Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Ақын Қасымхан Бегмановтың шығармашылық жолы 1980 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Бастау» өлеңдер жинағынан басталғанын көпшілік біледі.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының бірінші томына «Жалын» баспасынан «Бастау» (1980 ж.), «Жазушы» баспасынан «Қарашық» (1990 ж.), «Бесіктен бейітке дейін» (1997 ж.), «Өлке» баспасынан «Сағыныш» (2000 ж.), «Ол көктем оралмайды» (2006 ж.), «Атамұра» баспасынан «Менің Түркістаным» (2008 ж.), «Ұшпақ» баспасынан екі томдық таңдамалысы (2008 ж.), «Қайнар» баспасынан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010 ж.), «Дәстүр» баспасынан «Жапырақ жауған қоңыр күз» (2011 ж.) атты жыр жинақтарына шыққан өлеңдері мен кейбір толғаулары еніп отыр.
Ақынның көптомдық шығармалар жинағының екінші томына «Күреңбел» («Дәстүр», 2014 ж.), «Көкжиек» («Дәстүр», 2020 ж.), «Соны соқпақ, қоңыр мұң» («Атамұра», 2023 ж.), «Құланиек, құба таң» («Mereke baspasy», 2023 ж.) атты жыр жинақтарына енген өлеңдері топтастырылған.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының үшінші томына автордың әр жылдары жазған естеліктері, эсселері, мақалалары, жүргізген сұхбаттары, жасаған баяндамалары мен сапарнамалары еніп отыр. Сонымен қатар қуыршақ театрына арнап жазылған «Ер Төстік» поэтикалық драмасы мен «Ұр, Тоқпақ!» пьесасы да кірген.
Көптомдық шығармалар жинағының төртінші томына Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты беріліп отыр. Бұл кітап осыған дейін «Этнографпен әңгіме» деген атпен шығып, қалың оқырманның қызығушылығына ие болған еді.
Төртінші томы таза ұлттық этнографияға арналып отыр. Халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, арғы-бергі тарихы, көне мәдениеті, ескі сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері, бүгіні мен келешегі туралы және шетелдерден елімізге ағылып келіп жатқан күнделікті халық тұтынатын әртүрлі тағам, тәтті сулар мен сағыздардан басқа да түрлі заттардың қайсысы адам денсаулығына қаншалықты зияндығы ашып айтылады. Бұл томның ерекшелігі – сыр-сұхбат арқылы нақты деректер мен қазақ халқының сан алуан салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрылғандығында деп білеміз.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының бесінші томына еліміздің ғұлама-абыздары мен дін, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері мен салт-дәстүр жанашырларымен жүргізілген тарихи-тәрбиелік һәм танымдық-тағылымдық сұхбаттар топтастырылып отыр. Бұл сұхбаттарда қазақ этнографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет және өнер, ұлттық қадір-қасиеттер мен тәлім-тәрбие, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар туралы толымды әңгімелер қозғалып, жан-жақты сараланады.
Ақынның көптомдық шығармалар жинағының алтыншы томына белгілі тарихшы, этнограф-ғалым Уахит Шәлекеновтің өмірі мен ғылыми шығармашылығы, қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты тұшымды ойлары, академиктер Оразақ Смағұловтың, Сейіт Қасқабасовтың, Жағда Бабалықұлының мұраларын сақтаушы, тарихшы Әлімғазы Дәулетханның тарихи һәм танымдық әңгімелері және салт-дәстүрді бүгінгі той-томалақтарда қалай дамыту керектігі туралы салиқалы сөз өрбіткен ерлі-зайыпты қаламгер-журналистер Марат Тоқашбаев пен Раушан Каршаловалардың ой-толғамдары топтастырылған.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының жетінші томына этнограф-ғалымдармен жүргізілген сұхбаттар топтастырылып отыр. Бұл кітапта қазақ антропологиясы мен этнографиясы, халқымыздың мұсылмандыққа дейінгі және одан кейінгі салт-дәстүрлері, қазақ шежіресі, әліпбиі және бүгінгі отбасылық мәселелер, көне түркі дәуірінің этномәдениеті, қазақтың зергерлік әрі ұсталық өнері жайлы кеңінен сыр шертіледі.
