Алты жылғы айдау қанша әуреге салса да, Отыншыны мұқалта алмады, елге де қайтуға еш себеп таппады. Ол бәрібір Жетісу өңірін өрттей қаулаған отарлық саясаттың ауыр зардабын көзімен көріп, жүрегімен сезіне отырып, өлке халқына көмектесу керектігін түсініп қалып қойды. Өйткені 1916 жылғы патшаның маусым жарлығы елді дүрліктіріп жатқан кез еді.
Кейіннен Алаш Орданың көрнекті қайраткері, ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлы қазанамада жазғандай, «Елдің басына мынадай пәле туып тұрғанда мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін» деген Отыншының өз сөзі және оған қосымша М. Дулатұлы: «Отыншы үркіген елге жоқтау айтып, көбінесе қан төгілетініне жұрттың көзін жеткізіп, тағы да сол елге кызмет етіп қалды» дегенінен белгілі болғандай, Жетісу қазағын қорғайтын аз оқығанның басы болып сонда қалуға берік шешім қабылдады.
Жалпы Алаш оқығандарының 1916 жылғы көтерілістерге қатысты көзқарасы белгілі. Академик М. Қойгелдиев жазғандай, бұратана халықтардан майдан жұмысына адамдар алу туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығынан соң бүкіл қазақ даласындағы секілді Жетісу өңірінде де ауыр жағдай қалыптасты. Бір жағынан, майданның қара жұмысына адам бермеймін деп қарапайым халық көтерілсе, екінші жағынан, қайтсем де аламын деп үкімет орындары күшке көшуге дайындалып жатты[1]. Міне, осындай жағдайда, М. Тынышпаев дəл басып көрсеткендей, аз ғана қазақ зиялылары екі бірдей оттың ортасында қалды. «Жаңа басталған ұлттық бас көтеру жағдайында ресми билік орындары қазақ зиялыларына қозғалыстың ұйымдастырушылары ретінде сезіктене қараса, ал қарапайым қазақ болса оларға патшалық зорлыққа өздері қарсы қойған заңды наразылығын қолдай қоймағандығына түсінбей қарады»[2].
Бұл шақта қоғамдық-саяси өмір қайнап жатты. Саясатта хаос орнады, қос билік кезеңі жүрді. 1917 жылы сәуірде уақытша үкімет Түркістан комитетін құрды. Оның құрамына Сырдария, Жетісу және Закаспий облыстарынан басқа Ферғана, Самарқанд өңірлері кірді. Дала өлкесінен Ә. Бөкейхан мен М. Тынышбайұлы қатысты. Болыстар мен уездерде уақытша үкіметтің комиссарлары тағайындалды. Балабанов Лепсі округінің комиссары болып, оның жолдасы Отыншы Әлжанұлы тағайындалды. Райымжан Мәрсекұлы Семей облыстық қазақ комитетінің, Ыбырайым Жайнақов Жетісу облыстық қазақ комиетінің бастығы болып бекіді. Алаш азаматтары осынадй қауырт әрі құмбыл кезеңде күш біріктіріп, Алаш орда жұмысына жұмылдырылды. Отыншы екі қайраткерді де бұрыннан танитын, жолдастар бола алды. Еңсегей ерлер елді қорғау және сақтау жолында саяси аренаға шығып, ұлт мүддесін көздеп, белсене араласты. Нақтырақ айтқанда, 1917 жылдың сәуірде Верный қаласында І Жетісу облыстық қазақ съезі өтіп, оған Ы. Жайнақұлы бастаған қазақ зиялылары қатысқан жиынның ішінде Отыншы да болған. Аттай алты күнге созылған съездің нәтижесінде 17 мәселеден тұратын қарар қабылданады. Оқу-ағарту, жер, орыстар мен қазақтардың арақатынасын реттеу тәсілдерімен қоса босқындарды Қытайдан қайтару мәселесі де талқыланған. Отыншы Қытайға босып кеткен қазақтарды қайтару мәселесінде көп жұмыстар жүргізді. Босқындар көп шоғырланған жерлерге асхана ұйымдастыру, оларды уақытша орналастыру ісімен айналысты.
