Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың құсбегілік өнері һәм шәулі қырандар

1389
Қазақтың құсбегілік өнері һәм шәулі қырандар - e-history.kz

Қазақ даласы құсбегіліктің – отаны. Егерде халқымыздың әлем этнографиясына нендей үлес қосты дегенге тоқталсақ, ұлтымыздың бекзат өнері құсбегілікті айтар едік. Өйткені, көк аспанда еркін самғап жүрген қыран құстарды жерге түсіріп, оны қолға үйретіп, аңшылық кәсіпке баулыған һәм оны классикалық түрде жетілдірген жұрттың бірі – біздің бабаларымыз. 

Яғни қазақ құсбегілік өнерінің тарихы терең. Мысалы, Ұлы даланың бір пұшпағы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан, уақыт тұрғысынан б.з.д. ІІ – І ғасыр аралығына жататын Аралтөбе қорғандарына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде (1999) отандық археологтар жарақты сармат көсемінің мүрдесімен бірге жерленген бүркіттің сүйек қалдықтарын тапса, Шығыс Қазақстан жеріндегі «Шілікті» қорғанынан: басы артына қайырылған шеңгелі мен көзі перуза тастармен көркемделген 36 дана қыран құстың құйма қапсырмасын тапты. Сол сияқты, Өскемен қаласының маңынан табылған Құрық қорғанынан (б.д.д ІV-ІІ ғ.ғ) мәйітпен бірге жерленген төрт бүркітің қаңқасы шықса, «Алтын адамның» (Есік қорғанынан табылған)  бас киміндегі құс бейнелі стилдер біздің жерімізде құсбегілік өнердің тамыры тым тереңде жатқанын аңғарса керек. 

Сондай-ақ, 1253-1255 жылдары қазақ даласын көктей өтіп, шығысқа сапар шеккен еуропалық сяахатшы Гильом де Рубруктің күнделік жазбасында: «Көшпенділер бүркіт, сұңқар сияқты аңшы құстарды көп ұстайды. Оларды қолдарына отырғызып аң аулайды» десе, итальяндық жиһанкез Марко Поло: «Ұлы ханның (Құбылайды айтады) Баян және Минган атты ағайынды бектері бар. Халық оларды «құсбегі» деп атайды. Себебі, олар ханның қол астындағы 20 мың құсбегілер мен аңшыларды басқарады. Минган басқарған 10 мың адам қызыл түсті киім киіп, Баян бастаған 10 мың адам көк түсті киім киіп, ханмен бірге саятқа шығады. 10 мыңдықтың 2 мыңы аңшы иттерді жетектеп жүреді. Екіге бөлінген аңшы-құсшылар күншілік жерден шеңбер жасап аң-құстарды қыспаққа түсіреді. Дәл осы сәтті көру керемет тамаша әсер береді» деп жазыпты.

 Осы орайда, қазақ құсбегілері қыран құстарды дене бітімі һәм алғырлығы мен тұқым-түріне байланысты бірнеше түрге бөліп, жіктеген. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан қыран құстың аң ұстайтын қарымы мен ілу ерекшелегіне қарай екі топқа жіктейді. Біріншісі топқа  –   бүркіт тектес үлкен құстар қамтылса, екінші топқа – ұсақ құстар яки шәулі қырандарды жатқызыпты (Марғұлан Ә. Саят құстары. Астана; 2014. – 12 б). Аталмыш тақырыпты жіті зерттеген этнограф Бабақұмар Қинаятұлы: «Шәулі деп – ұсақ қырандарды айтады» депті.

Ендеше, жоғарыдағы шәулі қырандарға жататын құстар жайлы айтар болсақ, академик Ә.Марғұлан бұл топқа: ителгі, тұйғын, тұнжыр, қаршыға, лашын, қырғи, жағалтай, тұрымтай, сұңқар, күйкентай т.б. денесі шағын шәулі қырандарды жатқызыпты. Осы орайда, атап өтерлік дүние – көпшілік оқырман тіпті кейбір маман зерттеушілердің өзі шәулі қырандардың тобы мен тегі жайлы біле бермейді. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында және халқымыздың ежелгі өнері құсбегілікті насихаттау жолында бұл жазбаны ұсынып отырмыз. 

