1959 жылы 9-ыншы қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1980-інші жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1994-інші жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны тамамдаған. Офицерлік қызметін мотоатқыштар взвод командирінен бастап батальон командиріне дейінгі барлық буындардан өткен. Республикалық Ұлан сапында бірқатар жауапты қызметтерден кейін полк командирі болған.
Қорғаныс министрлігі жүйесінде қүрама командирі, Орталық аппаратта Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары департаментінің бастығы болды. Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, ҚМ ШБК төрағасынынң орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Құрлықтағы әскерлердің бас қолбасшысы. 2-ші дәрежелі «Айбын», 3-ші дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР» ордендері және бірқатар медальдармен марапатталған.
Қазір Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы болып қызметін атқарып жүр. Екі баланың әкесі.
Мұрат Жәлелұлының бойынан бірнеше қызығарлық қасиет көрдім. Десе де екеуіне айрықша тоқталғым келеді. Алғашқысы – адам жатырқамай, кіммен болса да тез тіл табысып кетуі. Өз-өзіне сенімді, әркез көңілді жүреді. Бір сөзбен айтканда, оптимист. Алғаш танысқанымда осы мінезін байқадым.
Мерекелік шарада дивизия командирі ретінде жеке құрам алдында құттықтау сөз айтуы керек болды. «Братан, көмектес, журналист деген атың бар ғой, қазақ тілінде 1 минуттық әдемі құттықтау сөз жазып берші», – дейді. Шыны керек, сол тұста тілге шорқақтау еді. Әдеби жазылған мәтінді екі-үш қайталағаннан жаттап алып, таңдандырған еді. Бірінші күн емес, бұрыннан танитындай әсер қалдырды. Әділін айту керек, кейінгі жылдары ана тілімізде сөйлеуге әбден төселіп алды.
Мақсат қоя біліп, соған жетуде генералдың талпынысы кім-кімге де үлгі боларлық.
Тәрбие департаментінің тізгінің ұстағанда тікелей бастығым болды. Астанаға іссапармен келгенде, міндетті түрде есеп беріп шығамыз. Штабтың кең дәлізінде фототілші екеумізді кездестіріп қалып, бір шаруа бойынша көпшіліктің көзінше ұрысып берді. Сөзінің соңында бізге қаратып «Бригада Семей Су» дегені бар. Сол тұста осы аттас сусын «модада» болған еді. Біз дағы мәселе бойынша «сау сиырдың боғы» емеспіз. Ауыр болса да, айтылғанды лайықты қабылдауға тырыстық. Шамалы уақыттан кейін кабинетіне шақырып алып, «Семей Суды» сөз реті келген соң айтқанын, оған ешбір ренжудің қажеті жоқ екенін жеткізіп, тапсырмалар берген болатын. Әзілін орынды деп санадым, университет дипломын сатира тақырыбы бойынша қорғаған мен әзілді түсінетін шығармын.
Екінші қасиеті – кез келген іске бұқаралық сипат бере білуі. Қазіргі заманның тілімен айтқанда, имиджмейкерлігі. Аэроұтқыр әскерлері абыройының артуына қосқан үлесі шаш-етектен деп білемін. Аталмыш әскер түрі кейіннен құрылды. Қалыптасқан жауынгерлік дәстурдің басым көпшілігі совет заманынан келеді.
Оған қазақстандық сипат беру қажет-ақ болды. Осы бір жауапты «миссияны» генерал сәтті орындай білді. Тіпті, жеке үлгі көрсетіп, парашютпен қарғыған сәті де болды. «Қазақстандық десантшы» және генерал Майкеев деген сөз тіркестері егіз ұғымдай болып кеткен. Көзі қарақты БАҚ өкілдері де бұл фактіні әлдеқашан мойындағандай. Сол себепті де генералға «симпатиямен» қарайтын.
Азаматтық соғыстан кейін Қызыл әскер сапында мынадай тәртіп болған. Қандай да жасақтың командирі болу үшін міндетті түрде тәрбиеші офицерлік (комиссар, замполит т.б) қызметтен өтуі шарт болған. Мұрат Жәлелұлына қарап сол бір ұмыт қалған дәстүр-талапты қайта енгізсе дұрыс болар ма еді деген ойға қаламын.
Сәндібай КҮМІСБЕКОВ.
El.kz