Отыншы Әлжанұлы 1917 жылдың көктемінде сол кезде Жетісу үкіметінде әскери және құқық қорғау істерін басқарған О. Шкапскийге уезде милиция құру жөнінде ұсыныс жасады. Іле-шала О. Шкапскийдің қолы қойылған: «Учаскелік милиция жасағын құру қажет деп есептеймін. Оны жауынгерлік бөлімнен құруға үміттенбеу керек, себебі округ әскерлерінің қолбасшысы бұған қарсы. Біз атты әскер милициясын жасақтауымыз керек» делінген шағын жазба Жетісудағы басқа уездік комиссарларға жіберіледі. О. Шкапскийдің бұйрығы күшіне еніп, Жетісу мен Сырдария облысының жекелеген аудандарында тәртіпті сақтау үшін атты полиция жасақтары құрыла бастады. Осылайша Отыншы қазақ, орыс, ұйғыр ұлтының жастары мен орыс армиясының демобилизацияланған жауынгерлері арасынан Лепсі округінің атты милициясын ұйымдастыруға кіріседі. Оны ұйымдастыруға О. Шкапскийдің жеке бұйрығыменен қазынадан 50 000 сом бөлінді. Қаражат алған О. Әлжанов, С. Аманжолов, С. Сабатайұлы арнайы форма, ат, қару-жарақ сатып алады.
Бұл жайт жергілікті Жетісу казактарын тіксіндірмей қоймады. Бұрынғы милиция қызметкері Г. Погорельскийдің төрағалығымен казактар жиыны өтіп, олар Лепсі уездік комиссары Балабанов пен оның орынбасары Әлжановты тұтқындау мәселесін талқылайды. Лепсі атқару комитетінің бастығы Яросевскийге хат жазып, Әлжановты қызметінен алып, оның қолындағы барлық іс құжаттары мен қару-жарақтарын да алуды талап етеді. Яросевский болса, оны Отыншыға көрсетіп, жасырына тұруды немесе елден кетуді айтады да, казактарға О. Әлжановты қамауға ешқандай негіз жоқ деп жақсылап тұрып жауап қайтарады.
Ақ пен қызыл алмасып, толқып тұрған шағында Отыншы Семей арқылы Орынборға аттанып, жалпы қазақ І құрылтайына қатысуға тиіс еді, Лепсі қаласында орын алған оқиғалар оның атының басын кері бұруға мәжбүр етті. Уақытша үкімет пен жерігілкті халықтың арасында бүлік туындап, қала дүрлігіп тұрды. Толқулар тәртіпсіздікке ұласа бастады. Отыншы қалаға кіргенде Лепсіні күзет бригадасы деп аталған майданға бармаған көпестер мен бай-құлақтардың ұлдары күзетуді мойнына алғандарын естиді, бұл уақытша үкіметтің талабына қайшы әрекетке бара-бар іс болатын. «Ескі Лепсі үкіметі жойылсын!» «Жасасын жаңа бостандық!» деп қызыл жалау көтерген наразылар тобы дабылдатып, ұрандатып тұрды. Отыншы қалаға кіріп жасағымен ереуілшілерді түгел қоршады. Дегтяров пен оның жақтастарына мәселені ушықтырмай, өткен жылдардағы қантөгіске жеткізбей шешу жолын ұсынды. Орыс тілінде жатық сөйлейтін Отыншы көпшілік алдында ереуілшілер өкілдерін келіссөзге шақырып, ойларын тыңдап, түйткілді мәселені тиімді шешуді қалады. Өйтпегенде О. Шкаповскийдің бұйрығымен екі рота жаяу әскер мен казактар эскадронынан тұратын жазалаушы отрядтың келуі керектігін, олардың әрекеттері азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін екенін ескертті. Ол халықты қантөгіске жол бермеуге шақырып, аудан басшысы ретінде келісім комиссиясы деп аталатын комиссия арқылы қала тұрғындарының талап-арыздарын тыңдауға сөз берді. Отыншының бұл мәмілегерлік қабілеті жақсы бағаланып, екі жақта келісіп бейбіт тарасты.