Академик Әлкей Марғұланның пайымдауынша, қазақ құсбегілері шәулі қырандарды: сұңқар және қаршыға тектес деп екіге бөлген екен. Сұңқар тектестерге:  сұңқар, ақ сұңқар, лашын, жағалтай, тұрымтай, күйкентай,  бидайық, ителгі жатса, қаршыға тектестерге: қаршыға, ақ тұйғын, қырғи,  тұнжыр жатқызылыпты. Сондай-ақ, филология ғылырдарының докторы, жазушы-аудармашы Сейдал Талжанов: «Жағалтай лашынның кішірек түрі, тұрымтай ителгінің ұяласы, қырғи қаршыға тұқымдас, бидайық, тұйғын дегендер бөлек құс емес. Бидайық - лашының қыранын айтады. Тұйғын дегеніміз – қаршығаның  еркегі» дегенді айтады. 

Шәулі қырандардың кеңестікте аң қағу немесе аң ілу әрекетіне тоқталсақ, қаршыға тектестер құйын тәрізді ұйытқып, сыпылдай ұшса, сұңқар тектестерге  сыпырта, ағызып ұшу мәнері тән. Бұлар олжасын ұстағанда ату, сыпырту, түю тәсілдерін көп қолданады. Атам қазақта «қыран құс қисық ұшып, түзу іледі» деген сөз орамы бар. Оның мәнісі олжасын ілуге ұмтылған шәулі қыран әуелі құлай немесе қиғаштап ұшады. Сөйтіп, нысанның астыңғы жағынан тебеді немесе жоғарыдан құдилап ұрады. 

Осыған байланысты қазақ құсбегілері шәулі  құстардың аң ілуін екі түрге бөледі: Біріншісі – іліп түсетіндер. Ондай қырандардың тұяқтары салалы, ұзын, әрі өткір қармақ тәрізді болады. Олар олжасын қуып жүріп, іліп түседі. Ондай сипат тұйғын, қырғи тәрізді шәулі қырандарға тән. Екіншісі – теуіп түсіретіндер. Оған ителгі, бидайық, лашын, жағалтай және сұңқар жатады. Қазақ құсбегілері шәулі қырандармен  аққу, қоңыр қаз, сарыала қаз, үйрек, ұлар, бұлдырақ, шіл, кекілік, ақ құр,  дуадақ, безгелдік, жорға  дуадақ, шыңырау,  тарғақ, бөдене, бұлдырық сияқты дала құстарын аулайтын болған.

Келесі кезекте шәулі қырандарға жеке-жеке тоқталғанды жөн көріп отырмыз:

Ителгі. Cаят құстары­ арасында бүркіттен кейінгі аң қағатын қабілеттісі осы – құс. Оның үлкені алты тұтам, қанатының ұзындығы жайғанда бір кез шамасындай болады. Өзге саят құстары сияқты бұл да үлкен-кішілігіне қарай: ірі, тана, бұқа, шәулі деген төрт түрге бөлінсе, түс-тұқым жағынан қара тарлан, ақ тарлан және құба тарлан деп үшке бөлінеді.

 Қара тарлан ителгінің – сыртқы жүні қара қоңыр, бауыр жүні күйедей қара, беті қылшығы қара, көзінің алдына түскен қарасы желкесіне ойыса айналып, аламойнақтанып тұрады. Құйрығының үстінде ақ танадай теңбілі болады. 

Ақ тарлан ителгінің –  сыртқы жүні құбақан, ба­уыр жүні ақшыл болады. Қанат құйрығын­дағы теңбілдері ақ шұбар, бет қылшығы ақ келеді, ерекшелігі аламойнағы болмайды. 

Құба тарлан ителгінің – сыртқы жүні құ­бақан қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар тұрымтай жүндес, аламойнағы көмескі келеді. Бұл үш тұқымның бәрі де қыран болады. 

Қазақ құсбегілері: басы үлкен, тұмсығы жебелі, кеудесі кең әрі қайқы, мойны ұзындау, аяғы салалы, көзінің шарасы үлкен ителгіні қыран деп есептейді. Ителгі қырандығына байланысты: «Жылаулы текті», «Ті­леген текті», «Сеңсең затты», «Қара сұңқар текті» деп бөлінеді. 

