Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Біртіндеп басып биікке: Румыния Президентінің кітабы қазақша сөйледі

1909
Біртіндеп басып биікке: Румыния Президентінің кітабы қазақша сөйледі - e-history.kz

Қазақстан мен Румыния – посткеңестік мемлекеттер. Қара теңіз бен Каспий теңізінің ортасындағы Ресей жері бөліп жатқаны болмаса, екі мемлекетті транзиттік көршілер деуге де болады. Румыния мен Қазақстан арасындағы ұқсастықтар да аз емес. Румыния – 1878 жылы Осман империясының бодандығынан құтылып тәуелсіздік алған ел. 

ХХ ғасырдағы сан түрлі төңкерістер мен соғыстарды бастан өткерген Румыния Кеңес Одағының ықпалымен коммунистік лагерьдің қатарын толықтырды. Николае Чаушескудің ұзақ жылғы билігі 1989 жылы төңкеріспен тәмамдалып, Румыния демократиялық жолға түсті. «Түсті» деп айтылғаны болмаса, алғашқы жылдар түрлі толқулар мен қақтығыстармен тарихқа жазылып, ақырғы нәтижесінде Румыния Еуропалық одаққа, НАТО-ға қабылданып, демократиялық жолға түсті. Бұл – 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның жолына да ұқсас. Мұнайлы, газды Румынияда да румындардан өзге көптеген ұлт өкілдері тұрады. Румыния мен Қазақстанның халық саны да шамалас, 19 миллионнан сәл асады. 

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған тұста, Еуропада ең алғашқы болып таныған мемлекеттің бірі де осы Румыния екен. Осының нәтижесінде, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан алты айдан соң, яғни 1992 жылдың 15 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Румыния мемлекетімен өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан болатын. Бұдан соң 1993 жылы Румыния Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылса, 2003 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Румыниядағы Дипломатиялық миссиясы ашылып, екі елдің өзара әріптестік қарым-қатынасына серпін берілген тарихы бар. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Румыниядағы Қазақстанның Дипломатиялық миссиясы Румыниядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі болып қайта құрылған болатын. Міне, осылайша жылдар жүзінде біртіндеп қалыптасқан екі ел арасындағы әріптестік байланысқа 30 жыл толып отыр.

WhatsApp Image 2022-06-29 at 18.01.18.jpeg 

Осы мерейлі датаға, яғни Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 30 жылдығына орай 2022 жылдың 29 мауысымы күні 11 сағатта Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Конституция залында Румыния Президенті Клаус Йоханнистің «Біртіндеп басып биікке» атты кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Атап айта кетерлігі, дәл осы күні Румыния астанасы Бухарест қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының румын тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті. 

Екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың отыз жылдығына орайластырып жасалған бұл рухани игілікті іс-шараның идея авторы – Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов. 

 НҰРБАХ.jpg

Румынияның қазіргі Президенті Клаус Йоханнис – екі бірдей мерзімге сайланып, 2014 жылдың 21 желтоқсанынан бері ел тізгінін нық ұстап келе жатқан басшы. Ол посткоммунистік Румынияның кейінгі тарихындағы ғана емес, жалпы Еуропа одағындағы беделді де, көрнекті саясаткерлердің бірі ретінде өзі таныта білген тұлға. Ел бастаудағы өзіндік жаңашылдығы, демократиялық ұстанымдары халықтың көңілінен шыққандықтан да оның биілігіне деген сенім зор екен. 

«Біртіндеп басып биікке» – Румыния Президентінің бірер жыл бұрын жарық көрген кітабы. Кітапта автор өзінің жеке тұлға және саяси қайраткер ретіндегі өсу, біртіндеп қалыптасу жолын Румыниядағы және осы елдені шағын қала Сибиудегі өмірімен қатар өре отырып, қарапайым тілмен баяндайды.

WhatsApp Image 2022-06-29 at 18.03.11.jpeg 

Клаус Йоханнис – Румынияның тарихи Трансильвания аймағын ерте кезден бері мекендеп келе жатқан неміс саксондарынан шыққан азшылық өкілі. Қарапайым отбасынан шыққан, мамандығы бойынша мектептің физика пәні мұғалімі Клаус Йоханнис өз пәнін көрнекі құралдар арқылы ыждаһаттылықпен оқыта жүріп, біртіндеп таныла бастайды. Өзінің туып-өскен қаласы Сибиудің қала басшысына халықтың қалауымен сайланған ол осы көне шаһардың инфрақұрылымдық дамуын дұрыс ұйымдастыру арқылы 2007 жылы «Еуропаның мәдени астанасы» деген дәрежеге қол жеткізеді. Шағын қалаға туристер мен инвесторлар ағылады. Сибиу бұрын-соңды болмаған танымалдыққа ие болып, гүлденіп даму жолына түседі. Осылайша кешегі мектеп мұғалімі, азшылық өкілі ендігі жерде барша румыниялықтардың болашағына деген сенімін жүктеген саясаткер, қайраткер тұлғаға айналады. 

Мазмұны жөнінде алғанда осындай кітаптың тұсукесер рәсіміне көптеген құрметті қонақтар, атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Василенко Роман Юрьевич, ҚР Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Сүлейменова Зүлфия Болатқызы, Қр Парламент Сенатының депутаты Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы, Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мэдэлина Лупу және Румынияның ҚР Елшілігіндегі экономикалық кеңесшісі Николае Павалука, Румынияның ҚР Елшілігіндегі консулы Шербан Журебие, сондай-ақ зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдар өкілдері қатысты.