1917 жылғы шілдеде Отыншы Әлжанұлы Бірінші жалпықазақ құрылтай жиынына қатысу үшін Орынборға аттанды. Сәкен Сефуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылғандай, Орынборда «Алаш» партиясы атынан жалпыресейлік учредительный собраниеге барлық Қазақстан губернияларынан белгіленген адамдардың тізімдері (списке) «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 14 қарашада 250-ші нөмірінде жарияланды.
«IV. Жетісу облысынан списке № 2
1. Мұқаметжан Тынышпайұлы, 2. Шибалин (орыс), 3. Отыншы Әлжанұлы, 4. Ашкайский (орыс), 5. Ғабдоллин, 6. Ниязбекұлы, 7. Мырзақан Төлебайұлы, 8. Бабкин (орыс), 9. Пропкин (орыс).
списке № 3
1. Ыбырайым Жайнақұлы, 2. Шандириков (орыс), 3. Садық Аманжолұлы, 4. Дүр Сауранбайұлы, 5. Базарбай Мәметұлы» деп көрсетілген[3].
Ұлттық-демократия өкілдері алда өткізілмек болған Құрылтай жиналысына өз тараптарынан лайықты депутаттарды сайлау үшін жиналыстар өткізіп, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне тізімдерін жариялай бастайды. «Қазақ» газетіне жарияланған Ә. Бөкейханның «Қазақ депутаттары» атты мақаласында Құрылтай жиналысына лайықты деп көрсетілген 43 депутаттың арасында 26 нөмірде Отыншының аты аталып, тегі «Әлжан баласы» деп беріледі. 27 нөмірде аталас туысы Биахмет Сәрсенұлы жазылған.
Осы мақаласында ұлт көсемі: «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп ақтарылады.
«Алаш» партиясы атынан Құрылтай жиналысына қатысатын депутаттардың тізіміндегі Отыншыға мынадай сипаттама берілген: «Отыншы Әлжанов Семей облысының қазағы. Омск окружной сотында неше жылдай переводчик болып тұрып, онан кейін өз еліне жақын Көкпекті деген қалада учитель болып еді. Сол жерде тұрғанда саясат ісіне қатысуда айыпталып, ескі хүкімет 5 жылға жер аударды. Отыншы 5 жылын Лепсі қаласында бітіріп, Жетісу облысында тұрып қалған еді. Жетісуда тұрғанда Отыншының жақсы атағы естілуші еді» дейді.
Бұл кезеңде Уақытша үкімет құлады. 1917 жылы желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде қазақ қоғамының ең мықты азаматтары түгел жиналды. Съезге Қазақстанның барлық облыстарынан, Алтай губерниясынан, Самарқандтан, Қырғызстаннан делегаттар келді. Мәселе жалпы Түркістан автономиясы туралы болды. Съезд мынадай мәселелерді талқылап, шешімдер қабылдады:
• Сібір және Түркістан автономиялары туралы
• Оңтүстік-Шығыс Одағы туралы
• Қазақ-қырғыз автономиясы
• Полиция
• Халық кеңесі
• Білім
• Халық қазынасы
• Мүфтият мәселесі
• Халық соты
• Ауылды басқару
• Азық-түлік мәселесі.
Съезд қарарында: «Уақытша үкіметтің құлауына байланысты съезд анархия мен азамат соғысының таралуына жол бермеу үшін қазіргі жағдайдан шығудың бірден-бір жолын қарастырады:
«…Қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Русия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігі, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен күнге халықтың күйі нашарлауын және бұл бүліншілік біздің қырғыз-қазақтардың басына да келуін мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылады:
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Амудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
2) қазақ-қырғыз автономиясы — «Алаш» деп аталсын…
3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын...
5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бүкіл мекемеде санына қарай орын алады...
6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты «Алаш орда» болсын. Алаш ордасының ағзасы (мүшесі) 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырды.
Алаш орданың уақытша орны – Семей қаласы.
Алаш орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады...»
Съезд Совет өкіметін мойындамау туралы шешім қабылдады. Қызыл Армия шабуыл жасаған жағдайда қарсы тұру үшін өзінің ұлттық армиясын құру туралы шешім қабылданды.