Жылаулы текті ителгінің – екі көзінің алдында суаттанып тұратын қара жағалы болады. Өзі ашқарақ қомағай, шабытқа ұшқанша, жем жегенше шыдам­сыздық танытады, үнемі шақырып отырады. 

Тілеген текті ителігінің сипаты –  жылдам ұшады әрі сезімтал келеді. Қонған жерінде көп отырмайды, ұдайы шабыт тілеп ерінбей ұшып жүреді. 

Сеңсең заты ителгі – денесі ірі әрі мойыны жуан, тұмсықты, жүндес келеді.  Бұл ұшып-қона бермейді, бірақ әлді болады. 

Қара сұңқар текті ителгі – жүні тығыз, мойны ұзын, құйрық-қанаты қайратты, қара тіл, лашын бітімді, ұзын құй­рық, қайшы қанатты болады. Жоғарыда қара тарлан ителгі дегеніміз осы құс. Басты ерекшелегі – талмай ұшады, олжасын қажымай алады. Жалпы ай­тқанда, ителгі – баулуға көнімді, түлек талғамайтын шыдамды құс. 

 

Тұйғын. Шәулі-саят құстарының ішін­дегі әдемісі, ұшқыры, бағалысы осы – құс. Бұның қадірлі болатын себебі: тұқым-түрі кең тарамаған және өте сирек жұмыртқалайды. Қолға өте сирек түседі. Ұясын адам аяғы жетпейтін жерге жасырып са­лады. Түр-тұқым жағынан: мырза тұйғын, құл тұйғын (кір тұйғын депте айтады) деп екіге бөлінеді. 

Мырза тұйғын – қағаздай аппақ, қанатының үстінде, сыртқы жүнінде сарғыш шұбары болса, құл тұйғынның – сыртқы жүні қоңыр шұбар, бауыр жүнінде аздаған қоңырлау бедері болады. Бұл екі түрдің айырмасы жүнінде ғана. Яғни, шымқай ағы – мырза тұйғын, жүні баран кірлеу болса – құл тұйғын. Бұлар­дың сүйек-дене бітімінде ешқандай айырмашылық жоқ. Басты сипаты – сүйріктей сұлу, ұзын тұмсықты жебелі құс. Әр қашан жұтынып тұратын жыланбас, жіңішке әрі ұзын мой­ын, қайқы қанат,  ұзын құйрық, көзі ақшыл шегір болады. 

Тұйғынмен құс қаққанда ұрымтал жер­ден жіберу қажет емес, өйткені, тұйғынға олжа құстардың неғұрлым жоғарылай ұшқаны жақсы. Тұй­ғын сүзіле көкке атып шықса, алатын жеміне жетпей қоймайды. Әсіресе, жыл құстарын көлге қарай ұшырып, аспандап келе жатқанда тұйғынды астынан сүзілте тастаса алмай түспейді. Тұйғын жылдым болғандықтан қазақ саятшылары  онымен құс аулағанда ұшқыр ат мінеді. Ерекшілігі – ашқарақ шыдам­сыз, бірақ өте езгелек, жылдам елігетін күйрек құс. Олжасын көп қумайды, алғашқы ұшқан бетінде сыпырып алса алып қалады, ала алмаса қонып қалады, қайталап қумайды.

 

Қаршыға. Саят-шәулі құстары ішінде қыраны саналады. Жоғарыда атап өткендей тұйғын мен тұнжыр осы қаршыға тұқымдастар қатарына жатcа, тек бірыңғай таза қаршыға тұқымы:  «ақ тарлан», «қара тарлан», «қызыл қайың», «сарының тегі» деп төрт түрге бөлінсе, дене бітіміне қарай: «ірі», «бұқа», «тана», «шәулі» деп атайды. Шәулі қаршыға – тек ұсақ құстарды ғана алады. 

