Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Режиссура: экран тілі және эстетикасы

3662
Режиссура: экран тілі және эстетикасы - e-history.kz

Сурет: newstyle-mag.com

Көркем образдарға енген идея – әдебиетте де, театрда да, кинода да, барлық өнер түрлерінде де негіз болып саналады. Бірақ бұл идеясы жақсы, дұрыс, революциялық болып табылатын кез-келген идеяның әрқашан толыққанды көркем болып шығатындығын білдірмейді. Жақсы идеясыз көрнекті өнер туындысы пайда болмайтыны сөзсіз, бірақ егер бұндай идея болса, көркемдік жұмыс бірнеше шарттардың нәтижесінде ғана сәтті шығады. Бұл қандай шарттар? Ең алдымен, бейнелі ойлау – суретшінің ойы. Құрғақ идеяны суретшінің шеберлігімен түрлендіріп шығаруға болады. Тәжірибелі режиссер бірден көрерменге қай ракурстан, қалай беретінін, нысанның қай деталіне акцент қою керектігін біліп тұрады. Сондықтан дайын сценарий тек шығармашылық жұмыстың алғашқы сатысы деп айтуға келеді.

Сценарий – болашақ экрандық жобаның немесе хабардың қағаз бетіне түсірілген жазбаша нұсқасы. Сценарий жазу – публицистикалық туындыны жасаудағы шығармашылық процестің бір кезеңі. Сценарий – автордың күрделі, қарқынды ізденісінің нәтижесі. Жұмыс барысында журналисттің шындықты зерттеуі және оны экрандық туындыға айналдырыудың ойдағы көрінісі бір-бірімен тығыз байланысты. Сценарий – бұл зерттелген материалды шығармашылық өңдеуге дейінгі кезең, ол драмалық, пластикалық, монтаждық және ауызша сөйлеу құралдарын қолдана отырып, дизайнды қайта құру мүмкіндігін қарастырады. Осылайша, сценарий – бұл ерекше түрдегі әдеби шығарма, бұл болашақ экрандық шығарманың сипаттамасы. «Сценарий» сөзі алғаш рет театрда қолданылған. «Сценариус» – қойылым кезінде сахна сыртында тұрып, әртістердің қашан және қайдан шығу керектігін айтып отыратын адам болған. Кейін кинематографияда «сценарий» ұғымы пайда болды. Алғашында ол – актерлердің камера алдына шығу реттілігі жазылған парақ болған.  Тек 20 жылдардың соңында, біз білетін сценарий ұғымы қалыптаса бастады. Яғни, кадрлардың реттілігі мен режиссердің фантазиясына ой қосатын матералдар жинақталған жазбаша туынды деп есептелді [1,139 бет]. Ал журналистикадағы сценарийге келетін болсақ, ол – бағдарламаның толық ойластырылып жазылған жазбаша үлгісі. Бүгінгі теледидардағы хабарлар үш жанрға бөлінеді: ақпараттық, сараптамалық және көркем-әдеби. Әр жанрда жазылатын сценраийдің өзіндік ерешеліктері бар. Сондықтан сценарий жазылмай тұрып, телетуындының жанры мен мақсатын айқындап алу қажет. Журналистикада «синопсис» ұғымы болашақ сюжетінің, бағдарламаның қысқаша мазмұнын білдіреді. Синопсис жазудағы негізгі мақсат – идеяны және оны орындаудағы жоспарды көрсету. Басқаша айтқанда, ол – сценарий жазудағы алғашқы қадам. X.Дж. Кеннеди, Дороти М. Кеннеди және Марсия Ф. Муттың  «Колледж Жазушылары үшін Бедфорд Жолдауы» атты еңбегінді мынадай анықтама берілген: «Сізге бір әңгімені еске түсіру қажет болғанда, оның синопсисі шығарманың ерекшелігі мен түйінін қайта қарауға көмектеседі. Синопсис – ең маңызды нәрсеге ден қоюға мәжбүрлейді». Сонымен қатар, «синопсис» деп кенет келген идеяны қағаз бетіне түсіруді айтады.  Сценарист, прозаик тәрізді, оқырманның көз алдында көрініс тудырады. Қиялдағы суреттің толықтығын анықтайтын маңызды фактор – сценаристің шеберлігі. Жобаны дайындау барысында болашақ хабардың элементтерін – кадрлар мен олардың комбинацияларын міндетті түрде көру сөзсіз заң болып табылады. Экранда көрсетілетін барлық нәрсені көру және есту ғана емес, сонымен қатар оны іске асыру процесінде түсініксіздік болмауы үшін оны нақты жазу қажет. Сценарий, әдетте, екі бағаннан тұрады: журналистік және режиссерлік. Журналистік сценарийге хабар барысында айтылатын диалогтар, монологтар немесе сюжеттердегі кадрдан тыс мәтіндер жазылады. Ал режиссерлік қатарда бейнелік көріністер мен мәтінді жабатын кадрлар көрсетіледі. Сонымен қатар, сценарийде әдеби және экрандық ерекшеліктер көрсетілуі керек. Яғни, бұл жазба режиссер мен оператор назар аударатын және түсіретін нәрсенің бейнесін, эпизодтардың пластикалық, дыбыстық және монтаждық шешімін ұсынуы керек. Бұндай толыққанды сценарий алдын-ала түсіріліп, монтаждалатын бағдарламаларға дайындалады. Ал тікелей эфирде өтетін телебағдарламаларға сценарлық жоба жазылады.  Телевизиның ерекше табиғаты мен оның аудиториямен байланысы сценарийді бірнеше кезеңдерге бөліп дайындауды қажет етеді. Синопсис немесе сюжеттік тапсырыс дайындалғаннан кейін әдеби сценарий жазылады. Онда автор толық және дәйекті материалдар негізінде экранға шығатын туындының сюжеттік желісі баяндалады. Кейін әрбір эпизоды мен түсірілім нысаны нақты жоспарланған режиссерлік сценарий дайындалады. Режиссерлік сценарийде хронометраж, монтаж, саундтрек пен шулар, ірі және кіші пландар көрсетіледі. Телевизиялық сценарийді экрандық туындыға айналдыру үшін үлкен шығармашылық топ жұмыс істейді: сценарист, режиссер, режиссер асистенті, түсіруші оператор, монтаждаушы оператор, бейнеинженер, жарық түсіруші және тағы басқа [2,194 бет].    