Съездегі негізгі келіспеушіліктердің бірі одақ мәселесі болды. Жергілікті жерде әлі де билікке ие болған Уақытша үкімет өкілдеріне, қызылдарға, ақтарға, казактарға қарсы ортақ күресте кіммен баруымыз керек? Мұнда съезд делегаттары екіге жарылды. Жетісу, Сырдария, Самарқанд, Ташкент, Семей делегаттары қызыл советпен одақ құрудың мүмкін еместігін айтты. Олар Лениннің сөзіне сенбеді. Тарихқа көз жүгіртсек, солай болып шықты. Алдау мен сатқындық олардың соңынан ергендерді бітімгершілік саясатқа айналдырды.
Елге оралған Отыншы өзіне маңызды басым бағыттардай айқындады, ол былай түзілді:
• Алаш-Орда милициясының әскери бөлімдерін құру, бірақ Уақытша үкімет өкілдері Алаш партиясының одақтастары болғандықтан, әзірге уездік комиссариат полициясының өкіліне де орын беруді дұрыс деп тапты.
• Қазақ халқын казактардың шабуылынан қорғау, казактардың шешуші күшке айналуына жол бермеу қажеттігін ескерді.
• Жер мәселесі мен Алаш конституциясын тану мәселесін талқылау үшін Құрылтай жиналысына сайлауға жергілікті қырғыз комитеттерін дайындауды да ойлады.
• «Ресей халықтары құқықтарының декларациясын» жүзеге асыруға дайындалу, онда Ресей халықтарының өз тағдырын еркін билеу құқығы, бөлініп шығып, тәуелсіз мемлекет құруға дейінгі құқығы туралы айтылады (Бұл декларацияға Халық Комиссарларының төрағасы В. Ульянов (Ленин) мен Ұлттар істері жөніндегі халық комиссары И. Джугашвили (Сталин) қол қойған болатын).
• Совет саясатына қарсы тұру.
Совет үкіметі қазақ даласын жарылқай қойған жоқ. Большевиктер үкіметі орнаған кезде қазақтың өз большевиктік партия ұйымы ғана емес, өзінің пролетариаты да болған жоқ. Отарлаушылар мен олардың сойылсоғарлары казактардың қоластында азап шеккен бұқара халық, кедей тап қоғамдық қайта құру идеяларына ғана емес, сонымен бірге азаматтық құқықтары үшін күресетін мүмкіндікке жетпеді. Көшпелілерге қарағанда дамыған Еуропа халқы қазақ даласына отарлаушы көзімен қарады. Олар бір ғана ойға – тезірек ақша табу және аймақтың байырғы тұрғындарының құнарлы жерлерін тартып алуды ғана ойлады. Осындайда ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы: «Қазақтарға Ақпан революциясы қандай түсінікті болған болса, оларға Қазан революциясы соншалықты түсініксіз болып көрінді... Олар алғашқы революцияны қандай қуанышпен қарсы алған болса, екіншісін сондайлық үрейлі қорқынышпен карсы алуларына тура келді» деп күйінгеннен жазған жоқ па.
Совет үкіметімен ымыраға келу мүмкін еместігін Алаш көсемдері сезгендей, Отыншы да білді. Бұған дейін орын алған патшалық отарлау саясатының келеңсіз жақтарын, самодержавиенің «бұратана халықтарға» деген ұлы державалық көзқарасын, ұлттық кемсітушілікті, азаматтық құқықтарды шектеуді және патша террорының аты ғана өзгеріп, сипаты, табиғаты еш өзгеріссіз қалғанын аңғара алды. Ол күткен үміт уақытша үкіметте те ақталмаған...
Уақытша үкімет тұсында құрылған милиция жасақтары таратылды, енді Отыншының алдындағы тағы да халықты қорғау үшін Алаш жасағын құру міндеттелді. Жетісудағы қазақ комитетінің төрағасы И. Жәнібековтың көмегімен О. Әлжанұлы қысқа мерзім ішінде екі жүздей қазақ жігітінен милиция отрядтарын жасақтайды. Бұл жігіттер милиционерлер ғана емес, Жетісудағы Алаш Орда үкіметінің болашақ әскери күші де болуға тиіс болды. Милиция отрядтары атаман Анненков бастаған ақгвардияшыларға қосылып, Үржар ауданында әскери қимыл көрсетуге, одан әрі Сергиопольдағы казак әскерлеріне қосылуға тиіс болды. Наурыздың басына қарай Алаш Орда милициясының қатары 1500-ге дейін жетті.
