Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ұлт ұстазы деген атқа шын мәнінде лайық тұлғаның қазақ әліпбиінің негізін жасап, тілтану ғылымын зерттеп, ағартушылық бағытта да жаңа заманға қызмет еткен еңбегі әрқашан да зор құрметке лайық. Әлі күнге дейін тілші-ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының басында үш жылдыққа арналып жазылған «Тіл-құралына» (Орынборда жарық көрген) үңіледі, айталық, «Дыбыс жүйесі мен түрлері», «Сөздің жүйесі мен түрлері», «Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты оқу құралдары қашанғыдай маңызын жоғалтқан жоқ.
Ғалым «Байаншы» деп аталатын әдістемелік құралын (Қазанда жарық көрген) өзінің он төрт жылдық бала оқыту әдістемесіне сүйеніп жазған делінеді. Екі бөлімнен тұратын «Тіл-жұмсар» кейін толымды ғылыми еңбектердің жазылуына түрткі болды. Үлкендерге арналған «Сауат ашқышта» (әуелі 1924 жылы Орынборда, кейін 1926 жылы Семейде шыққан) 40 тақырып қарастырылып, мысал оқулар үшін Абайдың, Ыбырайдың, Елдес Омаров, Телжан Шонанұлы, Әлихан Бөкейхан, т.б. ағартушылардың шығармалары енгізілген.
Ғалымның одан бөлек «Әліп-би» оқу құралы, қазақ терминологиясына қатысты еңбектері де іргелі ғылымның бастауы болды. Төменде ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне қатысты ғалымдар пікірін келтірдік.
Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»
ұлттық ғылыми практикалық орталығы
халықаралық байланыс және PR бөлімі басшысы:
Ахаң тағылымы
Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы туралы сөз болғанда, ойға ең әуелі: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін», – деген өлең жолдары оралады.
Пәлсапалық тұрғыдан қарастырғанда, ең прогресшіл көзқарас.
«Көп баланың ішіндегі қарт – бала болар, көп қарттың ішіндегі бала – дана болар», соңымнан ұлттық тәрбиеге уызынан жарыған ұрпақ өседі деп сенеді; қаймағы бұзылмаған қазақ жұртының ғасырлар бойы қалыптасқан жөн-жоралғысы өмір жолында адастырмайды деп өсиет қылады.
Практикалық жағынан келгенде, тұнып тұрған оптимизм.
«Орақшының жаманы орақ таңдайды» деген, қып-қызыл талас-тартыс, көз аштырмайтын қуғын-сүргіннің қақ ортасында жүріп, өзінің ұстанған бағытына деген берік сенімінен бір мысқал ауытқымайды.
Қазір қарасақ, Ыбырай Алтынсарин жарықтық арман қылған, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғаламтор заманында «Өзім бара алмадым, сөзім жете алмады»,– деп салы суға кетіп, жүні жығылып, ұрты суалып отырған бейшара жан аз ба?
Қазақ ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік, махаббаты қандай!
«Елдің бүгіншіл» болатыны – мәселе: мәдениетте. Назар аударыңыз, ұлт ұстазы, ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлы «мәдениет» сөзіне қандай атан түйеге жүк боларлық кең мағына береді, ұлы ұғым сыйғызады. «Ақымақты үйрету – өлгенді тірілту» екенін біле тұра, «бейбауырмалдыққа» (сол кездегі интернационализм, бүгінгі жаһандану деп алуға да болатын секілді) қасқая қарсы тұрып, «Алдымен бауырмалдық жігін жоғалту керек деп адасқандар адаса берсін, қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін, ісін сарп ету керек», – дейді.
Бұл – нағыз қайраткерлік емей немене. Көзсіз батырлық.
Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағына аманат!
«Көне садақты деме, атқанын көрерсің, Көн етікті деме, атасын білерсің» деген, қазақтың небір шұрайлы сөзін қосып жазсаң, шоршып түсетіндер: «Балалар басқаша сөйлейді, жастардың сөздік қоры өзгерді», – дегенді желеу етіп шыр-пыры шығады. Табылды Досымов жырлағандай, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «Таң асырып торыны» мінбегенмен,
«Қылаңдарға» таксилеп біз де бардық». Сол таксидің төресі – ауылда қарасын да көрсетпейтін «Волга» көлігі еді. Бүгінгі «Мерседес» мұрнын шүйіріп қарайды. Қазақтың қасиетті қара сөзі мәңгі, ал шаш иыққа түскен, шалбардың кең балағы шаң сыпырған мода ұшты-күйлі жоқ. Сол секілді, «сленг» аталып жүрген быламық сөз жігіт ағасы жасына барған, жол ұстаған азаматтың аузында жүреріне кім кепіл бола алады...