Коллаж: kabar.kg

Экранның мәні, ерекшелігі – бұл кеңістік пен уақытқа сай әрекеттер шындығын түсіру мүмкіндігі. Алдымен кинемоторграфия ең қарапайым – заттар мен адамдардың қозғалысының сыртқы физикалық формасын игерді. Бірте – бірте ол қозғалыстың неғұрлым күрделі түрлерін - адамның сезімдерін, кейіпкерлердің мінезінің эволюциясын, олардың ойларын білдіру құралдарына ие болды. Басқаша айтқанда, экранның ерекшелігі - адамның сыртқы және ішкі өмірінің процестерін, оқиғаларды, фактілерді жеткізу мүмкіндігі. Журналистік телешоудың немесе фильмнің басты белгілерінің бірі – өмірдің нақты процесін түсіру деп айта аламыз. Сценарист осы процестің экранында бейнелеу құралдарын таңдап, өмір динамикасын жеткізуге тырысады. Автор - журналист бұл тапсырманы тек драматургия заңдылықтарын біліп, оларды қолдана отырып орындай алады. Драматургияның негізгі элементі – әрекет. Сондықтан, ол экранның міндеттеріне дәл келеді. Телевизиялық жоба дайындау кезінде туындайтын қиындықтардың бірі – ішкі драматургиялық тұтастыққа жеткізу. Оны сценарий жазғанда ескерген жөн. Ол драматургияның идея, тақырып, композиция, экспозиция мен ремарка сияқты элементтерінен көрінеді.  Идея – авторға, оның ойына, мақсаты мен көзқарасына бағынышты. Идея – материалды терең зерттеуге жетелейді.  