О. Әлжановтың басшылығымен Лепсі уезінің милиция жасағы базасында шамамен құрамында 300 әскері бар Алаш жасағы құрылды. Алайда қару-жарақ пен әскери киім-кешектің жетіспеуіне байланысты жасақ қызылдардың Мамонтов басқарған жасағымен тікелей соғысқа шықпаған және Мақаншы мен Бақты жаққа шегінген. Жасаққа жас қазақ гимназистері, орыс тілін білетін мұғалімдер тартылған, бірақ әскери нұсқаушылар болмаған. Әлжанов өз жасағымен Бақтыға келген соң, онда жергілікті казактардың қолдауымен жауынгерлік дайындықтан өткен[4].
1918 жылдың көктемінде Жетісуде совет билігі қалыптаса бастады. Оларға Отыншы Әлжанұлының жанталаса милиция жасақтап жүгіруі, Түркістанда алаш комитетінің жұмыс жүргізуі ұнамады. Большевиктер халықтың белсенді өкілдерін, беделді азаматтарын тұтқындау арқылы өз биліктерін сақтап қоймай, нығайта түсуді көздеді. Бұл кезде бір жұмыстармен Верный қаласына кеткен Отыншының бірнеше күнге хабарсыз қалғаны жары Нұржәмиланың көңіліне тағы да кірбің ұялатты. Үй күтуші Малбағар мен үлкен ұлын шақырып алып, ойын айтты.
– Малбағар, төремнің Верныйға кеткеніне бірнеше күн болды. Бір нәрсеге ұшарамаса игі?
– Әлдия, көп уайымдамаңыз. Мен білсем, ағам оңай адам емес қой. Келіп те қалар.
– Жүрегі құрғыр өрекпіп тұрғаны. Лайым жақсылыққа болсыншы. Сонда да мен екеуіңді қалаға барып, жағдайды біліп келуге жұмсағалы отырмын.
– Жақсы, айтқаныңыз болсын. Мұқаш (Мұхамедқасымды қысқартып атаған), қазір жолға шығып кетейік, жол алыс.
– Бірақ, ол жақ алыс қой... Әкемді қалай табамын? – деп сұрады ұл.
– Балам, Верныйда әкеңнің ұйғыр достары бар. Мүмкін, солардан сұрастырарсың. Ұйғыр достары сенімді адамдар, олар әкеңе көмектесуі мүмкін. Бүгіннен қалмай жолға шығыңдар.
Екі атты қосар жетекке алып лау салып жеткен екеуі Отыншының тұтқындалғанын естиді. Бір кездері Отыншы құқықтарын қорғап сақтап қалған ұйғыр байлары оны қызылдар түрмесінен шығарып алуға белсене араласты. Құтқару операциясына арнайы топ құрылып, олар облыстық комитет бастығы Мұхамадиевке жүгініп, қызылдар қолындағы патшалық үкіметтен зардап шегуші, жер аудырылған Отыншы Әлжанұлын түрмеден босатуды сұрайды.
Қызылдар тарапынан түрмеге қамалып, босап шығуы Отыншыны үлкен ойға қалдырды. Большевиктер түрмесінде көрген-білгені, жаңа үкіметтің саяси тұтқындарға деген мейірімсіз, опасыз қарым-қатынасы қорғаушы ретінде толғандырмай тұрмады. Әлдияға түрмедегі басынан кешкені туралы көп айтып, жақын болашақта тыныш өмір сүру мүмкін еместігі туралы уайымын да жеткізді. Азаптан, түрме мен абақтыдан көз ашпаған тағдырын ойлай келе, қазірді өзінде уақытша жіберілгендей көріп, алдағы бейбіт, тыныш өміріне де кепілдік жоқ екенін сезді. Барлық адам баласын жарылқайды деген совет билігінің екі жүзді саясат ұстанып отырғанын жақсы түсінді. Оның ақгвардияшыларға қосылып, оларға бітіспес майдан ашып, ымыраға келместен шайқасып өтуді жөн деп шешті.
