Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайраткер Қонаевтың туғанына 113 жыл

108
Қайраткер Қонаевтың туғанына 113 жыл - e-history.kz

12 қаңтар еліміздің аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 113 жыл толды. 

Дінмұхамед Ахметұлы – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, ССРО, шет ел ордеңдері мен медальдерінің иегері. 

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы қаңтар айының он екісінде Алматы қаласында дүниеге келді.  Еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде бастады. Ол дипломын Қоңырат карьерінің қуаттылығын 90 мың тонна қара мыс беруге жеткізу жөнінде жазып, оны үздік бағамен қорғап шығады. Өзі жұмыс істеген үш жылда бұрғылау станогінің жұмыскерлігінен бастап цех бастығы, рудниктің техника бөлімінің меңгерушісі, бас инженері, директоры болып қызмет атқарды. Димаш Ахметұлының бұрғылау станогі ескерткіш ретінде Қоңыраттың кіреберісінде мәңгілік сақталуда. 

Сол жылдары Қоңырат құрылысы қарыштап дамыған еді. Д. Қонаевтың өзі тұрған үй, балабақша, аурухана, мәдениет үйі салынды. Осындай қажырлы еңбегі үшін 1938 жылдың шілде айында "Ерекше еңбегі үшін" медалімен марапатталды. 

Бұл оның бірінші марапаттау белгісі еді. Аз уақытта іскер басшы, зор талап иесі болып көрінген Д. Қонаевты Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті 1939 жылы Риддер кен басқармасының директорлығына ұсынды. Өйткені Ридер полиметаллкомбинатының жұмысы, әсіресе шикізат кеніштері ақсап қалған еді. Бұл ұсыныс кенді Алтайдың экономикасын жедел көтеруге жасалған шара болатын. Сонымен Орталық Комитет жас коммунист Қонаевқа зор сенім білдірді, ауыр міндет жүктеді. Тұралап қалған аса ірі кәсіпорынның жұмысын жолға қою оңай болмасын білсе де, Димекең "жігіт аспайтын бел, жүрмес жол болмайды" деп тәуекелге бел байлады. "Қашан да бірінші болу құрметті, бірақ тыңнан соқпақ салу, мешеу елде ірі кәсіпорынды жолға қою маған оңайға түскен жоқ" деп жазады өзінің естелік кітабында. 

Екінші Дүниежүзілік соғысы жылдарында ол өндіріс жұмысын жоғары дәрежеде ұйымдастырушылардың қатарында ғана қалған жоқ, 1942-52 жылдары Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің орынбасары болды. Одан кейін 3 жыл Ғылым Академиясының президенті болып қызмет атқарды. Республика Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып екі кезең – 1955-60 жылдары және 1962-64 жылдары жұмыс істеді. Онан кейін Д. Қонаев республика партия ұйымын 1986 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ширек ғасырға жуық уақыт басқарды. 

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. 

Дінмұхамед Қонаев бар өмірін ғылым мен ел ісіне арнағандықтан, махаббат машақатының уайымына 27 жасқа дейін салынбапты. Бірақ Дінмұхаммед Ахметұлы әйел затын аса қастерлеген азамат, жаны ізгі адам еді. Өміріндегі үлкен жауапкершілігі – жар таңдауда қателеспеді. Оның өзінің «Жалпы жар таңдау – адамға бір-ақ рет берілетін уақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өмірімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан басталады, оның түтін түтері – сүйген жарынды сыйлаудан басталады» деген даналық ойы бар. Сондықтан да кеш үйленуін жар таңдаудағы мұқияттылығымен түсіндіре аламыз. 

Бір күні бірге оқыған досының өтініші бойынша белгіленген мекенжайға хат апарып беруін сұрайды. Дінмұхамед көрсетілген мекенжай бойынша барса, алдынан ойы жүйрік, жүзі жарқын, болашақ жары Зуһра Шәріпқызы шығып, таныстық осылай басталады. Ақшам уақытында болашақ жас жұбайлар бірге уақыттарын өткізген. Көп кездесулер Алматы қаласындағы Карл Маркс пен Совет көшелерінің қиылысындағы театрда тәтті, әрі ыстық естеліктері қалған.

Дінмұхамед Ахметұлы сүйікті жары Зухра Шәріпқызымен өткізген өмірінің әрбір күнін бағалаған. «Мен жарыммен 50 жыл 6 ай 2 күн бірге өмір сүрдім», — деді ол кейін. 1939 жылы қыркүйектің соңында Дінмұхамед Қонаев Балқаштан Алматыға сапар шегіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Дінмұхамед Ахметұлы қызға қызметі Риддерге ауысатынын айтып, «Зухра, менімен Риддерге баруға қалай қарайсың?» – деп сұрады. Бұл – Дінмұхамед Қонаевтің Зухраға тұрмыс құруға жасаған ұсынысы болатын. Қыздың келісімін берген кезі – Қонавтың өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі еді. «Сүйіктіммен кездескенім үшін тағдырыма ризамын. Біздің көңілді тойымыз 18 қазан күні әпкем Әмина Ахметқызының пәтерінде өтті. Қонаққа институттағы достарым, Қазақ тау-кен институтының мұғалімдері, инженер Жақсыбаев пен Кравченко, Зухраның ағасы Гариф Шәріпұлы жас жұбайымен келді...», – деп жазды Дінмұхамед Ахметұлы өзінің естеліктерінде.

Алпыс жылдан астам Алматы қаласын ғана емес, Алматы облысының халқын электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Қапшағай қаласы 2022 жылдан бері Қонаев деп аталады. Аталып қана қоймай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығы болды. 

«Биыл менің шешіміммен елімізде бірнеше облыс қайта құрылғанын білесіздер. Жетісу жерінде дербес екі аймақ пайда болды. Алматы облысының әкімшілік орталығы Қапшағайдың жағасына көшірілді. Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады», – деді Тоқаев.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қонаев қаласын өмір сүруге қолайлы "ақылды" қала ретінде дамыту қажеттігін атап өтті

"Біз бірлесе отырып, Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды облыс орталығына айналдырамыз. Үкіметке осы мәселелерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырамын. Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді", – деді Президент.

Сонымен қатар, Аңыз тұлғаның Алматыдағы тұрған үйі мен музейіне келушілер саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 20 мың адам аяқ басса, 2024 жылы 40 мыңнан асқан.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?