Зерттеушілердің айтуынша, қазақ ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған. Белгілі зерттеуші, этнограф ғалым Зейнолла Сәнік өз зерттеулерінде «Біздің еліміздің ежелгі жазбаларында түскен деректерге қарағанда, біздің заманымыздан бұрынғы 400-200 жылдар аралығында хатқа түскен жазбаларға негізделгенде ежелгі үйсін елінде балуан түсіру (Мұны Жаң Чяң, «мүйіздесу» аударған. Сол кезде үйсін балуандары басына мүйіз тағып күресе ме, әлде қазіргі сияқты балуандарды ноқталап «Зеңгі атаның сайысы» деп айрықша баптап әкелетіні сол кезден басталған ба - бұл жағы белгісіз), бәйге салу, арыстан ойыны, тобық ойыны, сырық ойыны және үйсін кыз-жігіттерінің садақ ату мергендігін сынайтын садақ ату ойындары, т.б. ойын түрлерінің болғандығы мәлім», - деп жазатыны бар.
Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек. Осылардың ішінде балар ойынынының маңызы өте зор. Жалпы қазақ ұғымындағы ойын мүлдем басқаша ұғымға негізделген. Ойын – тәрбие бастауы, дағдыға, жетістікке бағыттау құралы саналған. Белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің жазуынша, қазақ баласын ойын арқылы тәрбиелеген. Керек болса, тіптен бесікте жатқан сәтінен-ақ тәрбиелеуді меңгертуге көңіл бөлген. Нақты айтар болсақ, ойын ұлттық мұра ғана емес, жан-жақты тәрбие құралы.
Қазіргі таңда балалар ойыны деген ұғымға міндеттелмейтін, балаларды қуаныш сезіміне бөлейтін, жеткен ойын нәтижесінен рахат алуға мүмкіндік беретін балалардың қарым-қатынас түрі, әрекеті, ісі деген анықтама берілген. Оны сәл ертерек, түркі әлем айдары барысында «қазақтың ұлттық ойындары», «балалар ойындары», «спортттық ойындар» деген тақырыптарда берген едік. Бүгін біз өткен ғасырдың қырқыншы, елуінші жылдары аралығындағы газет-журналдарға назар аударуды жөн көріп отырмыз.
«Пионер журналының» осы кезеңдердегі сандарын парақтай отырып, бірнеше балалар ойыны тураы ақпаратқа тап болдық. Бір айта кетерлігі, олардың барлығы да қазіргі таңда ойнала қоймайды.
Мәселен «Пионер журналының» 1947 жылғы №7 санында «Үш ұлт ойыны» деп аталатын қысқа материал жарияланыпты. Авторы ретінде педагогика ғылымдарының кандидаты Б. Г. Макаренко деген адам көрсетілген.
Енді осы материалға назар аударсақ:
(Ескерту: материалдың жазу тілі сақталады)
Қазақ халқының сүйіп ойнайтын қызықты ұлт ойындары толып жатыр. Ол ойындардың көпшілігі жас балаларды шапшаңдыққа, ептілік пен тапқырлыққа, айлакерлікке баулыйтын, күш-қайраттарып арттырып, шынықтыра түсетін ойындар.
Балалар ойнауға лайықты ойындарының бірі - «қазан доп». Бұл ойынға 5-тен 16 балаға дейін, бұдан да көбірек қатысуға болады. «Казан доп» былай ойналады:
Жерге кеңдігі 3 метрдей дөңгелек (шеңбер) сызылады. Сол деңгелекті дәл ортасынан бір ұра қазу керек, ол «орталық қазан» деп аталады. Шеңбер сызығының үстінен әрбір ойнаушы кішірек шұңқыр қазып алады. Ойынға қатысушылардың қолында ұзындығы бірдей таяқтары болу керек.
Әрқайсысы өздері қазып алған кішкене ұраның тұсында ойын бастаушының қозғалысын, қыймылын аңдып турады. Ал орталық қазанды қоршап тұрғандардың бірі ойын бастайды. Ол, ағаштан жасалған допты (немесе жұмыр тасты) таяғымен қағып орталық қазанға түсіруге тырысады. Өз ұрашықтарының басында тұргандар допты орталыққа жібермеуге әрекеттенеді.
Ойын бастаушы шапшаң қыймылдап, айласын, ептілігін асыра білсе, допты орталық қазанға түсірмеу үшін қақпайлан жүрген бір баланың алдындагы ұрашыққа таяғының ұшын тыға қояды. Ұрашығынан айрылған бала ұтылған болып есеп теледі. Сөйтіп ол ойын бастаушының орнына турады. Сондықтан да ойынға қатысушылар әрі орталық қазанды қорғау керек, әрі өз ұрашығына ойын бастаушының таяғын жолатпай тез қағып жіберіп отыру тиіс. Ал, ойын бастаушы орталық қазанға допты түсірсе, онда ойын бастаушыға басқа адам сайланады.
