Былтыр тамыз айында Ресейдің Рязань облысына қарасты Қасымов қаласына сапарлаудың сәті түскен болатын. Мақсатымыз – Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали Қосымұлы Жалайыри бабаларымыздың кесенесіне барып, тағзым жасау. Топ құрамында Ә.Бөкейхан «Алаш» ҒЗИ директоры, журналист Ұшқын Сәйдірахман, жазушы, жас ғалым, алаштанушы Елдос Тоқтарбай, журналист Бүркіт Нұрасыл сынды азаматтар бар.
Мәскеуден таң ата шығып, түс ауа Рязань облысының Қасымов қаласына келіп жеттік. XII ғасырда іргесі қаланған Қасымов қаласы – Ока өзенінің жағасында, Уланова Гора тауының етегінде орын тепкен, табиғаты ғажап, тарихи нысандары көп тарихи шаһар. Бүгінде Қасымов – 29 мыңға жуық тұрғыны бар шағын, тарихи қала. Ол Рязаннан 165 шақырым, ал Мәскеуден 277 шақырым қашықтықта жатыр.
Қысқа-нұсқа: Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше хандықтарға бөлініп кетті. Олар: Қазан, Сібір, Қырым, Астрахан, Өзбек хандықтары мен Ноғай ордасы. Мәскеу кінәздігі мен Қазан хандығының ортасында құрылған Қасым хандығы да Алтын Орданың жалғасы болатын. Уикипедия деректерінде: «Қасым хандығы (орысша Касимов, татарша Хан-Керман) – Мәскеу патшасының бодандығында болған мемлекеттік бірлестік. Алтын Орда ханы, кейіннен Қазан хандығының негізін салушы Ұлық-Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін (1446) елде тақ таласы басталды да, оның ұлдарының бірі Қасым Мәскеу князіне қызметке тұруға мәжбүр болды. Қызметі үшін оған ұлы князь Иван ІІІ 1452 жылы шамасында өз атымен аталатын қала салуға рұқсат берді. Қасым өз иелігінде мешіт пен тас қамал тұрғызды» делінген.
Хандықтың орталығы Қасым қаласы болды. Қасымнан кейін таққа ұлы Данияр отырды. Әр жылдары хандықты Қазан, Сібір, Қырым, Қазақ хандықтарынан шыққан сұлтандар басқарып келді. Олардың қатарында біз жоғарыда тағзым ете келген – қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммед те бар.
Жат жерде топырақ бұйырған қос бабамыздың зираты Қасымов қаласының оңтүстігіндегі Уланова Гора тауының биігінде орналасқан. Таудың биігінде шағын ауыл бар екен. Ауыл азаматтарынан кесенеге барар жолды сұрап, қызыл кірпіштен тұрғызылған кесенеге адаспай жеттік.
Жергілікті тұрғындар ескі қорымды «татар зираты» деп атайды екен. Бұл төңіректе ертеректе мұсылман қорымы болған. Шыңғысхан әулетінің ұрпақтары да осы төңіректе жерленген. Ескі қорым соңғы 3-4 жылда мемлекет қорғауына алыныпты. Қызыл кірпіштен тұрғызылған кесене – Алтын Орда хандарының ұрпағы Ауған Мұхаммед сұлтандікі екен. 1649 жылы салынған Ауған Мұхаммед Сұлтан текиесінің (жергілікті халық «текие» деп атап кеткен) ішінде оның әйелінің және туыстарының құлпытастары қойылған. Бұл тарихи кесенені Ауған Мұхаммед Сұлтанның жары Алтын ханым еріне арнап орнатқан екен.
Мемлекет қайраткері, тарих жанашыры Мұрсалнәби Тұяқбай ағамыздың «Қасымов хандығы һәм қазақ сұлтандары» атты мақаласында Ауған Мұхаммед Сұлтанның өмірі туралы: «Ауған Мұхаммед Сұлтан XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб Мұхаммед ханның баласы. Бір дерекке қарасаң, 1621 жылдары Хиуада таққа таласу тартысында араб Мұхаммед хан жеңіліп, басына ауыр күн туады. 11 жасар Ауған Сұлтанды орыс елшісіне аманатқа береді. Екінші бір деректе әкесінің орны, таққа талас басталғанда ағасы тарапынан оның көзін жою қаупі төнгендігін пайдаланған орыстар жасырын алып кетіп, Касымовқа әкеледі» деп келтіреді.
