Өз өмірін тұтастай қазақтың тілі мен мәдениетінің өрлей түсуіне бағыштап, небәрі 40 жасқа енді толған шағында халық жауы атанып мерт болған Құдайберген Жұбанов жайлы бірер сөз.
Кұдайберген Жұбанов — Қазақ ССР Ғылым академиясының негізін қалаушылардың бірі. Жұбановтың есімі қазақ мәдениеті мен ғылымының алыптары: С. Сейфуллин, А. Байтұрсынұлы, С. Асфендияров, И. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Әуезов сынды тұлғалардың деңгейіндегі тұр.
Құдайберген Жұбановтың білім алуы Ишан Оспанның мешітінде, Жобалы Темір-Уркачевск аймағында басталды. Үш жылдан кейін бала үйіне оралып, әкесі өз қаражатына ауылда жаңа бағыттағы мектеп ашты. Ауылдастары имам балаларды Құранға емес, зайырлы ғылымдарға үйретіп жатқанын естіп, балаларын мектепке жіберуден бас тартты. Құдайберген сыныпта жалғыз қалды, ал кейінірек әкесі Қуан өзі мұғалімнің айлығын көтеріп, қыздарын да мектепке береді. 11 жасар Құдайберген Жұбановтың ұстазы Абдулла Беркінов болды, ол кейінірек Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атанды.
Профессор Жұбанов қазақ тілін зерттеудің теориялық және практикалық мәселелерін айқындап, төл тіл білімі ғылымының даму жолдарын белгілеп берді.
Қазіргі замандастары Құдайберген Жұбановты ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы деп санады, ал Мұхтар Әуезов: «Жұбановтың алғашқы қадамдары да оның кім екенін және қоғамдағы орнын түсінуге мүмкіндік берді» деп жазған болатын.
Кұдайберген Жұбановтың интеллектуалды көзқарастары мен ғылыми ашылулары сол кездегі ең ірі түркітанушылар тарапынан жоғары бағаланып, ол ғалымдармен үнемі байланысып, хат алмасқан.
1932 жылдан бастап, 1937 жылғы қараша айында тұтқындалғанға дейін Қазақ педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры әрі меңгерушісі болды. 1933-1937 жылдар аралығында Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатының оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, әдістеме, бағдарлама және оқулықтар секторының меңгерушісі, сондай-ақ Қазақ ССР Мемлекеттік терминология комиссиясының төрағасы әрі «Гостерминкомның бюллетені» журналының бас редакторы болды. 1936-1937 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Қазақ филиалының лингвистика секторын басқарды, Ғылыми кеңестің мүшесі әрі Президиумының мүшесі болды, сондай-ақ «Қазақ тілінің академиялық сөздігі» бас редакторы қызметін атқарды.
1935-1937 жылдары Қазақстан ұлттық мәдениет институтының ғылыми кеңесінің мүшесі әрі жаңа (латын әрпіне негізделген) әліппидің Бүкілодақтық Орталық Комитетінің мүшесі болды.
1935 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланып, XVI Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегат болып қатысты, сондай-ақ «Қазақстанның 15 жылы» құрмет белгісімен марапатталды.
Қазақ тіл білімі туралы айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлын айналып өтуге болмайды: ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында ол араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп, ана тілі бойынша оқу құралдарын, сауат ашу жүйесіне арналған оқулықтар мен суретті әліппе шығарды. 30-жылдары қазақ тілі латын әліпбиіне көшірілгенде және орфографиялық қателіктер басталғанда, Құдайберген Жұбановтың қабілеттері қажет болды. Ол тек салыстырмалы талдау жүргізуден бөлек, ақпаратты жүйелеуде де қабілетті еді, бұл академиялық ойлау құрылымы бар адамның ерекшелігі. Латын әліпбиіне көшу кезінде қазақ тілінде жазу мәселесі қиын болды, көптеген кірме сөздердің жазылуында әртүрлі нұсқалар болды, ал профессор Жұбанов олардың бірегей жазылуын қорғады. Ол латын әліпбиі негізінде қазақ орфографиясының нормаларын қалыптастыруға белсенді қатысып, қазіргі қазақ әдеби тілінің теориясын жасады, ірі зерттеу еңбектерін жазып, қазақ академиялық тіл білімінің негізін қалады.