 WhatsApp Image 2022-06-29 at 18.00.34.jpeg

Қазақстан Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі, ҚР-ның Румыниядағы бұрынғы Елшісі Төлеутай Ысқаұлы Сүлейменов пен Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов ЗУМ жүйесі арқылы байланыс жасап, іс-шараға қатысып отырды.

Тұсаукесер рәсімінің тізгінін ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет ұстады. Жазушылар одағының төрағасы Румыния мен Қазақстан арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынастардың, соның ішінде әдеби-рухани байланыстардың барысына тоқталып өтті. Атап айтқанда румынның әйгілі ақыны Михай Эминескудің ескерткіші Нұр-Сұлтан қаласында, қазақ әдебиетінің классигі Абай ескерткіші Бухарестде ашылған екен. Қаламгер бірнеше күн алдында ғана Румынияда өткен әдеби фестивальге қатысып, алтын медальге ие болып оралыпты. Ақын өзінің румын тілінде жарық көрген өлеңдер жинағын Төтенше және Өкілетті елші ханымға тарту етті.

 WhatsApp Image 2022-06-29 at 17.58.11.jpeg

Алғашқы болып сөз алған ҚР бұрынғы Сыртқы істер министрі, ҚР-ның Румыниядағы бұрынғы Елшісі Т.Ы.Сүлейменов мырза Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезеңнің бастамасы туралы естеліктерімен бөлісіп, іс-шараның барысына сәттілік тіледі. 

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Ю.Василенко өз сөзінде Румыния мен Қазақстан арасында қысқа мерзім ішінде екіжақты қарым-қатынастардың биік деңгейіне жеткендігіне, Оңтүстік-шығыс Еуропадағы Қазақстанның экономикалық әріптесі ретіндегі маңызына тоқталды. Мұнай өңдеу саласындағы, өзге де экономикалық екіжақты қарым-қатынастардың нәтижесінде екі елдің өзара сауда айналымы 1,5 миллиард доллардан асып отырғанын, бұл көрсеткіштің алдағы кезеңде арта түсуіне мүдделі екендігін атап өтті. «Сауда айналымы бойынша Қазақстанның әлем елдері арасындағы он үшінші орындағы Румынияның транзиттік мемлекет ретіндегі мүмкіндігі зор. Кітап – ұлт пен ұлттың арасындағы таныстырушылық, ағартушылық мақсатты жүзеге асырудағы ең таптырмас құрал», - дей келе Румыниядағы Елшіліктің игілікті ісіне рақмет айтты.

 WhatsApp Image 2022-06-29 at 17.57.20.jpeg

Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов бүгінгі іс-шараға келіп қатысып отырған құрметті қонақтарға, барша жұртшылыққа, кітаптың жарық көруіне атсалысқан мекемелер мен адамдарға алғыс-ризашылығын білдірді. Румыния Президенті Клаус Йоханнистің мемлекет басшысы ретіндегі саяси тұлғасы, бүгінгі екі ел арасындағы байланыстардың лайықты дамып жатқандығы туралы баяндап өтті. «Біз Румыния мен Қазақстан арасындағы мәдени, экономикалық байланыстардың одан әрі дами беретініне сенімдіміз. Көліктік-транзиттік байланыстардың әлеуеті зор. Екі елдің арасындағы дипломатиялық байланыстардың отыз жылдығына орай мемлекет басшыларының кітаптарын аударып, қалың оқыманға ұсыну жоспарымыз жүзеге асқанына қуаныштымыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы румын оқырмандарының қызығушылығын тудырарына күмәніміз жоқ. Президентіміздің қойып отырған ұстаным, талаптарына сай алдағы кезеңде қазақ-румын қарым-қатынастарын нығайта түсуге барынша күш салатын боламыз. Қазақстан-Румыния қарым-қатынастары дами берсін!» - деген тілегін жеткізді.

WhatsApp Image 2022-06-29 at 17.55.02.jpeg

Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мэдэлина Лупу өз сөзінде екі елдің арасындағы экономикалық байланыстармен қатар, мәдени қарым-қатынастардың да дами түсуіне мүдделі екендігін білдірді. Румыния Президенті Клаус Йоханнистің бүгінгі дәуірдегі танымал саясаткер тұлғалардың қатарына жататындығына оның халықаралық беделді «Ұлы Карл» орденімен марапатталғандығы дәлел деп атап көрсетті. Конрад Аденауэр қатарлы белгілі адамдар марапатталған екен. Бұл сыйлық оған елдегі демократиялық үрдістерді дамытқаны, ұлт азшылығының мүддесін қорғағаны және елдегі әділ заңның үстемдігін лайықты орнықтыра білгендігі үшін беріліпті.

 WhatsApp Image 2022-06-29 at 17.57.35.jpeg

ҚР Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Сүлейменова Зүлфия Болатқызы өз сөзінде екі мемлекеттің арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынас лайықты деңгейде дамып жатқанын атап өте келе, осындай игі іс-шаралардың көптеп өтуіне тілектестік білдірді. 

Осылайша, Румыния мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының отыз жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараның бірінші бөлігі елордада ойдағыдай өтті. Румыния Президенті Клаус Йоханнистің «Біртіндеп басып биікке» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Нұр-Сұлтан мен Бухарест арасындағы уақыт айырмашылығы төрт сағат екен. Осыған байланысты Бухарест қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының тұсаукесері де өз уақытында өтті. «Ел мен елді елдестіретін – елші», - дегендейін, екі елдің өзара қарым-қатынасы дами берсін, елдердің арасын жалғастырар, елдестірер елшілердің жұмысы жемісті болсын деген ниетпен тұсаукесер рәсімінен жасаған шолуымызды аяқтадық.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?