Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түрік зиялыларының еңбектеріндегі ортақ құндылықтар

193
Түрік зиялыларының еңбектеріндегі ортақ құндылықтар - e-history.kz

Мақалада түркі әлемінің көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Зия Гөкалп шығармаларындағы ортақ құндылықтар қарастырылады. Олардың адам, отбасы, отан, ана тілі, білім, руханият және еңбек сияқты мәселелердегі идеяларының ұқсастықтары мен қоғамға әсері талданады. Екі тұлғаның мұралары бүгінгі ұлттық бірлік пен мәдени тұтастықты нығайту жолында маңызды рухани бағыт болып қала беретіні айқындалады. 

Кіріспе. Адамның өмірінде және жалпы әлемде құндылықтарында ерекше орын алады, олар жеке тұлға мен қоғамды тәрбиелеп, нығайтады. 

Түркі халықтарының ұлы қайраткерлері Зия Гөкалп пен Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының ортақ құндылығы – өз елінің ұлттық санасы мен ұлттық болмысын қалыптастыру. Оның туған жер, тіл, әскер, ана, дос туралы өлеңдері идеялық, құндылық тұрғысынан мазмұнды. Екі данышпан түрік ұлылығының ұлттық мүддесіне қызмет етіп, үлкен мұраттарға қол жеткізді.

Олардың шығармаларында халықтың рухани байлығы мен мәдени тұтастығы басымдыққа ие. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін сақтап, дамытудағы қажырлы еңбегі, оның ұлттық сананы оятуға арналған ағартушылық қызметі ұлт болашағының іргетасын қалады. Ал Зия Гөкалп түрік халықтарының рухани және мәдени бірлігін арттырып, түрікшілдік идеясының негізін қалады. 

Екі тұлға да білімнің, тәрбиенің, әдебиет пен өнердің қоғамды дамытудың негізгі құралдары екенін терең түсінді. Олар тіл арқылы ұлттың рухани тәуелсіздігін нығайтуды, тарихи сананы сақтап, келер ұрпаққа жеткізуді басты мақсат етіп қойды.

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы мен Зия Гөкалптың еңбектерінде ұлттық бірлік пен ынтымаққа шақыру идеясы айқын көрінеді. Туған жерге деген махаббат, ана тіліне деген құрмет, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы шығармаларының басты өзегі болды.

Бүгінгі таңда олардың мұрасы – түркі халықтарының рухани бірлігін нығайтуға бағытталған ұлы қазына. Бұл тұлғалардың идеялары қазіргі заманғы құндылықтарды қайта қарауға, рухани жаңғыруға және ұлт болашағы үшін еңбектенуге жол ашады. Ұлт қайраткерлерінің мұраттары тек өткен заманның емес, бүгінгі күннің де маңызды рухани бағдаршамы болып қала береді.

Адам. Бұл ұғым жеке тұлға ретінде адамның өзін, оның қасиеттерін, мүмкіндіктерін, сондай-ақ оның қоршаған әлеммен байланысын білдіреді. Жеке адамның жеке дамуы мен өзіндік жетілуі қоғамның жалпы мәдениеті мен дамуына әсер етеді.

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың. 

Бұл өлең жолдары қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының халықты ояту, адамдық пен ізгілік дәнін себу идеясын айқындайды. «Адамдық диқаншысы» болып шығу арқылы ақын халықтың рухани дамуы мен саналы болашағына қызмет етуді мақсат етеді. Өмірі мен шығармашылығында адамдық, білім, әділет пен қайырымдылық сияқты құндылықтарды насихаттап, Ахмет қалың жұртшылықтың санасын көгертуге, яғни рухани байытуға ұмтылған.

Зия Гөкалптың еңбектерінде адам ұғымы қоғам, ұлт, және мәдениет контекстінде кеңінен қарастырылады. Ол адамды тек жеке тұлға ретінде емес, ұлттық және қоғамдық құрылымның маңызды элементі ретінде сипаттайды. Оның философиясы адамды тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу, және ұлттық идеологиямен үйлесімді етіп дамытуға негізделген.

Зия Гөкалп адамды әлеуметтік ортадан тыс түсінуге болмайтынын баса айтады. Адамның мәні оның қоғаммен байланысында жатыр: қоғамсыз адам толық дами алмайды, ал адамсыз қоғам өмір сүрмейді.