Тақырып – идеяға қарағанда ауқымдырақ, ол – баяндау нысаны. Шығармашылық жұмыстың келесі сатысы – деректерді жинау, талдау, кейіпкер мен жобаның композициясын құру  тақырып таңдағаннан кейін жүзеге асырылады.  Композиция – идея мен тақырып бекітілгеннен кейін, жинақталған материалдарды орын-орындарына қойып, тұтастығын айқындайды.  Экспозиция (пролог) – ұсыныс (басы) – алға басу (әрекеттің шарықтауы) – кульминация (шарықтау шегі) – алға шығу (шешімге апаратын әрекет) – шешім – эпилог. Экспозиция – бөлімдердің нақты жоспарлануы. Ремарка – іс-әрекеттің егжей-тегжейлі тізімі емес, оны сипаттай отырып, экрандық шешімін қарастырады. Режиссер мен оператор – шығармашыл адамдар, оларға тікелей бағыт қажет емес, олар түсірілім кезінде шабыттанады. Сондықтан да сценарий «әрекетке басшылық» емес, тек топтың бірігіп атқаратын жұмысының жазбаша үлгісі.  Кез-келген телевизиялық туынды – ұжымдық жұмыстың жемісі. Сценарист бағдарлама тақырыбын терең зерттеу арқылы меңгеріп, драматургия заңдылықтарын білуі қажет, сонымен қатар қажетті кейіпкерлерді тауып, байланыс ортанып, қажетті деректерді іздестіруге қабілетті болуы керек. Оның жұмысы үстел басында отырып, жазу ғана емес. Ол түсірілім кезінде де, студия павильонында да, дыбыс жазу студиясында да, барлық шығарманы құрастыру процесінде жүріп, араласуы қажет. Бұл – шығармашылық топ ішіндегі сценарийстің жұмысы.  Түсірілімге дейін жазылған сценарийде болашақ телетуындының диалогтары мен кейіпкерлердің монологтарын, олардың бағыты мен мақсатын белгілеп алған абзал. Сценарист кейіпкердің айтар сөзінің алдын-ала айқындап, жанрын анықтайды. Ал түсірілімнен кейін, яғни, шығармашылық процестің кейінгі сатысында, сценарист сөз бен кадрды байланыстырады. Дыбыс пен мәтін байланысы принципінің негізі – сөз көріністі ғана баяндамауы қажет. Бұл сценарийдегі мәтінге деген негізгі талаптардың бірі. Көрермен онсыз да көріп отырған орын мен уақытты қайта айтып отырудың қажеті жоқ. Сондықтан сценарист монтаждау кезінде кадрдағы бейнеге, мәтінге, шуларға назар салуы маңызды. Бұл – сценарийстің түсіруден кейінгі жұмысы [3,46 бет]. Теледидардың әр жылдардағы елеулі тұлғалардың сценарий жазудағы шеберлік қырлары мен тақырып таңдаудағы ізденістері де өзгелерге үлгі болуы заңдылық. Сол себепті, біз экранымызда көрсетіліп жүрген бағдарламалардан өткеннен үндестік іздейміз. Алғашқы телехабарлардың мазмұны, тақырыбы, көтерген мәселелер ауқымы – «сәнге» қайта енгені байқалады. Алайда тақырыптың дұрыс таңдалмауы, сценарийдің өн бойындағы үйлесімсіздік, детальдардың әрекетке араласпауы, кеңестік кезеңдегі тар көлемдегі психологиялық көңіл-күйдің сығымдалған қыспағынан шыға алмау, шетелдік телевизияға еліктеушілік – бүгінгі автор сценарийіндегі басты олқылықтар.  Сценарийдің өн бойындағы көрініс пен дыбыс бір-бірін толықтыра халықтық тілдің мол қазынасымен бөлшектен бүтінге айналып, тұтастыққа бірігуі де автордың интеллектуалдық толымдылығына қатысты. Хабардағы кез келген бейне, көрініс, деталь әрекетке араласа, бір мезгілде ұшқыр тіл, орамды ой, жүргізушілік мәнерлілікпен астаса келіп, көрермен дүниесін баурай орап, жүректерді қытықтап, оятып жатуға тиіс.