Ақ тарлан қаршығаның ерекшелегі – жүнінің түсі қылаң, қаз мойын, қайқы төс, қырғи құйрық, шіл қанат, сары ала көз, шыныдай жұқа тұмсық, жебелі жылан бас, қылшық бет, та­нау тесігі кең, тықыр жүнді болып ке­леді. Саусағы салалы, саны толық, баутағары жуан, қысқа жіліншікті, денесі ірі, борбайы алшақ, екі қанатының ұзындығы бір кез шамасындай болады. Басты қасиеті – мінезі жуас, адамға үйір, елгезек келеді. Шақырайып, бетке ша­уып, шапылдамайды. Көп күй талғамайды, жайдары, бала қайырса да бау ашып жүре береді. Қаршыға затында өте шабытты құс. Ертелі-кеш ерінбей ұша береді. 

Шүйгін тарлан қаршыға –  ол ақ тарланның сирек кездесетін тұқымы. Бұл да қыран болады. 

Қара тарлан қаршыға – мойны сұңғақ, бітеу желке, қалың топшылы, денесі жұмыр сом, шалқақ бітімді келеді. Қанатының екі қыры (топшы­сы) сыртына қарай жоғарылау біткен са­лалы, ұзын құйрық, қауырсын шы­бығы жуан, саңғыруы жүндес, сырт жүні жалпақ жапырақты, түсі қоңыр қошқыл болады. Баутағары жуан және қысқа, аяғы әлді, тұяқтары қара қошқыл және өткір, жарғыш келеді. Бұл құсты қазақ саятшылары «қанды көз қара тар­лан» деп айтады. Басты ерекшелігі – қажырлы, аштыққа шыдамды болады. Бірақ, баулуға жылдам елікпейді, кешкілденіп, күй таңдап отырып алады. Кейде қатуланып екі қанатымен жер сабалап, шауып қалатыны бар. 

Қызыл қайың қаршыға – аталуына себеп бұл тұқым тек қайыңға ұя салады. Сипаты: сырт жүні қоңыр-қы­зғылт шұбар, бауыр жүні шымқай қызыл шұбар, беті ақ қылшық, көзі шегір, басы сүрінді, аяғы лашын­ның аяғы секілді салалы тарбақ келеді. Бұл құс тым қызғаншақ, қомағай, шапылдақ, қияңқы, жемге шыдамсыз болады. Үй жануарларын  маңынан жүргізбейді, оларды салып қалып, шапылдап отырады. Ірісі қоян алғыш болады. Күй талғамайды, дегенмен аса арықтатып салуды көтермейді. Бір өзгешелігі ұрыншақ келеді. 

Сарының тегі қаршыға – де­несі ірі, қолабалау, бөктергі қанат, жуан мойын болып келеді. Екінші жағынан, еңкіш, шалқақ бас, қысқа тұмсық, айран көз болады. Сыртқы жүндері қоңыр шұ­бар, бауыр жүні сабалақ сары, жіліншігі ұзын, аяғы саусақты, салалы шеңбер тұяқ келеді. Қаршығаның бұл түрін «үкі жүн­ді сары ала» деп атайды. Бірақ, бұл тектен қыран шықпайды, күйшіл, шабан, сал­пылдақ келеді. Қолдан тоят жей бергенді жақсы көреді. Жалпы айтқанда, жылдам бау ашпай, әуре қылатын құс. 

 

Лашын. Бұл құстың дене бітімінің үлкендегі шәулі қырандар арасында орташа, басы, көзі, аяқ бітімінің жаратылысы ителгіге ұқсайды, бірақ сәл кішірек бо­лады. Көбінің түсі қара қоңыр шұбар, тамағы ақ жағал, қанаты ұзын, құй­рығы қысқа, көзі қара, кеуде жағы жуан, қаршығадан әнтек үлкен, топшылы келген сұлу құс. Аяқ саусақтары басқа құстарға қарағанда әлді және ұзын келеді. Түлегенде сыртқы түрі көк шұбарланып, бауыр жүні ақ сары тартады. 