Ауған Мұхамед сұлтанның кесенесінде шежіреші һәм тарихшы Қадырғали Жалайыри бабамыздың құлпытасы орнатылған.
Ораз-Мұхаммед бабамыз бұл кесенеде жерленбеген. Көптеген деректерде қызыл кірпішті кесене Ораз-Мұхаммедтікі деп жазылып жүр. Қазақ ханзадасының өлімі туралы деректерде, ол 1610 жылдың қараша жайында орыс патшасы Лжедмитридің қастандығынан қазақ тапқан деп жазылады. Оның мәйітін патша Ока өзеніне лақтырып, ағызып жіберген. Жоғарыдағы Мұрсалнәби Тұяқбай ағамыздың еңбектерінде: «Едіге бидің ұрпағы, асылдың сынығы Петр Урусов қандыкөйлек досы Ораз-Мұхаммедтің денесін өзен түбінен тауып алып, арулап Қасымов қаласындағы хандар қорымына жерлейді. Және Ораз-Мұхаммедті өлтірген Лжедмитридің жанын жаһаннамға жіберіп, бір жағынан досының кегін алса, екінші жағынан Ресей тағын қорғап, орыс елінің шетелдік басқыншылардан құтылуына жәрдемін тигізеді» деген. Осы деректерді негізге алсақ, асыл бабамыздың сүйегі Уланов Гора тауының биігіндегі көне мұсылман зиратында жатуы бек мүмкін.
Осы орайда бізде алдымен бабаларымызға құран бағыштап, қызыл кірпіштен соғылған төртбұрышты күмбезді аралап көрдік. Кесене ішіндегі құлпытас-зираттың бетіне арабша «Бисмиллахи ар-Рахмани ар-Рахим» дейтін Құран сөзін жазып, одан төменірек араб әрпімен қазақша «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр. (1530-1605). Құлпытасты қойған Қадырғали Жалайыр қоры. Қазақстан. 20.10.2005»» деген жазу жазылғанын көрдік. Төңірегін фото, видеоға түсірдік.
Қадырғали Қосымұлы Ораз-Мұхаммед сұлтанның сенімді серігі әрі кеңесшісі болған. 2005 жылдары «татар зираты» аталған кесенеге ескерткіш белгі орнатылды. Ескерткішті профессор Өмірәлі Қопабаев пен дипломат Сайлау Батырша-ұлы ағамыз қойғызған.
Кесенеден 100 метр жерде Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың тұрғызған мемориалды тақтасы орналасқан. Бірер жыл бұрын тұрғызылған ескерткішті де барып көрдік. Тастұғырдың биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.
Кеш бата Ока өзеніне келіп, Ораз-Мұхаммед сұлтан беті-қолын жуған өзенді тамашаладық.
Қасым хандығынан қалған көне жұртты, ақ мешітті, Сүйінбике анамыз мен Шаһали ханның кесене зираттарын көрдік.
Ораз-Мұхаммед сұлтан – Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тікелей ұрпағы. Қазақ сұлтандарының арасында жат жерде хандық құрған есіл ер. Шығай ханның ұлы Ондан сұлтанның баласы. Әкесі Ондан сұлтан – Тәуекел ханның інісі. Бабамыздың ерлігі мен өмірі туралы көптеген деректерді «Шежірелер жинағы» еңбегін қалдырған Қадырғали Жалаири жазып қалдырған. Жазушы Мұхтар Мағауин «Аласапыран» атты тарихи романында қазақ сұлтанының қайраткерлігі, парасаттылығы мен қаһармандық келбетін керемет суреттеді.
Бабаларымыздың өрлігі мен ерлігі өткен, хандық құрған даласын қимаш қоштасып, Мәскеуге аттандық.