Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған рекорд

77
Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған рекорд - e-history.kz

Битайдың қызылшасын заводқа жеткізу үшін үш тоннадан жүк көтеретін 62 машина керек болар еді.

Ел тарихында педагогика, медицина, ауыл шаруашылығы, геология салаларда жемісті еңбек етіп, Еңбек ері атанған әйелдер аз емес. Бүгінгі материалымызда сондай жандардың бірі - Битай Тәтенова туралы сөз етпекпіз. 

Битай Тәтенова өз заманында  (1950 жылы) Еңбек ері атанған дихан. Қант қызылшасын өсірудің теңдессіз шебері болған адам. Бір гектардан 1906 центнер өнім жинап, әлемдік рекорд жаңартқан. 

Ғаламтор бетін ақтару барысында Битай анамыз Тәтенова туралы деректің өте аз екенін аңғардық. Википедия ашық-дерек көзінде Битай Тәтенованың 1924 жылы  қазіргі Жетісу облысы, Көксу ауданында дүниеге келгені айтылады. Яғни сол уақыттағы бөлініс бойынша Жетісу губерниясы, Талдықорған уезіндегі Қаратал ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1941 жылы қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1943 жылы қызылша шаруашылығы тобының меңгерушісі болып, сол жылы әр гектардан 150 центнер, 1947 жылы 500 центнер қызылша жинайды. 1948 жылы үздіксіз еңбектің нәтижесінде 5 гектардан 772 центнер қант қызылшасын алып, звеношы атанады. Сөйтіп сол дәуірдегі ең жоғары марапат -  Ленин орденімен марапатталды. 1949 жылы 5 гектар алқаптан 826 центнерден, 3 гектардан 938 центнерден өнім жиналды, бұл аудан бойынша қант қызылшасынан рекордтық өнім еді.

1950 жылы осы көрсеткіші үшін екінші мәрте Ленин орденін алады.  Сонымен қатар «Орақ пен Балға» алтын медалімен марапаттап, Социалистік еңбек ері атағы берілді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 3-шақырылым депутаты болған. 

1963 жылдан бастап ұжымшардан қайта құрылған «Еңбекші» кеңшарында қойма меңгерушісі, Қаратал жер теліміндегі бақша аға жұмысшысы болып еңбек еткен. Өмірінің соңына дейін туған ауылы Қараталда тұрды делінген қысқаша ақпаратта. 

Сонымен қатар Битай анамыздың ауылшаруашылығы саласына тигізген еңбегі өте көп болған. Атап айтар болсақ, сол замандағы ауылшаруашылығы саласына қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелерін кеңінен пайдаланып, тек қызылша ғана емес күріш, жүгері, қарақұмық, зығыр өндірісіне озық тәжірибе енгізген. Дәл осы еңбегі үшін Битай Тәтенова 1977 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 

Желідегі қысқаша ақпарат осымен ғана шектеледі. Сосын амалсыз, өткен ғасырда шығып тұрған мерзімді басылымдардың біразын ақтаруға тура келді. Ақыры «Пионер журналының» 1949 жылғы  бір санынан «Рекорд туралы әңгіме» деп аталатын бір материалға тап болдық. Материалда Қазақ даласында ауылшаруашылығына қатысты бұрын-соңды болмаған рекорд жаңартылғаны әрі оны жасаған адамның қарапайым қазақ әйелі Битай Тәтенова екені айтылған.  Авторы ретінде Р. Райымқұлов деген адам көрсетілген.

Енді осы материалға назар аударсақ: 

(Ескерту: материалдың жазу тілі сақталады)

Рекорд туралы өңгіме

Я, әңгіме рекорд туралы. Анау, мынау емес, дүниежүзілік рекорд, бұдан бұрын ешбір жерде, ешбір елде болып көрмеген рекорд жайында болмақ. Ол тек біздің елде, совет адамдарының ғана қолы жеткен рекорд.

Бұл рекордтың иесі қазақтың қарапайым колхозшы әйелі Битай Тәтенова. Оның тұрар және дүниежүзілік рекорд жасаған жері осы өзіміздің Қазақстанда. Дәл айтсақ, ол кісі Талдықорған облысы, Киров ауданының Молотов атындағы колхозында тұрады. Сол колхоздың қант қызылшасын егетін звеносын басқарады.