Лашынның аяғы мен басы біркелкі көзі қара, са­усақтары салалы, тұяқтары қысқа, аяқ тегеуіріндері мықты болады. Тұяғына бір ілінсе, қармақ сықылды бо­сатпайды. Аяғы тиген құсқа өткір тұмсығы бірге тиеді. Лашын – тұйғын, қаршыға сықылды бірұшар құс емес, ол олжасын жалықпай көп қуады, алмай тынбайды. Сондықтан жыл құстары лашыннан қатты қорқады. Саяз сулардың үстінен лашын лашындап ұшқанда тығылған үйректерді қолмен ұстап алуға болады. Егер құстар судан ұша қашса, лашын олар­ды қайырып қуып тығады. Саятшы­лар оның осы қанішер қырандығынан «лашын ұзын құрық» деп мәтел шығарған.

Тағы бір сипаты – қорықпайтын өжет, қайратты, олжасын құтқармайтын қыран және ұшампаз құс. Оның тұяғы мен ауызы бірдей қарулы. Тұмсығы­ның шетінде кішкене кетік қияғы бар. Астыңғы шетінде сол кетікке дәл келіп тұратын темір араның тісіндей ирек орналасқан. Лашын осы өткір ирегін пайдаланып, желбесін құстарды қуып жетіп жел­кесін немесе топшысын тістеп қиып ке­теді. Желкесі қиылған құстар оқ тигендей қалбаңдап жерге түседі. Лашын: ақ бауыр қара лашын, қызыл шұбар лашын, ақшыл сұр лашын деген үш түрге бөлінеді. 

Ақ бауыр қара лашынның сипаты – сыртқы жүні көмір­дей қара, ала мойнақ, бауыр жүні көк шұбар, тамағының асты жемсауының үстіне дейін ақ шұбар, қанат құйрығының тақтасы таңдайланып, қанат құйрығы судырлаған қатты қайратты болады. 

Қызыл шұбар лашынның сипаты – сыртқы жүні қоңыр қызғылт,  бауыр жүні қызыл шұбар, тұрымтай жүндес келеді. Тамағының асты сарышұбарланып, жел­кесіне қарай саржағалданып, ала мойнақ тартып тұрады. Бұл түрдің – қанат-құйрығы қызғылт шұ­бар келеді. 

Ақшыл сұр лашынның сипаты – сыртқы жүні бозғылт сұрлау, құбақанкер, бауыр жүні шымқай ақ шұбар келеді. Тамақ жүні ақбу­рылданып, ала мойнағы айқын көрініп тұрады. 

 

Қырғи. Бұл жаратылысы қаршығаға ұқсайтын әдемі құс. Бірақ, ол қаршығадан кіш­ірек, жағалтай мен тұрымтайдан үлкенірек болады. Оның бұр түрін «көк теке» деп атайды. Денесі үлкен, өзі жүндес, ақ-көк келеді. Бауыры ақ шұбар. Жіліншігі ұзын, қанаты құладынның қа­наты сияқты. Бұл тұқы­мынан қыран шықпайды. 

Қырғидың «қара тарлан» деген түрі болады. Оның денесі орташа, бітімі әдемі. Сыртқы жүндері қоңыр-көк, ба­уырының шұбары қара тарлан. Көзі қызыл шегір. Қырғидың қыраны осы қара тарлан. 

Қырғидың енді бір түрі «қызыл шұбар» деп аталады. Бұл – ең кішкенесі. Сыртқы жүн­дерінде ақ танадай теңбілі бар. Бауыр жүні көк шұбар. Сан жүндері қызыл шұбар болады. Қырғидың осы қызылынан қыран шығады. 

Қырғидың қыраны үйрек, бұлды­рық, шіл, таған, қызғыш, балықшы және торғай аулайды. Дене тұрғысынан: ірі, орташа, кішкене деп үшке бөлінеді.

 

Жағалтай. Бұл – өз алдына біртекті құс. Оның жаратылысы лашынға ұқсайды. Бірақ, лашыннан кіші болады. Түс-реңіне байланысты: қара жағалтай, құба жағалтай, сұр жағалтай деп бөлінеді. 

Қара жағалтайдың – сыртқы жүні күйе­дей қара, бауыр жүні шұбар, ашық қара жағал болады. Құба жағалтайдың – сыртқы жүні құбақан түстес, бауыр жүн­і бозғылт шұбар болады. Сұр жағал­тайдың – сыртқы жүні қоңыр шұбар, бауыр жүні ақшыл шұбар болады. Бұл үш түрлі жағалтайдың қай затынан болса да қыран шықпай қоймайды. Көп жағдайда шүрегей үйрек, тарғақ, бұл­дырық, бөдене, қаншыр, торғай аулайды.