«Қазақ исі аңқыған» (Ғұмар Қараш) шаруаға кірісу керек!
Қысқаша айтқанда, осы.
***
Мұрат САБЫР, филология ғылымдарының докторы, профессор:
А.Байтұрсынұлы көтерген білім беру саясаты
ХХ ғасыр басындағы өлара кезеңде аспан астындағы өмір сүру құқығыңды қорғау үшін ақ найза мен ақ білектің күші жетпейтінін біліп, күрестің саяси-ағартушылық бағытын ұстанған А.Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары "Алаш" саяси партиясын құрып, Алаш Орда үкіметі өз жұмысын жүргізді. Өмірі қысқа болса да Алаш қозғалысы ұлттың ұлы арман-мақсаттарын өз бағдарламаларында көрсете білді. Алаш қозғалысы-бүгінгі тәуелсіздік бастауы, қайнар көзі. Ақаңның ізін басып көктеген қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов Ахаңа «оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деген сөзі нақ шындық. Ол қазақ тілінің әліппесін түзіп, негізгі грамматикалық жүйесін реттеп, қазақ мектебінің іргесін қалады. 1923 жылы 28 қаңтарда Орынборда қазақ зиялыларының арасында түңғыш рет А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы өткізілді. Мәжілісті Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы С.Сейфуллин ашып, өз сөзінде «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге жоқтады. Ахмет Байтұрсынұлы: ... ұлтын сүюдің зорлығынан «Алаш» партиясында болды, сол ұлт қамы үшін коммунист партиясына да кірді. Байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл, жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һәм құралдарымен» қылған қызметі таудай» - деп баға берді.
Әр халықтың дербес білім жүйесі болу керек. Әлемдік тарихта дербес білім беру жүйесінен айрылу кейбір ұлттық мемлекеттердің жойылуына әкеп соғады. Оған тарих куә. Елдің болашағы оның оқу жүйесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Ақаң: Әуелі біз елді түзеуді бала окыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі», - деген еді (Қазақша оку жайынан. «Қазақ», 1913, №14»).
Ұлттың сапасын жаңғырту білім беруге тығыз байланысты екені әу бастан білген А.Байтұрсыновтың бір ғасыр бұрын жан айқайын білдірді: «...әр халыққа керегі - өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдык пікір, суық қолдан тыныш боларға керек...»
Сондықтан да біз қанша тіл үйренсек те ана тілді бірінші орынға қоюымыз керек.
****
Гүлназ ТӨКЕНҚЫЗЫ,
Филология ғылымдарының кандидаты:
А.Байтұрсынов шығармаларының жанрлық және стильдік ерекшеліктері
А. Байтұрсыновтың есімі біздің мәдениетімізге оралғаннан кейін, 1988 жылдан бастап оның мұрасы жиналып, табылды және сол сәттен бастап ол жариялана бастады. Ұлы ғалымның ұлы тұлғасын халық бірден мойындады. "Ахметтану ғылымы 20 ғасыр басында басталған. А. Байтұрсынұлының көзі тірісінде бүкіл түркі әлемінде қазақ халқының рухани көшбасшысы болып танылды. 1923 жылы бұрын-соңды болмаған жаңа тенденция – Аханның 50 жылдығын өткізу – оның біздің мәдениетімізге қосқан үлесін халықтың қалың жігі мойындағаны белгілі. А.Байтұрсыновтың туғанына 125 жыл толуына арналған конференция материалдары 1999 жылы «Ұлттық рухтың ұлы тіні» деген атпен жарық көрді. Осы конференциядағы баяндамалардан басқа, оған А.Байтұрсыновтың туғанына 50 жыл толуына арналған материалдар да енгізілді. Шығармалардың толық жинағы «Тіл-құрал» деген атпен жарық көрді. Ахмет Байтұрсынов – ұлы қайраткер, үлкен талантты адам, қазақ халқының қоғамдық өмірі мен мәдениетіне сеніммен, шындықпен қызмет еткен тұлға. Мұхтар Әуезовтің айтуынша, қазақ халқының "рухани көшбасшысы" болған А.Байтұрсыновтың ұлы қызметі көптеген салаларда көрініс тапқан.