Битай өткен жылы бір гектар жердің қант қызылшасынан 1906 центнер, 54 килограмм өнім жыйнады! Шынында да мұндай өнімді бұрын-соңды есітіп көргендер бар ма екен? Әрине, жоқ.

Бір ғана гектар жерден жыйналған мұншама көп өнімді ауызша айту онай. Бірақ, соншалық табыска жету, оны жыйнау оңай емес. Тіпті, басқаны былай қойып, тек сол даяр өнімді бір жерге үйсе, оның қарамы қандай болар еді десеңші. Сөз жоқ, кіші-гірім жота боп көрінер еді. Сөйтіп, ол қыядан көзге түсіп өткеннің де, кеткеннің де назарын аударар еді.

Кант қызылшасынан кәдімгі қант жасалады. Қызылшадан қантты қант заводтары жасайды. Сондықтан, Битайдың бір гектар жерден өндірген жаңағы өнімін заводка тез жеткізу керек делік. Сонда Битайдың қызылшасын заводқа жеткізу үшін үш тоннадан жүк көтеретін 62 машина керек болар еді.

Ал, Битай звеносының еккен қант қызылшасы бір ғана гектар емес, бес гектар. Оның звеносы осы бес гектар егістің барлығын қосқанда, әр гектардан орта есеппен 1041 центнерден өнім алды. Сонда звеноның барлық өнімі 5206 центнер болады. Мұны тасуға тіпті көп машина керек.

Біздің елімізде рекордшылар көп. Шаруашылығымыздың әр саласынан жыл сайын сан озаттар, алдынғы қатарлы адамдар шығып жатады.

Өткен жылы осы Битай Тәтенованың жерлесі - Талдықорған ауданы, «Бірінші май» колхозының звено жетекшісі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, Социалис- тік Еңбек Ері Ольга Гоноженко жолдас қант қызылшасынан мол өнім алуда дүниежүзілік рекорд жасады. Ол бір гектар жерден 1500 центнер өнім алды. Гоноженко жолдас быйыл да зор табысқа жетті - өнімді өткен жылдан асырып, 1600 центнерге жеткізді. 

Сол сыяқты Жамбыл облысының Жамбыл ауданы, «Красная звезда» колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері Дариха Жантокова жолдастың да табысы ұшан теңіз. О да Битай сыяқты еңбек етудің өнерін көрсетті. Бір гектар қант қызылшасынан 1875 центнер, 29 килограмм өнім алды.

Шынында, осының бәрі де зор табыс, үлкен рекорд. Бірақ, осылардың бәрінен де шығандап асып түскен - Битай болды.

Будан он жыл бурын Битай 14-15 жаста еді. Бұл оның ауыл өмірін аңғара бастаған кезі болатын. Бүгінгі оның өзі тұрған колхоз қыстағының орны онда жай тақыр жаткан бір дала еді. Тасығанда суы Тасты тауына дейін жәйіліп кететін Тентек өзені, өзін бас идірген күш болмаганға такаппарланғандай, толқынын тулата ағып жататын.

Ауылдың осындай бір күндерінде Битай жақын құрбысы - Зейнеппен сабақ соңында сайрандап келе жатты. Көктемнің көркем табиғаты нәр беріп барлық жан-жануарды рахаттандырғандай. Жалтара ұшқан көбелек гүлден гүлге қонып сайран құрса, жел лебіне желпіне көк майса жайылған кілемдей түрленеді. Осындай әдемі, қош иісті күндері кеуделерін кере дем алып, кетпендерін күн нұрына шағылыстыра жұмыс істеп жатқан адамдарды көрді, олар. Битай мен Зейнеп жердің қалың қыртысын қопара, кейде тасқа тиіп шақ-шақ еткен көп кетпенді дихандарға қарап ұзақ турды. Олар Тентектен Тасты тауына қарай тоған казып жаткан колхозшылар еді.

Жас Битайдың еңбекке деген ықыласын арттырған және еңбекті құрметтеуге үйреткен алғашқы мектебі сол күнгі көргені еді. Осы күннен бастап еңбек үні оның құлағынан кеткен емес. Колхозшылар сол жылы ен бойы 50 километрге созылған 9 қатар тоған қазып, жаңа егістікті меңгерді.