Қазақ терминологиясының өзекті мәселесінің бірі – оның принциптерін қалыптастыру. Қ. Жұбанов өзі қарап бекіткен 10 мыңнан аса терминді қандай принциптерге сүйеніп жасады. Ол бұл мәселеге алдын ала үлкен әзірлікпен келген. Бұл жөніндегі өзінің ойларын ол әуелі 1935 жылы 20 мамырда Алматыда өткен мәдениет қайраткерлерінің бірінші құрылтайында баяндап береді. Кезінде қазақ терминологиясын жасау ісінде орыс үлесінің ықпалы, яғни «орыстандыру» саясатының әсері айрықша болғанын ескерген жөн. Ол съезде 11 қағида ұсынады. Өз сөзімізбен қысқартыңқырап айтқанда олардың жалпы мазмұны мынадай:
1. Көптеген әдеби тілде аударылмай қалыптасқан халықаралық терминдерді, қазақ тіліне аудармай сол қалпында алу (революция, совет, теория, практика, тенденция, хирургия, климат, абсолютный, конкретный, т. т.);
2. Көптеген әдеби тіл тәжірибесінде аударылып алынған халықаралық терминдер (производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение,
т. т.) қазақ тіліне де аударылады, егер аударма термин мағынасын дәл бере алмай, бұзатын болса, онда оларды (сословие, состав, клетка, слет, т. т.) орыс тіліндегі қалпынша алу;
3. Әрқилы пәнде бір мағынада қолданылатын терминдерді бірегейлетіп алу; мысалы, форма – форма (философия, физика), материя – материя (физика, философия), корень – түбір (математика, ботаника, лингвистика), реакция – реакция (химия, биология, политика), т. т.
4. Білімнің әр саласында әрқилы мағына білдіретін терминдер (мануфактура, продукт, легенда) бір салада термин ретінде, басқасында жай сөз ретінде қолданылады. Мысалы: мануфактура экономикалық даму кезінде термин болады, бірақ тауар түріне жата алмайды.
5. Халықаралық сөздер түрінде қалыптасқан терминдер орыс тіліндегі үлгімен қабылданады (пролетариат, физика, биология);
6. Терминдерді түсініксіз етіп жіберетін жасанды сөзжасамға бармай-ақ, қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін де, атаудың ғылыми мәнін де толық қамти алатын терминдердің (Мысалы: беріліс – передача, көпкіл – многоугольник, тоқыма – текстиль, тәжірибе – практика, т.б.) баламасын табу;
7. - изация, - ификация. - ация тәрізді формалды элементтермен (машинизация, электрофикация, объективация) келетін сөздерді қазақ тіліндегі материалдандыру, электрлендіру, объективтенулер түрінде қалыптастыру келеді. Сол сияқты популярная книга – популяр кітап, абсолютная величина – абсолют шама, буржуазная идеология – буржуаз идеология, дифференциальное уравнение – дифференциал теңгерме түрінде қысқартып алу;
8. Қазақ тіліне халықаралық, терминдермен ілесіп -ист, -изм қосымшалары және ре, син, де, суп, анти, контр тәрізді префикстер енгізіледі.
9. -авто, -аэро, -авиа сияқты қысқартылған формаларға қазақ сөздері бірігіп (автожол, аэрошана, авиашана, автоқатынас) жазылады.
10. Қаркөмір (Караганда уголь), Халкомжер (Нарком-зем), т.т. сияқтыларды қысқартып қолдану.
11. Бұрын терминологиялық қолданыстан шығып қалған диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм сияқты терминдерді қазақ тіліне қайта енгізу.
Құдайберген Жұбановқа қазақ тілінің грамматикасы, диалектологиясы және тарихы бойынша алғашқы оқулықтар мен зерттеулер тиесілі. Ғылым, өнер, әдебиет саласының қызметкерлері арасында Құдайберген Жұбанов өте құрметті адам болған. Ол Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры ретінде, Қазақ ССР Халық Комиссариатының оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы ретінде, онда білім мен тәрбие мәселелері қарастырылған, сондай-ақ Қазақ ССР Ғылым академиясының лингвистика секторын басқарушы ретінде үлкен беделге ие болған. Қазақ совет тіл білімінің тарихында профессор Жұбанов қазақ тілінің алғашқы монографиялық еңбегінің авторы, туған тіл бойынша мектеп бағдарламасы мен оқулығының алғашқы құрастырушыларының бірі ретінде белгілі. Оның еңбегі – қазақ филологиясы бойынша кадрлар даярлау да маңызды жетістігі.
1937 жылғы қарашада профессор тұтқындалып, үш айдан кейін атылды. Профессорға жапон тілін білгенін үшін де айып тағылды: жапон тыңшысы деп айыпталды. Ол 1957 жылдың 3 қазанында ақталды.
Құдайберген Жұбановтың есімі Ақтөбе мемлекеттік университетіне берілді, бұл білім ордасы Батыс Қазақстанның және бүкіл елдің беделді жоғары оқу орындарының бірі. 1998 жылы ұлы ғалымның туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе университетінің басшылығы облыс әкімдігімен бірге Құдайберген Жұбановқа ескерткіш-бюст орнатты, осылайша Қазақстанның осы даңқты ұлының есімін мәңгілікке сақтады. Ескерткіштің авторы – Жадыгер Кенбай. Сондай-ақ Жұбановтың есімі көптеген қалаларда көшелерге берілген.