Түрмеден шыққан соң, Отыншы отбасын Көкпектіге жіберуге қамданды. Патша армиясының әскери формасын киіп, иығында полковник шені, погоны жалт-жұлт жарқыраған Отыншы ат үстінде, қапталында қылышы мен револьвері қынына ілген. Әкесінің сондай сымбатты, сұлу жүзін көрген Мұқаш былай деп еске алады[5]: «Әскери киім киген әкеме қатты қуандым. Бірақ анамның неліктен көзіне жас алғанын түсінбедім. Әкем Малбағарға жолға дайындалуды тапсырды, ешкімге тіс жармауды ескертті. Малбағар бір арбаға ең құнды, ең қажетті заттарды тиеді. Бұл арбада әкемнің құжаттары, кітаптары, қолжазбалары салынды. Ал екінші арбаға әкемнің ғана емес, отбасымыздың ең керемет қазынасы «күміс киіз үй» жабдықтары тиелді. Алты қанатты ордамыз көздің жауын алғандай әсем үй болатын, керегесі мен шаңырағы үлкен, баулар мен басқұрлары көркем жасалған күміс ілмектермен бекітілетіндіктен, «күміс киіз үй» деп аталатын. Ағаш есіктің жақтауы, кереге бөліктері мен шаңырақ шеңбері түгел күміс қаптамамен қапталып, күптелген-тін. Шаңыраққа ілінген ашық түсті күміс алқалар ауада тербеліп, күн сәулесімен ойнап, ерекше шуақ шашып тұратын. Бұл үйді, әкемнің айтуынша, әкемді «төре» деп атап құрметтеген көкпектілік жерлестері сыйға тартқан екен. Әсем әрі сәнді үй халық шеберлерінің қолынан шығыпты.
Жаз шыққан сайын тамүйдің ауласына оқшау тігіп, жазда осында тұратынбыз. Мұнда күн өткізуді әкемнің жаны қатты қалайтын. Атақты күміс үйдің кейінгі жайын Қытайдан келген туыстардан білдік, ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдарына дейін халық өнері музейінде тұрғаны, ел-жұрт тамашалап таңдай қағып жүргені айтылып қалатын».
Көкпектіге жол жүрердің алдында Отыншы ұлын шақырып алып әңгімелесті.
Отыншы: Мұқаш балам, бүгін сенің өміріңдегі ең маңызды сәттердің бірі болмақ. Саған бір затты тапсырайын деп отырмын.
Мұқаш: Әке, сіздің айтқаныңызды орындауға әрдайым дайынмын. Ол қандай тапсырма?
Отыншы: Мынау біздің отбасымыздың ең қымбат мұрасы, баға жетпес асыл гауһар тас. Бұл тас сенің аталарыңнан қалған, ал қазір оны саған тапсырудың уақыты келген сияқты. Мұны жай ғана тас деп ойлама, біле білсең, бұл біздің отбасымыздың тарихы, өлшеусіз құндылығы.
Мұқаш: Жарайды, әке, бұл айтқаныңызды толық ұқтым. Бірақ осы мұраны сақтау үшін не істеуім керек?
Отыншы: «Жаман айтпай жақсы жоқ», мен болмасам, мына гауһарды сақтап, шешең мен бауырларыңды қорғай аласың. Өмірде алға жылжу – сенің ендігі қадамың болмақ. Бұл жолда адал, әділ болуға тиіссің. Осы жолды жалғастыру үшін мен саған жол көрсетемін.
Мұқаш: Сізді тыңдап отырмын, әке!
Отыншы: Сен Лепсіден шыққаннан кейін, Тарбағатай тауларына қарай бағыт ал. Алдыңғы бекет Үржар, ол жерде жақсы достарым бар, саған көмектеседі. Оған дейін ешқайда да бұрылма, қайырылма. Осы жолғы сапар тек жүріп өту ғана емес, сенің болашақ тағдырыңды да айқындайды.
Мұқаш: Әке, бұл тапсырмаңыз қауіпті екенін сеземін, маған үлкен сенім жүктейді. Мен бәрін дұрыс орындап, сіздің аманатыңызды ақтаймын.