Қоғамның рухани және мәдени құндылықтары адамды тұлға ретінде қалыптастырады. Адам – ұлттық рух пен мәдениеттің тасымалдаушысы. Ол әрбір адамның ұлттық құндылықтарды сақтауы және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі қажет деп санаған. Ал ұлтшылдық идеологиясында Гөкалп адамның ұлттық мәдениетке қызмет ету рөлін ерекше атап өтеді.

«Адамның құндылығы оның этикалық және моральдық қасиеттерінде жатыр» деп жазады З. Гөкалп. Оның пікірінше, әрбір адам өзінің жеке мүддесінен гөрі қоғамдық және ұлттық мүдделерді жоғары қоюы керек.

Түрік ұлтшылының  «Түрікшілдік негіздері» («Türkçülüğün Esasları»)  және «Мәдениет және өркениет» («Hars ve Medeniyet»)  еңбектерінде адам ұғымы терең зерттеледі. Бұл еңбектерде адамның ұлттық мәдениеттегі рөлі, рухани және материалдық дамуы, сондай-ақ оның қоғамға қызмет ету қажеттілігі жан-жақты қарастырылған.

Зия Гөкалп еңбектеріндегі адам ұғымы тек жеке тұлғалық ерекшеліктермен шектелмейді, ол адамның қоғам, ұлт, мәдениет, және дін аясындағы рөлін кешенді түрде қамтиды. Оның философиясында адам – ұлттық рух пен мәдениеттің негізгі тірегі, қоғамның ілгерілеуінің қозғаушы күші.

Отбасы. Отбасы – қоғамның ең басты ұясы, ұрпақ тәрбиесінің бастау көзі. Отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас пен құндылықтар адам бойындағы сенімділік пен адамгершілікті қалыптастыруға көмектеседі.

Ахмет Байтұрсынұлының отбасылық құндылықтары, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, тәрбиенің рөлі және ұлттық дәстүрлерді сақтау маңызды орын алады. Оның еңбектерінде адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық және адалдық сияқты құндылықтар көп ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылған.

Мәселен, «Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.

Сені онда, мені мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай еді Хақ тағалам!» деп басталатын «Анама хат» өлеңінде ата-ананың баласына деген қамқорлығымен, әкенің ақылы мен ананың мейірімі, бала тәрбиесіндегі сабырлылық пен ұстаздық рөлі кеңінен сипатталады. Байтұрсынұлы ата-аналардың балаларға адалдық, еңбекқорлық және ұлттық рухты бойына сіңіру міндетін ерекше атап көрсетеді. 

А. Байтұрсынұлы мен З. Гөкалптың еңбектерінде тәлім-тәрбиеге ұлттық рухани құндылықтардың отбасылық өмірдегі маңызы, отбасының қоғамның ажырамас бөлігі көрініс тапқан.

З. Гөкалп отбасын ұлттың ең негізгі және негізгі құрылыс материалы ретінде қарастырады. Әлеуметтанушы, ойшыл және жазушы болмысымен отбасы ұғымына үлкен мән берген З. Гөкалп әке ретінде отбасы ошағына үлкен мән береді. Мальтадан келген қызы Сенихаға жазған хатында ол: «Адамды бақытты ететін жалғыз өмір – отбасы. Жер жәннаты – отбасының ошағы» дейді. 

Осылайша З. Гөкалп отбасыны ұлттың ең маңызды бірлігі деп санайды. Ұлттың рухани және мәдени құндылықтары отбасында қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ол отбасы арқылы ұлттық тәрбие берудің маңыздылығын ерекше атап өтеді.

Отан. Әр адамның туған жері, ұлттық құндылықтар, мәдениеті мен тілі Отанмен тығыз байланысты. Отанға деген сүйіспеншілік адамның өзіндік ұмтылыстарын ғана емес, сонымен бірге қоғамда да игілікке қызмет ету ниетін оятады. 

Отан ұғымы А. Байтұрсынұлы шығармашылығында терең айтылған, ол – туған жер ғана емес, оның мәдениеті, тілі мен дәстүрлері арқылы ұлттық сананың ажырамас бөлігі ретінде де қарастырылады. Азаматтық өлеңдері мен намыстан туған мақалаларында Отан ұғымын ұлықтау мен оны қорғау аса маңызды орын алады, бұл тұжырымдамаларды түсіну арқылы қазақ халқының бірлігі мен егемендігіне қол жеткізуді көздеген.