Телережиссердің міндеті – адамды шынайы оқиға төңірегінде көрсету. Белгілі бір оқиғаны көрермен назарына ұсынғанда, режиссер тек көрсетіп қана қоймай, бейне арқылы мәнін ашуға тырысады. Осыған орай, жақсы режиссер қандай болуы керек деген сұрақ туынайды.  Режиссер көп оқуы керек. Осыған орай, Сергей Эйзенштейннің берген өте дәл анықтамасы бар. Оның пікірінше, барлығы режиссер бола алады, тек біреуі бес жыл, екіншісі екі жүз жыл оқуы тиіс.   Сонымен, режиссерді оқытудың міндетті шарттарының бірі – бұл дарындылық. Егер режиссер талантты болса, ол, көркем шығармалар тек кенеттен пайда болған шабыттың арқасында сәтті шықпайтынын түсінуі керек. Жақсы туынды қажырлы жұмыстың нәтижесінде жасалады, бұл өте үлкен еңбек.  Егер режиссер талантты болса, оның таланты екі бағытта дамытуды қажет етеді: шындықты үздіксіз зерттеу және оны терең түсіну. Ол өте байқампаз, әр детальге мән беріп, үнемі ізденісте жүруі керек. Тек сонда ғана, ол көбі байқамайтын, мән бере бермейтін «жасырын» қырларды көруді үйренеді [4, 30 бет]. 2011 жылы 26 мамырда «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында Сұлтан Оразалы режиссердің рөлі жөнінде былай айтқан екен: «Техникалық құралдарды, онымен қамтамасыз ететін инженерлерді айтпағанда, эфирге шыққан туындыдағы сөз, сурет, жарық, әуеннің басын қосып, көркемдік тәсілдер арқылы автордың ойын бейнелі жеткізуге күш салатын маманның режиссер екені анық. Театрда, кинода – ол басты тұлға. Ал телевизияда оның орны хабардың жанрына қарай өзгеріп отырады. Бірақ режиссер неғұрлым талантты болса, өз қолтаңбасын қандай жанрда болсын да сақтай біледі» [5, 163 бет]. Сұлтан Оразалының пікірінше, режиссер шығармашылық топтың жұмысын реттеп, оны бір арнаға түсіретін тәжірибелі маман. Идея – режиссерді шығармашылық ізденіске бағыттайды. Режиссер – шығармашыл адам, ол барлығына «өзіндік» көзқараспен қарайды. Негізгі ой – бұл режиссердің болашақ жұмысы туралы бастапқы идеясы, оның шығармашылық процесі басталатын прототипі. Режиссерге қандай да бір қимылды, суретті, мизансценаны көру жеткілікті, ол болашақ қойылымның тұтас бейнесін көре алады.  Жоспар, өтініш, эскиз, экспликация – бұл ойды бекітудің түрлері. Кейбір режиссерлер өз жоспарларын қағазға егжей – тегжейлі жазып-сызып шығады, оны мүмкіндігінше дәл көрсетуге тырысады. Француз режиссері Рене Клердің осыған қатысты мынадай сөзі бар: «Менің фильмім дайын – тек оны түсіру ғана қалады». Яғни, идея мен ойдағы көрініс режиссер жұмысының шығармашылық жұмысы. Ал оның орындалуы мен техникалық жағдайы басқа әңгіме [6, 4 бет].

Қазіргі теледидар сан салалы, өмірдің өзі тәрізді шексіз құбылысқа айналып отыр. Ол бүгінгінің идеологиялық, психологиялық, социологиялық, техникалық факторы ретінде танылуымен бірге, көркем бейнелер арқылы көрерменнің жан-жүрегіне, ой-сезіміне әсер ететін өнер саласы болып қалыптасуда. Теледидар – бұқаралық коммуникация құралы ғана емес, сонымен қатар шығармашылықтың бір түрі. Шығармашылық туындыны аудиторияға жеткізудің өзіндік көркемдік тілі бар – жасаушының өз жоспарын жүзеге асыратын техникалық әдістері мен бейнелеу және экспрессивті құралдар жиынтығы.  Экрандық көркемдік құралдары телережиссурада елеулі орын алады. Ең бастысы, көремен көріп қана қоймай, тыңдап әрі естіп отырады. 

