Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зұлымдық түрмесі

618
Зұлымдық түрмесі - e-history.kz

31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі – миллиондаған адамдардың өліміне әкелген жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықты еске алу күні. 1997 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі.

Сталин КСРО-ны басқарған 1922-1953 жылдар аралығында миллиондаған адамдар НКВД тарапынан әділетсіз қудаланып, түрмеге жабылып, өлтірілді. Тарихшылар қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 20 миллионнан асады деп жазады. Олардың барлығы ГУЛАГ – Бас түрме басқармасына қарасты түрме лагерлерінде ауыр жағдайда сақталып, пайдаланылды. Тұтқындардың еңбегімен атқарылған жұмыс «кеңес халқының ерен еңбегінің арқасында жасалған» деп айтылды.

Бүгінгі таңда «көпшілік одақ» сөзі айтылғанда, көптеген адам зұлым патшалық туралы ойлайды. Себебі, бұл ел Екінші дүниежүзілік соғыста 20 миллионнан астам құрбанынан айырылып қана қоймай, басқарудың сауатсыздығынан 20 миллионнан астам халқын қуғын-сүргінге ұшыратты. Қуғын-сүргіннің басым бөлігі елді 31 жыл басқарған Иосиф Сталиннің тұсында жасалған.

Тарихқа көз жүгіртсек, ол қуғын-сүргіндер кездейсоқ болған жоқ, оған қатал режим баяғыда-ақ дайындалған. Сталин КСРО-ны түрмелер еліне айналдыруды 1920 жылдардың екінші жартысында бастады.

Қуғын-сүргіннің алғашқы үлкен толқыны 1928-1932 жылдары халық колхоздастыруға мәжбүр болған кезде басталды. Ол кезде кедей-кепшіктерді «бай-құлақ» деп жазалаған соң, елдегі көптің мал-мүлкі тәркіленіп, алыс аймақтарға жер аударылды. Миллиондаған адам түрмеге түседі. Басқалары атып өлтірілді.

Бас лагерьлер (түрмелер) басқармасының (ГУЛАГ) арнайы бөлімінің мәліметі бойынша 1928-1931 жылдары КСРО бойынша ұжымдастыру жұмыстарында 381 000 отбасы интернацияланып, 1 803 392 адам қамауға алынған.

Сталиндік қуғын-сүргінге қатысты көптеген зерттеулер жүргізген тарихшы В.Н.Замсковтың айтуынша, 1928-1940 жылдар аралығында КСРО-да ұжымдастыру деген желеумен 2,5 миллион адам түрмеге жабылған.

1938 жылы тұтқындарды мерзімінен бұрын босату тәртібі туралы айта отырып, Сталиннің өзі олардың ел экономикасы үшін жұмысшы ретінде қаншалықты маңызды екенін айтты:

«Тұтқындардың түрмеде өзін жақсы ұстайтынына алданбау керек. Онда олар тәртіппен өмір сүреді. Бостандыққа шыққан соң қылмыс жолына қайта түседі. Сондықтан мерзімінен бұрын кеткендерді жұмыс орнында ұстау шаралары қолға алынуы керек. Сонда олар әрқашан бақылауда болады», - деді ол.

 

ГУЛАГ-тың құрылуы

1929 жылға дейін КСРО-дағы түрмелер мен лагерьлер одақтас республикалардың ішкі істер халық комиссариаттарының құрамында болды.

Ұжымдастыру кезінде түрмеге қамалғандардың көптігінен елде түрме жетіспейді. Одан кейін қуғын-сүргін кезінде жазаланғандарды ұстау үшін лагерьлер салынады.

1930 жылы 1 қазанда ГУЛАГ (Главное управление лагерей) – түрмелер бас басқармасы құрылып, елдегі барлық түрмелер соған көшірілді.

1934 жылы НКВД (Народный комиссариат внутренных дел) - Ішкі істер халық комиссариаты құрылып, оның құрамына барлық түрме лагерлерімен ГУЛАГ қосылды.

Осылайша, ГУЛАГ жүйесі КСРО-дағы барлығы 53 түрме әкімшілігін қамтиды. Бөлімдерге мыңдаған түрме лагерлері, 425 тұрғын колониялар және 2000-нан астам арнайы командалар кірді.