Өз басынан кешкен қиын-қыстау күндері, ауыр жолдары, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық бірталай өлеңге арқау болады. Өлеңдерінің басты сарыны – ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы. 

Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары тұрады. 

«Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі» – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бəріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар» деп жазады академик Р. Нұрғали. 

Өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен, əлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?! 

Ахметтің көптеген өлеңдері мен мақалаларында елдің азаттығы мен тәуелсіздікке ұмтылу тақырыбы ерекше көрініс табады. Ол қазақ ұлтының рухын оятып, елін сүйген азаматтардың болашақ ұрпаққа үлгі болуы баса айтқан. 

Отан – ұлттық мәдениеттің негізі. З. Гөкалп отанды тек географиялық ұғым ретінде емес, халықтың мәдениеті, тілі, діні, салт-дәстүрі мен біртұтас рухани кеңістігі ретінде қарастырды. Оның пікірінше, отан – халықтың тарихи және рухани бірлігі негізінде қалыптасқан мекен. З. Гөкалп ұлттық бірлік пен рухтың отанды сақтаудағы маңызын ерекше атап өтті. Ол ұлттық сананың қалыптасуын түркі халықтары үшін басты міндет деп санады. Оның пікірінше, отанды қорғау – халықтың тарихына, мәдениетіне және болашағына қызмет ету. З. Гөкалп адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтарының бірі ретінде отанға адалдықты атады. Оның пікірінше, әрбір азамат отаны үшін қызмет етуге және оны дамытуға үлес қосуға міндетті.

«Түрікшілдік негіздері» (Türkçülüğün Esasları) – Зия Гөкалптың ең танымал туындыларының бірі. Мұнда ол отанды түркі халықтарының мәдениеті мен рухани өмірінің негізі ретінде сипаттады. Отанға деген сүйіспеншілік түркі халықтарының бірігуі мен дамуының басты факторы ретінде қарастырылады. З. Гөкалп өзінің ұлттық рухты дәріптейтін өлеңдерінде отанға деген махаббатын жиі суреттейді. Оның «Отан» (Vatan) атты өлеңінде отанға деген сүйіспеншілік, құрмет және азаматтық борыш туралы терең ойлар айтылады. Ол отанды қорғау – халықтың әрбір мүшесінің қасиетті борышы екенін өлеңдері арқылы жеткізді: 

О, Түрігім, бостандықтың киесі,

Бір өзіңсің, бар байлықтың иесі.

Шөбі шүйгін, суы тұнық жер еді,

Қанша керек, бар Түрікке жетеді.

 

...Ал оларда мешіт, мектеп, кітап бар,

Қолдарында тура бастар шырақ бар.

Қайран, Түрік, тонаушыны жолат па,

Жау біткенді сен шақырма қонаққа. 

Танзимат дәуірінің өкілі – Зия Гөкалп, алаш дәуірінің өкілі – Ахмет Байтұрсынұлы. Екі педагог екі елде тұрса да, жалпы адамзаттық құндылықтарға қызмет етті. Зия бей Осман империясының болашағы болған жас түріктер қозғалысының рухани жетекшісі болса, Ахмет Б. патшалық Ресей империясының шаруа саясатына қарсы шыққан Алаш ұлт-азаттық қозғалысының идеологиялық жетекшісі болды.

З. Гөкалптың отан туралы идеялары Түркияның ұлттық идеологиясының қалыптасуына ғана емес, жалпы түркі халықтарының рухани жаңғыруына ықпал етті. Оның еңбектері отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық сана, мәдени бірлік сияқты құндылықтардың негізін қалады. Бүгінгі күні де Зия бейдің ойлары түркі халықтарының ортақ мұрасын насихаттау мен ұлттық құндылықтарды сақтау ісінде өзекті болады. 

Тіл. Тіл – адамдар арасындағы байланыстың негізгі құралы және ұлттық бірегейлікті білдіретін басты белгі. Тіл арқылы мәдениет, тарих, салт-дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріледі, сол арқылы қоғамда рухани бірлік пен түсіністік қалыптасады. Бұл – айнымас тұжырым.

