Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың тұңғыш антропологы

1539
Қазақтың тұңғыш антропологы - e-history.kz

Бар ғұмырын ғылымға арнаған тұлғалар болады. Олар тек қана ой еңбегінің иесі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ кей ғылым саласына бел шешіп, білек сыбана кірісіп, тау асып, тас басуға тура келеді. Сондай ой еңбегі мен дене еңбегін өмірінің мәніне айналдырған ғалымның бірі де бірегейі Оразақ Смағұлов болса керек. Өйткені бір елдегі тың ғылымның жолын ашып, негізін қалап, сол салада өлшеусіз еңбек істеген кісінің өмірі мәнсіз өтті дей алмайсыз. 

Қазақстанның тұңғыш антропологы, белгілі этнолог Оразақ Смағұлов қазақ халқының қырық ғасырдан бері келе жатқан этнос екенін елу жылдан аса уақыт зерттеп, биологиялық тұрғыда анықтады. Қазақтар антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың ешқайсысына ұқсамайтын этнос екенін дәлелдеді. Ғалым осы жетістікке жетуіне Қаныш Сатпаевтың ерекше қолдау көрсеткенін тебірене еске алады. ««Егер (Қаныш Имантайұлы) Сатпаевтың антропологияға деген түсінігі дұрыс болмаса, бүгінгі күні Қазақстанның антропология ғылымы да, оның маманы Оразақ Смағұлов та болмаған болар еді», - дейді О.Смағұлов. 

Антропология – адамның морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін зерттейтін ғылым, яғни бір халықтың түп-тамырын анықтайтын ілім. Осы ғылым Қазақстанда жоқ кезде Оразақ Смағұловты жетелеген кім? Бұл салаға ғалым қалай келді? Бір сұхбатында осы сауалдарға былай деп жауап береді: – жас кезімізде өзімізге ұнайтын бағытты таңдап алу мүмкіншілігі өте аз еді. Өйткені соғыстан кейінгі жылдар өте ауыр болды. Басымызға түскен соғыстың ауырлығы сондай, егер алға ұмтылып оқымасақ, надандықтан, қараңғылықтан көзіміз ашылмайтынын жеке басымыз түсінді. Сөйтіп 1950 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетіне оқуға түстім. 1951 жылы археологиялық экспедицияға Жетісу өңіріне бардық. Онда мәдени қалдықтарды, археологиялық бұйымдарды жинайды екен де, адам сүйектерін қайтадан орнына көміп кетеді екен. Оны неге олай істейтінін сұрағанымда, зерттейтін маман жоқ деді. Жаспыз ғой, бұл салада да бірдеңе бар шығар деген ой келіп, күздігүні мединституттың  адам анатомиясы кафедрасын басқаратын профессор Нұрыш Бөкейхановқа келіп көргенімді айттым.  Сол сүйектерді зерттеп, анықтама жасауға болмай ма деп сұрадым. Марқұм сол кезде қуанғаны сондай, «мұндайды да талап ететін жас бар екен ғой» деп мені кеп құшақтады. Дереу институттың оқу бөлімінің проректорын шақырып, мені таныстырды. Сөйтсем бұл адам да 30-шы жылдары антропологияны оқымақшы болған, бірақ ол саладағылар қудаланып жатқан соң медицинаға еркісіз келген екен. Ол да құшақтап, қуанды. Мені мединститутқа да студент ретінде тіркеп қойды. Кездейсоқ соған мен тап болдым. Осындай адамдарға кездесу, олардың қол үшін беруі Құдайдың берген бағы ғой деп ойлаймын. Сөйтіп төрт жылда екі институтты қатар оқып бітірдім ғой, – дейді антрополог. 

Ол заманда Қазақстанда бұл саланы оқытатын маман да, оқулық та болмаған. Сондықтан ол әу баста мәйітханаларда жұмыс істеген. Бағына жарай Оразақ Смағұлов оқу бітірген соң 1957 жылы Қазақ-КСР Ғылым академиясының жолдамасымен Мәскеудегі Миклухо-Маклай атындағы этнография институтына (қазіргі этнология және антропология институты) аттанады. Осылайша ғылымдағы жолы ашыла түскен жас ғалым аспирантураны да осы оқу орнынан бітіреді. Алайда кандидаттық тақырыбына байланысты кедергілерге тап болады. Дәл осы кезде Қаз-КСР Ғылым академиясының басшысы Қаныш Сатпаевқа жолығудың сәті түседі. Сатпаевқа Қазақстанда сүйек қорының жоқтығы алдағы зерттеуіне тұсау болып отырғанын жеткізеді. Бұл 1958 жылы болатын. «Сол кезде Қаныш Сәтпаев маған он екі мың рубль (ол кезде төрт «москвичтің» ақшасы еді) қаражат бөліп, бір машинамен қоса төрт жұмысшыны қасыма қосып беріп, үш айға экспедицияға жібереді», - дейді Смағұлов. Осылайша Қазақстандағы зираттарды қазуға жол тартады. Ашаршылық жылдары иесіз көмілген қазақтардың сүйегі бар Шұбартау ауданына, Қоянды жәрмеңкесі өткен Қарасор көліне барады. 

Фото ашық дереккөзден алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?