Ең алдымен, ол қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуға және олардың қазақ тілінде білім алуын жалғастыруға зор күш салған ағартушы қайраткер. Осы мақсатқа жету үшін ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылымын сипаттап, талдаған зерттеуші болды және "Әліппе" және тұңғыш ана тіліндегі оқулықтарды жазды. Ахмет Байтұрсынов суретші-ақын, қазақ тілін ғана емес, әдебиет пен мәдениетті де зерттейтін ғалым. Сондықтан Ахмет Байтұрсынов қалдырған мұра сан алуан. Олар: көркем әлем – «Маса» және «Қырық мысал» өлеңдер жинағы, әдебиеттану саласындағы ғылыми еңбектер – «Әдебиеттанытқыш», қазақ тілін оқыту бойынша оқулықтар мен хрестоматиялар, оқыту әдістемесі бойынша әдістемелік құралдар, мақалалар мен зерттеулер, білім беру және тәрбие жұмысы мәселелерін қарастыратын ұсыныстар мен жобалар, жазу тарихы және терминология, журналистика және т.б. саяси және әлеуметтік тақырыптарды қамтитын еңбектер.
А.Байтұрсынов қазақ филологиясына қандай үлес қосты дегенде тоқталатын жайттардың бірі - оның аударма саласын дамытуға арналған еңбектері болмақ. Қазақ аударма ісінің дамуы ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алынды және оның теориялық сипаттамасын жасаған да дара тұлға – А.Байтұрсынов.
Жанр тұрғысынан А.Байтұрсыновтың шығармалары туралы айта отырып, біз оның өлеңдеріне-мысалдарға, өлеңдерге-тұспалдарға, өлеңдерге-бастамаларға және лирикалық шығармаларға тоқталамыз, сондай-ақ оның көркемдік және эстетикалық ерекшеліктерін тізімдейміз. Мысал ретінде кез-келген халықтың өміріне ыңғайлы ескі әңгімелерде және фольклорлық әлемде кең таралған түрді келтіруге болады. Өйткені, бұл өмірдің көп қабатты құбылыстарын жеткізетін өміршең жанр. Егер әр жазушы өз шығармасының жанрын өзінің жеке басына сәйкес таңдай алса, нәтиже де сәтті болады. Жалпы мысал жанрына қандай ерекше белгілер тән екендігі туралы өткір сұрақтың айналасында зерттеушілер ойларды бірнеше ерекше белгілердің жиынтығына біріктіреді. Көбінесе аллегория ең маңызды қасиет ретінде аталады. А. Байтұрсыновтың өзі қазақ әдебиетінде мысалдар жанрындағы аллегория қызметіне бірінші болып түсініктеме берді.
А. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде аллегорияны «пернелеу» деп алады да: «Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – пернелеу болады. Қазақтың бернемен сөйлеп отыр дегені – осы бернелеу... », - деп анықтама беріп, мысалдар келтіреді [1, 98 б.].
Теориялық тұрғыдан осы ойды профессор Қ.Жұмалиев те нақтылай түседі. Ол: «Аллегория, астарлап, пернелеп сөйлегенде дерексіз ұғымдарды деректі, тұжырымды образға айналдырады. Мысалы, қулық, сұмдық, айла, әділдік, жауыздық, қастық, достық – бәрі де жеке алғанда, дерексіз ұғымдар. Адамдардың араларында болатын қарым-қатынас, күрес-тартыстар белгілі бір жағдайда оларды деректі заттардай-ақ сездіреді», - деп тұжырым жасайды [2, 124 б.].