Сол кездегі ГУЛаг түрмелерінде отырған тұтқындардың жалпы саны туралы мұрағаттық мәліметтер соңына дейін жарияланған жоқ. Ресми деректер бойынша ГУЛаг лагерьлерінде бір уақытта 2,5-3 миллион тұтқын болған.

ГУЛаг құрылған кезден бастап Сталин қайтыс болғанға дейін оның лагерлерінде барлығы 20 миллион тұтқын болды.

1939 жылдан бастап ГУЛаг құрамында әйелдер мен балалар бөлек түрмелер жұмыс істей бастады. Балалар түрмесінде 12 мен 16 жас аралығындағы балалар ұсталды. 17 жасқа толғанда олар ересектерге арналған түрмеге ауыстырылды. Ана мен балаға арналған Қазақстандағы түрме АЛЖИР болатын.

 

КарЛаг-тың құрылуы

Карлаг (Қарағанды ​​еңбекпен түзеу лагері) – 1930-1959 жылдардағы КСРО-дағы ең ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі, Қарағанды ​​облысында орналасқан, КСРО НКВД ГУЛАГ жүйесіне кірген.

Бұл жерде мыңдаған тұтқындардың, жер аударылғандардың еңбегі кеңінен пайдаланылған аймақты жеделдетілген индустрияландыру кезеңі болды.

1930 жылдары Қарағанды ​​еңбекпен түзеу лагері бір жағынан бұрынғы саяси партиялардың, кулактар ​​мен байлардың, екінші жағынан саяси тұтқындардың мен шаруалардан қалыптаса бастады.

Ол ГУЛАГ-тың (Мемлекеттік лагерьлер басқармасы) ірі тармақтарының біріне айналды және Қазақстанның кең-байтақ аумағында дербес бөлім болды.

Еңбекпен түзеу лагерлерінің негізгі бағыты тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану және социализмді құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру еді.

Қарағанды ​​мәжбүрлі еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда ұйымдастырылды, лагерь орталығы Долинка селосында 45 шақырым жерде орналасты. Карлагқа 120 мың гектар жер берілді. Қарлаг аумағының солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы – 300 шақырым. ал шығыстан батысқа қарай – 200 шақырымға созылып жатты

Қарлаг ұйымының негізгі мақсаттарының бірі Орталық Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан көмір және металлургия өнеркәсібі үшін: Қарағанды ​​көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту зауыттары үшін үлкен азық-түлік базасын құру болды. Сонымен қатар, бұл өндірістерді құру және дамыту үшін жұмыс күші қажет еді.

Карлаг басқармасы Мәскеудегі ГУЛАГ ОГПУ-ға (НКВД) ғана бағынды. Республикалық және облыстық партия және кеңес органдары лагерь қызметіне іс жүзінде ешқандай ықпал еткен жоқ. Негізінде ол мемлекет ішіндегі мемлекет болды.

Бүкіл Долинка тікенек сыммен қоршалды. Территорияға кіру арнайы рұқсаттамалармен жүзеге асырылды. Іші тағы екі аймаққа бөлінді. Әрқайсысының бұрыштарында - қарауыл мұнаралары салынды. Тұтқындар бүкіл Карлаг бойына орналастырылды. Карлагта бүкіл кезеңде  1 миллионнан астам тұтқын әкелінген.

Белгілі тарихшы Дүйсетай Шаймұханов Карлагтың тәртібі өте ауыр болғанын айтады.

 

"Мен бұл жерді аралаған адаммын. Бұл жердің тәртібі Освинцем мен Бухенвальдпен бірдей еді. Бір ғана мысал, лагердегі қой-ешкілерге қасқыр шауып жарып кеткен. Сол үшін бүкіл адамдардың көзінше қой бағып жүрген әйелдерді атып тастаған", - дейді ол.

Карлагтағы тұтқындардың санасын қалпына келтіру үшін саяси-ағарту жұмыстары жүргізілді. Мұнда тәрбиелік шаралардың тұтас кешені өткізілді – тамақтануды жақсартудан бастап «ең жоғары әлеуметтік қорғау шарасына» дейін – орындау, социалистік үлгі көрсету, үгіт-насихат жұмыстары жақсы жолға қойылды.

Қарлаг тұтқындары Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміздің әскери шаруашылығына орасан зор үлес қосты. Ірі ғалымдар Карлагта қызмет етті, олар кейін Қарағандының мекемелері мен оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізін қалады.