Я, жаңа егістікті. Ол егістік қант қызылшасы екен. Бұрын-соңды егіп көрмеген, тарихы мен келер табысы белгісіз егістік.

Битай осы жана дақылды алғашқы егушінің бірі болғанын, одан ұшан-теңіз өнімді алғанын жыр етіп айтады.

Содан кейін он жыл ішінде Битайдың ауылы 500 үйлі колхоз болған. Алғашқы жылдары қызылшаның ең бітік өскен гектарынан 100 центнер өнім түскен. Қазір бұл колхозда гектарынан 400-500 центнерден өнімді қай звено, қай бригада болсын ала береді.

Битай еңбекте үлесі көп адамның бірі. Оның бұл жөніндегі үлгісін жыйнақтап айтқанда былай екен. Ең алдымен Битай жалығу дегенді білмейді. Жұмыс істеумен қатар, өздігінен көп үйренеді, оқыйды, көп ізденеді. Советтік агротехниканы меңгерген үстіне, меңгере береді. Оны жоғарыдағыдай зор табысқа, Социалистік Еңбек Ері деген ардақты атаққа жеткізген, данққа бөлеген де осы істері.

 - Еңбек ерінбегенге жеміс береді, - дейді ол. Түн ұйқыңды төрт бөлетін кез жиі кездеседі. Қолына ертеңгі ұстаган кетпен кешке дейін түспейтін уақыттар да болып тұрады.

Оның бұл сөзінде де мән көп. Өйткені, қант қызылшасы деген бабымды тап деп тұрған бір өсімдік. Ол күтімді, бапты жақсы көреді. Бейне сәби сыяқты. Бір күн карамасан, керегін беріп, тілегін орындамасаң кінереттеніп, дереу кері кетіп қалады. Сондықтан қант қызылшасын егу, баптау, суару, тәрбиелеу - аса көп әрекет пен ерекше машақатты керек етеді.

Әңгіме рекорд туралы еді. Оның қай саладан болса да еңбекпен болатыны анық. Соншалық еңбектен, қолжеткен рекордтық өнімнен алар ақы, түсер пайда туралы айтайық.

Битай быйылғы еңбек ақысына колхоздан 23 мың сом ақша, екі жарым тонна қант алды. Ойлаңыздар, бұл ненің нәтижесі? Сөз жоқ адал еңбектің, көп зерттеп, көп әрекет етудің нәтижесі. Міне, адал еңбектің жемісі бізде, осындай.

Битай звеносында тамаша адамдар көп.

Звено тандаулы адамдары - Бәзігүл, Қазына, Мәнуар тағы басқалары Битайдың шын серіктері. Бұлар бір ұядан ұшқан балапандар. Біріне-бірі көмекші, кеңесші, ақылшы. Олар еңбекте сондай бірлік, достық нәтижесінде ғана дүниежүзілік рекорд жасады.

Звено мүшесінің бірі:

- Бір түп қант қызылшасының 9 килограмм, 900 грамм тартқанын көрген бе едіңіздер? - дейді. 

- Жок, көрген емес ек.

 - Болмаса көріңіздер.

Теңкиген асқабақтай бір түп қызылшаға көзіңіз түседі. Я, ол асқабақ емес қызылша. Жарты бұттан артық салмағы бар. Мұны өсірген Битай, оның звеносы. Бұл - әлі ешбір жерде болып көрмеген, өніп көрмеген өнім.

Мұны көргенде, жаның рахат тауып күле бергің келеді. Ол куаныш күлкісі, мақтаныш күлкісі. Қарапайым колхозшы әйелдің дүниежүзілік рекорд жасап, ғылымға жаңалық, адам санасына соны түсінік енгізгеніне қуанып күлесің. Колхозшы қазақ қызы жаңашыл, озат, еңбек ері болып, оны зор қайраткер еткен Сталиндік заманның адамы болғанына масаттанып күлесің. 

Сондықтан Битай Тәтенованы Қазақ ССР Жоғарғы Советі депутаттығына кандидат етіп ұсынып, халқымыз оған зор сенім көрсетті. Ол халық сенімін ақтауда да адал еңбек сіңіреді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?