План немесе көрініс – кадрдағы кескіннің масштабы. «План» ұғымы камера мен түсірілген нысан арасындағы қашықтыққа және объективтің фокусына байланысты бейнеленген заттың үлкендік дәрежесін білдіреді. Көрініс алты түрде алынады: 

1) алыс көрініс (адам және оны қоршаған орта); 

2) жалпы көрініс (адамның бар бойының ұзындығымен); 

3) орташа көрініс (адамның тізесіне дейін);  

4) белдік көрініс (адамның беліне дейін); 

5) жақын көрініс (адамның басы), 

6) макрокөрініс немесе детальдық (мысалы, көз). Мұнда айта кетерлік жайт, кейбір телестудияларда «план» «кадр» сөзінің орнына уақыттың ұзақтығын білдіретін ұғым ретінде жиі қолданылады. Бұл дұрыс емес.  Экран тілінің тағы бір маңызды элементі – ракурс. Бұл термин бейнелеу өнерінен алынған: бастапқыда ол болашақта бейнеленетін нысанды қысқартуды білдірген. Уақыт өте келе, ерекше тұрғыдан (жоғарыдан, төменнен және т.б.) фигуралар мен заттарды бейнелеу кезінде пайда болатын қысқартулар ғана «ракурс» деп атала бастады. Киноның алғашқы жылдарында объектив пен оның жазықтығы арасындағы бұрыш түзу сызықтан үлкен немесе аз болған кезде объективтің оптикалық осінің позициясы ғана «ракурс» деп аталды. Ракурс түсіру нүктесіне, түсіру объектісіне қатысты камераның жағдайына тікелей байланысты. Экран тілінің элементтері – қаптату (наплыв), көлеңкелеу (затемнение), ығыстыру (вытеснение) немесе («шторка»), қосақталған экспозиция, жылжыту (скольжение) немесе майлау (смазка), фокустан тайдыру (расфокусировка). Соңғы жылдары бұндай тәсілдер арнайы электрондық эффектілерді пайдалануға байланысты көбейіп кетті.  Режиссер көріністі қажетсіз дүниелерден арылтып, өзі қажет деп санаған дүниені толықтыруы мүмкіндігін көрсететін жақсы кадрларды жинастыруы тиіс. Көркем құралдарды орынды пайдалана білген шебер маман ғана көрерменге жақсы материал ұсына алады.  Түсірілім барысында пайдаланылған барлық әдіс-тәсілдер қызметі айнала келе, материалды ұйымдастыруға әкеледі. Әдіс-тәсілдерді пайданудың негізгі мақсаты – аудитория санасына ой салу. Яғни, телетуынды көрермен назарына ұсынылмас бұрын жүйеге келтіріліп, көрініс пен дыбыс бір қатарға түзетіледі. Дайын туынды тек оқиғаның құбылыстары мен уақытын қамтамасыз етіп қоймауы керек. Алайда, кей режиссерлер бұны «тәсіл» санап қанағаттанады, нәтижесінде оның қолтаңбасы көрінбей, аудиторияның қабылдауы да нашар болады. Кинода қолданылатын монтаж, кадр, план және ракурс, түсіру нүктелері және көру бұрышы туралы ұғымдар теледидарда да жеткілікті. Алайда оларды қолдану әдістері әртүрлі. Алайда, алдын-ала түсірілетін хабар мен теледидардағы тікелей эфирдің арасындағы айырмашылық ерекше байқалады. Мысалы, тікелей эфирде әрекеттер қандай ретпен орындалса, дәл солай көрсетіледі. Мұның себебі уақыттың түпнұсқалығында, берілу мен әрекеттің бір уақытта болуында. Тағы бір ерекшелік – монтаж. Алдын-ала түсірілетін бағдарламаларда артық жерлерді қиып тастауға, телевизияның эфирлік сеткасынан берілген уақытқа сай қысқартуға және көркемдеуіш құралдарды қолдану мүмкіндігі бар. Ал тікелей эфирде дәл осындай монтаж «эффектісін» қалай алуға болады? Ол режиссердің қабілетіне байланысты. Тікелей эфир барысында, режиссер «режиссерлік пультта» отырады. Режиссерлік пульт дегеніміз – камераларды ауыстыруға, экраннан көрінетін сәтті ракурстарды таңдауға, дауысты бақылап отыруға және түсірілім павильонындағы операторлар мен жүргізушімен байланысқа шығуға, суфлердағы мәтінің дұрыс шығуын қамтамасыз ететін, режиссердің басты құралы. Режиссер түсірілім алаңында отырмай-ақ, эфирге шығатын әр кадрды осы пульт арқылы таңдап отырады. 