Қазақтың ұлт ойыны «әуе таяқ» - әсресе жас өспірімдерді мергендікке тәрбиелейтін ойын. Бұл ойынның ойналатын орны- кеңдігі 10×40 метр- дей алаң болу керек. Алаңның шетіне ұзындығы да, көлденені де 2 метрдей екі шаршы сызылады. Бұл шаршылардын аралығы 3 метр болады. Ойнаушылар екі командаға бөлінеді. Әр командада 3-7 адам болсын. Әркім өздеріне күні бұрын ұзындығы 60-80 сантиметр таяқ даярлап алады. Екі команданың адамдары ке-зекпен шаршыға тұрады. Бірінші жақтың ойнаушысы қолындағы таяғы жоғарыдағы таяққа кезеп лақтырып, оған дәл тигізуі шарт. Әуеге лақтырылған таяққа дәл көздеп таяқ тигізген команда жеңген болып табылады. Одан кейін екі команда орындарын ауыстырып ойнайды.
Ал, ойынның ең аяғында таяғын әуедегі таякка көп тигізген команда ұткан болып есептеледі.
Үшінші бір қызық ойын - «доп ұрып түсіру» ойыны. Жерге сызылған дөңгелектің (шеңбердің) дәл ортасына биіктігі бір жарым метр бағана орнатылады. Бағананың басына доп немесе ағаштан жасалган шар не жұмыр тас қойылады. Ойнаушылар екі командаға бөлініп (әр команда 4-6 адам), бір метрлік таякпен допты бағананың қасынан жүгіріп өтіп бара жатып ұрып жерге түсіреді.
Допты көп түсірген жақ жеңеді.
Звено вожатыйы, қазақтың бұл ұлт ойындарын пионерлер лагерінде де, мектеп қорасында да ойнауға болады. Сенің звенонның пионерлері бұл ойындарды қалай ойнағаны туралы редакцияга жазып жібер.
Сондай-ақ аталмыш журналдың 1949 жылғы № 5 (мамыр) санында «жазғы ойындар» айдарымен екі түрлі ойын ережесі берілген:
Қарлығаш
Бул ойынға звено пионерлері тегіс қатысады. Ойынға қатысушылардың колдарында бір-бір таяқ болады. Оған әркім өздерінің белгілерін салады. Бұлардан басқа ұзындығы 80 см қара бояумен боялған бір таяқ болады. Оны «Қарлығаш» деп атайды. Ойынға қатысушының бірі «Қарлығашты» қолына алып, ойын бастаушы болады.
Ойын бастаушы «қарлығаштың» бір жақ ушын жоғары қаратып аспанға лақтырады. Оған тақау тұрған бірінші ойыншы ұшып бара «қарлығашты» көздеп, өзінің таяғын лақтырады. Егер «қарлығашқа» тигізсе, ол 3 ұтыс алады.
Мунан кейін ойын бастаушы «Қарлыгашты» алғашқы жаткан жерінен қайта лақтырады. Келесі ойыншы өз таяғымен оны көздейді. Осы тәртіппен барлық ойыншылар «Қарлығашты» кезекпен атады, тигізгендері 3 ұтыстан алады.
Барлығы «Қарлығашты» бір-бір рет атып болғаннан кейін, ойыншылар алғашқы реттерімен, таяқтарының түскен жерлеріне барып, жерде жатқан «Қарлығашты» көздеп атысады. «Қарлығашқа» тигізген ойыншы 2 ұтыс алады.
Мунан кейін ойынға қатысушылар таяқтарының түскен жерінен «Қарлыгашты» үшінші рет атысады. Тигізгендері 1 ұтыстан алады.
Осымен ойын бітеді. Кімнің ұтысы көп болса, сол ойыншы жеңген болып табылады.
Ойынның тәртібі мынадай:
1. Ойын бастаушы «Қарлығашты» белгілі бір орында тұрып лақтырады.
2. Ойыншылар таяқтарының бір ұшын алдына қаратып лақтырады.
3. Жерге түскен таяқ ойыншының лақтыруға кезегі келгенше, жерден көтерілмейді.
4. ұтысты ең аз алған бала ойын бастаушы болып тағайындалады.
Мақаланың жалғасын алдағы сандардан оқисыздар.
«Пионер» журналы1949 № 3,4,5 сандары