Қазақ фольклорында, оның ішінде мысал өлеңдерінде өте көп сыналатын мәселелер – арамдық, өтірік, мақтаншақтық, досқа опасыздық. Ахмет Байтұрсынұлының барлық мысалдары дерлік осы тектес классикалық тақырыптарды арқау етеді. Бұл тұрғыда профессор Қ.П.Мәшһүр-Жүсіп былай деп тұжырымдайды: «Қазақ әдебиетінде А.Байтұрсыновқа келсек, оның 1909 жылғы алғашқы «Қырық мысал» жинағының орыс ақыны И.А.Крыловтан аударылып құрастырылуы тегін емес. Мұнда да алдымен орыс ақынының өз ойын тұспалдап бейнелеуі және ондағы келеңсіздіктердің қазақ өміріне де дөп келіп жатуы А.Байтұрсыновқа ой салғаны анық. А.Байтұрсыновтың орыс ақыны мысалдарын тәржімалаумен шектелмей, біраз ретте оны қазақ өміріне жақындатуға күш салғаны мәлім. Біздің қоса айтпағымыз: бұл аудару немесе ондағы идеяға біраз ретте қазақы шапан кигізу ізсіз кеткен жоқ. Ол А.Байтұрсыновтың мысқылдау, жұмбақтау т.б. сипатына әсер етті» [3, 142 б.].
А. Байтұрсынұлының «Аққу, шортан һәм шаян» арқылы сол кезеңдегі ең бір дертті мәселе – қазақ арасындағы ауызбірліктің жоқ екенін қынжыла сипаттауын назарға алуымызға болады. Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:
Орманға қасқыр кетті қозыны алып,
Белгілі етер ісі алып барып.
Осындай жазықсызды жазғыратын
Әр жерде күштілерде бар ғой қалып.
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісін,- дей отырып, күштілердің, қолында билігі бар адамдардың әлсіздерге көрсеткен зорлық-зомбылықтарын, қанаушы әрекеттерін әшкерелейді. Ол зорлықты, озбырлықты сынай отырып, патша отаршылдығының зиянды мақсатын әшкерелеп, мысал бойына саяси мән беріп, ойын астарлай жеткізеді. Мұнда әккі саясат әшкереленіп қана қоймай, халықты оятуға ұмтылыс, оның өзінің күйінен сілкінер бұлқыныстың көзін ашар өзгеше сарын, төңкерісшілік қуат-бұлқыныстың көзін ашар өзгеше сарын, төңкерісшілік қуат-күштің лебі еседі.
Бүкпелеу, яғни тұспалдау өлеңдері А.Байтұрсынұлында да баршылық. Ақын «Қазақ салты» өлеңінде тұспалдау түрін көрсетеді:
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара – көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған? - деп патшалық Ресейдің отарлау саясатының өрши түсуі, қысым көрсетушілікті астарлап көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы» деген өлеңінде:
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын соқса, жылжи беру
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ, - деп өзі өмір сүріп отырған кезеңнің саяси хал-ахуалын тұспалдап, бүкпелеп көрсетеді. Халық басына түскен дүрбелеңді, ертеңгі күнге деген сенімсіздікті, соларға ақынның өзіндік көзқарасын, жан айқайын тұспалдап жеткізеді.
А. Байтұрсынұлының шығармашылығында және оның күрес жолын анықтауда "Н. К. ханымға" арналған өлең ерекше орын алады. Бұл Ахмет Байтұрсыновтың поэтикалық табиғатын бейнелейтін, өмірлік мұраттардың көрнекі көрінісімен ерекшеленетін арнау өлең. Өлең Назипа Құлжановаға арналған. А. Байтұрсынов өлең арнап, өзінің кітабына алғысөз жазды – жас дарынға деген үлкен үміт пен ризашылықтың белгісі. "Н.Қ. ханымға" өлеңі Назипе ханымға ғана емес, сонымен бірге жалпы үміттің жас толқындарына, ойдың ізбасарларына, жас ұрпаққа арналған.
Онда:
Рақатсыз өтсе де өмір-жасым,
Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпасын, қарындасым!
Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда, мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар?! – деп жастарға үлгі ретінде насихаттайды.
Мен өлсем де - өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен.
Өлген күні апарып тығары – көр
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
«Н.Қ. ханымға» арнау өлеңінен біз елінің ертең үшін, жарқын болашағы үшін бойындағы барын сарп етер, халық бақыты үшін аянбайтын қаһарман күрескер бейнесін танимыз.
Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсынып жатпасын жалыққаннан.
Жұрт қолымнан келмесе, өкпелемес
Барым сақтап, мен аяп алып қалман.
