Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ерлан Қарин: Мемлекетшілдіктің алғышарты – тарихи сана-сезім

1680
Ерлан Қарин: Мемлекетшілдіктің алғышарты – тарихи сана-сезім - e-history.kz
Елбасының бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай саясаттанушы, Qazaqstan РТРК төрағасы Ерлан Қарин өз пікірін білдірді

Ұлттық сана-сезімнің негізгі бір тірегі – тарихи сана-сезім. Әрбір жеке адамға өз өміріндегі миссиясын түсіну үшін өзінің арғы тегін, ата-бабаларының жолын білуі қандай қажетті болса, дәл солай жалпы ұлттың миссиясын, жалпы адамзат өркениетіндегі орнын айқындау үшін ол өзінің тарихи орнын анықтап білгені дұрыс. Қарап отырсақ ұлттық тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұлт болып ұйысу процесіне тарихи тақырыптарға қатысты дискуссиялар қозғаушы күш болып отырды.

Естеріңізде болса, 90 жылдары ұлттық сана-сезімге үлкен дүмпу берген де тарихқа қатысты пікірталастар. Сол кезде пайда болған тарихтың ақтандақтары мәселесі, репрессия кезінде құрбан болғандарды ақтау, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту, баһадүр батыр бабаларымыздың астарын беріп, тойларын атап өту – ұлттық тарихи сана-сезімнің қалыптасуына үлкен серпіліс берді. Одан кейін, жаңа мыңжылдыққа аяқ басқанда, Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы – ұлттық тарихымыздағы жоғымызды түгендеп, жинақтауға мүмкіндік тудырды. 2013 жылы Елбасының бастамасымен ұлттық тарихты академиялық тұрғыдан түгендеу жолында жұмыстар жүргізілді. Өткен жылғы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осы дискуссияларға тағы бір қозғау салды. Ал, бүгінгі мақаланы Елбасының ұлттық тарих жөніндегі тақырыптық туындысы деп қарастыруға болмайды. «Ұлы даланың жеті қыры» – ұлтты жаңа ойларға жетелейтін кезекті бағдарламалық мақала. Мұның алдындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала қазақ қоғамының күн тәртібін анықтауға мүмкіндік берсе, бүгінгі мақала да ұлттық сана-сезімнің қалыптасуындағы жаңа дискурс.

Бүгінгі мақаланың ойы неде? Бүгінгі күнге дейін біз тарихымызды жинақтап, толықтырып, бары мен жоғын анықтаумен келдік. Ендігі ретте қазақ ұлтының әлемдік өркениеттегі орнын және үлесін көрсету. Түсінген адам үшін шын мәнісінде мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігі шарттарының бірі. Мемлекеттің болашақтағы өміршеңдігінің тиісті институционалды шарттарға: мемлекеттік құрылымы, шекарасы, ұлттық валютасы, экономикасы, әскері, мемлекеттік институттарымен қатар рухани құндылықтармен де анықталады.

Біз жапон, қытай, араб мәдениеттерімен тамсанып, сүйсінеміз. Олар сол мәдениеттерін көрсете алғандарының арқасында мемлекеттілігінің өміршендігін де қалыптастыра алды. Бұл ұлттық мәдениеттер ертең оңай жоғалып кетпейді. Жаһандану заманында қазақ ұлты өз орнын сақтап қалуы үшін, сонымен қатар, басқаларға адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді көрсете білуіміз керек.

Біз кездейсоқ пайда болған, әлемдік периферияда кездейсоқ факторлар әсерінен қалыптасқан ұлт емеспіз. Біз мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінің қалыптасуына әрқашан үлес қосып қоймай, тіпті үлкен әлемдік тарихи процестердің ортасында болдық. Біз Жібек жолының бойында емес - біз Жібек жолының тоғысқан орны болдық. Біз Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттерді байланыстырдық. Сол арқылы қазақ мәдениеті өз алдына бөлек өркениет болып қалыптаса алды.

Қазақ мәдениеті – әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі, өзегі. Түркі мәдениеті, ислам мәдениеті, көшпелі мәдениеттердің эпицентрінде болған қазақтың санасына өзінің бай мәдениетінің орнын анықтауымыз қажет. Бұл мемлекеттіліктің бір маңызды тірегі. Біз Мемлекеттілікті құрдық, енді мемлекетшілдікті қалыптастыруымыз керек. Ал мемлекетшілдіктің негізгі алғышарты – ұлттық сана-сезім мен тарихи сана-сезім. Бүгінгі мақала қазақ қоғамына терең пікір қалыптастыруға, көлемді дискуссияларға үлкен негіз болмақ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?