат болғанда қандайлығын, 

Алты жақсы ат, жүз жамбы мұның пұлы. 

(Тарғын батыр жыры: Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  44-том.68-б).

 

Тайтұяқ алтын жамбы

 

Жамбының дүние, байлық өлшеміне айналуы

 Қазақ танымында «бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деген тәмсіл бар. Бұл тәмсілді тереңдеп тәпсірлер болсақ, қанша малың болғанымен алда-жалда қуаңшылық, су тасқаны, кенеттен келген табиғи апатқа тап келсе жанды хайуан қырылып қалады. Сондықтан да, атам қазақ «мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген ұстанымда болған. Өнер деп отырғаны шеберлер соққан алтын, күміс бұйымдар. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда жамбы. Бұны бүгінгі экономикалық көзқараспен түсіндірер болсақ қозғалмайтын мүлік. 

Яғни, бұрынғы заманда қазақ халқы үшін «қозғалмайтын мүлік» түрі алтын, күміс һәм бағалы бұйым жамбысы болған. Бұқара жұрт қиын – қыстау күн туса сандықта жатқан жамбысын шығарып сатып, жағдайын түзейтін үрдіс қалыптасқан. Кеңес үкіметі орнаған жылдары большевиктер халықтың қолындағы малымен бірге сандығындағы байлығы жамбыларында тартып алғаны туралы мәлімет бар.

Оған дәлел 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ішіндегі ірісі саналатын 

 «Қарқара көтерілісі» туралы жазылған деректі құжатта: «Бір рота солдат халықты тонап, топ-топ ерттеулі ат, жүкті түйе, сиыр, қора-қора қойлар және болыстың, бидің знагын, бір шанаш (мес) саф күмісті қойтұяқ, тайтұяқ, жамбы, сәукеле, жүген-құйысқан, кілем, киім, жабдықтарды жинап алды» деп жазылыпты (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  96-том. 93-б).

 Бұл дерекке қарағанда жамбы қазақтар арасында төңкеріске дейін сақталғаны байқалады. Ал жамбының байлық өлшемі болғаны туралы халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен фольклорлық жырларда былай деп баяндалыпты.

 

Он түйеге артқаны - дiлда жамбы,

 Жiбек масаты үстiне кiлем жапқан. 

(«Қисса Қасымжомарт» дастаны:  Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 4 – том. 194-б) 

 

Жағалбай атты елінде 

Базарбай деген байы бар. 

Байлығын оның сұрасаң, 

Есеп жетпес жайы бар. 

Іші-сырты безелген, 

Кілем-кілше сәні бар. 

Ділдәсы мен жамбысы

Мың түйе жүк тағы бар. 

Аяқты малда есеп жоқ, 

Айдалып бағып жайылар.

(«Қыз Жібек» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  26 – том. 52-б)                       

 

Әккі қу, суырдай сақ Уса-Серең,

 Таң ата шекарадан өткен екен. 

Ордасы толған алтын, жамбы, 

Әкетті алпыс мая парлап жеккен.

 («Жантай батыр» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  60-том. 352-б).

 

Қабырға жамбы 

 

Жамбының сыйақы һәм жүлде ретінде берілуі

Қазақ халқының өмір сүру салты мен тұрмыстық дәстүрінде күнделікті болып жататын оқиғалардың маңыздылығына қатысты сыйақы немесе бәйге беру үрдісі қалыптасқан. Мысалы ғашықтық дастаны «Қыз Жібек» эпосында Төлеген мырза Жібек сұлуды «алып келіп көрсетеміз» дегені үшін қаптаған қыз-келіншектердің басына бір-бір жамбы сый үлестіргені туралы айтылса, қазақтың тағы бір қаһармандық дастаны Көрұғылы жырының «Көрұғлының шағдатқа барғаны» атты бөлімінде, Ғаждамбек деген батыр жары Күләйімді алып келіп той жасап, балуан күрестіреді, тай бәйге, құнан бәйге, жаяу жарыс, өгіз тартыс сияқты сайыстар өткізеді де, жеңімпаздарға жамбы сыйға тартқаны хақында айтылады (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  82-том. 95-б).