 

Тұрымтай. Бұл да өз ал­дына дара тұқым. Тұрымтайдың жаратылыс түрі ителгі мен сұңқарға ұқ­сайды. Айырмашылығы олардан дене-тұрпаты кіші, жағалтай­мен шамалас. Түс-реңі жағынан: ақ, құба, қызыл шұ­бар деп бөлінеді. 

Ақ тұрымтайдың – сыртқы жүні ақ сұр, бауыры шұбар, тұрпаты басқа түрлерден үлкендеу болады. Құба тұрымтайдың – сыртқы жүні қы­зғылт құбалау, бауыр жүні құла шұбар болады. Қызыл шұбар тұрымтайдың – сыртқы жүндері қызғылт, бауыр жүні қызыл сары бояудай шұбар болады. Тұрымтайдың кішкенесі осы қызыл шұ­бары. Бірақ кішкене болса да өте ұшқыр қыран келеді. Тұрымтай қартайғанда түсі өзгеріп, көк болып кетеді. Тұрымтай тарғақ, бұл­дырық, торғайларды алады.

 

Cұңқар. Cаят құстарының ішінде ең сүйкімді, тегеуріндісі. Бұл құс қылықты көркем, өжет болғандықтан, оның образы халық аузында ерліктің, сұлулықтың меңзеуіне арналған. Жалпы жаратылыс түрі, пішіні, мінез-құлқы өзімен тектес лашынға не ителгіге ұқсайды. Көбінің қарамы лашыннан үлкен, ителгіден сәл кішірек, бірақ одан гөрі сергек, құлықты, сымбатты, ойнақы болады. Ұя­басары үлкен болады.

Сұңқардың сыртқы мүсіні бір қалыптан шыққандай бір-біріне өте ұқсас, дене құрылысы дөңгеленіп келген жұмыр, әрі соқталы, кесек. Қаршыға тектес құстармен салыстырып қараған­да, кеуде жағы көзге то­лымды, жуан, омырауы кең, жауырын, топшы сүйектері ірілеу, бас сүйегі үл­кен, шекесі торсиған шығыңқы, маңдай алды жазықтау кең, жарқабақ, тұмсығы жуан, аузы лашынның аузы сияқты қи­яқты келеді. Басты ерекшелігі – жайдары, мөлдіреген қара көзі, тұяғы, тұмсығы көгілдір қара не қара қошқыл, көз жиегі, танау қабығы қызғылт сары, аяғының сырты да қызылдау сары, танау тесігі дөңгеленіп келген, көз маңайы қара қылшықты, аса көрікті құс. 

Де­несінің соқталы болуына қарай аяғы са­лалы емес, лашынның аяғы сияқты қысқа, дембелше болады. Өйткені, сұңқар да лашын сияқты олжасын аяғымен теуіп, аузымен қиып түсіреді. Сондықтан да аяқ бітімі соған бейімделген.

Сұңқар жемін көбінесе ұшып жүріп іледі, кейде жерде қонып оты­рған құсқа да төнеді. Ұшу екпіні лашындай болмаса да жоғары тік атылуға келгенде оған ешбір құс тең келмейді. Ол атылған кезде көз ұшында бұлдыраған көлеңкесі ғана тұрады. Оның жылдам ұшуы қанат-құйрық бітісінен. Өйткені, сұңқарлардың қана­ты қарлығаштың қанаты сияқты сүйір, қыл қанат келіп, құйрығы лашынның құйрығынан ұзын, өз қанатының мөл­шерімен бірдей не одан сәл ғана асып тұрады. Аспанда ұшып жүрген сұңқар­дың тұлғасын бақылап қарағанда, оның қанатының ұшы әрқашан сүйірленіп, садақтың жебесі сияқтанып көрінеді. 