Ахмет Байтұрсынұлы тіл тазалығын сақтау, əдеби тілді қалыптастыру жəне ұлттық тілдің көркемдік деңгейін, қоғамдық өмірдегі рөлін көтеру жолында қалам ұшындағы жанашыр ғана емес, қарекет үстіндегі жасаушысы да болды. Оны (1912-1926) «Жазу тəртібі», «Шаһзаман мырзаға», «Жазу мəселесі», «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақша оқу жайынан», «Оқыту жайынан», «Бастауыш мектеп», «Шекіспей, бекіспейді» мақалаларынан байқатты. 

Ана тілі – қазақ тіліне құрмет Ахмет Байтұрсынұлының тек шығармашылығында ғана емес, бүкіл өмірінде, болмысында тұр.  Ол қазақ тілін қазақ тілін ғылыми негізде жазып, оны балалардың ана тілінде оқуына қолайлы етіп құруды, бұл мақсатта қазақ тілін бүкіл заңдылықтарын жасап шығарды, қалыптастырды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің грамматикасын жасап, ұлттық жазуды дамытуға үлес қосса, Зия Гөкалп түрік тілінің тазалығы мен даму мәселелерін көтерді. Екеуі де ана тілін ұлттың негізгі рухани тірегі деп санады.

З. Гөкалптың пікірінше, ұлттың ең басты ерекшелігі – оның тілі. Тіл жоғалған жағдайда ұлт та жойылады. Ол түрік тілін қорғау және дамыту арқылы ұлттық бірлікті сақтау қажеттігін алға тартты. Халық тілі мен әдеби тілді біріктіруді ұсынған түрік зиялысының ойынша, әдеби тіл қарапайым халықтың тіліне жақын болуы керек. Бұл идея «таза түрік тілі» (öz Türkçe) концепциясының негізін қалады, онда шет тілдерінен келген кірме сөздерден арылу қажеттігі айтылды. 

З. Гөкалп түрік тілін араб және парсы тілдерінен енген сөздерден тазартуды көздеді. Ол бұл сөздерді халық түсінбейтінін және олардың тілдің дамуына кедергі жасайтынын айтты. Ол жаңа сөздерді енгізгенде, олардың түркі тамырына жақын болуын маңызды деп санады. Сонымен қатар Зия Гөкалп түркі халықтарының ортақ бір тілде сөйлегенін қалады. Бұл идея түркі халықтарын біріктірудің құралы ретінде ұсынылды.

Ортақ тіл ретінде түрік тілінің заманауи нұсқасын дамыту және оны бүкіл түркі әлемінде насихаттау қажеттігін айтты. Қайраткердің «Түрік мәдениетінің тарихы» (Türk Medeniyeti Tarihi)  тілдің ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі екені, тілдің тарих пен дәстүрді сақтаудағы рөлін қарастырса, поэзиялық шығармаларында тілдің ұлттық рухты сақтау мен ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудағы маңыздылығы жиі жырланған.

Зия Гөкалптың тіл туралы идеялары Түркия Республикасындағы тіл реформаларына, әсіресе 1928 жылы қабылданған жаңа әліпбиге негіз болды. Оның ұсыныстары Түркиядағы ұлттық тіл саясатының дамуына әсер етті, сонымен қатар түркі халықтары арасында мәдени және тілдік ынтымақтастықты нығайту идеяларын қалыптастырды.

Бүгінгі күні де З. Гөкалптың тіл туралы көзқарастары түркі халықтарының ұлттық және мәдени бірлігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Білім. Білім тұлғаның ақыл-ойын дамытып, оның рухани және әлеуметтік тұрғыда жетілдіреді. Білімді адам өз мүмкіндіктерін пайдаланып, қоғамға пайдалы істерді сөзсіз атқарады. 

А. Байтұрсынұлы өз «Өмірбаянында»: «Торғайдағы екі сыныптық орыс-қырғыз училищесінде 1886-1891 жылдары оқыдым. Аталған училищедегі курсты аяқтаған соң Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебіне түстім» деп жазды.

Ахмет Байтұрсынұлы білім мен ағартудың қазақ қоғамы үшін маңызын жоғары бағалады. Оның ойынша, білім – халықтың өркендеуі мен дамуына негіз болар құрал. Ол білім арқылы қазақ халқының өркениет жолына төте шығуға болады деп сенді және осы идеяны насихаттады.