Сол сияқты, халқымыздың ерлік дастаны «Тарғын батыр» жырының Нұрқасым Нұрғалиұлынан алынған нұсқасында Қожамқұл балуан мен ер Тарғынның күресі суреттеледі. Осы сайысты Тарғын батыр Қожамқұл балуанды жығып, бәйгесіне үш мың ділда, бір жамбы алады (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  44-том. 73-б)

Жоғарыдағы фольклорлық деректерден біз бұрынғы заманда қазақ халқы күреске түсіп жеңген балуанға, бәйгеге қосылған жүйрік аттың жүлдесіне немесе бұқараның мұңын жырлап, көкейіндегі шерін тап басып сөйлеген ақын-жырауларды көтермелеу мақсатында жамбы сыйға тартқанын аңғарамыз. Сонымен қатар жаңа жер, жат өлкеге қоныс аударған жағдайда малына өріс, өзіне қоныс алу үшін тұрғылықты жұрттың байпатшаларына сый ретінде жамбы ұсынатын болған. 

Мысалы, белгілі этнограф – ғалым Халел Арғынбаев: «Еліміздің солтүстік аудандарында ХІХ ғ. соңында көкпардың екінші түрі қалыптасқан. Көкпарға серке орнына орамалға түйілген күміс теңгелер, тайтұяқ, қойтұяқ жамбылар берілетін болған. Бұларды жерге көміп қояды да, дәмелілер шапқан күйінде ағып өтіп көмілген жамбы-көкпарды іліп әкетуі керек. Іліп әкеткен жігітті 2-3 жігіт тура қуады. Қашқан жігіт белгілі көмбеге барып, қайта топқа жеткенше ешкімге жеткізбесе, жамбы соған тиеселі» деп жазады (Арғынбаев Х. «Қазақтың отбасылық дәстүрі». – Алматы: «Қайнар», 2005. – 154 б). Жалпы жамбының сыйақы һәм жүлде ретінде берілуі туралы фольклорлық мұраларда деректі шумақтар баршылық. 

        

Күреске Тарғын жақтан Қарбай барды, 

О дағы Тәңірім оңдап жығып салды. 

Істері Алла оңғарып тұрған шақта, 

Мың ділда, бір жамбы бұл дағы алды. 

 («Тарғын батыр» жыры: Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  44-том. 72-б) 

 

Тоқтады ақын сөзі осыменен,

 Шыққан соң жақсы лебіз бір-бірінен. 

Патша «еңбегіңді жемеймін» деп,

Ақынға жамбы бастап тоғыз берген.             

(«Ақылды Ақым» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  24 – том. 62 – б)   

 

Бесінші ат бір жамбы мен он сиыр деп, 

Барлығың естіңіздер отырған көп. 

Алтыншы ат бір түйемен тоғыз болсын, 

Көпшілік осы айтқаным болар ма дөп! 

(Нүптебектің асы: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 28 – том. 288-б)         

 

Нәсібі зор Қамбар ер: 

Жамбы берем сіздерге

Жеңгелерім, бәрің кел. 

Қаладан қашық біздің ел, 

Сіздерге берген олжаны 

Ынтымақ етіп түгел бөл. 

(Қамбар батыр жыры: Б.Мұқамбайұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  43-том. 237-б

 

Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды, 

Тәңірінің жазған ісін көрмек болды. 

Басшы болып сол елді тапқан жанға,   

Жүз жамбы сүйіншіге бермек болды. 

(Қисса қыз Жібектің хикаясы: Жүсіпбек қожа нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 53-том. 88-б)

 

Жасында Жанақ жүрген қобыз теңдеп, 

Төрт ауыз өлең айтар жамбы бер деп. 

(Қозы Көрпеш өлеңі: Дәндібай Айтбаев нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  55-том. 12-б).

 

Сән-салтанат сайманы елден артық, 

Отыз нарға келіпті жамбы артып

Шұрайлы жақсы жерден қоныс алды, 

Тоғыз қылып, Тайлақ биге тарту тартып.

 (Қозы Көрпеш – Баян сұлу: Мұқыш Нукин нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  55-том. 237-б).