Көптомдық шығармалар жинағының сегізінші томына автордың Қарағанды, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстан сапарлары негізінде жазылған жолжазбалары, көзбен көріп, көңілге түйгендері, архивтер мен музейлер туралы деректері, өңірлердегі өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, этнографтармен сұхбаттары енген. Сонымен қатар еліміздегі емшілер, суретшілер, қолөнершілер одақтарының басшыларымен, ұлттық күрес, ұлттық туризм саласының мамандарымен, көп жылдардан бері бүркітшілікті дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан «Қыран» федерациясының директорымен жүргізілген сыр-сұхбаттары топтастырылған.
Ақынның көптомдық шығармалар жинағының тоғызыншы томына «Мұстафа Шоқай жолымен» тарихи-деректі, танымдық сапарнамасының үш бөлімі еніп отыр. Онда ұлы қайраткердің туып-өскен жері, мемлекеттік қызмет атқарған және жоғары білім алған қалаларын (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан және Петербор) аралағанда жинақталған түрлі құжаттар, фотодеректер, ағайын-туыстарының және өзін немесе қызметтес болған әріптестерін көрген, не естіген адамдардың естеліктері енген.
Көптомдықтың оныншы томына танымдық сапарнаманың төртінші, бесінші, алтыншы бөлімдері берілген. Кітап шоқайтанушы ғалымдарға, студент жастарға және жалпы жұртшылыққа арналған.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының оныншы томына «Мұстафа Шоқай жолымен» тарихи-деректі, танымдық сапарнамасының соңғы үш бөлімі еніп отыр. Онда Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Франция және Германия сапарларының әсерлері айшықты тілмен баяндалады. Аталмыш мемлекеттердегі Мұстафа Шоқай болған, өмір сүрген, қызмет атқарған орындардан жинақталған деректер осы әсерлі әңгімелердің арқауына айналған.
Олардың сөздері қаз-қалпында беріле салмай, белгілі бір оқиғаларға негізделіп, жүйеленіп, автордың ерекше талғамымен сұрыпталынып берілген. Автор осы экспедицияға жетекшілік жасай жүріп өзінің көрген-білгендерін, көңіліне түйгендерін куәлердің сөзімен және құжаттармен толықтырып, оқырманға өте сенімді етіп баяндайды. Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың туған баласындай болып, сегіз жыл бірге өмір сүрген және Түркістан легионының жетекшісі болған Уәли Каюмханның көзін көрген, немістердің концлагерлерінде ауыр азаптарды өз басынан өткізген 92 жастағы Әлім Алмат ақсақалдың автормен сұхбаты кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Танымдық бұл тарихи зерттеу кітабы нақты деректерге құрылғанымен барынша жеңіл оқылады. Қаламгер шеберлігі деген осы болса керек.
Ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он бірінші томына автордың «Экспедициядан кейінгі өмір» деп аталатын кітабы еніп отыр. Онда Мұстафа Шоқай басып өткен сегіз мемлекетті қамтыған «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедициясы аяқталып, осы аттас кітап пен төрт сериялы деректі фильмі шыққанға дейінгі аралықтағы төгілген тер, атқарылған еңбек, шеккен азап, бастан кешкен бейнет пен Өскемендегі жылға жуық уақытқа созылған сот құжаттары мен ғаламтордағы, баспасөз беттеріндегі айтыс-тартыстарға толы мақалалардан, оларға жазылған пікірлерден және осы тақырыпқа берілген сұхбаттардан тұрады.
Сонымен қатар осы тақырыпқа жазылған поэмалары, толғаулары, тарихи драмалары еніп отыр. Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға және М.Шоқайдың өміріне қызығушылық танытатын барша оқырман қауымға арналған.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он екінші томына автордың әлеуметтік желілерде жазған жазбалары жинақталған. Мұнда баяндамалары мен автор туралы әлеуметтік желілер мен сайттарда жазылған кейбір пікірлер, мақалалар және «Ол көктем оралмайды» атты поэтикалық драмасы еніп отыр.
Көптомдық шығармалар жинағының он үшінші томына еліміздің аса көрнекті ақын-жазушылары мен белгілі журналистердің ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы жайлы мақалалары, сұхбаттары һәм лебіздері, ой-тілектері енгізіліп отыр.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он төртінші томына автордың кейінгі жылдары әр түрлі басылымдарға берген сыр-сұхбаттары топтастырылған.