Сұңқар затында көбірек жолыға­тын көгілдір қоңыр не қоңыр қызғылт түстер. Түлегенде сырты ағарып, ба­уыр жүні құладын жүніне ұқсап, сыр­ты құба, бауыры көкшіл шұбар бола­ды. Бірақ, олардың кәрі-жасына қарай түсі өзгеріп отырады. Шұбар бо­зғылт келетін көбінесе жас сұңқарлар. Сұңқардың бір тамаша түрі – ақ сұңқар. Оның түсі шымқай ақ, қанаты ұзын, құйрығы орташа келген, тұңғиық қара көзді, бір құлықты жануар. Ақсұңқар түз құстарын көбінесе тұяғымен соғып түсіреді. Түз құсынан оның алмайты­ны болмайды, аққу мен шыңыраудан бастап, бытпылдақ, қаз-қаншырға дей­ін ала береді. 

Балапан кезінде сұңқар тұрымтай жүндес сырты қызыл шұбар ақ бауыр келеді. Бірінші рет түлегенде сырты қылаңытып, бауыр жүні құладынның жүніне ұқсап, сырты құба, бауыры көк­шіл шұбар болады. Жаңа шыққан қанаттарының ұшы, жиегі қылаңытып, иығының, қанаттарының үсті қылаң түспен себеленіп тұрады. Екінші түлектен кейін сұңқарлардың сыртқы құба түсі өңіп, қоңырлау тартып, бауыр жүнінің ұсақ, әдемі теңбілдері алабажақ түске ауысады. 

 

Тұнжыр. Бұл өз алдына басқа тұқым емес тұйғын мен қаршығаның арасынан пайда болған түр. Құстар шағылы­сатын мезгілде өз жыныстарынан еке­уі бірдей дәл келмесе, қаршығаның ұрғашысына еркек тұйғын кездесіп қала­тын болады. Міне, осы кездесудің арқа­сында қаршығаның бір жұмыртқасынан тұнжыр шығады. Тұнжыр – қаршығадан қылаң, тұйғыннан қоңыр болады, бірақ дене бітімінде олардан өзгешелігі болмайды. 

Қаршыға мен тұйғын түс жағынан екі затты құс болса да, жаратылысы бір-бірі­не ұқсас келеді. Бұлардың сүйектері, көздері, дене бітімдері, мінезі, ұшулары бірінен-бірі аумайды, тек жүндерінің басқалығымен ғана айырылады. Тұйғын мен қаршыға­ның алғанын тұнжыр да алады. Тұнжыр­дың да баулынуы, құсқа түсіп, құс алуы, тәрбиесі қаршыға мен тұйғын тәрізді. Осы айтқан үш түрлі құстардың бірінен-бірінің өзгешелігі жоқ. Бұл үшеуі өзге затты құстан бүтіндей басқа болып, арасы өте алшақ келеді.

Жоғарыда аты аталып, түсі түстелген шәулі қырандар жайлы қазіргі таңда көпшілік біле бермейтіні жайлы айттық. Ендеше осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұл мақала жазылып, шәулі қырнадардың түр-тұқымы, сын-сипаты жайлы айтылды. Бірақ бұл қырандарды қалай баулиды ол жайлы айтпадық. 

Десек те, қысқаша көктей шолып айтар болсақ, этнограф Бабақұмар Қинаятұлының пайымдауынша, шәулі қырандарды қайырып, баптауға небәрі  жарты айдай ғана  уақыт қажет екен. Ең әуелі қолға түскен құсты ду-дыбырға үйретеді. 2-3 күннен соң қоянның сыдырылып  жуылған табан терісін  жасаған қоя салады. Қояның түсі сарғыш-көкшіл болса баптау нәтижелі болғаны. Онан кейін суға екі-үш мәрте жуылып, сөлінен арылған сары бөртпе деп аталатын жем (ет) беріледі. Шамамен 7-10 күн өткен соң ақжем және қант араластырған  сусын береді. Осылай бапталған құстың қауырсын түбі мен үлпершекте май қалмай арықтайды. Бұны етін қатыру деп атайды. 

«Шәулі қырандардың ішінде лашын мени ителгіні үнемі томағалап ұстайды. Шәулі қырандарды аң-құсқа салудың қолайлы мезеті: таң ату мен күннің көтерілу арасы, кешке қарай күннің еңкеюі мен батуының арасы» дейді кәнігі құсбегілер.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?