 

Бесік жамбы (күміс)

Жамбының жол-жораға жүруі

Халқымыздың бай мұрасы жинақталған «Бабалар сөзі» атты көптомдықтың  80-ші томының 81-бетінде «Баянауыл» атты топонимдік аңыз жарияланыпты. Аталмыш аңызда айталған мәтінге назар аударсақ, сонау ерте заманда адамзаттың аз кезінде құрлықтың саз кезінде, осы төңіректі екі қауым ел мекен етіпті. Күндердің күнінде олар әрі құнарлы, әрі шұрайлы жерді көріп, «мен алам, мен алам» десіп таласқа түседі. Осы тұста екі елдің игі жақсылары бас қосқан жиында Бай Ана есімді қадірлі кейуана былай депті: «Бірлік бітімнен туындайды, дау мәмілеге келмесе, дамайға ұласады, жаяу жарыс жасаңдар, балуан күрес қылыңдар, жамбы тігіп атыңдар, жер жеңгендікі» - дейді. Сөйтіп жаяу жарыс, балуан күрес, жамбы атудан сайыс өткізіп жеңісе алмапты. Көп күндер өтеді. Көпшілік қалжырап, шаршайды. Тағы да кеңес қылады. Ақыры, барлығы Бай Ананың алдына келіп:

  – Уа, Бай Ана! Егіз жатқан екі ел едік. Жер дауының жетер шетін таппадық. Біздің байлам мынау. Осы жерді өзің қоныстан. Бұл сенің - Бай Ананың ауылы болсын, - депті. Сөйтіп, Бай Ана осы өлкеге орналасыпты. Содан бері көпшілік бұл жерді Бай Ана ауылы, яғни «Баянауыл» деп атап кетіпті дейді. 

Жоғарыдағы аңыз-баяннан біз, ерте заманда өріс-қонысты бөлісу үшін көшпенді халықтар жамбы атып, сайысып жеңгені жерге ие болғанын аңғарамыз. Демек, жамбы халық арасына жол-жораны шешуге негіз болған екен. 

Сол сияқты, «Бабалар сөзі» көптомдықтың 75-томының  360-бетінде жарияланған «Садақбай батыр» атты ертегідебатырдың ғашығы Күнәйім жарының жорықтан жеңіспен оралып келе жатқан хабарын естіп көңілі өсіп, судай тасып, сүйінші сұрап келген адамға үстіндегі асыл шапанын оған бір жамбы қосып беріп, риза қылғаны баяндалады. Яғни, жамбы қажет кезінде жол-жоба, жора-жосынды атқаруға үлес қосқан екен.

 

Екі жамбы берейін, екі ат алсын,

 Еш адамға білдірмей кетіп қалсын. 

«Жазылған соң келеді деп келер жазда», 

Үкі тағып, келінге хабар салсын.                                                      

(«Садық-Сәлиқан» ғашықтық дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  25 – том. 191 –бет)             

 

Алдына шашу шаша бармақ болды, 

Тайтұяқ екі қоржын жамбы салды. 

Жақын жер - алыс емес, ауыл маңы, 

Алдынан келінінің жетіп келді. 

(Бөгенбай батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  29 – том. 234-б)       

«Бисмилла» деп әуелі тойды бастар, 

Көк серке көсем келген қойды бастар.

Әкесі бойжеткеннің мырза болса, 

Кәдеге шапан тұрмақ, жамбы тастар.

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  71-том. 273-б)

Той қылып қырық күндей, ат шаптырып,

 Көкбөрі, балуан күрес, жамбы аттырып, 

Бата алды келген көптен балаларына, 

Сый-сипат беріп көпті тарқаттырып

 (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  82-том.68-б)

Бұл ісім олқы емес деп масаттанды,

Жүздеген ішік және жамбыны алды.

Бейбіт би төрт-бес адам жолдас ертіп,

Тарту қып бәрін бекке алып барды. 

(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  61-том. 100-б)

Алтын құйма-жамбы (қазіргі заман)

Жамбының ғұрыптық міндет атқаруы

Қазақта «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген тәмсіл бар. Яғни, бата алу дегеніміз – қазақы ортада ерекше қасиетті ғұрып саналады. 2011 жылы жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиясының бірінші томының 429-бетінде: «Бата маңызды іске кіріскенде немесе басталған іс нәтижелі аяқталғанда тілеу айтудың ерекше формасы» деп жазыпты. Яғни халқымыз «құр аяққа бата жүрмейді» дегендей бата берген адамға жамбы тарту ететін дәстүр болған. 