Бұл – тікелей эфир режиссурасы. Жоғарыда атап өткенімдей, бұндай бағдарламаларға нақты сценарий жазылмайды, тек жобасы келтіріледі. Яғни, тікелей эфирдің сәтті шығуы, режиссер мен жүргізушінің шеберлігіне байланысты.  Режиссер мен камера алдындағы жүргізушінің бірлескен жұмысы туралы сөз қозғағанда, теледидардан айтылған сөз бен бейненің ерекше сипаты туралы айту керек деп ойлаймын. Адамдардың үйлеріне келу қабілетінің арқасында теледидар ерекше қарым-қатынас сипатына ие – экранынан сөздің «тірі» естілуі. Біз экранның аржағындағы адамға жауап бере алмасақ та, ол кинодағы әртістен анағұрлым «тірі» көрінеді, себебі жүргізуші көрерменмен байланыс орнатуға мүдделі. Көру шарттары теледидар экранының көлемі, экрандағы көркем кадрлар мен адамның визуалды бейнесінен басқа, аудиторияға сөздің үндестілігі де әсер етеді. Теледидар экранынан шыққан адам тек құрғақ хабар таратпай, көрермендермен сөйлесуі керек. Интонация, экспрессивті қимыл, мимика айтылған сөздің әсерін күшейтеді. Осының барлығын режиссер бақылауында ұстайды. Оның міндеті тек материалды дайындап, эфирге шығару емес, режиссер – психолог, режиссер – стратег болуы тиіс. Әр бағдарламаны дайындау барысында, режиссер көп іздену мен аудитория психологиясын зерттеудің арқасында телетуындыға жаңа леп енгізіп, өзінің қолтаңбасын қалдыра алады. Дегенмен, телевизия сияқты күрделі өндіріс орнында стратег адамға – телевизия өз табиғаты мен мүмкіншілігіне қарай – ұжымдық жұмыстың ортақ қорытындысы болып қала береді. Ал ондай ортақтасу қашан да нақтылыққа сүйенеді десек те жоспарлауды қиялдаудан құралақан қалмайды. Мысалы, технологияға қатты назар аударған ұжым тамаша туынды шығаруы мүмкін, алайда онда сезім мен эмоция жеткеліксіз болса, аудиторияның қабылдауы ауыр болады. Ал керісінше, техникалық жетістіктерді пайдалана бермейтін бағдарламалар ұтымды шығуы сондықтан.  Сұлтан Оразалы өзінің бір берген сұхбатында, ақпарттық дәуірде отандық телеарналар өз туындыларының көркемдік мазмұны мен сапасына көңіл бөлу керектігін баса айтып кеткен болатын. Ұлттық идеяны негізге ала отырып, заман талабына сай жаңашылдықтар енгізсе, ұлттық арналарымыз жаңа бағытта дамитыны сөзсіз, оған техникалық мүмкіндігіміз де бар. Расында да, бүгінгі телеарналарымыздың техникалық жағдайы көңіл қуантарлық, тек оның басқару тетігіне идеясы батыл, өз ісіне шебер мамандар қажет болып отыр.  

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Телевизионная журналистика: Учебник. 4 – издание//Редколлегия:
Г.В.Кузнецов, В.Л. Цвик, А.Я. Юровский. – М.: Изд-во МГУ, Изд-во «Высшая
школа», 2002. – 304 с.
2. Ұ.М. Есенбекова. Тележурналистика: телехабар жасау технологиясы:
Журналистика мамандықтарына арналған оқулық. – Алматы: ЖШС РПБК
«Дәуір», 2011. – 220 б.
3. Ғ. Әбілдина. Телевизия өнері: теориясы мен технологиясы: оқу құралы. –
Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 309 б.
4. Л.Кулешов. Основ кинорежиссуры. – М.: Госкиноиздат, 1941. – 262 с.
5. С.Оразалы. Теледидар өнері. – Астана: Фолиант, 2011. – 552 б.
 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?