Отыншы: Бұл – сенің өмір жолың, балам. Осы жолда сенің адалдығың мен ерлігің сынақтан өтеді. Сенің қолыңдағы бұл тас – тек қымбат асыл ғана емес, ол – сенің өміріңнің нышаны. Есіңде болсын, мұралар мен құндылықтарды тек сақтап қана қоймай, оларды алға жылжытып, жаңа ұрпаққа жеткізу керек. Мен сені өзім Үржардан табамын.
Мұқаш: Сіздің айтқандарыңызды жүрегіме түйдім. Бәрі де айтқаныңыздай болады.
Отыншы: Жақсы, олай болса, жолдарың болсын!..
Көш көлікті болып басталғанымен, орта жолда ойранға ұшырады. Отбасына әбден сенімге кіріп келген Малбағар көмекші өзгелерге қосылып сатқын болып шықты. Ол Әлдияның қолындағы барлық әшекейді алаяқтықпен ұрлап, тығып жүрген. Отыншының қан майданда арпалысып ерлерше опат болғанын естіген есірік немелер жас балаларды шырылдатып, жас ананы зарлатып, бар дүние-мүлікті тартып алды. Бүкіл көштің дүниесін Қытайға апарып сатып жіберуден де тайынған жоқ.
Ал Көкпекті түгілі мына тұрған Үржарға да жете алмай, иен далада отағасысыз, үш баламен Әлдия аңырап қалды...
Өлкетанушы Рамазан Нүсіпов ақсақал Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне жазған мақаласынан белгілі болғандай, Отыншыдан қалған бұйымдардың жай-күйі сөз болады. «1980 жылдардың басында бұл елде Отыншы туралы әңгіме қайта жаңғырды. Отыншы туралы жақсы білетін көнекөз қарттар әлі де бар еді. Оған себеп, мақаншылық Николай Кузьмин деген «Үшінші бесжылдық» деген жерде сиыр бағып жүріп ат басындай 26,5 келі құйма алтын табады. Иенде құлап жатқан дуалдың іргесінде шеті жылтырап жатқан жерінен қазып алады. Ол жыл ма, ай ма көп ойланып, оның шетінен бір бөлшегін кесіп алып, қалғанын заң орнына апарып беріпті. Артынан кесіп алған бөлшекті де, кескен жеріндегі ұнтақты да жиып әкеткен. Бір жылдан кейін «алтын емес, басқа металл екен» деген дақпырт тарайды.
Көнекөздердің: «Отыншының серіктері алтынды үшке бөліп алып, үш топпен қашқан. Соның бір тобының алтыны болуы мүмкін» деген болжамы ел ішін кезді. Ал орыс адамдары «Кузьминнің Қостанайдағы жаңа үйленген баласы коттедж, Өскемендегі жас баласы соңғы маркалы «Волга» сатып алды. Өзі зәлім, үстіне көйлек те алған жоқ» – деді.
1990 жылы Н. Кузьминмен сұхбат жүргізгем. «Алтын емес» деп жоғарыдағы дақпыртты қайталады. Сол кезде заң органдарында істегендер де оның алтын еместігін айтты. Отыншы тобының аманаты өз адресіне барған деген болжам бар» деп аяқтайды сөзін ақсақал[6].
Сөйтіп Малбағардай міскіндер қазақ айтатын «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген нақылды еске алмады. Отыншының отбасын тонаған озбырлардың бас қайда қалды десеңізші…
[1] Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Мектеп, 2019. – 183-б.
[2] Тынышпаев М. История казахского народа. С. 42.
[3] Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу.
[4] Әбдіғалиұлы Б. Алаш әскері. 1918-1920 жж. – Астана: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, 2017. – 392 б. 113-б.
[5] Альжанова С. Тулемисова Г. Отыншы Альжанов – «Беркут Алаш-Орды». – Алматы: Фонд Алтынбека Сарсенбайулы, 2008. – 180 б.
[6] Нүсіпов Р. Отыншы Әлжановтың соңғы соғысы жайында не білеміз? // «Дидар» газеті. 08.03.2017 жыл.