Яғни, қазақ халқының қоғамдық қатыстарының өзекті мәселесін шешу жолында жамбының рөлі зор болғаны байқалады. Мысалы, 2004 жылы «Фолиант»» баспасына шыққан «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 27-томындағы «Арқалық батыр» жырында: «Жарлығы төреміздің мынау деді, Не керек елдің зарлап жылауы енді, «Он жамбы мен тәйжілік мансап берем», Осындай амал-айла қылады енді» дегенінде мәнсап пен биліктің ішкі үйлесімін жамбы ұсыну арқылы реттегені байқалады. 

Сонымен қатар, өткен заманда қазақ қоғамындағы аса күрделі дүниенің бірі «жесір дауы» екені екі бастан аян. Белгілі этнограф Халел Арғынбаевтың «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» атты зерттеу еңбегінде халқымыз осы жесір дауын, оның сыртында «қалың мал», «ілу», «сүт ақы», «той тартуы», «құдалық», «киіт беру» қатарлы ғұрыптық дәстүрлерді атқару барысында қолы жеткен дәулеттілер жамбы қолдағаны туралы деректер келтіреді.                    

 

Соны айтып, Қожекеңе Күләп келді,

Риза, қош болыңыз бізге, - деді. 

Балаңызға бір бата қылыңыз, - деп, 

Арғымақ ат, алтын тон, жамбы әкелді 

(Қозы Көркеш –Баян сұлу: Г.Н.Потанин нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  54-том.313-б)  

 

Хат жазып сәлем айтты Елемеске,

«Түн қатып жетіңдер, - деп, - ертең кешке» 

Елемес он үш жамбы өзі берді, 

Жоқтайтын ел намысын ер емес пе.

 (Арқалық батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  27 – том. 254-б)     

 

Өз малын пәре беріп өткізеді, 

Бермесе қиын азап шектіреді. 

Алушыға жамбы мен ат тартпаса, 

Таяқты сүйегіне жеткізеді. 

(Есенкелді батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  29 – том. 356-б)     

 

Былай еді жетінші жесір дауы,

 Берген малдың үстіне жамалады. 

Жамбы бастап бірінші тоғыз төлер, 

Ат бастаған бір тоғыз және берер. 

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  57-том.45-б)     

 

Сопақша (ромбик) жамбы

 

Жамбының қазақы қара өлеңдегі образы

Жалпы қазақ халқының өткен өміріне жамбы сияқты әсері мол ешқандай заттық бұйым болған емес. Бұл бұйымның қазақтың өмір салтына терең кіріккені соншалық басқасын былай қойғанда күрделі ұйқасты қажет етпейтін халық жадының поэтикалық туындысы қара өлең жанрының өзі жамбыны кірістіру арқылы мазмұны мен көркемдік ерекшелігі түрленіп отырған. 

Бұны ғылыми пайыммен тереңдетіп айтар болсақ, жамбыны сипаттау арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан байырғы әдеби-фольклорлық жанры қара өлеңіндегі мотив ұқсастықтары образды формулалар көркемдік деңгейге көтерілген. Сөйтіп, қоғамдық сананың тың образы қалыптасқан.

 

Көк қаршыға дегенде, көк қаршыға, 

Көк қаршыға ұялар шоқпар шыңға. 

Өмір бәйге болғанда, сен бір жамбы,

Қапылыста қор болма көкпаршыға. 

(Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 70-том. 36-б) 

 

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,

Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.

Сексен қыз серуенге шықса дағы,

Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

 (Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  70-том.130-б)

 

Ажарың ақ жамбыдай түрленеді,

Көз тартар ақ көйлектің бүрмелері. 

Алыстан нұр бейнеңді көзім шалса, 

Ұйқасып өздігінен жыр келеді. 

(Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  70-том. 416-б) 

 

Саусағың ақ жамбының күмісіндей,

Лебізің шын жұпардың иісіндей.

Жүрісің әсем сұлу көрінеді, 

Жорғаның су төгілмес жүрісіндей 

(Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  70-том. 111-б)  

Тайтұяқ қара  жамбы және оны құятын қалып.

Суреттегі тайтұяқ қара күміс жамбы ҚР МОМ қорында (КП 11498) сақтаулы тұр. Жамбының ұзындығы 4 см, биіктігі – 2 см,салмағы 47,7 гр, аумағы 3,5 х 1,5. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?