Көптомдық шығармалар жинағының он бесінші томында ақын еңбегі туралы орыс тілінде мәлімет беріліп, топтастырылған. Он бесінші том үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде белгілі әдебиет қайраткерлері Жұмекен Нәжмеденов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков және т.б. ақын шығармашылығы туралы әр кезеңде жарық көрген мақалалары қамтылды. Сонымен қатар Илья Жақановтың Қасымхан Бегмановпен бірігіп шығарған бірнеше әндерінің шығу тарихы туралы эсселер топтамасы қызықты оқылады.
Екінші бөлімде Михаил Синельников, Наталья Орлова, Мұрат Ерғалиев және Ардақ Еженованың аудармасымен автордың өлеңдері берілген. Өлеңдері мөлдірлігімен, шынайылығымен ерекшеленеді. Олардың таңғажайып энергиясы оқырмандарды баурап алады және махаббат әлеміне жетелейді.
Үшінші бөлімде оқырмандар «Алашорда аманаты» жырының екі аудармасын салыстыра алады. Кітап қалың оқырман қауымға арналған.
(Пятнадцатый том многотомного издания произведений выдающегося казахского поэта Касымхана Бегманова состоит из трёх частей. В первую часть вошли статьи об авторе и его творчестве, напечатанные в разный период времени известными деятелями литературы, классиками, такими как Жумекен Нажмеденов, Кадыр Мырза-Али, Туманбай Молдагалиев, Дулат Исабеков и других. Читателя заинтересуют серия эссе Ильи Жаканова об истории создания нескольких его песен в соавторстве с Касымханом Бегмановым.
Во второй части представлены стихи автора в переводе Михаила Синельникова, Натальи Орловой, Мурата Ергалиева и Ардак Еженовой. Стихи отличают страстность и искренность. Их удивительная энергетика увлекает и погружают в мир любви.
В третьей части читатели смогут сравнить два варианты перевода поэмы «Завет Алашорды». Книга предназначена для широкого круга читателей).
Шығармашылығының он бес томдығы жарық көрген ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов – қазіргі қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындардың бірі, оның шығармашылығы терең мазмұнымен, ұлттық рухты асқақтатумен және тарихи сананы жаңғыртумен ерекшеленеді. Оның шығармалары поэзиялық нәзік лиризм мен философиялық терең ойдың синтезін көрсетеді. Ақын поэзиясы ұлттық құндылықтар мен тарихи жадыны жаңғыртуды көздейді. Қазақ халқының шашылып жатқан бай мұрасы – ұлттық этнографияны жинауда, дәріптеуде үлкен қайраткерлік танытып келеді. Ешкімге керексіз болып қалған қанша этнографтарымыз, қолөнер шеберлеріміз бен ұсталарымыз, кестеші апа-қарындастарымыз жайлы мол ақпараттар жинап бастырды. Он бес жыл бойы «Дәстүр» этнографиялық журналын шығарып келеді. Сондай-ақ автор Қазақстан Жазушылар одағының «ТМД архивтеріндегі Қазақстан жазушыларының зерттеу жұмыстары» жобасы аясында Гүржістан елінің астанасы Тбилиси қаласында архивтерде жұмыс істеп, зерттеулер жүргізіп, көпптеген тың жаңалықтар тауып жазған жаңа кітабын он алтыншы том ретінде енгізуге болатынын айтамыз.
Ақын Қасымхан Бегманов шығармашылығында алаш кезеңі негізгі орынды алады. Алаш арыстарының тағдырын, ұлттық азаттықты, елдік мұраттарды өз өлеңдерінің негізгі өзегі етіп алған. Оның өлеңдерінен туған жерге, ұлттың болашағына деген алаңдаушылық анық көрініп тұрады. Ақын қазақ тарихындағы атақты тұлғалардың бейнелерін заманауи контексте қайта жаңғыртады.
Олжалы он бес томдық еңбек – тек Қасымхан Бегманов шығармашылығы ғана емес, қазақтың поэзиялық дәстүрінің жалғасы ғана емес, ұлт поэзиясының мазмұнын байытқан, оны жаңа биікке көтерген рухани мұра. Қ. Бегмановтың барлық шығармашылық мұраты адамзаттың асыл құндылықтарын жаңғыртуға және ұлттық сананы қалыптастыруға үлкен үлес қосады.