Ақын өз тағдырын халық тағдырынан бөліп қарастырмайды. Бұл ақындардан оған дейін ерекшеленетін А. Байтұрсыновтың өлеңдеріндегі ағартушылық сипаттың құпиясы. Ақын өнер мен білімді таза түрде уағыздамайды. Ол мұны адамдардың санасын оятатын және олардың өзгенің езгісіндегі өмірінің себептері мен салдарына көз жұмбай бостандыққа ұмтылудың сәулелі жарығы деп санайды. Өз дәуірінің ақыны қандай шындық туралы айтса да, ол осы шындықтың бұқараның өмірімен сабақтастығына, қоғамның пайдасына, қоғамның экономикалық және рухани өркендеуіне, халықтың өмірі мен әл-ауқатын жақсартуға назар аударады, өмірді, халық жағдайын түзету туралы ойлайды.
Ақын сөздің мағынасына ерекше назар аударды және жоғары талаптар қоя білді. Ақынның пікірінше, бұл сөз құдіреті күшті, ерекше-біртұтас әлем. Сөз-адам өмірін жарықтандыратын және адамның білімін көрсететін әлем. Әр өлеңінде суретші сөзге байыпты қарады, сөздің кейбір мағыналарын ашты немесе танымды күшейтетін вариативті мағынаны қолданды.
А. Байтұрсыновтың жауынгерлік сипаттағы өлеңдерінде мақсат таптарды бөлу және бір халықты екіге бөлу емес, елдің бірлігін сақтау, надандықты жеңу және ұлт бостандығын алу болып табылады. Ақын бостандықтың өзі келмейтінін түсінеді, ол күрес арқылы келеді. Ол үшін күрессіз өмір - мағынасы жоқ өмір.
Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, Ұлттың ұлы ұстазы және рухани көшбасшысы А. Байтұрсынұлы ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалап, ақ азаттық жолымен жүрді. Оның бұл күрестегі ең әсерлі қаруы - елдің санасын адамдардың жүрегін қозғайтын отты әндер мен өткір және ойластырылған мақалалар. А. Байтұрсыновтың поэзиясына азаттық рухы тән. Ақын ретінде ол қазақ поэзиясына жауынгерлік рух әкеліп, азаттық әнінің үлгісін келтірді. Осының дәлелі ретінде біз оның "Маса"өршіл және революциялық өлеңдер жинағын көреміз. Бұл Ахметтің поэзиясын көрсетіп, оны өз заманындағы қазақ ақындары арасында алдыңғы қатарға шығарған шығарма. Ахмет Байтұрсынов өзінің бірқатар өлеңдерінде қоршаған ортаны, қоғам өмірін және ойлы көзқарасы бар адамдарды сынайды. Қоғамдық өмірдің барлық табиғаты ақынның көз алдында пайда болады. Қазақстандағы ең маңызды эпитет - алты жылдық алауыздық, ағайындылар арасында бейбітшіліктің болмауы. Татулық пен бірлік жоқ береке қайдан болсын?! Қазақ қоғамы бірігудің орнына партия-партияға бөлініп, жік-жікке жарылып, әркім өз жыртысын жыртуда. Патшалық Ресейдің реформасынан кейін қазақ арасында сайлауға түсіп, ұлық болуға ұмтылу әрекеті тіптен күшейіп кетеді. Ағайын іші ырың-жырың. «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Жиған-терген», «Досыма хат», «Тілек батам», «Бақ» сияқты өлеңдері тарихи, әлеуметтік шындықтың бетін ашады. Қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктерге немқұрайлы қарай алмайды.
Ахмет Байтұрсынұлы мұраларындағы нақыл сөздер бүгінгі таңда да өз құндылығын жоймай, өзекті бола алады деп айтуымызға әбден болады. Осы нақыл сөздері арқылы тілімізге айрықша үлес қосқанын ерекше атап өтуімізге болады.
Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Қорыта айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің даму тарихындағы биік бір белес. Ол шын мәніндегі нағыз ұлт-азатшыл поэзияның негізін қалады, азаматтық жыр үлгісін ұсынды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003.- 208 б.
2. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: «Мектеп», 1969. – 420 б.
3. Мәшһүр-Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. Монография: - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007. - 442 б.
Дайындаған: Жадыра Шамұратова