Сонымен қатар А. Байтұрсынұлы оқу-ағарту жұмыстары ұлттың санасын оятудың және рухани жаңғырудың негізі деп қарады. Ол халықтың сауатсыздығын жоюды, тек ана тілінде білім беруді қолдады, бұл халықтың өзін-өзі тануының негізгі жолы деп есептейді.

 Байтұрсынұлының негізгі еңбектерінің бірі – ол қазақ балаларға арналған алғашқы оқу құралдары жазылған. Ұстаздың «Әліппе», «Оқу құралы», «Тіл – құрал» сияқты кітаптары қазақ тілін оқытуға бағытталған маңызды еңбек болды.

Әлбетте, А. Байтұрсынұлы білім арқылы жеке тұлғалар ғана емес, жалпы қоғамды жетілдіруге болады деп білді. Ол сауатты ұрпақ қана халықты алға сүйреп, елдің өркендеуіне үлес алатынын баса айтты.

Ахмет Байтұрсынұлының көзқарастары қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ, оның білім мен тағдырына қатысты пікірлері білім ұлт беру саласында маңызды бағдар болып келеді. 

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамын сауаттандыруға бағытталған еңбектері Зия Гөкалптың білім арқылы ұлттық дамуды көздеген идеяларымен үндеседі.

Зия Гөкалптың білім туралы ұстанымдары оның түрік ұлтының өркендеуіне және ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал етуді көздеген философиялық және практикалық көзқарастарымен тығыз байланысты. Ол білім берудің ұлтты қалыптастырудағы және мемлекетті нығайтудағы рөлін жоғары бағалаған. З. Гөкалп білім беру жүйесінің негізгі міндеті ұлттық мәдениетке сүйене отырып, жас ұрпаққа тәрбие беру деп санап,  батыстық білім беру жүйесінен озық тәжірибелерді ала отырып, оны ұлттық рухпен үйлестіруді жақтады. Білімді тек техникалық және ғылыми дағдыларды меңгерту құралы емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңызды жолы деп білді.

Дін мен ғылымды бір-біріне қайшы емес, толықтырушы күштер деп таныған З. Гөкалыптың пікірінше, жастар діннің моральдық құндылықтары мен ғылымның рационалды ойлау қабілеттерін қатар игеруі тиіс.

Сонымен қатар ол білім беру тек теориялық емес, сонымен қатар практикалық болуы керек деп есептеді. Түркия білім беру жүйесінде Батыстың ғылыми-техникалық жетістіктерін үйреніп, Шығыстың рухани-мәдени құндылықтарын сақтау арқылы үйлесімді жол табуы қажет екенін ескертті. Ол білімнің тек белгілі бір топтың артықшылығы болмауы тиіс деп есептеді. Білімді халықтың барлық қабатының игілігіне айналдыру арқылы қоғамды дамытуды көздеді. 

Зия Гөкалптың білім туралы идеялары оның «Түрікшілдік негіздері» («Türkçülüğün Esasları») және басқа да мақалалары мен өлеңдерінде көрініс тапты. Ол білім беру жүйесін түрікшілдік, исламдық және заманауи еуропалық құндылықтарды біріктіру арқылы дамытуға шақырды.

Зия Гөкалп білім беру арқылы ұлттың мәдени, экономикалық, және рухани тұрғыда дамуын көздеді. Оның идеялары Түркияның білім беру реформаларында, әсіресе, Түрік республикасы құрылғаннан кейінгі кезеңде үлкен әсерін тигізді.

Еңбек. Еңбек адамның дамуына және қоғамның игілігіне үлес қосуға мүмкіндік береді. Еңбек ету арқылы адам қоғамда орын тауып, өз ісінің жемісін көреді. Бұл адамның өзіне деген құрметі мен қоғамға тигізер пайдасын алады.

Зия Гөкалп шығармаларында еңбек тақырыбы ұлттың және қоғамның дамуы үшін ең негізгі құндылықтардың бірі ретінде қарастырылады. Ол еңбекті адамның рухани және материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырудың ғана емес, сонымен бірге қоғамның ілгерілеуі мен өркениеттілігінің негізгі қозғаушы күші деп санайды.