ХХ ғасырдың кереғарлығы – Қарағандының алғашқы мәдениет ошағына Кеңес елінің және шетелдің жүздеген ғалымдары мен өнер қайраткерлері азап шеккен Карлаг болғаны. Олар өмірдің төтенше, қайғылы жағдайларында жасалған бірегей мәдени мұра қалдырды.

50-ші жылдардың басына қарай Карлагта негізінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы екі жүзден астам лагерь бөлімдері мен пункттері болды.

Қарлагта қазақ зиялыларының жесірлері, белгілі кеңестік ғылым, өнер қайраткерлері, әскери жетекшілер ұсталды. Балалар да қуғын-сүргінге ұшырады. Ауылдан алыс емес жерде, Қарағандыдан 30 шақырым жерде «Мамочкино зираты» мемориалдық кешені бар, онда балалар мен олардың аналары, Карлаг тұтқындары жерленген.

Қарағанды лагеріндегі аналар мен балалар

Бұл лагерде "халық жауларының" балалары деген атпен балалар да жазасын өтеді. Аш-жалаңаш балар қатал тәртіптен аман қалған жоқ. 1938 жылы лагерде 2103 әйелдің ішінде 655 жүкіті әйел болса, 1939 жылы 451 баланың ішінен бір жыл ішінде 114-і қаза тапқан.  Соғысқа дейін 1940-41 жылдары 1048 ал, 1950-52 жылдары 1713 сәби Карлагта дүниеге келген. Лагерде жалпы 18 балабақша болған. Аналарға 10 сағаттық ауыр жұмыстан кейін ғана балаларын емізуге рұхсат еткен. Көп жағдайда кішкентай нәрестелер сүт жеткіліксіздігінен қайтыс болып отырған. 

 

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары – 1941-44 жылдары 924, 1950-52 жылдары 1130 бала қаза тапқан. 1950 жылы жүкті әйелдер мен баласы бар әйелдерді түрмеден босату туралы КСРО-ның арнайы қаулысы шығады. Содан кейін ғана алдымен лагерден 706 жүкті әйел шыққан екен. Жалпы Карлаг-тан 2886 әйел босатылған.

 

Ұзақбай Құлымбетов Карлагтың құрылуына қарсы болған тұлға

 

Ұзақбай Құлымбетов Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болып отырғанда жоғарғы орталық одан Карлаг лагерін ашуға 110 мың гектар жер сұраған екен. Бірақ Ұзақбай Құлымбетов Қарағанды басшыларына орталық сұраған жерді бермей, колхоздарға таратуды бұйырған. Бірақ ол кезде ең күшті билік НКВД болатын. Сондықтан Ұзақбай Құлымбетов айтып, қарсы болғанымен Карлаг бәрібір құрылады.

 

Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болды. 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы жалпыға бірдей рақымшылық жариялады. Осыдан кейін алғашқы үш айда ГУЛАГ-та отырған 1,2 миллион тұтқын босатылады. Бұнымен қоса Карлаг та таратылды. 1959 жылы Қарағанды ​​облысы Ішкі істер министрлігінің уақытша ұстау орындары басқармасы болып қайта құрылды.

Карлаг жазушылар мен тарихшылар көптеген еңбектер жазып, оларда сталиндік қуғын-сүргіннің барлық қатыгездігі әшкереленді.

Сөзіміздің аяғын белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр: 

Сталинннің балалары

 

Қайда екен сол қызыл мата көнерген,

Қайда екен сол ұраншылар өлермен?

...Сталин жоқ!

 Бірақ, күнде көшеден,

Сталиннің балаларын көрем мен!

 

Жүреді олар өз-өзінен күйініп,

Халқын көрсе қамшысын иіріп!

Тастады да сары кителді сыпырып,

Европаша шыға келді киініп...

 

Есіл-дерті – кресло,

Тақ қана.

Жан-жағына көз тастайды сақтана;

Галстугы, ақ көйлегі болғанмен,

Жүректері баяғыдай —

Қап-қара!

 

Керегі оған – керең  ұрпақ,

Жетесіз!

Құл боп көрші –

Майдай жаға кетесіз!

Ананы да абақтыға қамап ап,

Баланы да туғызады—

Некесіз!

 

Қайда екен сол қызыл мата көнерген,

Қайда екен сол ұраншылдар өлермен?!

Сталин жоқ,

Бірақ, күнде көшеден,

Сталиннің балаларын көрем мен...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?