Ахмет Байтұрсынұлы да, Зия Гөкалп та еңбекті ұлттық және жеке даму жолындағы басты құндылық ретінде бағалайды. Олардың пікірінше, еңбек адамның рухани және материалдық болмысын жетілдіретін, қоғамның өркендеуін қамтамасыз ететін басты құрал. Тұлғалар туындыларындағы еңбек мәдениетін қалыптастыру мен оны ұлт мүддесіне пайдалану тұрғысынан қазіргі кезеңде де өзекті.

Жеке адамдық адамның тұлғалық қалыптасуына ғана емес, оның өмірлік ұстанымдары мен мақсаттарына, қоғамдағы тікелей тікелей әсер етеді. Бұл құндылықтар – барлық адамзатқа ортақ әрі мәдени-рухани дамудың негізі. 

Зия Гөкалп пен Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының мәдени, саяси және ұлттық ояну дәуірінде белсенді қызмет атқарған, ойлары мен еңбектері арқылы ұлттың дамуына ықпал еткен тұлғалар. Олардың шығармашылық мұраларында ортақ құндылықтар, идеялар мен мақсаттар айқын көрініс тапқан. Бұл идеялар бүгінгі Тұран мен Түркістан бірлігі, әдеби-мәдени интеграциялар, ортақ тұлғаларды насихаттау бағытында да өзектілігін сақтап келеді. Зия бeи – империяның ақыны болса, Ахмет бeи – тұтқындағы елдің азаттығын аңсаған ақын. Екі ақынның өмір сүрген ортасы мен дәуірі бөлек болғанымен, екеуі де түрік тарихы мен ұлттық болмысын ортақтастырып, ұлтты қорғауға, қолдауға қызмет етті.

Екі тұлға да өз халықтарының тәуелсіздікке, өзін-өзі басқаруға ұмтылуын қолдады. Олар ұлттық сана мен мәдениеттің нығаюын ұлт азаттығының негізі деп білді. Зия Гөкалп «Түрікшілдік» идеясын ұсынса, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ұлтының өзіндік жолын іздеп, «Алаш» қозғалысын ұйымдастырғаны тарихи факт.

Қорытынды. Тұран мен Түркістан бірлігі – түркі халықтарының мәдени, саяси және экономикалық интеграциясын көздейтін идея. Бұл идеялар бүгінгі түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық ұйымдары аясында жүзеге асып келеді. Түркі халықтарының ортақ құндылықтары ретінде тарихи мұрасын, экономикалық байланысын, мәдени ынтымақтастықты қарастыруға болады. Онда түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениетін сақтау, тауар айналымы мен өзара сауда қатынастарын нығайту, әдебиет, өнер және ғылым саласындағы бірлескен жобаларды дамытуды қарқынды жүзеге асыру жөн болады. Мұндай ауқымды жобаларды іске асыру үшін ортақ тарих пен мәдениетке негізделген білім беру бағдарламаларын әзірлеу, түркі тілдес елдердің мәдени фестивальдерін ұйымдастыру, түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық алаңын құру сияқты ірі жобалар өз уақытын күтіп тұр. 

Әдеби-мәдени интеграциялардың жандануы түркі әдебиеті мен мәдениетін насихаттауда орын алады. Түркітану ғылымын жандандыру үшін бірлескен зерттеу институттарын құрып, түркі халықтарының ортақ әдеби құндылықтарын зерттеп, аудармалар арқылы әлемге таныту да кезінде түркі зиялыларының арманы болатын. Ортақ эпостар мен аңыздар негізінде кино, театр және басқа өнер туындыларын жасау, ортақ әдеби-мәдени журналдар мен басылымдарды шығаруды, Зия Гөкалп, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ортақ тұлғалардың еңбектерін жүйелеп, басып шығару арқылы тек түркі халықтарының ғана емес, әлемдік ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін көрсетуде де таптырмас үлкен қазына болмақ. 

Түйіндей келгенде, Зия Гөкалп пен Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы мен идеялары бүгінгі күні де өзекті. Тұран мен Түркістан бірлігі, әдеби-мәдени интеграция, ортақ тұлғаларды насихаттау – түркі халықтарының мәдениеті мен руханиятын одан әрі дамыту үшін маңызды бағыттар. Осы идеяларды жүзеге асыру арқылы түркі халықтары бірлігін нығайтып, ортақ құндылықтарын сақтап, жаһандық мәдениетке қосқан үлесін арттыра алады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?